Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Нартай Нұртайұлы Дүтбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметінiң арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмдi жасасуға өкiлеттiк берiлсiн. <*>
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.07.06. N 738 қаулысымен .
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы
Үкiметінің арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық немесе өзге де ынтымақтастық барысында онымен алмасу жүзеге асырылатын құпия ақпаратты, сондай-ақ осындай ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету ниетiн ескере отырып,
Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуде Тараптардың өзара мүдделерiн ескере отырып,
1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкiметтерi жасасқан мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмдi iске асырудағы өзара мүдделіліктi ескере отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Ұғымдар анықтамасы
Осы Келiсiмде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдiреді:
"құпия ақпарат" - әрбiр Тарап мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қорғалатын, әрбiр Тарапқа және осы Келiсiмде белгіленген тәртіппен берiлген, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған, оларды заңсыз тарату Қазақстан Республикасының және (немесе) Ресей Федерациясының қауiпсiздiгi мен мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн кез келген нысанда келтiрiлген мәлiметтер;
"құпия ақпаратты жеткiзгіштер" - құпия ақпарат символдар, бейнелер, дабылдар, техникалық шешiмдер мен процестер түрінде өз көрiнiсiн табатын материалдық объектiлер, соның iшiнде физикалық өрiстер;
"құпиялылық белгiсi" - құпия ақпаратты жеткiзгішке қойылатын және (немесе) iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, жеткiзгіштегi мәлiметтердің құпиялылық дәрежесi туралы куәландыратын деректемелер;
"уәкiлетті орган" - Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға Тараптар уәкiлеттiк берген мемлекеттік билiк органы, мемлекеттiк орган немесе ұйым;
"құпия ақпаратқа рұқсат беру" - жеке адамдардың құпия ақпаратқа қол жеткiзу, ал уәкiлеттi органдардың осындай ақпаратты пайдалана отырып, жұмыстар жүргізу құқығын ресiмдеу рәсімі;
"құпия ақпаратқа қол жеткiзу" - рұқсаты бар жеке адамды құпия ақпаратпен таныстыру процесi;
"үйлестiруші орган" - осы Келiсiмдi iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру үшiн жауапты мемлекеттік билiк органы, мемлекеттік орган;
"келiсiм-шарт" - уәкiлеттi органдар арасында жасалатын, оның шеңберiнде құпия ақпаратты беру және (немесе) құрау көзделетiн шарт.
2-бап
Құпия ақпарат
Мыналар құпия ақпарат болып табылады:
а) Қазақстан Республикасында:
жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтiн тиiмдi әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел iздестiрушілiк және өзге де қызметтi тиiмдi жүзеге асыру мақсатында таралуын мемлекет шектейтін мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын, мемлекет қорғайтын мәлiметтер.
Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне немесе ел экономикасы саласына келтiрiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпаратты жеткiзгіштер үшін тиiстi құпиялылық белгiлерi белгiленедi:
"Аса маңызды" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласындағы мәлiметтер;
"Өте құпия" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсiздігіне, мемлекеттiк органның мүдделерiне немесе мемлекет экономикасы саласына көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушiлiк қызмет саласындағы мәлiметтер;
"Құпия" - жеке деректер сипатындағы, мемлекеттік құпияның құрамына кiруi мүмкiн, олардың таралуы немесе жоғалуы әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласында мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтер.
"Аса маңызды" және "Өте құпия" деген құпиялылық белгiлерi бар құпия ақпарат мемлекеттік құпияға жатады, "Құпия" деген белгiсi барлар қызметтік құпияға жатады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын мәлiметтер мемлекеттiк құпияларға жатады.
б) Ресей Федерациясында:
олардың таратылуы Ресей Федерациясының қауiпсiздiгiне, оның саяси немесе экономикалық мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел iздестiрушiлiк қызмет саласындағы мемлекет қорғайтын мәлiметтер. Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан келтiрiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпараттың мынадай құпиялылық дәрежелерi және құпия ақпаратты жеткiзгіштер үшін осы құпиялылық дәрежелерiне сәйкес келетiн құпиялылық белгiлерi белгiленген:
"Аса маңызды" - олардың таралуы Ресей Федерациясының мүдделерiне көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілiк қызмет саласына жататын мәлiметтер;
"Өте құпия" - олардың таралуы Ресей Федерациясының атқарушы өкiметi федералды органының мүдделерiне немесе экономика саласына көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілiк қызмет саласына жататын мәлiметтер;
"Құпия" - олардың таралуы Ресей Федерациясы ұйымдарының мүдделерiне көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы бaрлаушылық және жедел iздестiрушілiк қызмет саласына жататын мәлiметтер.
Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес "Аса маңызды", "Өте құпия" және "Құпия" деген белгілерi бар құпия ақпарат мемлекеттік құпияға жатады.
3-бап
Құпиялылық дәрежелерiнiң салыстырмалылығы
Тараптар Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес құпиялылық дәрежелерi мен оларға сәйкес келетiн құпиялылық белгiлерi мынадай үлгiде салыстырылатындығын белгiлейдi:
Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясында
"Аса маңызды" "Особой важности"
"Особой важности"
"Өте құпия" "Совершенно секретно"
"Совершенно секретно"
"Құпия"
"Секретно" "Секретно"
* орыс тiлiнде
4-бап
Үйлестірушi органдар
Тараптар өз мемлекетiнің заңнамасына сәйкес үйлестiрушi органдарды анықтайды, ол туралы дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне хабарлайды.
5-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегi шаралар
1. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Тараптар:
басқа Тарап берген және (немесе) Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпаратты қорғауға;
оны берген Тарап қойған құпиялылық белгiсiн Тараптардың жазбаша келiсiмiнсiз өзгертпеуге;
Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде алынған және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты өзiнің дәл сондай құпиялылық дәрежесіндегi (осы Келiсiмнің 3-бабына сәйкес салыстырылатын) өзiнің құпия ақпаратына қатысты қолданылатын дәл сондай қорғау шараларын қолдануға;
басқа Тараптың уәкілеттi органынан алынған құпия ақпаратты тек оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда пайдалануға;
оны берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа құпия ақпаратты алуға рұқсат бермеуге;
басқа Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсіз Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпаратты алуға үшiншi тарапқа рұқсат бермеуге мiндеттенедi.
2. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу осы ақпаратты бiлу оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда қызметтік мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi адамдарға ғана рұқсат етiледi.
3. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi құпия ақпаратқа рұқсаттары бар адамдарға ғана берiледi.
4. Қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғау жөніндегi қосымша талаптар (құпия ақпаратпен жұмыс iстеу жөнiндегi мiндеттемелер және оны қорғау жөнiндегi шаралар толығымен жазылған) тиiстi келiсiм-шарттарға қосылады.
6-бап
Құпия ақпаратты беру
1. Бiр Тараптың уәкілетті органы басқа Тараптың уәкілеттi органына құпия ақпаратты бергiсi келсе, ол өз Тарабының үйлестiрушi органынан басқа Тараптың болжанып отырған уәкiлетті органында құпия ақпаратқа рұқсатының бар екендігіне алдын ала жазбаша растама сұратады.
Тараптардың бiрінің үйлестiрушi органы басқа Тараптың үйлестiрушi органынан басқа Тараптың уәкiлеттi органында құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоқтығына жазбаша растама сұратады.
2. Құпия ақпаратты беру туралы шешiмдi Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес әрбiр жеке жағдайда Тараптар қабылдайды.
3. Бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке құпия ақпаратты дипломатиялық арналармен, фельдъегерлiк қызметтің немесе соған уәкiлеттік берiлген қызметтiң беруi Тараптар арасында қолданылып жүрген келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылады. Тиiсті уәкілетті орган құпия ақпаратты алғандығын растайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген қызметтер арқылы берiлуi мүмкiн емес құпия ақпаратты беру үшiн уәкілеттi органдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тасымалдау тәсiлi, бағыты және алып жүру нысаны туралы уағдаласады.
7-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс iстеу
1. Берiлген құпия ақпаратты жеткiзгіштерге оны алу үшiн жауапты уәкілеттi орган осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгілерiн қосымша қояды.
Құпиялылық белгiлерiн қоюдың мiндеттілігі Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде, аудару, көшiру немесе тираждау нәтижесiнде пайда болған құпия ақпаратқа қолданылады.
Берiлген құпия ақпарат негiзiнде пайда болған құпия ақпаратты жеткiзгішке берiлген құпия ақпараттың құпиялылық белгiсiнен кем болмайтын құпиялылық белгiсi қойылады.
2. Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған және (немесе) берiлген құпия ақпарат өздерiнiң құпия ақпаратына қатысты қолданылатын талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
3. Алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн оны берген Тараптың уәкілеттi органының жазбаша рұқсаты бойынша ғана уәкілеттi орган өзгерте немесе алып тастай алады.
Тараптардың ынтымақтастығы процесінде пайда болған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесi Тараптардың уәкілеттi органдарының өзара келiсiмi бойынша анықталады, өзгертіледi немесе алынып тасталады.
Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн өзгерту немесе алып тастау туралы оны берген Тараптың уәкілеттi органы мейлiнше қысқа мерзiмде басқа Тараптың тиiстi уәкілеттi органына хабарлайды.
4. Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) көбейту (тираждау) оны берген уәкiлетті органның жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.
Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) жою құжаттамалық расталады, ал жою процесi оның қайта шығарылмауын және қалпына келтiрiлмеуiн қамтамасыз етуi тиiс. Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) қайтару туралы немесе жою туралы оны берген Тараптың уәкілеттi органына хабарланады.
