Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасы Үкiметiнiң арасында Бiлiм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 сәуірдегі N 384 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2002 жылғы 26 маусымда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасы Үкiметiнiң арасында Бiлiм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі
     

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасы Үкiметiнiң арасында Бiлiм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Грек Республикасының Yкiметi,
      өзара түсiнiстiк, достық негiзiнде бiлiм беру мен мәдениет саласында екi ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тiлек бiлдiре отырып,
      мұндай ынтымақтастықтың жақсы өзара түсiнiстiкке және әртүрлi деңгейлердегi қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететiндiгіне сенгендiктен,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар бiлiм беру саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асыратын болады:
      - бiлiм беру мәселелерi бойынша ақпаратпен алмасу;
      - оқу материалдарымен және оқыту әдiстемесiмен алмасу, оқу бағдарламаларын дамыту мен жетiлдiруге жәрдем көрсету;
      - Тараптар мемлекеттерiнiң тiлдерi мен әдебиетiн оқытуға және үйренуге жәрдем көрсету;
      - олардың қаржы-қаражаттарына сәйкес стипендиялармен алмасу.

2-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң оқу және мәдени орындары мен ұйымдарының арасындағы бiлiм беру мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты орнықтыру мен дамытуға ықпал ететiн болады.

3-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерiнде қолданылып жүрген заңдар мен ережелерге сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдарына сертификаттарды, аттестаттарды, дипломдарды, ғылыми дәрежелер мен атақтарды тануына жәрдемдесу мақсатында ақпаратпен және құжаттамамен алмасатын болады.

4-бап

      Студенттермен, зерттеушiлермен, ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен өзара алмасу тараптар мемлекеттерiнiң мүдделi ұйымдарының арасындағы тiкелей шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады, онда Тараптар мемлекеттерiнің жiберушi және қабылдаушы бiлiм беру ұйымдарының құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi белгiленетiн болады.

5-бап

      Тараптар мәдениет салаларында өзара қызығушылық тудыратын ынтымақтастықты көтермелей отырып, дамытатын болады, атап айтқанда:
      - театр, музыка ұжымдарымен, сондай-ақ жекелеген солистермен алмасу;
      - мәдениет пен өнер саласында сарапшылармен алмасу;
      - кинематография саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда, кинофильмдермен алмасу, бiрлескен түсiрiлiмдер;
      - Тараптардың бiрi ұйымдастыратын халықаралық фестивальдарға қатысу;
      - халық шығармашылығының көркемсурет көрмелерiмен алмасу;
      - әдебиет саласындағы ынтымақтастық.

6-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң мұражайлары, кiтапханалары мен мұрағаттары арасындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды көтермелейтiн болады.

7-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерiнің тиiстi мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдарының жекелеген мамандарының қатысуымен мәдени мұраны сақтау мәселелерi жөнiнде семинарлар мен симпозиумдар ұйымдастыратын болады.

8-бап

      Тараптар Тараптардың бiрi ұйымдастыратын мәдениет мәселелерi жөніндегi халықаралық конференцияларға, кездесулер мен конкурстарға олардың өкiлдерiнің қатысуына жәрдем көрсететiн болады.

9-бап

      Тараптар мәдениет қызметкерлерiмен кездесулер өткiзудi және алмасуларды, көркем бiлiм беру саласында тәжiрибе және мамандар алмасуды, сондай-ақ бiрлескен мәдени бағдарламаларды көтермелейтiн болады.

10-бап

      Тараптар осы Келiсiмдi орындау мақсатында бiрлескен комиссия құрады, ол екi Тараптың өкiлдерiнен тұратын болады. Комиссия осы Келісiмдi қолдануға байланысты мәселелердi қарайды, Ынтымақтастық бағдарламасының тетiктерiн, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын әзiрлейтiн болады.
      Комиссияның мәжілісi әрбiр үш жылда кезекпен Астанада және Афиныда өтетiн болады.

11-бап

      Осы Келісiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшілік рәсiмдердің орындалғаны туралы бiр-бiрiне хабарландырған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiм бес жыл бойы күшiнде қалатын болады және егер де Тараптардың бiрде-бiрi кезектi мерзiмнiң бiтуiне алты ай қалғанша дипломатиялық арналар арқылы оның күшiн жою туралы өзiнiң тiлегiн жазбаша бiлдiрмесе, келесi бес жылға өздiгiнен ұзартылатын болады.

      Алматы қаласында 2002 жылғы 26 маусымда қазақ, грек, ағылшын және орыс тілдерінде екi түпнұсқалық данада жасалды, барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Келіспеушiлiктер болған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiн үстем болып табылады.

      Қазақстан Республикасының            Грек Республикасының
      Үкiметi үшiн                         Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады