Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуі мүмкін зиянның, сондай-ақ мәлiметтер көздерiнiң иесiне оларды құпияландыру нәтижесiнде келтiрiлетiн зиянның мөлшерiн анықтау ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 701 қаулысы.

      "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының 7-бабының 10-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның, сондай-ақ мәлiметтер көздерiнiң иесiне оларды құпияландыру нәтижесiнде келтiрiлетiн зиянның мөлшерiн анықтау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтерге билiк етуге өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар 2005 жылға дейiнгі мерзiмде мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның, сондай-ақ мәлiметтер көздерiнiң иесiне оларды құпияландыру нәтижесiнде келтiрiлетiн зиянның мөлшерiн анықтау әдiстемесiн әзірлесін және белгiленген тәртiппен бекітсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрi



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 17 шілдедегі
N 701 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi
жария ету немесе жоғалту салдарынан
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне
немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың
мүдделерiне келтірiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн
зиянның, сондай-ақ мәліметтер көздерiнiң иесiне
оларды құпияландыру нәтижесiнде келтiрілетiн
зиянның мөлшерiн анықтау
ережесi

      1. Осы Ереже "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.

      2. Осы Ереже мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянның, сондай-ақ мәлiметтер көздерінiң иесiне оларды құпияландыру нәтижесінде келтiрiлетiн зиянның мөлшерiн анықтау (бұдан әрi - зиянның мөлшерiн анықтау) тәртiбiн белгілейдi.

      3. Зиянның мөлшерiн анықтауды мемлекеттiк органның немесе ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiнде тұрақты жұмыс iстейтiн комиссиясы (бұдан әрi - ТЖК) басшысына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтерге билiк ету өкілеттіктерi берiлген мемлекеттiк орган әзiрлейтiн зиянның мөлшерiн анықтау әдiстемесi бойынша жүргiзедi. Зиянның мөлшерiн анықтау әдiстемелерiн олардың қызметiнің ерекшеліктерiн ескере отырып мемлекеттiк органдар әзiрлейдi.

      Ұйымда ТЖК болмаған жағдайда зиянның мөлшерiн анықтауды мәліметтер жоғалған немесе жария етілген ұйым басшысының бұйрығымен құрылатын сараптау комиссиясы (бұдан әрi - сараптау комиссиясы) жүргiзедi.

      4. Сараптау комиссиясы оның құрамына мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшенiң қызметкерiн енгiзiп, ұйымның құзыреттi мамандарының қатарынан құрылады.

      ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының отырыстарына басшысына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтерге билiк ету жөнiндегi өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органның өкiлi келiсiм бойынша тартылуы мүмкiн.

      Қажет болған ретте ТЖК немесе зиянның мөлшерiн анықтау жөнiндегi сараптау комиссиясының жұмысына осы мемлекеттiк орган немесе ұйым қызметiнiң бағыттары бойынша арнайы танымдары бар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ құпия жұмыстардың тапсырысшылары тартылуы мүмкiн.

      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ТЖК немесе сараптау комиссиясы мүшелерiнiң, соның iшiнде отырыстарға тартылатын мамандардың мемлекеттiк құпияларға тиiстi нысандағы рұқсаты болуға тиiс.

      6. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан зиян келтiрілген немесе келтiрiлуi мүмкiн Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерi Қазақстан Республикасының " Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы", " Мемлекеттiк құпиялар туралы " Заңдарына сәйкес анықталады.

      7. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту фактiсi бойынша не басқа мемлекеттiк органдардан немесе ұйымдардан осындай хабарлама келiп түскен ретте мемлекеттiк органның немесе мәлiметтердің жария етілу немесе жоғалу фактiсi анықталған ұйымның басшысы мәлiметтердi жоғалтудан немесе жария етуден болған зиянның мөлшерiн анықтауды ТЖК-ға немесе сараптау комиссиясына тапсырады.

      Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту фактiсi заңнамада белгiленген тәртiппен жүргiзілген қызмет бабындағы тексеру материалдарымен расталуға тиiс.

      8. Құндық тұрғыдан зиянның мөлшерiн анықтау кезiнде мынадай көрсеткіштер ескерiледi:

      1) өндiрiлмей қалған өнiмнiң құны;

      2) тiкелей материалдық зиян;

      3) келтiрiлген зиянның салдарларын жоюға кеткен шығындар;

      4) ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар (бұдан әрi - ҒЗТКЖ) құны;

      5) ҒЗТКЖ нәтижелерiн енгiзбеудiң керi әсерi;

      6) өндiрiстiк технологиялар құны және оларды ел экономикасының салаларында қолданған жағдайдағы экономикалық нәтиже;

      7) сыртқы рынокта Қазақстан Республикасының бұйымдарын сатқандағы ықтимал құндар мен көлемдер;

      8) Қазақстан Республикасының орындалмаған мемлекеттiк мiндеттерiн өтеу үшiн тауарлар, өнiм мен шикiзат бағаларының көтерiлуiмен және (немесе) сатып алу көлемдерінің артуымен байланысты қосымша шығындар;

      9) оларды шетелден сатып алу мүмкiн болмаған жағдайда тауарларды, өнiмдi және өндiрiстiк жабдықтарды өндіруді ұйымдастыруға кететiн шығындар;

      10) шет мемлекеттермен ғылыми-техникалық ынтымақтастық тоқтатылған жағдайда ҒЗТКЖ-ға кететiн шығындар;

      11) ықтимал зиянды сипаттайтын өзге де көрсеткiштер;

      12) арнайы танымдары бар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының өкілдерін тарту кезiнде зиянның мөлшерiн анықтаумен байланысты шығындардың құны.

      9. Зиянның мөлшерiн анықтау әдiстемесi болмаған жағдайда немесе зиянның нақты мөлшерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда зиянның мөлшерi мына көрсеткiштердi ескере отырып айқындалады:

      1) "Аса маңызды" деген құпиялылық белгiсi бар мәлiметтердi жоғалтқан немесе жария еткен жағдайда - 20000 айлық есептiк көрсеткіштен жоғары;

      2) "Өте құпия" деген құпиялылық белгiсi бар мәлiметтердi жоғалтқан немесе жария еткен жағдайда - 1000-нан 20000-ға дейiн айлық есептік көрсеткіш;

      3) "Құпия" деген құпиялылық белгiсi бар мәлiметтердi жоғалтқан немесе жария еткен жағдайда - 100-ден 1000-ға дейiн айлық есептiк көрсеткiш.

      10. ТЖК-ның немесе зиянның мөлшерiн анықтау жөнiндегi сараптау комиссиясының отырыстары хаттамамен ресiмделедi, оған ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      11. ТЖК-ның немесе зиянның мөлшерiн анықтау жөнiндегi сараптау комиссиясы жұмысының нәтижелерi қорытындымен ресімделеді, онда мыналар көрсетiледi:

      қорытындының шығарылған жерi және уақыты;

      комиссия құрамы;

      зиянның мөлшерiн анықтауға негiз;

      жоғалған немесе жария етілген мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң мазмұны және құпиялылық дәрежесi;

      мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң жоғалу немесе жария етілу жағдайлары;

      зиянның мөлшерiн анықтау кезінде ескерілген көрсеткiштер (оның iшiнде құндық тұрғыдан да);

      келтiрiлген (келтiрiлуi мүмкiн) зиянның түпкi мөлшерi;

      зиянның мөлшерiн анықтауға қатысы бар өзге де мәселелер.

      Қорытындыға ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәлiметтерге билiк ету жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген мемлекеттiк органдармен келiскеннен кейiн комиссияны құрған мемлекеттiк органның немесе ұйымның басшысы бекiтедi.

      12. Зиянның мөлшерi туралы ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының қорытындысын қызметтiк тексеру материалдарының көшiрмелерiн қоса берiп, тиiстi шешiм қабылдау үшiн ұйымның басшысы ұлттық қауiпсiздiк органдарына және мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға жібередi.

      Қорытындының бір данасы, сондай-ақ қызметтік тексеру материалдары ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлімшесінде сақталады.

      13. Құпияландыру нәтижесiнде мәлiметтер көздерi иелерiне келтiрiлетiн зиянның мөлшерi 7, 12-тармақтардың ережелерiн қоспағанда, мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрілген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянның мөлшерiн анықтауға арналған осы Ережеде белгiленген тәртiппен анықталады.

      14. Бұдан басқа, мәлiметтер көздерінің иесi оған мәлiметтердi құпияландыру нәтижесiнде келтiрiлетiн зиянның мөлшерiн анықтау туралы мәселенi қараған кезде ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының отырыстарына қатысуға құқылы.

      Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер көздерiнiң иесi ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының қарауына зиян мөлшеріне жасалған өзiнiң не тәуелсiз сарапшыларды тарта отырып алынған есептеулердi беруге құқылы.

      Мәлiметтер көздерiнiң иесi мәселелердi қарау материалдарымен және ТЖК-ның немесе сараптау комиссиясының қорытындысымен қол қоюы арқылы таныстырылуы тиiс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады