Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.06.2014 № 715 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 31 наурыздағы N 482 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің және мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттырудың 1999-2000 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2000 жылға арналған іс-шаралар жоспарының 3-тармағын орындау үшін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 мамырдағы N 650 қаулысымен мақұлданған Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендірудің 2000-2005 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендірудің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 11 шілдедегі
N 1052 қаулысымен
бекітілген
Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендірудің ережесі
1. Осы Ереже олардың әлеуметтік маңыздылығын, ел халқына медициналық көмек көрсетудің ерекшелігін ескере отырып, денсаулық сақтау объектілерін жекешелендірудің ерекшеліктерін регламенттейді.
2. Жекешелендіруге жататын денсаулық сақтау объектілері (бұдан әрі - объектілер):
1) мүліктік кешен ретіндегі мемлекеттік кәсіпорын және мекеме;
2) өндірістік және өндірістік емес бөлімшелер және оларды жекешелендіру тұйық технологиялық циклды бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның және мекеменің құрылымдық бірліктері;
3) кәсіпорынның және мекеменің мүлкі;
4) шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық қорларындағы акциялар мен үлестер болып табылады.
3. Республикалық меншіктегі жоғары мамандандырылған және қызмет бейіні бойынша жалғыз болып табылатын денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіру туралы шешімді заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органның (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган) ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
4. Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілгендерден басқа республикалық меншіктегі денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіру туралы шешімді, заңнамаға сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
5. Коммуналдық меншіктегі денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіру туралы шешімді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
6. Республикалық және коммуналдық меншіктегі денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіруді, заңнамада белгіленген тәртіппен, осыған уәкілетті органдар жүзеге асырады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы кейін сатуды көздейтін жекешелендірудің алғашқы сатылары:
1) денсаулық сақтау объектілерінің қызмет көлемі мен бейінін сақтай отырып, кейін акциялардың мемлекеттік пакетін немесе оның бөлігін сату арқылы акционерлік қоғамға қайта құрылуы;
2) денсаулық сақтау объектілерін кейін сатып алу құқығымен қызмет бейіні мен көрсетілетін медициналық көмектің көлемін сақтаудың негізгі шарттарында сенімгерлік басқаруға немесе жалға белгіленген тәртіппен беру болып табылады.
8. Мемлекеттік меншіктегі денсаулық сақтау кәсіпорындары мен мекемелерін акционерлік қоғамдарға қайта ұйымдастыру заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіру тендерлерде жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сату жолымен жүзеге асырылады.
Осы объектіні сатып алу кезінде медициналық және дәрігерлік қызметке лицензиясы бар жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға басымдықты құқық беріледі.
10. Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіруге дайындаудың және жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасындағы жекешелендіру туралы заңнамамен регламенттеледі.
11. Денсаулық сақтау объектілерін тендерлік негізде жекешелендіру кезінде мынадай негізгі шарттар:
1) объект қызметінің бейінін сақтау;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен өз қызметінің бейіні бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсету (емдеу-алдын алу объектілері үшін);
3) шұғыл және кідіртуге болмайтын тегін медициналық көмек көрсету;
4) объект қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
5) медициналық көмектің көлемі мен сапасын, жекешелендірілетін объектіні пайдаланудың, оның ішінде бес жылдан кем емес уақыт ішінде меншік иесін өзгерту жөніндегі мәмілелер жасасуға (қайта сату, кепілге беру, жалға беру және т.б.) жол бермеуге міндеттемені көздейтін, тәртібі мен шарттарын сақтау белгіленеді.
12. Денсаулық сақтау объектілерін сату кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен медициналық және дәрігерлік қызметке лицензиясы бар сатып алушыға сату бағасының отыз үш пайызынан кем емес мөлшердегі бастапқы жарнаны міндетті түрде енгізе отырып, объектінің құнын үш жылдан көп емес мерзімде бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылуы мүмкін.
13. Денсаулық сақтаудың жекешелендірілген объектілерінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, көлемі мен жағдайларын бақылауды уәкілетті орган және денсаулық сақтаудың аумақтық органдары жүзеге асырады.
14. Сатып алушының сату-сатып алу шартының талаптарын орындауын бақылауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен және денсаулық сақтаудың аумақтық органдарымен бірлесе отырып, сатушы жүзеге асырады.
15. Денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіруден кейін туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
Оқығандар: Қобдалиева Н.М. Орынбекова Д.К.