Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.12.02 № 1439 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Мемлекеттiк және мемлекет кепілдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы Заңына және "Бюджет жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Жергiлiктi атқарушы органдардың орта мерзiмдi валюталық мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, айналысқа қосу, өтеу және оларға қызмет көрсету ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 4 қыркүйектегi
N 1139 қаулысымен
бекітілген
Жергiлiктi атқарушы органдардың орта мерзiмдi
валюталық мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын
шығару, орналастыру, айналысқа қосу, өтеу және
оларға қызмет көрсету ережесi
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының аумағында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының орта мерзiмдi валюталық мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын (бұдан әрi - облигациялар) шығарудың, орналастырудың, айналысқа қосудың, өтеудiң және оларға қызмет көрсетудiң негiзгi шарттары мен тәртiбiн анықтайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
1) "Депозитарий" - облигациялар бойынша депозитарий және төлем агентiнiң функцияларын орындайтын "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" ЖАҚ;
2) "инвестор" - облигацияны (облигацияларды) сатып алуға ниет білдiретiн немесе сатып алған тұлға;
3) "Қаржылық агент" - сауда жүйесi облигацияларды орналастыру үшiн пайдаланылатын "Қазақстандық қор биржасы" ЖАҚ;
4) "Эмитент" - мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды эмиссиялайтын Қазақстан Республикасы облыстарының немесе Астана немесе Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органы.
2-тарау. Облигацияларды шығару және орналастыру
3. Облигациялар құжаттық емес нысанда шығарылады, купондық болып табылады. Облигацияларға меншiк құқығын және өзге де заттық құқықты тiркеу Депозитарийде оларды есепке алу үшiн ашылған шоттар бойынша тиiстi жазбалар жасау жолымен немесе бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамада және Депозитарий ережесiнiң жиынтығында белгiленген тәртiппен бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларында жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының резидентi де, резидент емес те кез келген тұлға облигацияларды сатып алушы және ұстаушы бола алады.
5. Бiр облигацияның бастапқы құны 100 АҚШ долларына баламалы соманы құрайды. Барлық есеп айырысу теңгемен есеп айырысуды жүзеге асыру күнiнiң алдындағы күнгi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бағамы бойынша жүзеге асырылады.
6. Әрбiр шығарылым облигацияларының Эмитент бекiткен шығарылым өлшемдерiне сай, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының қаржы рыногын мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган беретiн ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi болады.
7. Эмитент пен Қаржылық агенттiң арасындағы, Эмитент пен Депозитарийдiң арасындағы өзара қатынастар олардың арасындағы келiсiммен (шартпен), Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және осы Ережемен реттеледi.
8. Облигацияларды орналастыру аукцион нәтижелерi туралы ресми хабарланғаннан кейiн бiр жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады. Облигацияларды орналастыру бастапқы құнынан бастап сыйақы ставкасын көтерiп дисконтталған құнымен не бастапқы құнынан сыйлық бере отырып, Қаржылық агенттiң сауда жүйесiнде аукцион өткiзу жолымен инвесторлардың арасында жүзеге асырылады. Облигацияларды сатып алуға арналған өтiнiмдердi қанағаттандыруды Эмитент үшiн қолайлы ставкалар мен көлемдер мәндерi бойынша сыйақы ставкаларының өсуiне қарай реттелген өтiнiмдер тiзілімдемесi негiзiнде шегеру бағасымен (барлық инвестор үшiн бiрдей) Эмитент жүргiзедi.
9. Аукционды өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Қаржылық агенттiң бағалы қағаздармен биржалық сауда ережелерiмен реттеледi.
10. Қаржылық агенттің сауда жүйесi арқылы облигацияларды орналастыру кезiнде ақшалай есеп айырысу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен, биржалық сауда ережелерiмен және "Орталық депозитарийдiң ережелер жиынтығымен" анықталады.
11. Эмитент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жергіліктi атқарушы органдарға қарыз алуды шектеу шегiнде облигацияның эмиссия көлемiн белгілейдi. Эмитент аукцион өткiзетiн күнге дейiн 10 күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде облигацияларды бастапқы орналастыруға байланысты аукционды өткiзу күнi, алдағы эмиссия мен шығыстар көлемi туралы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiн хабардар етедi. Облигациялар бойынша сыйақылар ставкасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiледi.
3-тарау. Облигациялардың айналысы
12. Облигациялардың айналыс мерзiмiн тиiстi эмиссияны жариялаған кезде Эмитент белгiлейдi. Облигациялардың айналыс мерзiмi он сегiз айдан кем емес, он жылдан артық емес алты айға еселенген болуы тиiс.
13. Шығарылымның барлық облигациясының айналысы аукционның қорытындысы бойынша инвесторлар сатып алған облигациялар үшiн Эмитенттiң шотына ақша түскен күннен кейiнгi күннен "депо" шоты бойынша жазбалар жасалған сәттен бастап басталады және облигацияны өтеу күнiне дейiн бiр жұмыс күнi iшiнде аяқталады.
14. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында облигациялармен жасалатын барлық операция Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. Облигациялар бойынша төлемдер
15. Сыйақыны есептеу бастапқы орналастыру кезiнде инвесторлар сатып алған облигациялар үшiн Эмитенттiң шотына Қаржылық агент ақша аударған күннен кейiнгi күннен бастап басталады және шығару шарттарына сәйкес анықталған сыйақылар ставкасы бойынша өтеу күнiн қоса алғанда, айналыс кезеңi ішiнде жүзеге асырылады.
16. Облигациялар бойынша сыйақы төлеудi облигациялардың тиiстi айналыс жылының бiр жүз сексен екiншi, үш жүз алпыс бесiншi күндерi Эмитент жүргiзедi. Сыйақының ақырғы төленуi облигацияларды өтеу күнiмен сәйкес келедi.
17. Облигациялардың айналыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн Эмитент облигацияларды шығару кезiнде белгіленген өтеу күнiнiң алдындағы сыйақыны есептеу кезеңi үшiн сыйақыны төлеумен бiрге бастапқы құны бойынша облигацияларды өтеудi жүргiзедi. Егер сыйақыны төлеу немесе облигацияларды өтеу жұмыс күнi емес күнге түскен жағдайда, ол келесi бiрiншi жұмыс күнi жүргiзiледi.
18. Депозитарий үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей сыйақыны төлеу және/немесе облигацияларды өтеу күнiне дейiн Эмитентке Депозитарийдiң деректерiнiң негізiнде қалыптастырылған сыйақы төлеу және/немесе өтеу жүргізiлуi тиiс жиынтық тiзiмдеменi жiбередi.
19. Сыйақы төлеудi немесе облигациялардың бастапқы құнын өтеудi Эмитент Депозитарийдiң шотына қолданыстағы заңнамада белгiленген тәртiппен жергіліктi бюджет қаражаты есебiнен ақша аудару жолымен жүзеге асырады, ол сыйақы төленетiн кезеңнiң аяғына бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары туралы деректерге сүйене отырып, түскен соманы олардың арасында өзi бөледi.
20. Облигацияларды өтегеннен кейiн бес жұмыс күнiнiң iшiнде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгіне облигацияларды өтеу туралы мәлiметтердi және жүргізiлген өтеудi растайтын құжаттардың көшiрмесiн ұсынады.
21. Эмитенттiң сыйақыны есептеудiң кезектi кезеңiнде облигациялардың iс жүзiнде айналыста болған уақытына сыйақыны өтей отырып, оларды мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асыруға құқығы бар.
22. Эмитенттiң мерзiмiнен бұрын өтеу туралы шешiмi осындай өтеу күніне дейiн он жұмыс күнiнiң ішінде Депозитарийге хабарланады, ол өз кезегінде бұл туралы бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларына бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлайды.
23. Облигациялармен операциялар бойынша салық салу тәртiбi Қазақстан Республикасының салықтық заңнамасына сәйкес анықталады.
Мамандар: Багарова Ж.А. Қасымбеков Б.А.