8-бап
Келiсiм-шарттар
Тараптардың уәкiлеттi органдары жасасатын келiсiм-шарттарға жеке бөлiм қосылады, онда мыналар анықталады:
Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпараттың тiзбесi және оның құпиялылық дәрежелерi;
Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғау ерекшелiктерi, оны пайдалану шарттары;
даулы жағдайларды шешу және Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкiн залалды өтеу тәртiбi.
9-бап
Консультациялар
1. Үйлестірушi органдар осы Келiсiмдi iске асыру үшiн қажеттi көлемде құпия ақпаратты қорғау саласындағы өз мемлекеттерiнің тиiстi заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерiмен алмасады.
2. Осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында үйлестiрушi органдар олардың бiрінің өтініші бойынша бiрлескен консультациялар өткiзедi.
10-бап
Сапарлар
1. Бiр Тараптың уәкілеттi органдары өкiлдерінің басқа Тарап мемлекетiнiң құпия ақпаратына олардың қол жеткiзуiн көздейтін сапарлары қабылдайтын Тарап мемлекетінің заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Мұндай барып-қайтуға рұқсат тек осы Келiсiмнiң 5-бабының 2-тармағында көрсетiлген адамдарға ғана берiледi.
2. Сапарларды, соның iшiнде бiрнеше рет болатындарын жүзеге асыру мүмкiндiгi туралы өтініштер болжалды сапар мерзiмiне дейiн төрт аптадан кешіктірмей жiберiледi.
Болжалды сапарлар туралы өтiніште мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
уәкілетті орган өкiлiнiң тегi мен аты, туған күнi мен жерi, азаматтығы мен төлқұжатының нөмiрi;
уәкiлеттi орган өкілінiң мамандығы мен лауазымы, ол жұмыс iстейтiн уәкiлетті органның атауы;
тиісті құпиялылық дәрежесiндегі құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоғы туралы ақпарат;
сапардың болжалды күнi және жоспарланып отырған сапардың мақсаты;
оларда болу жоспарланып отырған уәкілетті органдардың атаулары;
уәкiлетті органның өкiлi кездеседi деп күтiлетiн адамдардың лауазымдары, тектерi мен аттары.
3. Бiр Тараптың уәкiлетті органдарының өкілдерi басқа Тараптың тиiсті құпиялылық дәрежесiндегi құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiмен танысады және осы ережелердi сақтайды.
11-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегi шараларды
жүзеге асыруға арналған шығыстар
Уәкiлетті органдар осы Келiсiмдi iске асыру процесiнде туындайтын барлық шығыстарды өздерi өтейдi.
12-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегi талаптарды бұзу
және залал мөлшерiн анықтау
Басқа Тараптың уәкiлеттi органы берген және (немесе) Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкелген құпия ақпаратты қорғау жөніндегi талаптар бұзылған жағдайда тиiстi Тараптың уәкілетті немесе үйлестiрушi органы басқа Тараптың уәкiлеттi немесе үйлестiрушi органына дереу хабарлайды, қажеттi тексеру жүргiзедi және құпия ақпаратты берген Тараптың үйлестірушi органына тексеру нәтижелерi туралы және аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетiнің заңнамасына сәйкес қабылданған шаралар туралы хабарлайды.
Құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан келетiн ықтимал залалдың мөлшерi құпия ақпараты рұқсатсыз таратылған Тарап мемлекетінiң заңнамасында белгiленген тәртiппен анықталады.
13-бап
Басқа уағдаластықтарға қатысы
Құпия ақпаратты сақтауды қамтамасыз ету режимiн реттейтiн Тараптар арасында бар уағдаластықтар осы Келiсiмге қайшы келмейтiн бөлігінде қолданыла бередi.
14-бап
Даулы мәселелердi шешу
Осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар Тараптардың үйлестiрушi органдары арасындағы келiссөздер жолымен шешiледi.
15-бап
Келiсімнің күшiне енуi, қолданылатын мерзiмi
және қолданылуын өзгерту және тоқтату
1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілік рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енедi және белгiсiз мерзiмге жасалады.
2. Өзара уағдаластық бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа оның күшiн тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiберу жолымен осы Келiсiмнің қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келiсiмнің қолданылуы көрсетiлген хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн тоқтатылады.
4. Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлген және (нeмece) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты құпиялылық белгiсi алынбайынша, осы Келiсiмнiң 5-бабында көзделген оны қорғау жөнiндегi шаралар қолданыла бередi.
5. Осы Келісiмнің ережелерiн түсiндiру үшiн келiспеушілiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтіндi пайдаланады.
2004 жылғы "___" ______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, бұл ретте екi мәтiннің де бiрдей күшi бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Yкiметi үшін Yкiметi үшін