Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 қазандағы N 1371 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикаксы Үкіметінің 2008 жылғы 1 желтоқсандағы N 1122 Қаулысымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикаксы Үкіметінің 2008.12.01 N 1122 Қаулысымен.

      Ескерту. Қаулының мәтiнiндегi сөздер алмастырылды - ҚР Үкіметінің 2006.09.27. N 925 қаулысымен.

      Тұрақты демографиялық және экономикалық дамуды қамтамасыз ететiн көші-қон саясатын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары мен басқа да мемлекеттiк органдар (келісiм бойынша) Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi Жоспарда белгiленген iс-шараларды iске асыруды қамтамасыз етсiн және жыл сайын, есептi жарты жылдықтан кейiнгi айдың 10-күнiнен кешіктiрмей Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне олардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
      3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын, есептi жарты жылдықтан кейiнгi айдың 20-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Үкiметiне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
      4. Бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етудi бақылау мен үйлестiру Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсiн.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

            Республикасы Көші-қон саясатының
          2001-2010 жылдарға арналған салалық
                    Бағдарламасы

Қазақстан Республикасы       
Үкіметінің               
2001 жылғы 29 қазандағы        
N 1371 қаулысымен           
бекітілген               

        Қазақстан    Астана қ., 2001 жыл

                     ПАСПОРТЫ

Атауы                Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының
                     2001-2010 жылдарға арналған салалық
                     бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама)

Мақсаты              Тұрақты демографиялық және әлеуметтік-
                     экономикалық дамудың қажетті шарттарын
                     жасауға, көшiп-қонушылардың құқықтарын iске
                     асыру жөнiнде барлық қажетті жағдайлар
                     жасауға, сондай-ақ елiмiздiң мемлекеттiк
                     қауiпсiздiгін нығайтуға бағытталған көші-қон
                     саясатын қалыптастыру

Қысқаша мазмұны      Бағдарламада: сыртқа көшiп кету процестерiн
                     қысқарту және тұрақтандыру;

                     көші-қон процестерiн реттеу және бақылау,
                     соның iшiнде:
                     еңбек көші-қонын жоспарлау және басқару;

                     адамды сатуға қарсы "күрес";

                     жасырын және жария көшi-қонды бақылау және
                     реттеу;

                     оралмандардың елiмiздiң әлеуметтік-
                     экономикалық және саяси өмiрiне қайта
                     араласуына барынша жәрдемдесу;

                     босқындарға байланысты, бiр жағынан, олардың
                     әлеуметтік ортаға араласып кетуiне және,
                     екiншi жағынан, олардың өздерi шыққан
                     мемлекетiне ерiктi түрде қайта оралуына
                     жәрдемдесуге бағытталған процестердi реттеу;

                     тұрақты экономикалық өсу мен және
                     елімiздiң экологиялық қолайсыз, тоқыраған
                     аймақтары мен қалаларынан көшумен байланысты
                     iшкi көші-қонды реттеу жөнiндегі негізгі
                     бағыттар берiледi

Қаржыландыру         Бағдарламаны қаржыландыру республикалық және
көздері              жергiлiкті бюджеттер, сондай-ақ Қазақстан
                     Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған
                     көздер есебiнен және шегінде жүзеге асырылатын
                     болады.
                     Бағдарламаны қаржыландыру көлемi тиiстi қаржы
                     жылына арналған бюджеттік заңнаманы
                     қалыптастыру кезiнде жыл сайын нақтыланатын
                     болады.

Күтiлетiн нәтижелер  Бағдарламаны iске асыру көшi-қонның терiс
                     сальдосының оң сальдоға өзгеруi есебiнен
                     республика халқы санының өсуiн қамтамасыз
                     етедi, көшiп-қонушылардың, оралмандардың
                     құқықтарын iске асыру жөнiндегi қажетті
                     жағдайларды жасайды және елiмiздiң ұлттық
                     қауiпсiздiгiн нығайтады

Iске асыру кезеңдері 1-кезең - 2001-2005 жылдар
                     2-кезең - 2005-2010 жылдар

                            КIРIСПЕ

      Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының салалық бағдарламасы елімiз Президентiнiң Қазақстан халқына "Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының жақсаруы" жөнiндегі Жолдауын iске асыру мақсатында, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 2000 жылғы 5 қыркүйектегі N 1346 қаулысына сәйкес әзiрлендi.
      Бағдарламаны Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегі агенттiгі өзiнiң аумақтық органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Көші-қон жөнiндегі Халықаралық Ұйым (бұдан әрi - КХҰ) өкiлдiгінiң жәрдемiмен әзiрледi. Әзiрлеуге республиканың басқа да мүдделi орталық атқарушы органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, көшi-қон проблемаларымен айналысатын ғылыми және қоғамдық мекемелер мен бiрлестiктер де қатысты.
      Халықтың көші-қонын реттеудiң құқықтық негізi 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңында , Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 15 желтоқсанда бекiткен 1951 жылғы 28 шiлдеде қабылданған "Босқындар мәртебесi туралы" конвенцияда және 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесiне қатысты хаттамада баянды етiлген.
      Бағдарламаны әзiрлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясаттың аса маңызды құрамдас бөлiгі ретiндегі орташа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған көшi-қон саясатын қалыптастыру және iс жүзiнде жүзеге асыру үшiн негіз болуға тиiс көшi-қон саласындағы негізгі бағыттарды белгілеудi, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын мүлтiксiз сақтау жолымен Қазақстан халқының белсендi ықпалдасу саясатын жүргізудi, жұмыспен қамту, кәсiби және қызметтік өсу, бiлiм алу, әлеуметтік қорғау, дiн ұстану бостандығын, мәдени қажеттердi қанағаттандыру, ұлттық дәстүрлердi сақтау саласында ұлтына қарамастан тең мүмкiндiктер берудi болжайды.
      Осы Бағдарламаны әзiрлеу кезiнде:
      2001 жылдың бас кезiне қарай Қазақстан Республикасында қалыптасқан көші-қон процестерi;
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк демографиялық саясатының тұжырымдамасында көрсетiлген мақсаттар мен мiндеттер;
      көші-қон мәселелерi бойынша халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы бекiткен құжаттар;
     халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары;
     Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған даму схемасының және өндiргiш күштердi орналастырудың идеологиясы;
     Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы;
     "Жiбек жолының тарихи орталықтарын қайта жаңғырту, түркi тiлдес мемлекеттердiң мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау" Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы ;
      "Бiлiм беру" мемлекеттiк бағдарламасы басшылыққа алынған негіз болды.

                1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӨШІ-ҚОН
                           ПРОЦЕСТЕРIН ТАЛДАУ

     1.1. Қазақстан Республикасындағы көші-қонның өткен
          кезеңiнiң талдамасы және қазiргі жағдайы

      Қазақстан Республикасында болып жатқан көшi-қон процестерiнiң өткен кезеңiне талдау жасау оның елiмiздiң халқын ұдайы көбейту процестерiнде елеулi рөл атқаратынын көрсетiп отыр. 80-жылдардың ортасында басталған және әсiресе 90-жылдарда күшейе түскен жаңа үрдiс тек елiмiз Yкiметiнiң ғана емес, осы проблеманы зерттеп жүрген халықаралық ұйымдардың да ерекше назарын аударып отыр.
      90-жылдардың ортасында республиканың демографиялық дамуының сипатты ерекшелiктерi халықтың ырықсыз қозғалысындағы болып жатқан процестердiң жоғары қарқынынан байқалады, бұл ең алдымен, оның санының өскелеңдiгiнен көрiнедi.
      Елiмiз халқының саны азаюының негізгі себебi көші-қонның терiс сальдосы болды. Халықтың табиғи өсiмi көші-қон ағынымен толығымен жұтылып кетiп отырды.
      Елiмiз жыл сайын халықтың көші-қон шығынына ұшырауда, 1991-2000 жылдар аралығында олар 2 миллион адамнан асып түсті. Көшiп кету 1994 жылы шырқау шыңына жетті және көшiп кетушiлердiң саны 477,1 мың адамды құрады. Соңғы жылдарда Қазақстан Республикасының аумағынан кетушілер саны күрт азайды және жыл сайын 200 мыңнан 160 мың адамға дейiн ауытқып отырады.
      Бала туудың азаюынан, өлімнiң көбеюiнен туындаған демографиялық ахуалдың нашарлау жағдайында халықтың көшi-қон шығынының қолайсыз үрдiсi қалыптасуда. 1991 жылы көшiп кету себебiне байланысты әрбiр мың адамнан 3 адам, 1992 жылы - 10, 1993 жылы - 13, 1994 жылы - 25-ке жуық, 1995 жылы - 15, 1998 жылы - 13, ал 2000 жылы - 11 адам кемiдi.
      Көшi-қон шығынының нәтижесiнде қоғамның демографиялық тұрақсыздығы күшейе түсуде. Халықтың, оның iшiнде оның белсендi бөлiгiнiң сан жағынан азаюы орын алуда. 1993-1994 жылдары көшi-қон шығыны халықтың табиғи өсiмiн жұтып қана қойған жоқ, тиiсiнше одан 1,4 және 2,8 есе асып кеттi. Кетiп қалушылар легiнде негiзгі үлестi еңбекке жарамды жастағы адамдар құрады (1994 жылы 63,2%, 1995 жылы 62,8%, 1999 жылы 67% және 2000 жылы 68%). Кетiп қалған азаматтардың шамамен 18-20%-ы еңбекке жарамды жасқа толмаған халықты құрады. Осыған байланысты халықтың құрамында еңбекке жарамды жастан кәрi адамдардың саны көбейiп барады және тиiсiнше "халықтың қартаю" үрдiсi күшеюде.
      Көшi-қон шығыны еңбек әлеуетiнiң сапалық құрамының терiс өзгерiсiн туғызады. Көшiп кетушiлердiң арасында жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта бiлiмi бар адамдардың үлесi 1993 жылы - 39%-ды, 1994 жылы - 46,5%-ды, 1995 жылы - 33,0%-ды, 1999 жылы 38%-ды және 2000 жылы 38,8%-ды құрады. Ал бiлiм деңгейi мұндай адамдар аз келедi.
      Осылайша, елiмiзде "ақыл-ойдың кетiп қалуы", бiлiктi жұмысшылардың, мамандардың кетуi дейтiн үрдiс тұрақты қалыптасуда.
      Көшi-қон шығынына бiздiң елiмiздiң әсiресе солтүстiк, батыс және шығыс аймақтары ұшырап отыр. 2000 жылы көшiп кету шығынының неғұрлым жоғары пайызы Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында қалыптасты, бұл облыстарда республиканың славян және немiс халқы неғұрлым көш шоғырланған.
      Көшiп кетiп жатқан халықтың ұлттық құрамы саналуан. 2000 жылы кетушілер легінде орыстар - 58%-ды, немiстер - 19%-ды, украиндар - 9%-ды, қазақтар - 5%-ды құрады. Келушілердiң арасындағы үлес салмақтың 41%-ын орыстар, 33%-ын қазақтар, 6%-ын украиндар, 4%-ын немiстер, 16%-ын басқа ұлт адамдары құрады.
      Келушілерден кетушілердiң асып кетуi нәтижесiнде қазақтардан басқа, барлық көрсетiлген ұлттардың көшi-қон шығыны болды. Алайда көші-қон шығынының ең жоғары интенсивтiлiгі немiс халқының арасында байқалады. 1993 -2000 жылдар аралығында 83 мың қазақтың көшiп кетуiне қарамастан қазақ халқының арасында көшi-қон өсiмi қалыптасты.
      Негізгі көші-қон легі Қазақстан мен жақын шет елдер арасында (Ресей мен Орта Азия республикалары арасында басымырақ), ал немiс ұлтының көшi-қоны Германиямен арада қалыптасты.
      Сыртқы көші-қонның аса маңызды құрамдас бөлiгi тәуелсiз құқықтық мемлекеттің қалыптасуы жағдайында ол жаңа сипат, өзгеше саяси және әлеуметтiк-экономикалық мазмұн алатын көшiп келу болып табылады. Қазiргі кезде елiмiзге халықтың көшiп келуiнiң зор маңызы бар. Ол белгілі дәрежеде көшiп кетудiң терiс ықпалын жоюға мүмкiндiк бередi, көшi-қон шығынын азайтады, халықтың демографиялық сипаттамасын жақсартуға жәрдемдеседi. Осыған байланысты мемлекеттiк реттеу және көшiп келу процесiн дамытуға жәрдемдесу қажет.
      Халықтың Қазақстанға көшiп келуiнiң, оның геосаяси жағдайымен (әлеуметтік шиеленiс ошақтарынан алыс болуымен), 1932 жылғы аштықтың және саяси қуғын-сүргiндердiң салдарынан байырғы қазақ халқының өз отаны шегінен тыс жерлерге жаппай көшiп кетуiне байланысты тарихи бастан кешiргендерiмен, өтпелi экономика жағдайында республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзiндiк ерекшелiгімен, iшкi саяси жағдайдың тұрақтылығымен, белгілi дәрежеде көшiп келу процестерiнiң, бiрiншi кезекте, еңбек көшi-қонының басқарылуы мен бақылануымен, квоталау, лицензиялау жүйесiнiң орнықтырылуымен негізделген өзiндiк ерекшелiгі бар.
      Республикаға қазақтардың қайта оралуы дәл қазiргi кезеңге тән. 1991- 2000 жылдар аралығындағы кезеңде 43 мыңнан астам қазақ отбасы немесе 183 мың адам көшiп келдi. Келушiлердiң жалпы санының жартысынан астамы дерлiк алыс шет елдерден келгендер. Келушiлер легі Монғолиядан (35%-ы), Ираннан (8%-ы), Түркиядан (2%-ы), Қытайдан (1,2%-ы) және Ауғанстаннан (1%-ы) шыққандар есебiнен құралады.
      Елiмiзге қоныс аударушылардың келуiн реттеу, оларды бiрқалыпты қоныстандыру мақсатында жыл сайын көшiп келу квотасы бекiтiледi. Квотаның белгiленуiне талдау жасау жыл сайын олардың бiртiндеп азайып келе жатқандығын көрсетедi.
      1993 жылы көшi-қон квотасы 10 мың отбасын құрады, 1994 жылы - 7 мың отбасы, 1995 жылы - 5 мың отбасы, 1996 жылы - 4 мың отбасы, 1997 жылы - 2,18 мың отбасы, 1998 жылы - 3 мың отбасы, 1999 жылы - 2000 жылдары әр жылға 500 отбасы.
      1991-2000 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына қоныс аударушылар мен көшiп келушiлердi екiншi қайталап орналастыру үрдiсi көрiнiс тапты.
      1995 жылдан бастап көшi-қон шығынының төмендеу үрдiсi байқалды. Мұндай жағдай республиканың көші-қон теңгерiмi жуық болашақта жақсарады деп болжам жасауға мүмкiндiк бередi.
      Көшi-қон саясатының маңызды аспектiсi iшкi көшi-қонды реттеу болып табылады. Ішкi көші-қон - бұл облысаралық және облыс iшiндегі көшi-қон. 1993-2000 жылдар аралығында iшкi көшi-қон айналымы 1,4%-ға ұлғайды.
      Республика iшiндегі көші-қон айналымының жалпы төмендеуi кезiнде экологиялық дағдарыс аймақтарынан (Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары) облысаралық алмасу бойынша халықтың көшiп кетуi жоғары болып қалып отыр.
      Тұрмыс деңгейiнiң аймақтарда әртүрлi болуының нәтижесiнде Қарағанды (Жезқазған аймағы), Қостанай (Торғай аймағы) облыстары халықтың көші-қон шығынына ұшырауда.
      Екiншi жағынан, облысаралық көшi-қон нәтижесiнде халықты қабылдайтын аймақтар қалыптасты, олар, бiрiншi кезекте, Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау облыстары.
      Республика iшiндегі көшi-қонға қала халқы неғұрлым белсендi қатысады. Мұндай жағдай ауылдық жерлер халқының қалалы жерлерге көшiп кетуi нәтижесiнде қалыптасты. Осыған байланысты республикаiшiлiк ауыл-қала көшi-қоны салдарынан, сондай-ақ немiс және славян тiлдi халықтар есебiнен көшi-қон шығыны жоғары интенсивтiлiгі сақталуда.
      Көшiп-қонуға байырғы халық неғұрлым икемдi: 1999 және 2000 жылдарда республикаішілiк көшi-қонда қазақтардың үлес салмағы 71 және 72%-ды құрады. Ел iшіндегі көшi-қон белсендiлiгі басқа ұлттардың арасында да байқалады.
      Урбанизация процесi жүрiп жатыр, бiрақ оның келенсiз жағдайлардан, аграрлық сектордағы жағдайдың ауырлығынан және ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағынан жеткiлiксiз дамуы салдарынан болуы басым. Халықтың iшкi қоныс аударуы көбiнесе берекесiздiк сипатқа ие және мемлекеттік реттеудi қажет етедi.

     1.2. Қазақстан Республикасындағы көшi-қон процестерiн
          факторлық талдау

      Елiмiзде болып жатқан көшi-қон процестерiне айтарлықтай көп факторлар әсер етедi. Жалпы алғанда, оларды мынадай негiзгi топтарға бөлуге болады:
      - саяси;
      - этномәдени;
      - әлеуметтік-экономикалық;
      - табиғи-климаттық, экологиялық;
      - ақпараттық-насихаттық.
      Көшi-қон процестерiне осы факторлар тобының әсерi әртүрлi болды. Этностың тиiстi тобының тұрып жатқан аймағына көп нәрсе байланысты болды. Яғни оларға кеңiстіктік-мезгілдiк сипат тән (мәндес).
      Жоғарыда тiзiп көрсетiлген факторлар тобының Қазақстанда болған және қазiргі кезеңде болып жатқан көшi-қон процестерiне талдау жасай келiп, мыналарды бөлiп көрсетуге болады.
      Қоғамды демократияландырумен, әртүрлi саяси реформалардың басталуымен Қазақстанда көші-қон процестерiне саяси фактор неғұрлым күштi әсер ете бастады. Әртүрлі халықаралық келiсiмдер, шекараны ашу, еркiн кету және келу, Қазақстаннан өзiнiң тарихи отанына айтарлықтай көп немiстердiң кетуiне мүмкiндiк бердi. Осы фактордың ырықсыз қозғалысқа әсерi басқаларға қарағанда неғұрлым күштi болды. Немiстердiң және басқа этностардың легі 80-жылдардың аяғында, 90-жылдардың басында байқала бастады. 1990 жылы Қазақстаннан шет елдерге 79,4 мың немiс, 1,6 мың татар, 1,4 мың белорусь көшiп кетті.
      Татарлардың, немiстердiң, белорусьтардың, украиндардың, еврейлердiң өздерiнiң тарихи отанына көшiп кетуi, көшi-қон процесiнде саяси факторлармен қатар белгілi үлестi этномәдени факторлар рөл атқарғанын және атқаратынын дәлелдейдi.
      Халықтың көшi-қон белсендiлiгінiң күшеюiндегi этномәдени фактордың болуы бұрын Қазақстанға күштеп көшiрiлген халықтардың тарихи аумақтар шегінде ұлттардың шоғырлануға ұмтылысымен негізделген. Қазiргі кезеңде тарихи отанына (ең алдымен Германияға, Израильге, Ресейге) қайта оралған көшiп-қонушылардың көпшiлiгiнде әлеуметтік-мәдени және этномәдени құндылық басым және олар көп жағдайда немiстердiң, еврейлердiң, орыстардың икемдiлiгін бiлдiредi.
      Бiрқатар жағдайларда баяғы жылдардағы күштеп көшiру (қырым татарлары, шешендер, ингуштер мен басқа да халықтар) салдарымен байланысты факторлардың, сондай-ақ тың игеру, жаңа өнеркәсiп құрылыстарының бой көтеру жылдарында Қазақстанға жаппай қоныстандыру салдарымен байланысты факторлардың әсерi болды. Бұдан басқа көшi-қонға 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өнеркәсiп объектілерi мен адамдарды эвакуациялау салдарлары әсер етті.
      Осы халықтардың өзiнiң тарихи отанына оралғысы келетiн тiлегі жоғарыда тiзiп көрсетiлген факторлардың әсерiмен күшейе түседi.
      Әлеуметтiк-экономикалық фактор көшi-қон көңiл күйiне ықпал ететiн аса маңызды фактор болып табылады. Жұмыстың жоқтығы салдарынан тұрмыс деңгейiнiң төмендеуi, тiршiлiк етудiң материалдық бұйымдарының азаюы көшi-қон шығынына айтарлықтай әсер етті. Бұл, көшi-қонды жұмыссыздықтың өсуiмен салыстыру нәтижесiнде айқын көрiнедi. Оның үстіне бұл тәуелдiлік (бiршама кешіктiрiлiп салыстырылғанда) тура бара-бар дерлiк. Мәселен, егер экономикалық реформалардың бас кезiнде жұмыссыздықтың секiрмелi өсуi етек алған болса, көшiп кету де сонымен бiр мезгілде жүрiп жатты. Сонымен бiрге 90-жылдардың аяғына қарай жұмыссыздар санының азаюы байқала бастаған кезде соған сай көшiп кетудiң азаюы да байқала бастады.
      Тұрғын үйдiң болмауынан, әсiресе жастар арасында, көшi-қон тек сыртқа көшiп кету легі бөлiгінде ғана емес, iшкi бөлiгінде де көбейдi (қаладан-ауылға, қаладан-қалаға және т.б.). Егер 1993 жылы 3856 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген болса, 1997 жылы 1278 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi.
      Халықтың көшi-қон легiнiң жандана түсуiнiң елеулi факторы экологиялық жағдайдың нашарлауы болып табылады. Соңғы жылдарда, Семей полигоны және Арал өңiрi сияқты белгілi экологиялық апат аймақтарынан басқа, экологиялық өлшемдерi мүлде қолайсыз Батыс Қазақстандағы Капустин Яр және Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Созақ полигоны сияқты жаңа аудандар пайда болды.
      Бұрынғы жылдарда қоршаған ортасы жоғары дәрежеде лас және табиғи-климаттық жағдайы ауыр аймақтарда жұмыс iстейтiндердi тұрақтандыратын жағдай әлеуметтiк тәртiппен өтемақы төлеу болды (жалақыға коэффициенттер мен үстеме ақылар, тұрғын үй жағдайын жақсарту, балалар мекемелерiмен, санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларымен жақсы жабдықтау). Экономикалық дағдарыс жағдайында бұл өтемақы шаралары iс жүзiнде қолданылмай қалды. Денсаулық үшiн алаңдаушылық туғызатын экологиялық жағдайдың нашарлауы, қоршаған ортаның ластану үрдiсi сақталып отырған кезде "экологиялық көшiп-қонушылар" пайда болып отыр. Осындай лектердi реттеу тетiгiнiң жоқтығы әлеуметтiк-экономикалық сипаттағы бiрқатар проблемаларды туғызады: жұмысқа орналастырудағы қиындық және жаңадан орналастырылатын жерлерде тұрғын үйдiң жетiспеуi.
      Қазақстан Республикасында көші-қон процестерiне кең және жүйелi ақпараттық-насихаттық жұмыстың жеткiлiксiздiгіне байланысты факторлар елеулi дәрежеде әсер ете бастады. Жария көшi-қон саласындағы оның түрлерi мен нысандары, сондай-ақ жасырын көшi-қонның салдарлары туралы ақпараттың жоқтығы соңғы кезеңде адамдарды сату оқиғаларына алып келуде. Бiрiншi кезекте балалар мен әйелдердi.
      Нарыққа өту жағдайында көшi-қон процестерiн реттеуді күшейтудiң қосымша факторы еңбек көшi-қоны процесiн жандандыру. Нарықтық экономикада шарттық қатынастарға, келiсiм-шарттарға, кәсiпорындар, фирмалар арасындағы келiсiмдерге сәйкес еңбек ресурстарын орналастыру жедел жүргізiледi. Мұндай жағдайларда өзiнiң кәсiби деңгейi бойынша өндiрiс талаптарына жауап беретiн қызметкерлердi шақыру мақсатымен еңбек көшi-қонын мемлекеттiк реттеу қажет және бұл белгiлі бiр аймақтарда жұмыссыздық проблемасын шиеленiстірмейдi.
      Республикаішілiк көші-қонды бiрiншi кезекте айқындайтын қосымша факторларға Астана қаласына мемлекет астанасын көшiрудi, халықтың урбанизациясын, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы экономиканың құрылымдық қайта құрылуын жатқызуға болады, бұл ауыл халқының өнеркәсiп орталықтарына кетуiн туғызады.
      Қазақстанда көшi-қон процестерiн реттеудегі оңды фактор, оның саяси тұрақтылығы болып табылады. Қазiргі кезде көшіп-қонушылардың тек қана саяси себептер бойынша елден кету жағдайлары iс жүзiнде жоқ. Бүгінде республикадағы саяси тұрақтылық елiмiзден халықтың көшiп кетуi азаюының негізгi факторы болып табылады. Сонымен бiрге ТМД елдерi мен алыс шет елдерде (Ауғанстан) шиеленiс ошақтарының болуы, дүниежүзілік қауымдастықта әртүрлі саяси және ұлттық қақтығыстардың туындауы Қазақстаннан әлеуетті көшiп кетушiлердiң көші-қон көңiл күйiн айтарлықтай бәсеңдетті. Оның үстіне, керiсiнше, кейбiр ТМД аймақтарындағы саяси ахуалдың тұрақсыздығына және ол жерлерде шиеленiс ошақтарының туындауына негізделген босқындар легі көбейдi.
      Көші-қон легін тұрақтандыруға ТМД-ға қатысушы елдер арасында болып жатқан ықпалдастық процестер белгілi дәрежеде әсер етедi. Бiрыңғай кедендiк рұқсатнамасыз режим құру, ТМД елдерi шеңберiнде болашақта заңдарды бiркелкi етудiң күтiлiп отырған жағдайлары және ынтымақтастықтың басқа да бағыттары халықтың көшi-қон көңiл күйiн айтарлықтай дәрежеде бәсеңдетедi.

             2. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӨШІ-ҚОН
          САЯСАТЫНЫҢ МАҚСАТЫ ЖӘНЕ НЕГIЗГI МІНДЕТТЕРI

      Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының негізгі мақсаты көшi-қон процестерiн басқару, тұрақты демографиялық дамуды қамтамасыз ету, елімiздiң мемлекеттік қауiпсiздiгін нығайту және көшiп-қонушылардың құқықтарын iске асыру үшiн жағдай жасау болып табылады.
      Көшi-қон процестерiнiң енжарлығын негізге ала отырып, тұрақты даму жағдайында Бағдарламаны екi кезеңде iске асыру күтiлуде.
      Бiрiншi кезеңде, 2001-2005 жылдардағы орта мерзiмдi перспективада Бағдарламаның негізгі мақсаты көшi-қонның терiс сальдосын төмендетуге бағытталған көшi-қон саясатын қалыптастыру, көшiп-қонушылар құқықтарын iске асыру жөнiндегі қажеттi жағдайлардың бәрiн жасау, сондай-ақ елiмiздiң мемлекеттiк қауiпсiздiгiн нығайту болып табылады.
      Алға қойылған мақсатқа жету үшiн мынадай негізгі мiндеттер шешiлетiн болады:
      - көшiп кетудi азайту және тұтастай алғанда iшкi көшi-қон бойынша терiс сальдоны азайту;
      - бұрынғы отандастарымыздың отанына оралуына жәрдемдесу;
      - көшi-қон процестерiн басқару жүйесiн және заңнаманы жетiлдiру.
      Екiншi кезеңде, 2005-2010 жылдардағы ұзақ мерзiмдi перспективада Бағдарламаның негізгі мақсаты елiмiздiң экономикалық өсуiндегі көшi-қон факторларын дамыту, көшiп-қонушылардың құқықтарын iске асыру жөнiндегі қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк базаларды одан әрi жетiлдiру болып табылады.
     Бұл кезеңдегі негізгі мiндеттер мыналар болып табылады:
     - елiмiздiң экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында iшкi көшi-қон процестерiн реттеу;
     - оң сальдоға шығу мақсатында сыртқы көшi-қон процестерiн реттеу;
     - халықтың бiр бөлiгiн қолайсыз аймақтардан солтүстiк және орталық облыстарға бiртiндеп көшiру.

              3. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӨШІ-ҚОН
                  САЯСАТЫНЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ
                         ОЛАРДЫ РЕТТЕУ ТЕТIГI

                   3.1. СЫРТҚЫ КӨШІ-ҚОНДЫ РЕТТЕУ

                         Көшiп кетудi азайту

      Орта мерзiмдi перспективада (2001-2005 жылдар) сыртқы көшi-қон саласындағы негізгі қызмет елiмiз азаматтарының оның шегінен тыс жерлерге кетуiн азайтуға бағытталатын болады.
      Бұл бағыттағы негізгі құралдар мыналар болып табылады:
      өзiнiң кәсiби деңгейi бойынша елiмiздiң еңбек рыногының сұранысына сай келетiн және белгілi бiр аймақтарда жұмыссыздық проблемасын тереңдетпейтiн мамандарды шақыру мақсатында еңбек көшi-қонын мемлекеттiк реттеу;
      аймақтық саясатты нығайту, бейресми еңбек рыноктарының және көшi-қон процестерiнiң айқындығы;
      әлеуеттi көшi-қон болжамын негізге алатын берекесiз және реттелмеген көші-қон процестерінің және әлеуметтiк-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың өзгеруiне байланысты көшi-қон легi бағыттарының алдын алу;
      көшiп кету процестерiн және елден кетудiң жөнсiз жоғары деңгейiн, халықтың көшiп кету салдарын әлеуметтік-экономикалық және демографиялық бағалауды туғызатын себептерге кешендi талдау жасау, сондай-ақ осы негізде көшi-қон процестерiн, олардың салдары мен әлеуметтiк-экономикалық және көшi-қон ахуалына әсерiн болжамдау;
      статистикалық есепті және көшiп кету жөнiндегi есептiлiктi жетiлдiру, оның ақпаратының дұрыстығын арттыру;
      сыртқы еңбек көші-қоны саласында тиiстi нормативтiк құқықтық базаны қалыптастыру, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құрылымдардың және атқарушы өкiмет органдарының ведомствоаралық өзара iс-қимылын ұйымдастыру негізiнде оны реттеудiң жүйесiн жасау;
      жоғары білікті жұмысшылар мен мамандардың кәсiби шеберлiгін iске асыру үшiн жағдай жасау;
      отандастарымыздың этномәдени және әлеуметтiк дамуына көмек көрсету және оны қолдау үшiн шетелдiк инвесторларды тарту, оларды Қазақстанда тұрып жатқан жерiне орнықтыру;
      жыл сайын республиканың облыстарындағы және тұтас елдегі көшiп кету көңiл күйiн айқындау (социологиялық зерттеулер жүргiзу және ұлты, жасы және қала аудандары бойынша көшiп кетудiң негізгi себептерiн анықтау);
      басқа елдермен, әсiресе, жасырын көшi-қонды азайту саласында, көшiп келушілердi қабылдайтын елдермен ынтымақтастық, бiлiм берудi, кәсiби даярлықты арттыру үшiн, еңбек көшi-қоны мен басқа да салаларда уақытша көшi-қонға жәрдемдесу;
      республика аумағында көшiп-қонушылардың әлеуметтiк-экономикалық, тiлдiк және мәдени бейiмделуiне жәрдемдесу;
      еңбек әлеуетiнiң сапасын арттыру, iшкi еңбек рыногын тұрақтандыру және республиканың валюта теңгерiмiн жақсарту құралы ретiнде нарықтық экономикасы дамыған елдерге уақытша еңбек көшi-қонын дамыту;
      бос орындар мен жұмыс күшiн ұсынудың теңдестірiлуiн анықтау, еңбек көші-қонын болжамдау мақсатында аймақтық еңбек рыноктары мен шетелдiк еңбек рыноктарының жай-күйiне тұрақты талдау жасау;
      үкiметтiк емес ұйымдармен (YЕҰ) көшi-қон процестерiн зерделеу және оларға талдау жасау жөнiндегі ынтымақтастық;
      сыртқы еңбек көшi-қонын реттеудiң экономикалық тетiгiн әзiрлеу;
      мемлекеттер арасындағы байланыстардың үзiлiп қалуы салдарынан болған халықтың көшi-қонын қысқарту мақсатында көлiк, пошта, ақпарат қызметтерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру, ақша қаражатын, зейнетақыларды, жәрдемақыларды дер кезiнде аударуды, мерзiмдi басылымдарды, хат-хабарларды қамтамасыз ету негізiнде Достастық және алыс шет елдер мемлекеттерiмен республика тұрғындарының тұрақты кепілдi байланысына қол жеткiзу;
      Қазақстан Республикасындағы көшi-қон саясаты жөнiнде ұйымдастырушылық-ақпараттық науқан жүргізу;
      адамдарды, оның iшiнде әйелдер мен балаларды сату саласында заңнама базасын әзiрлеу және жетiлдiру;
      "Бiздiң шет елдердегі отандастарымыз", "Бiз Қазақстанда тудық" деп аталатын және т.б. айдармен теледидар, радио хабарларын жүргізу.
      Көшiп кету саласында ұзақ мерзiмдi перспективада (2005-2010 жылдар) негізгі қызмет барлық заңнамалық нормалар мен ережелердi одан әрi жетiлдiру және оларды қазiргі кездегі дүниежүзiлiк стандарттарға сай келтiру болып табылады.
 

                   Көшiп келудi реттеу және бақылау
 

        Көшiп келу саласында орта мерзiмдi перспективада (2001-2005) негiзгі қызмет жасырын көшi-қонның алдын алу және елiмiздiң бұрынғы азаматтарының Қазақстан Республикасына қайта оралуына жәрдемдесу болып табылады.
      Бұл кезеңде көшiп келу процестерiн реттеу мынадай құралдарды пайдалануды көздейдi:
      әлеуметтiк-экономикалық және басқа бағалау өлшемдерiн қосып алатын - аймақтағы халықтың тығыздығын, жұмыс орнының болуын, аймақта орналасқан өндiрiстiк инфрақұрылым объектiлерiнiң мемлекеттік маңыздылығын, сондай-ақ көшiп-қонушылардың назарын есепке алып, тұратын орынды ұтымды таңдау негізiнде көшiп келушiлердi аумақтық орналастыру;
      жұмыспен айналысу жiктемесiн және еңбек жөнiндегі нормативтiк базаны дүниежүзiлiк стандартқа сәйкес жетiлдiру жөнiндегi жұмысты жалғастыру;
      өзiнiң тарихи отаны Қазақстанға қайта оралған бұрынғы отандастарымызды жаңа тұрғылықты жерiнде қабылдау, орналастыру, жайластыру жөнiндегi шараларды барынша қамтамасыз ету;
      көшіп келушiлердi мемлекеттiк тiркеу және есепке алу жұмысын, тұрақты көшiп келу мониторингін және еңбек рыногы конъюнктурасын жақсарту жолымен көшiп келу процестерiнiң ақпараттық қамтамасыз етiлуiн жетiлдiру;
      көшiп келушiлерге елiмiзде тұруға халықаралық келiсiмдер мен стандарттарға сәйкес жағдай жасау;
      экономикалық мүмкiндiктердi, қоғамның әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiн, саяси жағдайды негізге ала отырып, көшiп келу ауқымын мемлекеттің реттеуi;
      мемлекеттің мүмкiндiгін негізге ала отырып, көшiп-қонушыларды қорғаудың, олардың оңалуы мен экономикалық дербестiкке қол жеткiзуiне көмектесудiң құқықтық және ұйымдық негіздерiн жетiлдiру;
      заңсыз көшіп-қонудың жолын кесу.
      Жоғарыда айтылған құралдардан басқа Қазақстан Республикасының көшiп келу процестерiн реттеу тетiктерi мынадай iшкi жүйелер бойынша нысаналы түрде жүзеге асырылатын болады: "Оралмандар" iшкі жүйесi, "Босқындар" iшкi жүйесi, "Еңбекке қатысты көшiп келу" iшкi жүйесi, "Шекаралық-паспорттық бақылау" ішкi жүйесi.
      "Оралмандар" iшкi жүйесi бойынша жоғарыда айтылғандардан басқа, көші-қон саясатының қосымша құралдары мыналар болып табылады:
      - оралмандарды ұйымдасқан түрде көшiру, қабылдау және әлеуметтiк жағынан жайластыру;
      - оларды дер кезiнде және жинақы орналастыру мен қоныстандыруды қамтамасыз ету;
      - өзiнiң тарихи отанына қайта оралған байырғы ұлт қоныс аударушыларын жаңа тұрғылықты жерiне жайластыру және бейiмдеу мақсатында қабылдау, орналастыру, қоныстандыруды ұйымдастыру жөнiндегi шараларды қамтамасыз ету;
      - оралмандарды, әсiресе жастарды кәсiби оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастыру мәселелерiн шешу;
      - оралмандарға Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшелiктерiн үйрету;
      - ұлттық кәсiпшiлiктi қайта жаңғырту жөнiндегі жұмыс орындарын көбейтуге жағдай жасау, сондай-ақ оларға республиканың заңнама кесiмдерi негiзiнде шағын бизнес және фермерлiк қожалық саласында кәсіпкерлiк қызметте жәрдемдесу;
      - көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандарға тұрғын үй сатып алу үшiн қаражат, жер телiмдерiн, оның iшiнде жинақы тұру үшiн жер телімдерiн, тұрғын үй салу және шаруашылықтар ұйымдастыру үшін жеңiлдiктi ұзақ мерзiмдiк несие бөлуде мемлекеттік қолдау көрсету;
      - оралмандардың ерiктi негізде қайтып оралуына және әлеуметтiк қорғауды (зейнетақымен қамсыздандыруды, жәрдемақыны және басқаларын) қамтамасыз ететiн қажеттi мемлекетаралық келiсiмдердi пысықтау негізiнде олардың республика өмiрiне қайта араласуына жәрдемдесу;
      - оралмандарды Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау тәртiбiн оңайлату бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрi жетiлдiру;
      - жыл сайын "Оралмандарды жұмысқа орналастыру - жұмыспен қамту, кәсiптiк оқыту, өздігінен жұмыспен қамтылу" аймақтық бағдарламасын әзiрлеу;
      - оралмандарды елiмiздiң өмiрiне бейiмдеу және араластыру жөнiнде социологиялық зерттеу;
      - заңнамаға сәйкес мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек көрсету;
      - барлық жағдайда, азаматтық iстердi, еңбек дауларын және т.б. қоса, құқықтық көмек көрсету;
      - оралмандар балаларының елiмiздiң мектептерiнде, колледждерiнде, жоғары оқу орындарында және т.с.с. оқуына жәрдемдесу;
      - жыл сайын Оралмандар күнiн өткiзу.
      Қазақстан Республикасындағы "Босқындар" iшкi жүйесi бойынша көшi-қон саясатының құралдары:
      - аймақтар мен республика қимасында босқындар жөнiндегі деректердiң ақпараттық қорын құру;
      - босқындар шыққан елдердегі ахуал мониторингi жүйесiн әзiрлеу;
      - босқындарға өздерінің шыққан мемлекеттерiне қайта оралуына жәрдемдесу;
      - "1951 жылғы босқындар мәртебесi туралы конвенцияға" және "1967 жылғы босқындар мәртебесiне қатысты хаттамаға" және Қазақстан Республикасы бекiткен басқа да халықаралық шарттарға сәйкес босқындар құқығын қамтамасыз ету жолымен босқындарды олардың өмiрiне қауiп төндiретiн елдерге, соның iшiнде олардың өздерi шыққан елдерге шығарып жiберуге немесе мәжбүрлеп қайтаруға тыйым салу қағидатына негізделедi.
      "Еңбекке қатысты көшiп келу" iшкi жүйесi бойынша көшi-қон саясатының негізгi құралдары мыналар болып табылады:
      - iшкi еңбек рыногын қорғау мақсатымен ішкі еңбекке қатысты көшiп келудi реттеу;
      - еңбек көші-қоны шеңберiнде келген шетелдiк азаматтардың еңбек қызметiн лицензиялау және квоталау;
      - Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдердегі және шетелдiктердiң Қазақстан Республикасы аумағындағы еңбек қызметiне байланысты мәселелердi шешу үшiн халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру;
      - жасырын еңбек көшi-қонын болдырмау жөнiндегі шараларды қамтамасыз ету;
      - бiрдей кәсiптер мен бiлiктiлiк бойынша шетелдiктермен салыстырғанда бос тұрған қызмет орнына қазақстандық азаматтардың орналасуына басым құқықты қамтамасыз ету.
      "Шекаралық-паспорттық бақылау" iшкi жүйесi бойынша мынадай шараларды жүзеге асыру қажет:
      - ел аумағына шетелдiк азаматтардың заңсыз келуiнiң алдын алу мақсатында шекаралық және паспорттық бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру;
      - шет мемлекеттерден келген азаматтардың қатаң есебiн реттеу мен жүргізу үшiн көші-қон бақылауы карточкасын енгізу;
      - Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн ескере отырып, жасырын көшiп-қонушыларды жер аударудың тиiмдi тетiгiн әзiрлеу.
      Көшiп келу саласында ұзақ мерзiмдi перспективадағы (2005-2010 жылдар) негізгі қызмет елiмiздiң экономикалық өсуiне жәрдемдесу мақсатымен оң сальдоға шығып, сыртқы көші-қон процестерiн реттеу болып табылады. Осыған байланысты тапшы кәсiптер иелерiнiң, дарынды ғалымдардың, мамандардың, оқытушылардың, мәдениет пен өнердiң аса көрiнекті қайраткерлерiнiң, Қазақстан экономикасына капитал инвесторларының көшiп келуiн ынталандыру мәселелерi пысықталатын болады.

                     3.2. IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕУ

                  Реттеудiң әдiстемелiк негiздерi
 

       Ішкі көші-қонды реттеу жүрiп-тұру бостандығы мен тұрғылықты жердi ерiктi түрде таңдау құқығы қағидаттарына негізделедi. Сонымен бiрге ол елдiң экономикалық өсуiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Осыған байланысты iшкi көшi-қонды мемлекеттiк реттеуде негізгі әдiстемелiк база, этномәдени, экологиялық және басқа факторларды қоспағанда, 2015 жылға дейiнгi кезеңге Қазақстан Республикасының Өндiргіш күштерiн дамыту және орналастыру схемасы болып табылады. Ол мынадай:
      - еңбек рыногындағы ауыртпалықты, әсiресе жастар, мектеп және жоғары оқу орындарын бітірушiлер арасында жеңiлдету жөнiнде шара қабылдау;
      - артта қалып, тығырыққа тiрелген аймақтардан инфрақұрылымы дамыған аймақтарға көшіруді ескере отырып орналастырудың ұтымды схемасын айқындау;
      - проблемалы аймақтарды, шағын қалаларды, ауылдық елдi мекендердi тығырыққа тiрелген жағдайдан шығару, олардағы өндiрiстi оңалту мiндеттерiн шешуге мүмкiндiк бередi.
 

               Iшкi көшi-қонды реттеудiң негiзгi бағыттары
 

        Ішкi көші-қонды орташа мерзiмдi перспективада 2001-2005 жылдарда реттеу мынадай бағыттар бойынша iс-шаралар әзiрлеудi қажет етедi:
      - қалыптасатын нарықтық қатынастар жағдайында қоныстандырудың ұтымды этно-демографиялық дамуын қамтамасыз ету;
      - ауыл халқының жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, еңбекке ақы төлеудегі сәйкессiздiктi жою және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайту жөнiндегі арнайы шараларды пысықтау және жүзеге асыру жолымен ауылдан-қалаға республика iшiндегi көшi-қон легін азайту;
      - елдегі және жекелеген аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту, экологиялық факторлардың зиянды ықпалын төмендету жөнiндегі шаралар кешенiн жүргізу және осы аймақтарда халықты әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету;
      - халықтың республика ішіндегі көші-қонын оңтайландыру мақсатында еңбекке ақы төлеудiң салалық саралануының тиiмдi жүйесiн жетiлдiру;
      - келушi және кетушi көшiп-қонушылар жөнiндегі әртүрлі тұрғыдағы (жынысы, жасы, кәсiбi, келген және кеткен жерi және т.б.) деректердiң республикалық және аймақтық ақпараттық базасын жасау;
      - "iшкi (облысаралық) көшiп кетушi мен көшiп келушінің портретiн" жыл сайын әзiрлеу.
      Iшкi көшi-қонды ұзақ мерзiмдi перспективада 2006-2010 жылдарда реттеу мынадай бағыттар бойынша iс-шаралар әзiрлеудi қажет етеді:
      - Өндiргіш күштердi орналастыру схемасын негізге ала отырып, елiмiздiң еңбек ресурстары мен халқының орын ауыстыруына және оларды қайта бөлуге жәрдемдесу;
      - аймақтардың экономикасын дамыту үшiн қолайлы алғышарттар және халықтың республика iшiнде теңдестiрiле қоныстануына қол жеткiзу мақсатында ол жерлерде халықтың тұруына тиiмдi жағдай жасау;
      - көшi-қон легі жүйесiн әзiрлеу, экономикалық өсу мен реттеу нүктесiне олардың бағытталуы, материалдық техникалық базаны күшейту, сондай-ақ ынталандыру;
      - халықты экономикалық өсу нүктесiне, шағын қалалар мен ауылдық елдi мекендерге ерiктi негізде өндiрiстiң даму iзiмен аймақтардағы демографиялық ахуалды ескере отырып, тұру үшiн жағдайдың болуына қарай тарту үшiн ынталандыру шараларын жасау;
      - проблемалық аймақтардың және қалалардың өсу нүктесiне жоғары бiлiктi кадрларды, жоғары оқу орындарының, училищелердiң және т.б. бiтiрушiлерiн тарту үшiн ынталандыру шараларын дамыту.

                 3.3. БАҒДАРЛАМАНЫ IСКЕ АСЫРУ ТЕТIГI
 

                  Нормативтiк-құқықтық қамтамасыз ету
 

       Көші-қон процестерiн құқықтық реттеудi жетiлдiру Қазақстан Республикасының Конституциясы мен республика бекiткен халықаралық шарттар ережелерiне сәйкес көшi-қонға байланысты мәселелер кешенiн шешуге бағытталады. Бұл кешен заңнама және нормативтiк базаны жасау мен жетiлдiруге сыртқы көшi-қонды, еңбек көшi-қонын, көшiп келудi бақылауға және халықаралық ынтымақтастықты реттеуге қатысуды қамтитын болады.
      Көшi-қон түрлерiн, көші-қон саясатын қалыптастыру қағидаттарын және оның негiзгі бағыттарын регламенттейтiн заңнама кесiмдерiн жетiлдiру және жекелеген жағдайларда жаңа заңнама кесiмдерiн қабылдау; оны жүзеге асыратын органдар және олардың құзыретiнiң негiздерi; көші-қонды құқықтық реттеудiң мақсаттары мен мiндеттерi; көшіп келудiң (жасырын көшiп келуді қоса алғанда) әралуан түрлерi ұғымын, көшіп келумен айналысатын органдардың өкiлеттiгiн айқындайтын осы мәселелердiң шешiлуiн материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету; көшiп келушiлер мәртебесiне жатпайтын субъектiлер тобы. Көші-қон мәселелерiн заңнамамен реттеу қатысушы мемлекеттермен тиiстi халықаралық шарттар жасасумен нығайтылуы тиiс.
 

               Ұйымдастырушылық-экономикалық қамтамасыз ету
 

       Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының бағдарламасын ұйымдық-экономикалық қамтамасыз ету:
      қосымша штаттық және техникалық жарақтандыру есебiнен көшi-қон қызметiнiң жұмысын нығайту және кеңейту;
      мәдени-ағарту қоғамдарын, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдарды оралмандардың жаңадан қоныстанған жердегi ортаға араласып кетуi, олардың Қазақстандағы өзгерiп жатқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға бейiмделуi, көшi-қон проблемалары жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастыру;
      шет елдердегі қазақ диаспорасын өздерi тұратын мемлекеттердiң Қазақстан Республикасымен мәдени және экономикалық байланысын кеңейту мен нығайтуға қосатын үлесiн ұлғайту мақсатында оларды қолдау жөнiндегі шаралар жүйесiн әзiрлеу;
      мемлекеттік өкiмет органдарының қоғамдық бiрлестiктермен, оның iшiнде шет елдердегі отандастарымыздың бiрлестiктерiмен көшi-қон саласындағы бiрлескен қызметiнiң бағдарламасын әзiрлеу;
      Көшi-қон саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк көші-қон саясатын iске асыру мақсатымен халықаралық ынтымақтастық жасау екi жақты және сол сияқты көп жақты iскерлiк байланыстарды, оның iшiнде БҰҰ шеңберiнде халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты, мемлекетаралық шарттар мен келiсiмдердi, халықаралық және шет елдiк үкiметтiк емес ұйымдармен, қоғамдық, дiни ұйымдармен және қорлармен жұмысты қамтиды.
      Халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберiнде Халықаралық ұйымдар (ХКҰ, БҰҰ, БЖКБ және т.б.) қызметiне Қазақстанның белсендi қатысуы көзделеді.
 

                   Ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету
 

        Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының бағдарламасын iске асыру
3.1 - сыртқы көші-қонды реттеу және 3.2 - iшкi көшi-қонды реттеу тармақтарында баяндалған шараларды ғылыми-әдiстемелiк негіздеуге және қамтамасыз етуге саяды. Осы мақсатпен, Бағдарламаның негізгі бағыттарын iске асыру кезiнде, отандық және шет елдiк ғылыми-зерттеу институттары кеңiнен тартылатын болады. Осы ұйымдар, бiрiншi кезекте, отандық ұйымдар, әртүрлi үлгілік сауалнамаларды, әдiстемелердi, деректер базаларын Қазақстан Республикасы халқының қоныс аудару бас схемасын әзiрлеуге, еңбек көші-қонының тиiмдiлiгін есептеуге және т.б. жұмылдырылатын болады.
      Елiмiздiң ғылыми әлеуетi сыртқы және iшкi көшi-қон саласындағы әртүрлi әлеуметтік-экономикалық процестердi өңдеудiң талдамалы, ақпараттық, социологиялық орталықтары ретiнде пайдаланылады.
 

                  Ақпараттық-идеологиялық қамтамасыз ету
 

       Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының бағдарламасын ақпараттық-идеологиялық қамтамасыз ету көші-қон легін оңтайландыру, жеке бастың қауiпсiздiгiне қатер төнуiнен негiзсiз сақтанудан, дақпырт көңiл күйден және салауаттылыққа сенiмсiздiктен туған, ойластырылмай, сезiмге берiлiп көшудi болдырмау мақсатында халық үшiн тиiмдi ақпараттық және жарнамалық бағдарламаларды әзiрлеуге саяды. Бұл қамтамасыз ету ақпарат құралдарына кеңiнен сүйенетiн болады.

                 4. ҚАЖЕТТI РЕСУРСТАР ЖӘНЕ БАҒДАРЛАМАНЫ
                          ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРI
 

       Бағдарламаны қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен және шегінде жүзеге асырылатын болады.
      Бағдарламаны қаржыландыру көлемi жыл сайын тиiстi қаржы жылына арналған бюджеттiк заңнаманы қалыптастыру кезiнде нақтыланатын болады.
      2000 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Көшi-қон саясаты тұжырымдамасына сәйкес репатрианттар (оралмандар) отбасыларына тұрғын үй сатып алу үшiн қайтарымды негізде қаражат бөлу тетiгін әзірлеу қажет.
      Көші-қон проблемаларын реттеу үшiн қосымша қаржы қаражатын тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықаралық және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастығы:
      жебеушілердiң, коммерциялық банктердiң, кәсiпкерлiк құрылымдардың мүмкiндiктерiн нысаналы нақты бағдарламалардың, ішкi бағдарламалардың және жобалардың демеушiлерi ретiнде оралмандарды орналастыру және әлеуетті эмигранттарды орнықтыру үшiн пайдалануды;
      көші-қон проблемаларын шешуге арнап республикаға шет елдерден жiберiлген қаржы қаражаттарын бақылау және оларды пайдалануға талдау жасаудың тиiмдi жүйесiн әзiрлеудi қамтитын болады.
      Қаржы қаражаттары:
      а) жәрдемақы, жол жүру мен теңдеме жүктерiне төлем, дәрi-дәрмек сатып алу түрiнде оралмандарға алғашқы көмек көрсету;
      б) жаңадан тұратын жерiнде тұрақты жайластыруға: көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандар үшiн тұрғын үй сатып алуға, инфрақұрылым құруға, жинақы қоныстандыруға, көшiп келу квотасынан тыс көшiп келген оралмандар үшін тұрғын үй салуға пайызсыз несие беру iсiне;
      в) көшiп келушiлерді бақылау, алғашқы қабылдау қосындарын, бейiмделу орталықтарын құруға және оларда оралмандарды, босқындарды және басқа көшіп-қонушыларды ұстауға арналған шығындарға;
      г) жұмыс орындарын құру;
      д) оралмандардың, босқындардың, сондай-ақ жасырын көшiп-қонушыларды шығарып жiберу проблемаларымен айналысатын қоғамдық бiрлестіктерге көмек көрсету iсiне бөлуге бағытталатын болады.
      Республикалық деңгейде көшi-қон бағдарламасын iске асыруды қаржы-экономикалық қамтамасыз ету проблемасын шешу үшiн қауымдастық құру ұтымды болмақ.
      Қауымдастық оралмандар мен басқа да көшiп-қонушылардың өмiрi мен мүлкiн сақтандыруға, инвестициялар тартуға, оралмандар мен басқа да көшіп-қонушылар құқықтарын қорғауға байланысты мәселелердi де шешетiн болады.
      Бұдан басқа қаржы-экономикалық проблемаларды шешуге оралмандар мен басқа да көшiп-қонушылардың бiрқатар санаттарын, бюджеттен тыс қорлар мен жебеушiлер қаражаттарын тарту ұтымды болмақ.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.27. N 925 қаулысымен.

                5. БАҒДАРЛАМАНЫ IСКЕ АСЫРУДАН КҮТIЛЕТIН НӘТИЖЕ
 

        Қазақстан Республикасында Бағдарлама iс-шараларын iске асыру нәтижесiнде 2001-2005 жылдардағы бiрiншi кезеңде елiмiздiң әлеуметтік және экономикалық қауiпсiздiгін, демографиялық процестерде қолайсыз үрдiстердiң кемуiн және көшiп кету легін бәсеңдетудi қамтамасыз ететiн орнықты кешi-қон ахуалы қалыптасуға тиiс.
      Осы Бағдарламаның iске асырылуы, сондай-ақ халықтың экономикалық өсу нүктесiне қоныс аударуы және сыртқы көші-қонның оң сальдосы есебiнен елдiң орнықты экономикалық дамуымен өзара байланысты.
     2010 жылы Қазақстан Республикасының халқы әлеуметтiк, экономикалық, заңнамалық жағынан сапалық өзгеше, неғұрлым жоғары деңгейде жалпы дүниежүзiлік көші-қон процесiне араласатын болады.
     Олардың күнделiкті өмiрiнiң негізгі өлшемдерi салауатты өмiр салты және материалдық әл-ауқатының жақсаруы, этномәдени дәстүрлер, Қазақстан Республикасының Конституциясы шеңберiнде рухани имандылық болуға тиiс.

        6. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫНЫҢ САЛАЛЫҚ
           БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНIНДЕГI IС-ШАРАЛАРДЫҢ
                   2001-2005 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЖОСПАРЫ



        ---------------------------------------------------------------------------
       Iс-шара          !  Аяқтау нысаны   !  Орындалуына  !    Орындау
                        !                  !  жауаптылар   !    мерзімі
---------------------------------------------------------------------------
           1            !         2        !       3       !       4    
---------------------------------------------------------------------------
                             1.1. Көшіп келу

     1.1.1. Көшiп келу жөнiн.  Қазақстан         ҰҚК (келісім    2004 жылғы
дегi деректердiң ақпа.    Республикасының   бойынша), КДА,  қазан
раттық қорын жасау        Үкіметіне         СІМ, ІІМ, СА
                          ақпарат    

1.1.2. Қазақстан Респуб.        -//-        ТурСА, КДА, СА, 2002-2003
ликасына келетіндер үшін                    МАКМ, СІМ, ҰҚК  жылғы шілде
ел туралы анықтамалық                       (келісім бойынша)
әзiрлеу    

1.1.3. Оралмандарды             -//-        КДА, ҚарМ, ЭСМ  2005 жылғы
қабылдау жөнiндегi                                          желтоқсан
республикалық бейiмделу
орталығын құру мүмкiндi.
гiн зерделеу    

1.1.4. Оралмандарды             -//-        ЕХҚМ, ДСМ, КДА, 2002 жылғы
әлеуметтiк қолдау және                      облыстардың,    қазан
жұмысқа орналастыру                         Астана және
жөнiндегi iс-шаралар                        Алматы қалалар.
жоспарының жобасын                          ының әкімдері
әзiрлеу    

1.1.5. Репатрианттардың   Қазақстан         КДА             2005 жылғы
(оралмандардың) отба.     Республикасының                   желтоқсан
сыларына тұрғын үй сатып  Үкіметіне
алу үшiн қайтарымды       ақпарат
негiзде қаражат бөлу
тетігін әзірлеу

1.1.6. Алынып тасталды - ҚРҮ-нің 2002.04.17. N 444 қаулысымен.  

1.1.7. Босқындар жөнiн.   Қазақстан         КДА, ІІМ, СА,   2005 жылғы
дегi деректердiң ақпарат. Республикасының   ҰҚК (келісім    желтоқсан
тық қорын жасау           Үкіметіне есеп    бойынша) 

1.1.8. Жасырын көшiп      Қазақстан         КДА, ІІМ, ҰҚК   2003 жылғы
келудi бақылау жүйесiн    Республикасының   (келісім        желтоқсан
әзiрлеу                   Үкіметіне         бойынша)
                          ақпарат    

                              2.1. Көшіп кету

    2.1.1. Қазақстан          Қазақстан         ТурСА, КДА, СА, 2002-2003
Республикасынан           Республикасының   МАКМ, СІМ, ҰҚК  жылғы шілде
кететiндер үшiн шет       Үкіметіне         (келісім
елдер туралы анықтамалық  ақпарат           бойынша)
әзiрлеу    

2.1.2. Сыртқы еңбек       Нормативтік       ЕХҚМ, СІМ, КДА  2003 жылғы
көшi-қонын реттеу         құқықтық                          желтоқсан
мен бақылау тетiгiн       кесімдер
әзiрлеу, қажет болған     жобалары
жағдайда қазақстандық
еңбекшi - көшiп-қонушы.
ларды қорғауға және керi
қайтаруға көмектесу    

2.1.3. Қазақстан          Қазақстан         КДА, СА         2003 жылдан
Республикасында эмигра.   Республикасының                   бастап жыл
циялық көңiл күй          Үкіметіне есеп                    сайын ақпан
мониторингiн енгiзу    

2.1.4. Босқындардың       Қазақстан         КДА, ІІМ, ҰҚК   Жыл сайын
ерiктi түрде керi         Республикасының   (келісім        қазан
қайтуына жәрдемдесу       Үкіметіне         бойынша)
                          ақпарат    

                         3.1. Ішкі көші-қон

3.1.1. Iшкi көшi-қонға    Қазақстан         СА, ЕХҚМ, ІІМ,  2003 жылғы
әлеуметтiк зерттеу        Республикасының   КДА             шілде
жүргiзу                   Үкіметіне есеп

              4.1. Көшi-қон саласындағы заңнама саясатын жасау

4.1.1. Шекаралық және     Нормативтік       ҰҚК (келісім    2002 жылғы
паспорттық бақылау        құқықтық          бойынша), ІІМ,  желтоқсан
жүйесiн халықаралық       кесімдер          СІМ, КДА
стандарттарға сәйкес      жобалары
жетiлдiру

4.1.2. Адамдарды сатуды   Нормативтік       ӘдМ, ІІМ, КДА,  2002 жылғы
болдырмау саласындағы     құқықтық          ТурСА, Отбасы   желтоқсан
заңнама базасын әзiрлеу   кесімдер          және әйелдер
және жетiлдiру            жобалары          істері жөнін.
                                            дегі ұлттық
                                            комиссия
                                            (келісім
                                            бойынша), ҰҚК
                                            (келісім бойынша)

4.1.3. Оралмандарға       Қазақстан         ӘдМ, КДА, ІІМ   Жыл сайын
ұлттық заңнаманың         Республикасының                   сәуір
құқықтық негiздерiн       Үкіметіне
оқыту жөнiндегi           ақпарат
жұмысты жүргiзу    

4.1.4. Босқындар          Нормативтік       КДА, ІІМ, СІМ,  2002 жылғы
мәртебесiн айқындау       құқықтық          ҰҚК (келісім    шілде
жөнiндегi Республикалық   кесімдер          бойынша)
орталықтандырылған        жобалары
комиссия құру    

         5.1 Халықтың көші-қоны процесін реттеу жөніндегі шаралар

    5.1.1. "Бiздiң шет елдер. Қазақстан         МАКМ, КДА       Жыл сайын
дегi отандастарымыз",     Республикасының                   қаңтар
"Бiз Қазақстанда тудық"   Үкіметіне
және т.б. айдарымен       ақпарат
теле-, радио хабарларын
жүргiзу    

5.1.2. Көшi-қон мәселе.         -//-        КДА, СІМ, ІІМ,  Жыл сайын
лерi бойынша халықаралық                    ЕХҚМ, СА, ҰҚК   қаңтар
ғылыми-практикалық                          (келісім
конференциялар,                             бойынша)
семинарлар, симпозиумдар
өткізу

5.1.3. Орталық атқарушы         -//-        МҚА (келісім    Жыл сайын
органдардың көшi-қон                        бойынша), СІМ,  желтоқсан
мәселелерiмен айналысатын                   КДА, ІІМ, ЕХҚМ,
қызметкерлерiн халықаралық                  СА, ҰҚК
және республикалық бiлiм                    (келісім бойынша)
орталықтарында
тағылымдамадан өткiзу
және олардың бiлiктiлiгiн
арттыру    

5.1.4. Оралмандардың       Қазақстан        БҒМ, КДА        Жыл сайын
балаларын елiмiздiң        Республикасының                  қазан
мектептерiнде, колледж.    Үкіметіне есеп
дерiнде, жоғары оқу
орындарында оқыту
жөнiндегi шараларды
жүргiзу    

5.1.5 "Оралмандар күнiн"   Қазақстан        КДА, облыстар.  2003 жылғы
өткiзу                     Республикасының  дың, Астана     қаңтар
                           Үкіметіне        және Алматы
                           ақпарат          қалаларының
                                            әкімдері
---------------------------------------------------------------------------    
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады