Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1386 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 қарашадағы № 729 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.11.2016 № 729 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      Почта-жинақтау жүйесiн одан әрi дамыту, Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторын белгiлеу және "Почта туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. "Қазпочта" ашық акционерлiк қоғамы Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторы болып белгіленсiн.

      2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторы туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы Үкiметінiң
2003 жылғы 31 желтоқсандағы
N 1386 қаулысымен   
бекiтiлген     

Қазақстан Республикасының
Ұлттық почта операторы туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторы туралы ережеде (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының «Почта туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы, «Байланыс туралы» 1999 жылғы 18 мамырдағы заңдарына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының Ұлттық почта операторының (бұдан әрi – Ұлттық почта операторы) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес почта байланысының әмбебап қызметтерiн, арнайы байланыс қызметтерiн ұсыну, қаржылық қызметтi және қаржылық қызметтер көрсетудi жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттемелерiне байланысты өкiлеттiктерiн, негiзгi мiндеттерi мен функцияларын белгiлейдi.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2014 № 1136 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді).
      2. Ұлттық почта операторы өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын , Қазақстан Республикасының " Почта туралы " 2003 жылғы 8 ақпандағы, " Байланыс туралы " 1999 жылғы 18 мамырдағы Заңдарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерiн, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарды және осы Ереженi басшылыққа алады. Z040567

2. Негiзгi мiндеттер мен функциялар

      3. Ұлттық почта операторы почта байланысын дамыту саласындағы мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды iске асыруға қатысады және почта қызметiнiң қағидаттарын басшылыққа алады.
      4. Ұлттық почта операторы:
      1) кез келген елдi мекенде кез келген пайдаланушыға почта байланысы саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң талаптарына сәйкес келетiн почта байланысының әмбебап қызметтерiн ұсынады;
      2) мемлекеттiк органдардың аса маңызды хат-хабарларын және қымбат бағалы металдар, зергерлiк бұйымдар, қорғаныс өнеркәсiбiнiң аспаптары, аппаратуралары және жинақтаушы бұйымдары бар арнайы жөнелтiмдердi, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi және оларды жеткiзушiлердi қабылдаудан, сақтаудан, тасымалдаудан және жеткiзiп беруден тұратын арнайы байланыс қызметтерiн жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiнiң почта желiсiн және өндiрiстiк объектiлерiн пайдаланумен қаржылық қызмет пен қаржылық қызметтер көрсетудi ұсынуды жүзеге асырады, соның iшiнде қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк бағалы қағаздардың және өзге де өтiмдi қаржы құралдарының тiзбесiне сәйкес мерзiмдi депозиттерге тартылатын жеке тұлғалардың салымдарын мемлекеттiк бағалы қағаздарға және өзге де өтiмдi қаржы құралдарына орналастырады; <*>
      4) халықаралық қайтарым купонын төлемге қабылдауға мiндеттi.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.21. N 682; 24.10.2014 № 1136 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді) қаулыларымен.
      5. Ұлттық почта операторы қолданыстағы заңнамаға сәйкес почта операторының қызметтерiн ұсынады:
      1) тiркелетiн почта жөнелтiмдерiн жiберу жөнiндегi қызметтердi ұсынады;
      2) жедел және курьерлiк почта қызметтерiн ұсынады;
      3) почталық ақша аударымдарын жүзеге асырады;
      4) жаздырып алатын баспа басылымдарын таратады және оларды сатады;
      5) филателия өнiмдерiн сатады.

3. Құқықтары мен мiндеттерi

      6. Ұлттық почта операторы почта байланысы саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн түрлерi мен көлемдерiне сәйкес мемлекеттiк почта төлемi белгiлерiн шығаруды және оларды сатуды ұйымдастырады.
      7. Ұлттық почта операторы почта жөнелтiмдерiн және почталық ақша аударымдарын жiберудi жеделдету мақсатында почта операторларының өндiрiстiк объектiлерiне почта индекстерiн беру жөнiндегi ұсыныстарын почта байланысы саласындағы уәкiлеттi органның бекiтуiне енгiзедi.
      8. Почта байланысының әмбебап қызметтерiнiң қолжетiмдiлiк деңгейi жөнiндегi берiлген сапа параметрлерiн орындау мақсатында Ұлттық почта операторы:
      1) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiм бойынша әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағындағы почта жәшiктерiнiң санын және орналасатын жерлерiн белгiлейдi;
      2) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарына олардың аумақтарында өзiнiң өндiрiстiк объектiлерiн орналастыру, сондай-ақ осы мақсаттар үшiн тұрғын емес үй-жайлар бөлу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.10.2014 № 1136 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді).
      9. Ұлттық почта операторы өз қызметкерлерiн почта байланысы саласындағы өкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нысанды киiммен қамтамасыз етуге құқылы.

4. Қызметiн ұйымдастыру

      10. Ұлттық почта операторы өз қызметiн осы Ережеге және Жарғыға сәйкес ұйымдастырады.
      11. Ұлттық почта операторын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2004 жылғы 21 маусымдағы 
N 682 қаулысына     
қосымша        

Қазақстан Республикасының
Ұлттық почта операторы  
туралы ережеге қосымша 

Мемлекеттiк бағалы қағаздардың
және өзге де өтiмдi қаржы құралдарының тiзбесi

      Ескерту. Қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.06.21. N 682 қаулысымен .

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары (басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылғандарды қоса алғанда), Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары шығарған бағалы қағаздарынан басқа.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi, сондай-ақ орналастыру күнi бағалы қағаздары сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тiзiмiне ең жоғары санат бойынша енгiзiлген екiншi деңгейдегi банктердегi және/немесе резидент емес бас банктiң "А" ("Standard & Poor's" және "Fitch" рейтингтiк агенттiктердiң жiктемесi бойынша) немесе "А2" ("Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттiктiң жiктемесi бойынша) санаттарынан төмен емес ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi және жеке рейтинг бар, еншiлес резидент-банктегi салымдар.
      3. "АА"-дан ("Standard & Poor's" және "Fitch" рейтингтік агенттiктердiң жiктемесi бойынша) немесе "Аа"-дан ("Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттiктiң жiктемесi бойынша) төмен емес баға алған шетелдiк эмитенттердiң мемлекеттiк емес борыштық бағалы қағаздары.
      4. Мынадай халықаралық қаржылық ұйымдар шығарған бағалы қағаздар:
      Халықаралық қайта құру және даму банкi;
      Еуропа қайта құру және даму банкi;
      Америкааралық даму банкi;
      Халықаралық есеп айырысу банкi;
      Азия даму банкi;
      Африка даму банкi;
      Халықаралық қаржы корпорациясы (Тhе International Finanse Corporation);
      Ислам даму банкi;
      Еуропа инвестициялық банкi.
      5. Кредиттік рейтингтiң халықаралық шкаласы бойынша "АА"-дан төмен eмec ("Standard & Poor's" және "Fitch" жiктемесi бойынша) немесе "Аа2"-ден төмен емес ("Moody's Investors Service" жiктемесi бойынша) рейтингтiк баға алған шетел мемлекеттерiнiң бағалы қағаздары.
      6. Агенттiк облигациялар, сондай-ақ сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тiзiмiне ең жоғары санат бойынша енгiзiлген Қазақстан Республикасы ұйымдарының ипотекалық облигациялары.
      7. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тiзiмiне ең жоғары санат бойынша енгiзiлген Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасы ұйымдарының өзге де мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады