Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.08.09 № 920 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің "Жекешелендіру туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2721 заң күші бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Жекешелендіру объектілерін сатудың ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Жекешелендіру объектілерін сату жөнінде жабық тендерлер өткізудің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 31 қаңтардағы N 126 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 6, 35-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 15 шілдедегі N 3050 Жарлығын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 13 тамыздағы N 1001 қаулысының 2-тармағының үшінші абзацы.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті екі айлық мерзімде бұрынырақта қабылданған ведомстволық шешімдерін осы қаулыға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2000 жылғы 26 маусымдағы
N 942 қаулысымен
бекiтiлген
Жекешелендiру объектiлерiн сатудың ережесi
Жекешелендiру объектiлерiн сатудың ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Жекешелендiру туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2721 заң күшi бар Жарлығына сәйкес әзiрлендi және аукцион, тендер және екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурс нысанындағы сауда-саттықта жекешелендiру объектiлерiн сатудың тәртiбiн реттейдi.
Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639, 2003.04.11 N 350 Қаулыларымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "Сатушы" - Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық меншiк пен коммуналдық меншiкке иелiк етуге, пайдалануға және билiк етуге уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар;
2) "Ұйымдастырушы" - жекешелендiру объектiлерiн дайындауды және сатуды ұйымдастырушы заңды немесе жеке тұлға; Сатушы Ұйымдастырушы бола алады.
2-1) "Қаржы кеңесшiсi" - жекешелендiру объектiлерiн сату алдындағы дайындық пен оларды сату жөнiнде консультациялық қызметтер көрсету үшiн екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурсты өткiзу кезiнде Сатушы тартатын тұлға;
3) "Жекешелендiру объектiсi" - мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттік кәсiпорын немесе мемлекеттiк мекеме; жекешелендiрiлуi тұйықталған технологиялық циклдi бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi; кәсiпорынның мүлкi; акциялар; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы үлестер; Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртіппен мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлген өзге де мемлекеттiк мүлiк;
4) "Қатысушы" - аукционға, тендерге немесе eкі кезеңдi рәсім арқылы конкурсқа қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген заңды немесе жеке тұлға;
5) "Сауда-саттықтар" - жекешелендiру түрi;
6) "Аукцион" - қатысушылар өздерiнiң ұсыныстарын жария түрде мәлiмдейтiн сауда-саттықтың нысаны;
7) "Аукционшы" - аукцион жүргізушi және тиiстi аукциондық сауда-саттық жүргізу техникасын меңгерген жеке тұлға;
8) "Сауда-саттықтардың ағылшын әдiсi" - сауда-саттықтардың бастапқы бағасы алдын-ала жарияланған қадаммен арттырылатын әдiсi;
9) "Сауда-саттықтардың голланд әдiсі" - сауда-саттықтардың бастапқы бағасы алдын-ала жарияланған қадаммен төмендетiлетiн әдiсi;
10) "Тендер" - сауда-саттықтардың қатысушылар өздерінің ұсыныстарын Сатушының қалауы бойынша жазбаша жабық конвертте немесе жария мәлiмдейтiн нысаны;
11) "Жабық тендер" - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған қатысушылардың шектеулi шеңберi қатысатын тендер;
12) "Коммерциялық тендер" - жекешелендiру объектiсi үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған Қатысушы жеңiмпаз болып танылатын, тендердiң шарттарын орындауға келiскен Қатысушылардың арасындағы сауда-саттықтар;
13) "Инвестициялық тендер" - комиссияның қорытындысы бойынша тендердiң шарттарына сәйкес ең жақсы инвестициялық бағдарлама ұсынған Қатысушы жеңiмпаз болып танылатын сауда-саттықтар;
13-1) "Екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурс" - кезең-кезеңдi келiссөздер жүргiзу арқылы қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен Сатушы конкурс жеңiмпазын анықтайтын сауда-саттық нысаны;
14) "Есептiк баға" - жекешелендiру объектiсiнiң бағасын реттейтiн, қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес айқындалған жекешелендiру объектiсiнің бағасы;
15) "Алғашқы баға" - Сатушы бекiткен есептiк баға не консалтингтiк ұйымдардың немесе тәуелсiз аудиттiң қорытындысы негiзiнде алынған баға;
16) "Ең төменгі баға" - жекешелендiру объектiсiн одан төменге сатуға болмайтын баға;
17) "Бастапқы баға" - жекешелендiрудiң әрбiр объектiсi бойынша сауда-саттықтар басталатын баға;
17-1) "Ағымдағы баға" - аукционда сауда-саттық барысында қалыптасатын жекешелендiру объектiсiнiң бағасы;
18) "Сату бағасы" - жекешелендiру объектiсiнiң сауда-саттықтардың нәтижесiнде белгiленген түпкiлiктi бағасы;
19) "Жеңiмпаз" - жекешелендiру объектiсi үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға қатысушы; тендерлiк комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шартты ұсынған тендерге қатысушы; ең жақсы шартты ұсынған екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурстың екiншi кезеңiне қатысушы;
20) "Сатып алушы" - Сатушымен сауда-саттық шартын жасасқан Жеңiмпаз.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639, 2003.04.11 N 350 Қаулыларымен.
2. Объектiнi жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкiметi немесе осындай шешiм қабылдауға өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган қабылдайды.
Ескерту. 2-тармақ өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
3. Эмиссиялары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға рұқсат етiлмейдi.
4. Жабық акционерлiк қоғамдардағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерi мен серiктестiктердегi мемлекеттiк үлестердi сату Қазақстан Республикасының заңнамасы қоятын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Жабық акционерлiк қоғамдардағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерi мен серiктестiктердегі мемлекеттiк үлестер ашық сауда-саттықта сатылған жағдайда, оларды сату осы Ережемен реттеледi.
5. Мемлекеттiк мүлiктiң теңгерiмiн ұстаушы, жекешелендiру объектiсi бойынша сатып алушыға меншiк құқығы көшкенге дейiн, жекешелендiру объектiсiнiң сақталуы мен мәлiметтердің дұрыстығы үшiн жауапты болады.
Акционерлiк қоғамдардағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн немесе серiктестiктiң жарғылық капиталындағы мемлекеттiк үлестi сату кезiнде мүлкiнiң сақталуы мен мәлiметтердiң шынайылығы үшiн акционерлiк қоғамның немесе серiктестiктiң басшылығы жауапты болады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
6. Жеке тұрған ғимаратта және қосып салынған үй-жайларда орналасқан жекешелендiру объектiлерi (жылжымайтын мүлiк) бойынша сауда-саттықта объект тұтас, яғни ғимарат, үй-жай және жекешелендiру объектiсiнiң барлық мемлекеттiк мүлкi ол үшiн бөлiнген жер учаскесiмен бiрге сатылады.
Қосып салынған үй-жайларда орналасқан жекешелендiру объектiлерi (жылжымайтын мүлiк) бойынша жекешелендiру объектiсi орналасқан жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн сату үшiн бөлу, учаске жер заңнамасына сәйкес бөлiнетiндер разрядына жататын жағдайда ғана жүргізіледi.
Бұл орайда жер учаскесiнiң құнын Сатып алушы жеке төлейдi.
Жекешелендiру объектiсi бөлiнбейтiн жер учаскесiне орналасқан жағдайда, сату шартында жер учаскесiн ортақ пайдаланудың тәртiбi ескерiледi.
7. Сатушы жекешелендiру объектiсiн сатуды осы Ережеде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгіленген тәртiппен жүзеге асырады.
8. Сатушының функциялары:
1) жекелеген сауда-саттықтар бойынша объектiлердi бөлу, сондай-ақ оларды жүргізудiң мерзiмдерiн белгiлеу;
1-1) осы Ереженiң 1-тармағы 11) және 13-1) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттық нысанын анықтау;
2) жекешелендiру объектiлерiнiң алғашқы, бастапқы және ең төменгі бағасын белгiлеу және бекiту;
3) кепілдiк жарналарды қабылдау;
4) Ұйымдастырушылармен сауда-саттықтарды ұйымдастырудың және өткiзудiң шарттарын жасасу;
5) аукциондарды ұйымдастырудың және өткiзудiң барысын бақылауды ұйымдастыру;
6) Сауда-саттықтардың жеңiмпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау;
7) Қатысушымен, Сатып алушымен және Ұйымдастырушымен сауда-саттық жүргізу рәсімдерiмен байланысты есеп айырысуларды жүзеге асыру болып табылады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639, 2003.04.11 N 350 Қаулыларымен.
9. Сауда-саттықтарға қатысуға жеке тұлғаларға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға және шетелдiк заңды тұлғаларға рұқсат етiледi.
10. Мыналар:
1) Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 қаулысымен.
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне немесе құрылтайшылық құжаттарына сәйкес қызметтің жүзеге асырылуы объектiлердi сауда-саттықтарда сатудың шарты болып табылатын түрлерiмен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар;
3) Аукционды ұйымдастырушы;
4) Сатып алу-сату шартын жасасу және орындау жөнiндегi тиiстi міндеттемелерін орындамаған бұрынғы сауда-саттықтардың жеңiмпаздары сауда-саттықтардың қатысушысы бола алмайды.
Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.1214 N 1639, 2003.04.11 N 350 Қаулыларымен.
11. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату кезiнде Сатып алушы - акционерлiк қоғам, егер соңғысы Сатып алушының акцияларына ие болса, акционерлiк қоғам акцияларының 25 пайызынан артықты сатып ала алмайды.
2. Комиссия
12. Сауда-саттықтарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн Сатушы құрамына Сатушының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінiң және басқа да мүдделi ведомстволардың өкiлдерi немесе олардың аумақтық және аймақтық бөлiмшелерiнiң өкiлдерi кiретiн комиссияны құрады. Комиссия мүшелерiнiң саны кемiнде 5 адамды құрауы тиiс. Комиссияның төрағасы Сатушының өкiлi болып табылады.
Комиссияның шешiмi комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстардың теңдiгi кезiнде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
13. Комиссия Сатушының тапсырмасы бойынша мынадай функцияларды жүзеге асырады:
өз жұмысының регламентiн дербес әзiрлейдi;
жекешелендiру объектiсiнiң алғашқы, бастапқы және ең төменгi бағасын бекiту үшiн Сатушыға ұсыным жасайды;
кепiлдiк жарнаның мөлшерiн айқындайды;
тендердiң шартын айқындайды;
тендер өткiзедi;
Сауда-саттықтардың жеңімпазын жариялайды.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
14. Сауда-саттықтарды өткiзуге дайындықты сауда-саттықтарды өткiзу туралы ақпараттық хабарламаның уақытылы жариялануын қамтамасыз ететiн, өтiнiмдердi қабылдауды және қатысушыларды тiркеудi жүргiзетiн, келiп түскен материалдарды комиссияның қарауына беретiн Сатушы жүзеге асырады.
3. Сауда-саттықтарды өткізуге дайындық
15. Сауда-саттықтарды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
1) қажеттi материалдарды жинау жүргiзiледi;
2) жекешелендiру объектiлерiнiң алғашқы, бастапқы және ең төменгi бағасы айқындалады;
3) осы Ереженiң 1-тармағы 11) және 13-1) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбiр жекешелендiру объектiсiнiң сатылу нысандары мен әдiсi айқындалады;
4) жекешелендiру объектiлерi жекелеген сауда-саттықтар бойынша бөлiнедi;
5) кепiлдiк жарнаны енгізудiң мөлшерi мен тәртiбi айқындалады;
6) сауда-саттықтарды жүргiзудің мерзiмдерi белгiленедi;
7) қажет болған жағдайда жекешелендiру объектілерiн сату жөнiндегi аукционды ұйымдастыруға және өткiзуге шарт жасасу құқығы үшiн тендер өткiзiледi;
8) сату проспектiсi жасалады;
9) сауда-саттықтар өткiзу туралы ақпараттық хабарлама жарияланады және басқа да жарнамалық қызмет жүзеге асырылады;
10) кепiлдiк жарналар қабылданады;
11) Қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 қаулысымен.
16. Жекешелендiру объектiлерiнiң есептiк бағасын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 6 мамырдағы N 562 қаулысымен бекiтiлген Жекешелендiру объектiлерiнiң құнын бағалау туралы ережеге сәйкес Сатушы белгiлейдi.
Сатушы жекешелендiру объектiсiнiң құнын бағалауды консалтингтiк ұйымдардың немесе тәуелсiз аудиттiң қорытындысы негiзiнде жүзеге асыруға құқылы.
Жекешелендiру объектiсiнiң алғашқы бағасын Сатушы бекiтедi.
17. Кепiлдiк жарна Қатысушылардың мынадай мiндеттемелерiн:
1) сауда-саттықтарда жеңiске жеткен жағдайда сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюын;
2) сауда-саттықтар нәтижелерi туралы хаттамаға сәйкес сатып алу-сату шартын жасасудың;
3) сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн тиiстi түрде орындау болып табылады.
18. Кепiлдiк жарна Сатушының деректемелерiне ақпараттық хабарламада белгіленген нысан мен тәртіпте және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгiзiледi. Кепiлдiк жарнаның мөлшерi ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiлмейдi. Кепiлдiк жарнаны Қатысушының атынан кез-келген жеке немесе заңды тұлға енгiзуi мүмкiн. Кепiлдiк жарнаны алушы Сатушы болып табылады.
19. Сауда-саттықтарда жеңiп шыққан және сатып алу-сату шартын жасасқан Қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесiлi төлемдердiң есебiне жатады.
20. Сатушы:
1) Сауда-саттықтарға қатысушыға - сауда-саттықтарға қатысудан ол өткiзiлуiне үш күннен аз қалғанда бас тартқан жағдайда немесе оның осы Ереже және Қазақстан Республикасының заңнамасында оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеуi анықталған жағдайда;
2) Жеңiмпазға - ол сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан не сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан жағдайда;
3) Сатып алушыға - ол сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда кепiлдiк жарнаны қайтармайды.
Қалған барлық жағдайларда кепiлдiк жарна сауда-саттықтар аяқталған күннен бастап 10 банктiк күннен кеш емес мерзiмде, ал егер ақша Сатушының шотына сауда-саттықтардан кейiн түссе, онда олар түскен күннен бастап 10 банктiк күннiң iшiнде қайтарылады.
21. Сауда-саттықтар өткiзiлетiндiгi туралы ақпараттық хабарлама олар өткiзiлгенге дейiн кемiнде 15 күн бұрын, ал акцияларды және ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестердi сату кезiнде - сауда-саттықтар өткiзiлуге дейiн 30 күннен кешiктiрмей жариялануы тиiс. Ақпараттық хабарлама ресми басылымдарда мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялануы тиiс.
Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 қаулысымен.
22. Ақпараттық хабарлама:
1) сауда-саттықтардың өткiзiлетiн күнiн, орнын және уақытын;
2) сауда-саттықтардың нысаны мен әдiсiн;
3) жекешелендiру объектiсi туралы мәлiметтi:
4) сатуға қойылатын жекешелендiру объектiлерiнiң бастапқы және ең төменгi бағасын;
5) Сатушының кепiлдiк жарнасының мөлшерi мен банктiк деректемелерiн;
6) өтiнiмдi қабылдайтын орны мен мерзiмдерiн;
7) сауда-саттықтарды өткiзудiң тәртiбi мен сауда-саттықтардың
Жеңiмпазын анықтаудың шартын;
8) Сауда-саттықтарды ұйымдастырушының телефоны мен орналасқан жерiн;
9) Сатушының шешiмi бойынша қосымша ақпаратты қамтуы тиiс.
Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 Қаулысымен.
23. Әрбiр объектi бойынша ақпараттық хабарлама жарияланғанға дейiн Сатушы мынадай құжаттардың көшiрмелерiнен тұратын құжаттардың пакетiн:
1) сауда-саттықтарға қойылатын жекешелендiру объектiсiнiң жарғысын;
2) акциялар эмиссиясының проспектiсi мен эмиссиялардың тiркелгендiгi туралы куәлiктi;
3) соңғы үш жылдағы және жекешелендiру объектiсiн сату туралы шешiм қабылданған күнге дейiнгi қосымшаларымен бiрге есептiк кезеңдегi бухгалтерлiк теңгерiмдi;
4) Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 613 Қаулысымен.
5) заңды тұлғаның тiркелгендiгi туралы куәлiктi;
6) акционерлiк қоғам акционерлерiнiң немесе серiктестiк қатысушыларының тiзiлімiнен көшiрменi;
7) олардың құнын көрсете отырып, жарғылық капиталға енген негiзгi құрал-жабдықтардың тiзбесiн;
8) кредиторлық және дебиторлық берешектердiң таратылып жазылуын;
9) әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тiзбесiн, олардың құнын көрсете отырып, акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерi сауда-саттықтарға қойылатын акционерлiк қоғамдар мен серiктестiктер ұсынады;
10) Сатушының ұйғарымы бойынша басқа да құжаттарды дайындауы тиiс.
Құжаттардың пакетiне басқа да қосымша мәлiметтер (инвестордың тәуекелi факторларының талдауы, ұйымды техникалық қайта жарақтау нұсқаларының мүмкiндiктерi туралы деректер, кiрiстілiк есептерi, өндiрiс үшiн қажеттi инвестициялардың көлемiн бағалау өндiретiн өнiмнiң әлемдiк немесе iшкi рыноктардағы перспективалығын бағалау және т.б.) де енгiзiлуi мүмкiн.
Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін Сатушы жекешелендiру объектiсiнiң және сауда-саттықтарды өткiзудiң ережесi туралы ақпараттарды барлық тiлек бiлдiрушiлердiң еркiн алуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жарнамалардың басқа түрлерi еркiн нысанда жүзеге асырылады және Қатысушыларды барынша кең тартуға бағытталуы тиiс.
Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 613 Қаулысымен.
24. Сауда-саттыққа қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарламалар жарияланған күнiнен бастап жүргiзiледi және аукционның басталуына бiр сағат және тендердiң және/немесе екi кезеңдi рәсім арқылы конкурстың басталуына жиырма төрт сағат қалғанда аяқталады.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 қаулысымен.
25. Сауда-саттықтардың қатысушысы ретiнде тiркелу үшiн:
1) Сауда-саттықтарға қатысушының жазбаша мiндеттемесiн қамтитын сауда-саттықтарға қатысудың, ал, ол Жеңiмпаз деп жарияланған жағдайда ақпараттық хабарламада белгiленген шарттармен жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын жасасудың өтiнiмiн;
2) төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын өзге құжатты;
3) кепiлдiк жарнаның енгізiлгендiгін растайтын төлем құжатының көшiрмесi мен көшiрмелердiң шынайылығын растау үшiн төлем құжаттарының түпнұсқасын;
4) жабық конвертте берiлетiн коммерциялық тендер өткiзудiң өтінімiнде жекешелендiру объектiсiн сатып алу бағасы туралы коммерциялық ұсынысты көрсетедi;
5) инвестициялық тендерге қатысу үшiн жекешелендiру объектiсiн сатып алу бағасы туралы ұсыныс көрсетiлген өтiнiм және инвестициялық бағдарлама (бизнес-жоспар) жабық конвертте берiледi;
6) өкiлдiң уәкiлеттiгiн растайтын құжатты ұсыну қажет.
Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жарғының және заңды тұлғаның тiркелгендiгі туралы куәлiктiң нотариалдық расталған көшiрмелерiн ұсынады.
Акционерлiк қоғамдар олардың акцияларына иелiк ететiн акционерлiк қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлердiң тiзiмiнен көшiрменi (ақпараттық хабарлама жарияланған сәттегі) ұсынады.
Шетелдiк заңды тұлғалар құрылтай құжаттарын орыс тiлiндегi нотариалдық расталған аудармасымен ұсынады.
Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639, 2010.06.18 № 613 Қаулыларымен.
26. Сауда-саттықтарға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалардың өтiнімдерін қабылдау мен тiркеу, талап етiлетiн құжаттардың толық жинағы бар болған жағдайда жүргізiледi.
27. Сатушы мен Ұйымдастырушының:
1) Қатысушыдан аукционға қойылғандардың iшiнен белгiлi бiр объектiнi оның сатып алу тiлегі туралы ақпаратты талап етуге;
2) Сауда-саттықтарға қатысушыларға қатысы бар ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделгендерден басқа жағдайларда, сауда-саттықтарды дайындаудың және оны өткiзудiң бүкiл кезеңi iшiнде жария етуге;
3) осы Ереженің 25-тармағында аталғандарды қоспағанда Қатысушы ретiнде тiркеу үшін қосымша құжаттарды ұсынуды талап етуге құқығы жоқ.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
28. Қатысушылардың құжаттары арнаулы журналда тiркелгеннен кейiн арнайы сейфте сақталады, сауда-саттықтар өткiзiлетiн күнi Қатысушылардың құжаттары қарау және сауда-саттықтарға жiберу үшiн комиссияға берiледi.
29. Аукционға жiберiлген Қатысушы аукциондық нөмiрдi алады. Сауда-саттықтардың процесi кезiнде аукциондық нөмiрдi басқа тұлғалардың пайдалануына тыйым салынады.
4. Аукционды өткізу
30. Сауда-саттықтардың ағылшын әдiсiн қолдана отырып аукционды өткiзу кезiнде жекешелендiру объектiсiнің бастапқы бағасы алғашқы бағаға тең.
Сауда-саттықтардың голланд әдiсiн қолдана отырып аукционды өткiзу кезiнде бастапқы баға алғашқы бағаны арттырылатын коэффициентке көбейту арқылы айқындалады. Бұл коэффициенттi Сатушы белгiлейдi, бiрақ 10-нан кем болмауы тиiс.
Ең төменгi баға белгiленген жағдайда, жекешелендiру объектiсi одан төмен бағаға сатыла алмайды.
Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
31. Аукционға қатысуға арналған кепiлдiк жарна аукционға қойылатын барлық жекешелендiру объектілерi үшiн бiрдей мөлшерде белгiленедi және мынадай әдiстеме бойынша есептеледi.
1) әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша жекешелендiру объектiсiнің алғашқы бағасынан 1 пайыздан 15 пайызға дейiн (Сатушының ұйғарымы бойынша) айқындалады;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында алынған орташа арифметикалық шамасы айқындалады;
3) аукционға қойылатын жекешелендiру объектiлерiнiң iшiнен жекешелендiру объектiсінің ең төменгi бастапқы бағасы айқындалады;
4) кепiлдiк жарнаның мөлшерi осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында алынған ең төменгi шамасына тең мөлшерде қабылданады.
32. Қатысушылар кепiлдiк жарнаны кез-келген санда енгiзуге құқылы, бұл орайда бiр кепiлдiк жарна бiр жекешелендiру объектiсiн сатып алуға құқық бередi.
33. Жекешелендiру объектiсi алғашында аукционға сауда-саттықтардың ағылшын әдiсi қолданыла отырып шығарылады. Екiншi және одан кейiнгi аукциондардағы сауда-саттықтардың әдiсiн Сатушы белгiлейдi.
34. Аукционды Аукционшы жүргiзедi. Аукцион оның өткiзу тәртiбiн жариялаудан басталады. Қатысушылар мен қатысып отырған тұлғалар аукцион барысына ықпал етуге немесе оны өткiзу ережесiн бұзуға құқығы жоқ, басқаша жағдайда оларды Аукционшы аукцион өткiзiлiп отырған залдан шығарып жiберуi мүмкiн.
Жекешелендiру объектiлерiн сауда-саттықтарға қоюдың ретi ақпараттық хабарламада белгiленген тәртiпке сәйкес келуi тиiс.
35. Әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттықтар Аукционшының сату объектiсiн, қойылып отырған жекешелендiру объектiсiнiң қысқаша сипаттамасын сауда-саттықтарды өткiзудiң әдiсiн, бастапқы бағасын және бағаның өзгеру қадамын жариялауынан басталады. Аукционшы сауда-саттықтар процесi кезiнде қадамды осы туралы хабарлай отырып, өзгертуге құқылы. Өзгерту қадамы жекешелендiру объектiсiнiң 5 пайыздан 10 пайызға дейiнгi ағымдағы бағасы шегiнде белгiленедi. Аукционшының объект бағасын қайталап жариялау арасындағы үзіліс 5 секундтан кем болмауы тиiс.
Ескерту. 35-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
36. Сауда-саттықтар төменде сипатталған екi әдiстiң бiрi бойынша өткiзiледi:
1) Сауда-саттықтардың ағылшын әдiсi:
Аукционшы жекешелендiру объектiсінің бастапқы бағасын және бағаның арттырылу қадамын жариялайды. Сауда-саттықтардың қатысушылары нөмiрдi көтере отырып бастапқы бағаны арттырады, бiрақ жарияланған қадамнан кем болмауы тиiс. Аукционшы сауда-саттықтарға қатысушылардың аукциондық нөмiрлерiн жариялайды, бағаларын бекiтедi және оны көтерудi ұсынады. Жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттықтар ұсынылған ең жоғары бағаға дейiн жүргізiледi. Жекешелендiру объектiсi үшiн бiршама жоғары баға ұсынған Қатысушыны Аукционшы жариялайды. Аукционшы жекешелендiру объектiсiнiң соңғы бағасын үш мәрте қайталайды және басқа нөмiр көтерiлмеген жағдайда балғаны соғып, осы жекешелендiру объектiсiнiң сатылғандығы туралы жариялайды.
Жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасын, егер ең болмағанда екi қатысушы бағаны арттырудың кемiнде екi қадамына арттырған жағдайда ғана, жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттықтар өткiзiлген болып саналады.
2) Сауда-саттықтардың голланд әдiсi:
Аукционшы жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасын жариялайды және жаңа бағаны жариялай отырып, оны мәлiмделген қадаммен төмендетедi. Аукционшы баға жарияланған кезде аукциондық нөмiрдi бiрiншi көтерген Қатысушының нөмiрiн атайды және балғаны соғып, осы жекешелендiру объектiсi бойынша оны Жеңiмпаз деп жариялайды. Егер Аукционшы жекешелендiру объектiсiнiң ең төменгі бағасын жариялаған кезде Қатысушылардың бiрде-бiрi осы жекешелендiру объектiсiн сатып алуға ниет бiлдiрмесе, онда бұл жекешелендiру объектiсi сауда-саттықтардан алынады.
Егер, бағаны жариялаған сәтте екi немесе одан көп нөмiр көтерiлген жағдайда, онда Аукционшы бағаны Жеңiмпаз анықталған сәтке дейiн тiркелген қадам көлемiне көтере бередi. Жарияланған қадам сауда-саттықтардың голланд әдiсi бойынша белгiленген қадамына, бiрақ ұлғайту жағына тең болуы тиiс. Егер, бағаны арттыру кезiнде өз нөмiрлерiн бiр мезгiлде көтерген сауда-саттықтарға қатысушы тұлғалардың бiрде-бiрi оны арттырылған баға бойынша сатып алуға тiлек бiлдiрмесе, онда Аукционшы жеребе тастау рәсiмiне жүгiнуге құқылы.
Үшiншi және одан кейiнгi сауда-саттықтарды қоспағанда, егер оның өту сәтiнде жекешелендiру объектiсi бiр ғана Қатысушыға сатылуы мүмкiн, пайдаланылмаған кепiлдiк жарнасы бар тек бiр гимн тiркелген Қатысушы қалса, жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттықтар өтпеген болып саналады.
37. Әрбiр сатылған жекешелендiру объектiсi бойынша сауда-саттықтардың нәтижелерi сауда-саттықтар аяқталғанда әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша комиссияның төрағасы, комиссияның барлық мүшесi, Аукционшы және Жеңiмпаз қол қойған сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамамен ресiмделедi.
Комиссия мүшесi өзiнiң айрықша пiкiрiн хаттамада жазбаша баяндауға немесе хаттамаға қоса беруге құқығы бар. Аукционшы хаттамаға қол қою үшiн 10 минуттан аспайтын уақытқа үзiлiс жариялауға құқылы.
Хаттама Сатушыға Сатып алушыға және Ұйымдастырушыға арналып бiр-бiр данада жасалады. Ұйымдастырушы, аукцион өткiзiлгеннен кейiнгi күннен кешіктiрмей, сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттаманың бiр данасын Сатушыға беруге мiндеттi.
38. Сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттама сауда-саттықтардың нәтижелерi мен Жеңiмпаздың және Сатушының сату бағасы бойынша жекешелендiру объектiсiнiң сатып алу-сату шартын жасасу мiндеттемелерiн тiркейтiн құжат болып табылады. Хаттамаға қол қойылған күннен бастап, мерзiмi бiткенде бұл құқық жойылатын, он күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге сатып алу-сату шартын жасасуға Жеңiмпаздың құқығы бар.
39. Аукционды ұйымдастыру мен өткiзу үшiн бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтердi жүзеге асыруға (брокерлiк және дилерлiк қызметтердi жүзеге асыруға) бiрiншi санаттағы лицензиясы бар, конкурстық негізде iрiктелген, аукционды дербес өткiзетiн Ұйымдастырушыны тартуға Сатушы құқылы. Сатушы мен Ұйымдастырушы жекешелендiру объектiлерiн сату жөнiндегi аукционды ұйымдастыруға шарт жасасады.
40. Жекешелендiру объектiлерiн сату жөнiндегi аукционды ұйымдастыру шарты Сатушы мен Ұйымдастырушы арасында жазбаша нысанда жасалады және мыналарды:
1) Ұйымдастырушы лицензиясының күнiн, нөмiрiн және әрекет ету мерзiмiн;
2) жекешелендiру объектiлерiнiң жекелеген аукциондар бойынша бөлiп-бөлiп көрсетiлген тiзбесiн;
3) аукционды өткiзудiң шектi мерзiмiн;
4) әрбiр жекешелендiру объектiсiн сату кезiндегi сауда-саттықтарды жүргiзудiң әдiсiн;
5) әрбiр жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы және ең төменгi бағасын;
6) кепілдiк жарнасының мөлшерi мен оны енгізудiң тәртiбiн;
7) Ұйымдастырушыға әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша берiлетiн құжаттардың тiзбесiн;
8) аукционды дайындау мен өткiзудің барысы туралы Ұйымдастырушы есебiнiң кезең-кезеңдiгiн және нысанды;
9) Ұйымдастырушылардың сыйақыларының мөлшерi мен алу шарттарын және Сатушымен өзара есеп айырысудың тәртiбiн;
10) Ұйымдастырушы мен Сатушының құқықтарын және мiндеттерiн, жауапкершiлiгiн;
11) шарттың әрекет ету мерзiмiн және оны бұзу шарттарын;
12) Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген басқа да мiндеттi талаптарды қамтуы тиiс.
Ескерту. 40-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 Қаулысымен.
5. Тендерді өткізу
41. Тендердi ұйымдастыру мен өткiзудi Сатушы жүзеге асырады.
Объектiнi бiрiншi тендерге қойған кездегi жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы, жекешелендiру объектiсi одан төмен сатылуы мүмкiн емес алғашқы бағаға тең.
42. Тендерге қатысуға арналған кепiлдiк жарна жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасынан 1-15 пайыз шегiнде әрбiр жекешелендiру объектiсi үшiн жеке белгiленедi.
Ескерту. 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
43. Тендердiң шарттары:
жекешелендiру объектiсiне тартылатын инвестициялардың көлемi, түрi және мерзiмi бойынша мiндеттемелер;
өндiрiс көлемiнiң, шығарылатын өнiмдер номенклатураларының немесе көрсетiлетiн қызметтердiң белгілi бiр деңгейiн қамтамасыз ету;
белгілi бiр тұтынушыларға өнiмдердi жеткiзу;
баға жасау шарттары, оның iшiнде бағаның шектi деңгейi бойынша шектеу;
табиғат қорғау шараларын жүргізу;
жұмыс орындарының санын сақтау немесе жаңа жұмыс орындарын құру;
өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң орын алып отырған тәртiбi мен пайдалану шарттарын сақтау кредиторлық берешектердi белгіленген мерзiмiнде өтеу;
жалақы төлемдерi бойынша берешектердi өтеу;
мәмiлелердi жасауды шектеу (қайта сату, кепiлге, сенiмдi басқаруға беру және т.б.) және/немесе жекешелендiру объектiсiне қатысты белгiлi бiр уақыт iшiнде белгiлi бiр iс-қимылдарға тыйым салу;
комиссияның қалауы бойынша басқа да шарттар болуы мүмкін.
44. Комиссия Сатушының тендер шарттарын, жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасын бекiту үшiн ұсыныс жасайды, кепiлдiк жарнаның көлемiн белгiлейдi және тендердi ұйымдастыру бойынша өзге де қызметтердi жүзеге асырады.
45. Егер тiркелген Қатысушылардың саны екеуден аз болса, онда жекешелендiру объектiсi бiр ғана Қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi және одан кейiнгі сауда-саттықтарды қоспағанда, тендер өтпеген болып саналады.
46. Комиссияның отырысында Қатысушылардың ұсыныстары жазылған өтiнiмдердi комиссияның барлық мүшелерi зерделейдi және салыстырады. Комиссия барлық ресми жағдайлардың сақталуын тексереді, талап етiлетiн мәлiметтер мен құжаттардың бар-жоғын айқындайды.
47. Коммерциялық тендердi өткiзу барысында комиссия ұсынысы жекешелендiру объектiсi үшiн бiршама жоғары мәнге ие болған және тендердiң шарттарын қанағаттандырған Қатысушыны тендердiң Жеңiмпазы деп жариялайды.
Егер коммерциялық тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысы бiрдей бағаға ие болса және тендер шарттарын қанағаттандырса, онда Жеңiмпазды анықтау үшiн олардың арасында жекешелендiру объектiсiнiң бағасы бойынша сауда-саттықтардың ағылшын әдiсi қолданыла отырып аукцион өткiзiледi.
48. Инвестициялық тендер өткiзу кезiнде ұсынысы бiршама тиiмдi инвестициялық бағдарламаға ие және тендер шарттарын қанағаттандыратын Қатысушы Жеңiмпаз деп жарияланады.
Егер, инвестициялық тендерде екi және одан көп қатысушының инвестициялық бағдарламалары инвестициялар және басқа да факторлар бойынша бiрдей ұсыныстарға ие болса және тендер шарттарын қанағаттандырса, онда Жеңiмпазды анықтау үшiн олардың арасында жекешелендiру объектiсiнiң бағасы бойынша сауда-саттықтардың ағылшын әдiсi қолданыла отырып аукцион өткiзiледi.
49. Әрбiр сатылған жекешелендiру объектiсi бойынша тендердiң нәтижелерi сауда-саттықтар аяқталғанда әрбiр жекешелендiру объектiсi бойынша комиссияның төрағасы, комиссияның барлық мүшесi және тендердiң Жеңiмпазы қол қойған сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамамен ресiмделедi. Комиссия мүшесi өзiнiң айрықша пiкiрiн хаттамада жазбаша баяндауға немесе хаттамаға қоса беруге құқығы бар.
Тендер аяқталғаннан кейiнгi күннен кешiктiрмей, комиссия барлық Қатысушыларға тендердiң нәтижелерiн жариялайды.
50. Хаттама Сатушы және Сатып алушы үшiн бiр-бiр данада жасалады.
51. Сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттама сауда-саттықтардың нәтижелерi мен Жеңiмпаздың және Сатушының тендердiң нәтижесi болып табылатын шарттармен жекешелендiру объектiсiнiң сатып алу-сату шартын жасасу мiндеттемелерiн тiркейтiн құжат болып табылады. Хаттамаға қол қойылған күннен бастап, мерзімі бiткенде бұл құқық жойылатын, он күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзімге сатып алу-сату шартын жасасуға Жеңiмпаздың құқығы бар.
52. Егер объектi тендерде сатылмаса, Сатушы комиссияның ұсынысы бойынша оны сатудың әдiсiн, бағаны және тендер шартын өзгерту туралы шешiм қабылдайды.
53. Мемлекеттiң қауiпсiздiгiн, қоршаған табиғи ортаны қорғауды, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған ерекше жағдайларда тендер жабық өткiзiлуі мүмкiн.
Жабық тендердi өткiзу кезiнде бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық хабарлама жарияланбайды. Жабық тендерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған Қатысушылардың шектеулi тобы қатысады. Жабық тендерге қатысуға арналған жазбаша шақыруды жабық тендердiң барлық шарттарымен қоса Сатушы жiбередi.
Жабық тендерге қатысуға шақыру жiберілген және қатысуға тілек бiлдiрген тұлғаларды тiркеу жазбаша шақыру жiберiлген күннен бастап жүргiзiледi және жабық тендердiң өткізiлуiне бiр күн қалғанда аяқталады.
54. Жабық тендердi өткiзудiң тәртiбi осы Ереженiң 41-54-тармақтарымен реттеледi.
5-1. Екi кезеңді рәсiм арқылы конкурс
Ескерту. 5-1-бөліммен, 54-1, 54-2, 54-3, 54-4, 54-5-тармақтармен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.04.11 N 350 Қаулысымен.
54-1. Екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурс жекешелендiру бағасының басымдығын және/немесе өзге де шарттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен өткізіледi.
54-2. Екі кезеңдi рәсiм арқылы конкурс мынадай іс-шаралар жоспарын қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы кеңесшiсiн тарту;
2) жекешелендiру объектiн жан-жақты талдау, оның құнын бағалау және ықтимал сатып алушылар (инвесторлар) үшiн жекешелендiру объектісі туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыpу;
3) Сатушының жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны ресми басылымдарда мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялауы, сондай-ақ қаржы кеңесшiсiнiң ықтимал сатып aлушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсыныстар жiберуi;
4) қаржы кеңесшiсiнiң ықтимал сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстарын қамтитын өтiнiмдер тiзбесiн қалыптастыруы;
5) Сатушының қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер барысында ең жақсы ұсыныстар (конкурстың бiрiншi кезеңi) ұсынған кемiнде екi ықтимал сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында өтiнiмдер тiзбесi бойынша ықтимал сатып алушылармен (инвесторлармен) келiссөздер жүргiзуi;
6) Сатушының қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту мәнiне бiрiншi кезеңнiң жеңiмпаздарымен келiссөздер жүргiзуi (екiншi кезең).
54-3. Сатушы, қаржы кеңесшiсi және екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурстың барлық қатысушылары келiссөздiң әрбiр кезеңiнiң өткiзiлу қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
54-4. Екi кезеңді рәсiм арқылы конкурстың екiншi кезеңi барысында ең жақсы шарттарды ұсынған ықтимал сатып алушы (инвестор) екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурстың жеңiмпазы болып танылады.
54-5. Екi кезеңдi рәсiм арқылы конкурстың Жеңiмпазы сатып алу-сату шартына Сатушы белгiлеген мерзiмде қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, сатып алу-сату шартына ұсынысы Жеңiмпаздың ұсынысынан кейiн ең жақсы деп танылған ықтимал сатып алушы (инвестор) қолын қояды.
6. Сатып алушылармен есеп айырысудың тәртібі және
меншік құқығын ресімдеу
55. Сатып алу-сату шарты жазбаша түрде Сатушы мен Сатып алушының арасында жасалады және келiсiм-шарт жасасудың негізi ретiнде сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға жасалған сiлтеменi қамтуы тиiс.
56. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар Сатушы мен Сатып алушы арасында жүргізiледi, бұл орайда Сатып алушы есеп айырысуларды мынадай тәртіппен жүргізедi:
1) аванстық төлем жекешелендiру объектiсiн сату бағасынан кемi 15 пайыз мөлшерiнде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 банктiк күннен кешiктiрiлмей енгiзiледi. Кепiлдiк жарна тиесiлi аванстық төлем есебiне есептеледi;
2) қалған сома тараптардың уағдаласуы бойынша, бiрақ сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 30 күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмей енгізiлуi тиiс.
Ескерту. 56-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
57. Аванстық немесе түпкiлiктi төлемнiң мерзiмi өткен жағдайда Сатушы шартты бiр жақты тәртiппен бұзуға және Сатып алушыдан iс жүзiндегі зиянның кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiн өтеудi талап етуге құқылы.
58. Ықтимал бөлiп-бөлiп төлеудiң шарты сауда-саттықтарға қатысушылардың назарына алдын-ала жеткiзiлген жағдайда ғана бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етiледi. Бұл орайда бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасынан 15 пайызға кем болмауы, ал бөлiп-бөлiп төлеудiң кезеңi 3 жылдан аспауы тиiс.
Бастапқы жарнаны Сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 30 күн тiзбелiк күн iшiнде енгiзуi тиiс. Одан кейiнгі соманы енгiзген жағдайда, әлi енгізiлмеген сомаға тараптардың келiсiмiмен белгiленген мөлшерде пайыз есептеледi.
Егер қамтамасыз етудің өзге тәсілі сатып алу-сату шартымен көзделмесе, сатып алушы алған жекешелендіру объектісіне Сатушының кепіл құқығы төлемдердің уақытылы өтелуін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Ескерту. 58-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
59. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн қоспағанда, объектiлердi беру Сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша Сатып алушы Сату бағасын толық төлегеннен кейiн меншiк иесiнiң сатылған жекешелендiру объектiсiн өзгерткендiгi туралы мемлекеттiк тiркеу жүргізу үшiн негiз болып табылатын жекешелендiру объектiсiнiң қабылдау-беру актiсiне қол қою арқылы жүргізiледi.
Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн беру Сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша Сатып алушы Сату бағасын толық төленгеннен кейін бағалы қағаздарды аудару туралы бұйрыққа қол қою арқылы жүргізіледі.
Ескерту. 59-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.12.14 N 1639 қаулысымен.
60. Сатып алушы жекешелендіру объектісінің меншік құқығына Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген тәртіппен мәміленің тіркелген сәтінен бастап ие болады.
7. Жекешелендіру объектісін сатудан алынған қаражат
61. Республикалық меншікке жатқызылған объектілерді сатудан алынған қаражат республикалық бюджетке жатқызылады. Коммуналдық меншікке берілген жекешелендіру объектілерін сату кезінде түскен кіріс жергілікті бюджетке жіберіледі.
Ескерту. 61-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.05.23 N 562 қаулысымен.
62. Ұйымдастырушыға тиесілі сыйақы Сатушының аукционды даярлау мен өткізуге арналған шығыстарына жатқызылады.
63. Аукциондар мен тендерлерді ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар тиісті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.