Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан темір жолының 100 жылдығын құрметпен атап өтуге арналған мерекелік медаль туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі N 396 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан темір жолының 100 жылдығын құрметпен атап өтуге арналған мерекелік медаль туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы

Қазақстан темір жолының 100 жылдығын құрметпен атап өтуге арналған мерекелік медаль туралы

      Республикада темір жол көлігінің қалыптасуына және дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдік азаматтарды көтермелеу, сондай-ақ Қазақстан темір жолының 100 жылдығын құрметпен атап өту мақсатында қаулы етемін:
      1. "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалі тағайындалсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалі туралы ереже;
      2) "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.
      3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2004 жылғы "___" ________
N ____ Жарлығымен  
бекітілген     

"Қазақстан темір жолына 100 жыл"
мерекелік медалі туралы ереже

      1. "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалімен (бұдан әрі - мерекелік медаль) республикада темір жол көлігінің дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдік азаматтар наградталады.
      2. Мерекелік медальмен наградтауға ұсынысты Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары енгізеді.
      3. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.
      Мерекелік медальді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және тапсырмасы бойынша сондай-ақ:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;
      2) Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі;
      3) "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының президенті;
      4) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, Мемлекет басшысы осыған өкілеттік берген өзге де лауазымды тұлғалар тапсыра алады.
      4. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда және жария түрде жүзеге асырылады. Ол наградталған адамның жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.
      5. Мерекелік медальді тапсыру жүргізілгені туралы белгіленген нысандағы хаттама жасалады. Ол медальді тапсырған адамның қолымен, тапсыру жүргізген органның мөрімен бекітіледі және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жолданады.
      6. "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалі кеуденің сол жақ өңіріне тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары бар болса, олардан кейін орналасады.
      7. Әрбір наградталған адамға мерекелік медаль тапсырумен бір мезгілде тиісті куәлік беріледі.
      8. Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдарды тапсыру барысы туралы есеп беруді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2004 жылғы "___" ________
N ____ Жарлығымен  
бекітілген     

"Қазақстан темір жолына 100 жыл"
мерекелік медалінің сипаттамасы

      "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерекелік медалі жезден жасалады, диаметрі 34 мм және қалыңдығы 2,5 мм шеңбер нысанды болады. Медальдің бет жағында (аверсінде) Қазақстан Республикасының контурлық картасы аясында рельстерде тұрған паровоз бен қазіргі заманғы электровоздың бедерлі бейнесі орналасқан. Картаның контурлық бейнесі Қазақстан Республикасы астанасының орналасқан жері баса көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы түсіндегі эмальмен қапталған. Бейненің төменгі жағында 1904-2004 датасы орналасқан.
      Медальдың сырт жағында (реверсінде) "Қазақстан темір жолына 100 жыл. 100 лет железной дороге Казахстана" мәтіні жазылған. Төменгі жағында қазақтың ұлттық оюының өрнегі бейнеленген.
      Медаль құлақша мен шығыршық арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы түстес жиектері бойында алтын және ақ түсті тік жолақтары бар муар лентасымен қапталған, ұзындығы 55 мм және ені 34 мм тігінен ұзартылған планкамен жалғанады. Планканың сырт жағында қапсырма құлыпты түйреуіш орнатылған.

                 " Қазақстан темір жолына 100 жыл "
         мерекелік медалінің суретін қағаз мәтіннен қараңыз.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады