Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінің кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 сәуірдегі N 470 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4-1/502 бұйрығын қараңыз.


      "Астық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын құру, олардың жұмыс істеу мен тарату және астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу ережесі;
      2) Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрiне жүктелсiн.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 390 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      
      3. Осы қаулы жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2004 жылғы 27 сәуірдегі
N 470 қаулысымен 
бекiтiлген     

Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік
беру қорларын құру, олардың жұмыс істеу мен таратылу және
астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша
міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу
ережесі

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.05.17 № 424 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын құру, олардың жұмыс істеу мен таратылу және астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын (бұдан әрі - Қор) құру, олардың жұмыс істеу мен таратылу тәртібін, сондай-ақ астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу шартын белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      астық қолхаттарының тізілімі - астық қабылдау кәсіпорындарында міндетті түрде жүргізілетін және Қорға тапсырылатын астық қолхаттарын тіркеу құжаты;
      қатысу шарты - Қор мен астық қабылдау кәсіпорны арасында жасалатын шарт, соның негізінде соңғысы астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;
      қатысушы - астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, Қормен қатысу шартын жасасқан және қолданылатын астық қабылдау кәсіпорны;
      уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213 (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

2. Қорды құру, олардың жұмыс істеу және таратылу тәртібі

      3. Қор қызметінің негізгі мақсаты астық қолхаттары иелерінің мүдделерін астық қабылдау кәсіпорындарының өздері берген астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамауынан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Қор акционерлік қоғам нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      5. Қор өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      6. Қордың басқару органдарын қалыптастыру тәртібі мен құзыреті оның құрылтай құжаттарымен анықталады.
      7. Қордың меншікті капиталының мөлшері астық қолхаттары иелерінің алдында Қор қабылдаған шартты міндеттемелердің жалпы сомасының 5 %-ынан кем болмауы тиіс, бұл ретте кемінде бір миллиард теңге болуы қажет.
      8. Кепілдендіру жағдайы кезінде астық қолхаттары иелерінің талаптарын бірінші кезекте қамтамасыз ету мақсатында Қордың меншікті капиталы көлемінің кемінде 80 %-ы тұрақты негізде жоғары дәрежеде өтімді қаржы активтеріне (ақша, екінші деңгейдегі банктердегі депозиттер, мемлекеттік бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми тізімдеріне енгізілген құнды қағаздар) орналастырылады.
      9. Қор мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш айдан кешіктірмейтін мерзімде уәкілетті органға оның әділет органдарында мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттарды, құрылтай құжаттарын, сондай-ақ меншікті капиталының мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтерді ұсынады.
      10. Қор астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттарына берген міндеттемелерін орындамаудан астық қолхаттары иелерінің құқықтық және заңды мүдделерін қорғау мақсатында кепілдік төлемді жүргізу үшін өтемақы қорын (резерв) құрады.
      11. Қор Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздемелер бойынша таратылуы мүмкін.
      12. Қорлардың жұмыс істеуіне қойылатын талаптарды Қордың бұзуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның Қорды тарату туралы талап қоюы үшін негіздеме болып табылады.

3. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді Орындауға кепілдік
беру жүйесіне астық қабылдау кәсіпорындарының қатысу шарттары

      13. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін астық қабылдау кәсіпорындарына мынадай талаптар қойылады:
      1) қатысу шартын жасасу үшін азаматтық құқық қабілетіне ие болуы;
      2) астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясының және астық қабылдау кәсіпорнын жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындығы тұрғысында қарап тексеру актісінің болуы;
      3) төлеу мерзімі өткен берешегінің болмауы:
      астық қолхаттарының иелері мен екінші деңгейдегі банктер алдында;
      қорға өтініш тапсырған күннің алдындағы үш айдан астам мерзімге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдарды төлеу бойынша;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер бойынша таратуға жатпайды, оның қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатылмауы тиіс, оның мүлкі үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілдік нысаны болмауы тиіс, оның мүлкіне тыйым салынбауы тиіс;
      5) Қорға өтініш берген күннің алдындағы он екі ай ішінде оларға берілген астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін соттың жауапқа тартуы фактілерінің болмауы.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213 (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      14. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысқысы келетін астық қабылдау кәсіпорны осы Ереженің 13-тармағында көзделген талаптарға астық қабылдау кәсіпорнының сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды қоса беріп, Қорға жазбаша өтініш береді:
      1) астық қабылдау кәсiпорнын мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң* немесе анықтаманың (салыстырып тексеру үшiн түпнұсқасы берiлмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшiрмесі;
      ескертпе: *«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      2) астық қабылдау кәсіпорны жарғысының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
      3) құрылтайшылар құрамы туралы құрылтай шартынан үзінді (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірме немесе қорға өтініш берген күнге дейін бір ай бұрын тіркеуші берген құнды қағаздарды ұстаушылар тізілімінің жүйесіндегі құнды қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзіндінің түпнұсқасы;
      4) астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
      5) астық қабылдау кәсіпорнының жаңа өнім астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан тексеру актісінің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
      6) астық қоймасына (элеватор, астық қабылдау пункті) меншік құқығын және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша оған салынған ауыртпалықтың жоқ екенін растайтын жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу органының заңнамада белгіленген үлгі бойынша анықтамалары;
      7) соңғы қаржылық жылға қаржылық есептілікті құрайтын құжаттардың (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелері, сондай-ақ бар болған кезде соңғы есептік кезеңге аралық қаржылық есептіліктің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелері;
      8) астық қабылдау кәсіпорнының өткен қаржылық жылға жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын растайтын аудиторлық қорытындының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі (егер өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде берілген жағдайда, соңғы қаржылық жылдың алдындағы қаржылық жылға аудиторлық қорытындының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі ұсынылады);
      9) астық қабылдау кәсіпорының өтініш берілген күннің алдындағы он екі ай ішінде астық қолхаттарын ұстаушылар алдындағы төлем мерзімі өткен берешегінің және олар берген астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісті түрде орындамағаны үшін сотпен жауапқа тарту туралы, астық қабылдау кәсіпорнының басшысы мен бас бухгалтері қол қойған және астық қабылдау кәсіпорнының мөрімен расталған хабарландыру хаты;
      10) астық қабылдау кәсіпорнының өтініш берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімде банкі алдында төлем мерзімі өткен берешегінің болмауы туралы бірінші басшының немесе қол қою құқығы бар тұлғаның және бас бухгалтердің қолы қойылған, банкінің мөрі бар банкі анықтамасының түпнұсқасы (егер астық қабылдау кәсіпорны екінші деңгейдегі бірнеше банкінің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетел банкінің клиенті болған жағдайда, бұл анықтама осындай банкілердің әрқайсысынан ұсынылады);
      11) өтініш берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзім аралығында астық қабылдау кәсіпорнының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдарды төлеу бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы туралы бірінші басшының немесе қол қоюға құқығы бар тұлғаның қолы қойылған, осы салық органының мөрімен расталған тиісті салық органының белгіленген үлгідегі анықтамасының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213  (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 390 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15. Қор өзінің Қор жарғысында көзделген уәкілетті органының тұлғасында осы Ереженің 13-тармағында көзделген астық қабылдау кәсіпорынының өтініші мен құжаттарын Қорға түскен кезден бастап отыз күнтізбелік күн ішінде астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қосу (қоспау) нысанасына өтінішті қарастырады.
      Көрсетілген мерзімге астық қабылдау кәсіпорындарына жетіспейтін құжаттарды дайындау үшін Қор беретін уақыт кезеңі қосылмайды.
      16. Астық қабылдау кәсіпорны құжаттардың толық пакетін ұсынбаған және Қор берген мерзімде жетіспейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда Қор жетіспейтін құжаттарды ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде астық қабылдау кәсіпорнының өтініші мен құжаттарын қарамай қайтарады.
      17. Қор астық қабылдау кәсіпорнын астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне косу туралы шешім қабылдаған күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде Қор және астық қабылдау кәсіпорыны қатысу шартын жасасады және Қор астық қабылдау кәсіпорнына астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінің қатысушысы куәлігін береді.
      Қордың және/немесе қатысушының атауы өзгерген жағдайда, Қордың атауы өзгерген сәттен және/немесе қатысушының атауы өзгергендігі туралы дәлелді құжаттармен үндеу жіберілген сәттен он күнтізбелік күн ішінде астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысушыға бұрын берілген куәлік ауыстырылуы қажет.
      18. Қатысушы Қорға белгіленген нысан бойынша астық қолхаттарының тізілімін ұсынады. Астық қолхаттары тізілімінің мәліметтеріне қатысушының уәкілетті адамы қол қояды, қатысушының мөрімен расталып, ай сайын қағаз және/немесе электронды түрде Қорға ұсынылады.
      Астық қолхаттарының тізілімі электронды тасығышта ұсынылған жағдайда, ол қатысушының уәкілетті адамының электронды цифрлық қолтаңбасымен расталады.
      Қор және қатысушы жылына кемінде бір рет астық қолхаттарының тізілімі бойынша кепілдік берілетін астық қолхаттарына мониторинг жасау мақсатында салыстырып тексеруді жүргізеді.
      19. Қатысу шартына сәйкес қатысушы Қорға астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысудың жыл сайынғы міндетті жарнасын төлейді.
      Қаржы жылының қорытындысы бойынша жыл сайынғы міндетті жарна кепілденген төлем жүргізу үшін өтемқорын (резервін) қалыптастыруға жіберіледі.
      20. Қатысушы атауының өзгергендігі туралы Қорға уақтылы хабарлайды, сондай-ақ Қорға жыл сайынғы негізде алуына байланысты мынадай құжаттарды:
      астық қабылдау кәсіпорнының астықтың жаңа өнімін қабылдауға дайындығын тексеру актісінің көшірмесін;
      өткен қаржы жылына аудиторлық есептің көшірмесін ұсынады.
      21. Қор өз қатысушыларының тізімі туралы ақпаратты Қордың корпоративті интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.
      22. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу:
      1) қатысушыны қатысу шартында көзделген Қордан шығару жағдайы орын алған кезде;
      2) сот шешімі бойынша;
      3) қатысу шарты тараптарының бірі таратылған кезде тоқтатылады.
      Астық қабылдау кәсіпорнының Қорда қатысуы тоқтатылған күннен бастап бес күн ішінде оны Қор Қордың корпоративті интернет-ресурсындағы қатысушылар тізімінен алып тастауды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2004 жылғы 27 сәуірдегі
N 470 қаулысымен 
бекiтiлген     

Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік
беру қорының (қорларының) кепілдіктерін алу және астық
қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру
қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді
өтеу ережесі

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.05.17 № 424 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) кепілдіктерін алу және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді өтеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) кепілдіктерін алу және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді өтеу тәртібін белгілейді (бұдан әрі - Қор).
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      баға кестесі - кепілдік төлемдердің мөлшерін айқындау үшін қажетті және белгілі бір кезеңге нарықтың құнына сәйкес Қор белгілеген астықтың құнын қамтитын құжат;
      кепілдік жағдай - уәкілетті органның аумақтық басқармасы белгілеген астық қабылдау кәсіпорнының астықты жоғалту немесе сапасын нашарлату фактісі;
      кепілдік жағдай туындаған күн - астық қолхаттарының иелеріне уәкілетті органның аумақтық басқармасының міндеттемелерді қатысушының орындамау фактісін растайтын құжатты берген күні;
      қатысу шарты - Қор мен астық қабылдау кәсіпорны арасында жасалған шарт, соның негізінде соңғысы астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;
      қатысушы - астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, Қормен қатысу шартын жасасқан және қолданылатын астық қабылдау кәсіпорны;
      уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213 (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

2. Қордың кепілдігін алу және Қордың міндеттемелерді
өтеу тәртібі

      3. Қор Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен берілген астық қолхаттары бойынша міндеттердің орындалуына кепілдік береді.
      4. Кепілдік жағдайы туындаған кезде Қор өтем қалыптасқан кездегі, жетіспеген немесе сапасы төмендеген астықтың нарықтық бағасының сексен пайызынан кем емес көлемде қатысушының міндеттемелерін ақшалай өтеуді жүргізеді.
      5. Кепілдік жағдайы туындаған кезде астық қолхатын немесе астық қолхатының кепіл куәлігін ұстаушы кепілдік жағдайы туындаған күннен бастап отыз күн ішінде кепілдік төлемді алу үшін Қорға хабарлайды.
      6. Кепілдік төлемді алу үшін Қорға:
      1) кепілдік төлемді жүзеге асыруға астық қолхатын ұстаушының еркін нысандағы өтініші;
      2) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің астықтың жетіспеушілігі немесе сапасының төмендеу фактісін растайтын құжаты (анықтама, акт көшірмесі);
      3) астық қолхатының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі немесе кепілдік куәлігінің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі (астық қолхатының кепілдік куәлігін ұстаушы өтінген жағдайда);
      4) сақтау шартының көшірмесі;
      5) астық қолхаты кепілдік куәлігін ұстаушы жүгінген жағдайда - қарыз, кепілдік шарттарының көшірмелері және Қор кепілдік берген, астық қолхатымен қамтамасыз етілген міндеттемелердің орындалмағандығын растайтын құжаттар;
      6) егер астық қолхатын ұстаушы жеке тұлға болса - оның жеке тұлға екенін растайтын құжаттың көшірмесі, егер заңды тұлға болса - құрылтай және тіркеу құжаттарының көшірмелері;
      7) кепілдік төлемін алу үшін Қорға өтініш жасау құқығына сенімхат (астық қолхатын ұстаушы жеке тұлғаның өзі немесе заңды тұлғаның басшысы жүгінбеген болса) ұсынылады.
      Талаптарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда осы тармақтың 3)-5) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213 (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      7. Қор астық қолхатын ұстаушының талабын қарайды және оны қанағаттандыру не одан бас тарту туралы шешім шығарады.
      Талаптарды қарауға кепілдік жағдайдың туындауына жол берген қатысушы тартылады.
      8. Астық қолхатын ұстаушының талабын қараудың жалпы мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспауы қажет. Көрсетілген мерзімде осы Ереженің 11-тармағында көзделген тәртіппен талапты қарауды тоқтата тұру мерзімі қосылмайды.
      9. Қор талапты қараған кезде ақпарат үшін мемлекеттік органдарға және/немесе тиісті құзырлы органдарға (ұйымдарға) жүгіне алады, сондай-ақ мамандарды қатыстыра алады.
      10. Қор кепілдік төлемді жүзеге асыру туралы талапты қанағаттандырудан мынадай жағдайларда бас тартады:
      1) кепілдік жағдайы туындамағанда;
      2) талапты қарау мерзімі ішінде қатысушы астық қолхаты бойынша өз міндеттемелерін ерікті түрде орындағанда (кепілдік немесе қоймалық куәліктерге);
      3) осы Ережеде белгіленген Қорға жүгінудің мерзімі өтіп кеткен болса;
      4) сақтау шартының жасалуына байланысты қатысушы жауапкершіліктен босатылған жағдайда (еңсерілмейтін күштің әрекетін, астық қолхатын ұстаушының кінәсін және абайсыз өрескелдігін қоса алғанда);
      5) астық қолхатын жарамсыз деп тану және/немесе қатысушыны астық қолхаты бойынша міндеттемелерден босату жайлы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;
      6) қатысушы ұсынған астық қолхаттары тізілімінде астық қолхаттары туралы деректердің болмауы;
      7) осы Қордың қатысушысы болып табылмайтын астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхатын ұстаушы жүгінген кезде.
      11. Қор астық қолхатын ұстаушылардың талаптарын қарауды мынадай жағдайларда тоқтата тұрады:
      1) астық қолхаты бойынша кез келген даудың сот тәртібімен шешілуі;
      2) құзырлы құқық қорғау және/немесе сот органдарының тиісті шешімінің шығарылуына және/немесе заңды күшіне енуіне дейін - тараптардың жосықсыз іс-әрекеттерінің фактісі бойынша қатысушының және/немесе астық қолхатын ұстаушының лауазымды адамдарының іс-әрекетін құқық қорғау (сот) органдарының қарауы (астық қолхатын қолдан өзгерту кепілдік жағдайының туындауына бағытталған немесе оның туындауына себепші болған астық қолхаттарын ұстаушының және қатысушының заңсыз қасақана іс-әрекетін, ұрлық, оның ішінде сөз байласу, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты беруді қоса алғанда);
      3) қажетті ақпаратты және/немесе астық қолхатын ұстаушының талаптарын қарауға тартылған маманның қорытындысын алуға Қор жүгінген жағдайда тиісті жауапты және/немесе қорытындыны алғанға дейін.
      12. Уақытша басқару енгізілген қатысушының астық қолхатын
ұстаушыларының талаптарын қанағаттандыруды Қор бірінші кезекте жүргізеді.
      Бұл ретте Қор мұндай қатысушының астық қолхаттарын ұстаушыларының талаптарын қарағанда уақытша әкімшіліктен кепілдік төлеуді жүргізу мақсатында қажетті ақпаратты талап етуі қажет.
      13. Қор астық қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда Қор шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде астық қолхатын ұстаушыға оның есеп шотына ақша қаражатын аудару арқылы кепілдік төлемін жүргізеді.
      14. Осы Ереженің 16-тармағына сәйкес астық қолхатын ұстаушыға астық қолхатын (кепілдік куәлікті) көрсеткенде қатысушы бермеген астықтың ғана құны қайтарылады.
      15. Қор тиісті шешім қабылданатын ағымдағы айдың бірінші күніндегі жағдайы бойынша астыққа арналған нарықтық құнды қолдана отырып, кепілдік төлемдер жүргізілетін астыққа арналған баға кестесін бекітеді.
      16. Кепілдік төлем үш көрсеткіштің:
      1) қатысушы бермеген астық көлемінің;
      2) астық қолхатында (кепілдік немесе қоймалық куәліктерінде) көрсетілген астықтың сапасына ұқсас сапалық көрсеткіштерге сәйкес баға кестесі бойынша бір тонна астық құнының;
      3) 0,8-ден кем емес мөлшерде Қор белгілеген төлем коэффициентінің туындысы ретінде анықталады.
      17. Астық қолхатын ұстаушының астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қатысушының алдында берешегі болған жағдайларда кепілдік төлемінен көрсетілген қызметтер үшін қатысушының алдындағы берешектің сомасы шегеріледі.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.08 № 213 (ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      18. Астық қолхатын ұстаушы алдындағы қатысушының міндеттемелерін өтеуді жүзеге асырған Қорға ол төлеген астық қолхатында Қор пайдасына тапсыру жазбасын жасау арқылы астық қолхатын ұстаушы осы қатысушыға қоятын талап ету құқығы өтеді. Қор қарызды толық көлемде өтемеген жағдайда астық қолхатын ұстаушы тиісті өтелген көлемге сәйкес астық қолхаты бойынша құқықты астықтың көлемін бірнеше астық қолхаттарына бөлу және астық қолхаттары бойынша астықтың тиісті көлемін өткізу арқылы тапсырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады