Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Yкiметi арасында Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 қарашадағы N 1472 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Yкіметi арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi өзбек тарапымен келiссөздер жүргiзсiн және қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуiне рұқсат етiле отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан көрсетiлген Келiсiмдi жасассын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

     Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрi

             Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан
        Республикасының Yкiметi арасындағы Қазақстан-Өзбекстан
           мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы
                                КЕЛIСIМ

     Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi,
       Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау мақсатында,
      Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттiк шекарасы арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi, тауарларды және жануарларды өткiзудiң тәртiбiн жетiлдiрудiң қажеттiгiн басшылыққа ала отырып,
      заңсыз көшi-қонды, қарудың, есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың контрабандасын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ жұқпалы аурулар мен індеттiң алдын алу жөнiнде бiрлескен әрi уақытылы шаралар қабылдау қажеттiгiн тани отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:
 
                          1-бап
 
      Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттiк шекарасынан адамдардың және көлiк құралдарының өтуi, сондай-ақ жүктердiң, тауарлардың және жануарлардың тасымалдануы үшiн Тараптар мемлекеттiк шекара арқылы екi жақты өткiзу пункттерiн (бұдан әрi - өткiзу пункттерi деп аталатын) орнатады.
      Өткiзу пункттерiнiң тiзбелерiн Тараптар дипломатиялық арналар бойынша келiседi және хаттамалармен ресiмдейдi, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын болады.
     Тараптар мемлекеттерiнiң шекаралық және кедендiк ведомстволарының келiсiмi бойынша және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын жеңiлдетiлген сипатта өткiзетiн пункттер орнатылуы мүмкiн.

                         2-бап

     Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасының автомобильдiк өткiзу пункттерiнен адамдардың өтуi көлiк құралдарын пайдалану арқылы немесе жаяу жүзеге асырылады.

                         3-бап

     Өткiзу пункттерiнде адамдарды, көлiк құралдарын, тауарларды және жануарларды шекаралық, кедендiк және қажет болған жағдайда бақылаудың басқа да түрлерi (бұдан әрi - бақылау) Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
 
                          4-бап
 
      Өткiзу пункттерiнiң ашылуы оларды абаттандыру және әрбiр Тарап мемлекетiнiң бақылаушы органдарының қызметi үшiн қажеттi инфрақұрылымды құру аяқталған соң жүзеге асырылады.
      Тараптар орнатылған өткiзу пункттерiнiң ашылғаны немесе жабылғаны туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.
      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуына жауапты құзыреттi органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi және Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң Кеден комитетi;
      Өзбекстан Республикасынан - Өзбекстан Республикасының Мемлекеттiк шекараны қорғау жөнiндегi комитетi және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi.
 
                          5-бап
 
      Егер Тараптардың құзыреттi органдарының келiсiмi бойынша өзгеше тәртiп белгiленбесе, өткiзу пункттерiнiң жұмысы тәулiк бойы жүзеге асырылады.
      Осы Келiсiм Тараптардың басқа мемлекеттерге қатысты бұрын қабылданған мiндеттемелерiне ықпал етпейдi және үшiншi елдерге, сондай-ақ олардың мүдделерiне қарсы бағытталмаған.
 
                          6-бап
 
      Өткiзу пункттерi арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық қауiпсiздiгi мүддесiмен, санитариялық-карантиндiк себептермен, табиғи апаттар салдарымен, жұқпалы аурулар, iндет кезiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Осындай шектеулердi енгiзетiн Тарап шектеулердiң себептерiн және қолданыс мерзiмдерiн көрсете отырып, оларды енгiзу жоспарланған уақытқа дейiн кем дегенде 24 сағат бұрын дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тарапқа хабарлайды.
      Тараптар өткiзу пункттерi объектiлерiнiң немесе коммуникациялық ғимараттардың жоспарлы түрде жөнделуiне байланысты Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы бiр-бiрiне осындай жұмыстар басталғанға дейiн олардың аяқталу мерзiмi туралы мәлiмдей отырып, кем дегенде үш ай бұрын хабарлайды.
 
                          7-бап
 
      Ерекше жағдайларда (табиғи апаттар, өрт, су тасқыны, жұқпалы ауру, iндет, техногендiк сипаттағы авариялар, шұғыл медициналық жәрдем көрсету) Тараптар мемлекеттерiнiң шекаралық ведомстволары өзара уағдаластық бойынша азаматтарын, көлiк құралдарын және құрал-жабдықтарын мемлекеттік шекара арқылы өткiзудi бақылаудың белгiленген тәртiбiн сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған өткiзу пункттерiнен тысқары жерде жүзеге асыра алады.
 
                          8-бап
 
      Өткiзу пункттерiнiң тиiстi қызметiн қамтамасыз ету үшiн Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң аумағында қажеттi инфрақұрылымды жасайды.
      Автомобильдiк және темiржол өткiзу пункттерi объектiлерiн жобалауда, сондай-ақ құрылысын салу барысында Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында бiрлескен бақылауды жүргiзу үшiн жағдай туғызу мүмкiндiгi көзделедi.
      Бiрлескен бақылау жасаудың тәртiбi және оны ұйымдастыру Тараптардың тиiстi ведомстволары арасындағы жекелеген уағдаластықтармен реттелетiн болады.

                         9-бап

     Қажет болған жағдайда осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар оны орындау мәселелерi бойынша екi жақты консультациялар өткiзетiн болады.
     Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты даулар мен келiспеушiлiктер келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.

                         10-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
 
                          11-бап
 
      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшін қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енедi.
 
      Осы Келiсім бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрде-бiрi кезектi бесжылдық кезең аяқталардан кем дегенде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа жазбаша хабарламаса, келесi бесжылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.
     Астана қаласында 2001 жылғы "____" қарашада әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
     Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

     Қазақстан Республикасының           Өзбекстан Республикасының
           Yкiметi үшiн                        Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады