"Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 мамырдағы N 511 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      "Әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Pecпубликасының Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы
Қазақстан Pecпубликасының Заңы

      Осы Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери мiндеттілiгiне және әскери қызметiне қатысты қоғамдық қарым-қатынастарды реттейдi.

       1-тарау.   Жалпы ережелер

       1-бап. Негізгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) әскери қызмет - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi, ұлттық қауiпсiздiк органдарындағы, Республикалық ұланындағы, iшкi әскерлерiндегi, iшкi iстер органдарының әскери-тергеу органдарындағы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiндегi, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң басқару органдары мен азаматтық қорғаныс бөлiмдерiндегi және әскери прокуратура органдарындағы (бұдан әрi - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) әскери қызметшілердiң мемлекеттiк қызметінің ерекше түрi;
      2) әскери қызметшiлер - Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметте тұрған адамдар;
      3) әскери мiндеттiлер - әскери есепте тұрған және запаста болатын азаматтар;
      4) әскери атақ - Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери оралымдарда әскери қызмет өткеру және запаста болу ережесiне сәйкес әскери қызметшi мен әскери мiндеттiге берiлетiн әскери айырым белгiсi;
      5) әскери мiндеттілік - мемлекеттiң қорғанысы жөнiндегi iс-шаралар кешенiн қамтамасыз етуге бағытталған азаматтардың міндеттілігі;
      6) әскери киiм нысаны - әскери қызметшілердiң Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиiстілігiн айқындайтын жабдықтар мен киiмдердiң заңнамамен белгiленген үлгiлерi;
      7) шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшілер - мерзiмдi әскери қызметке, сондай-ақ офицерлер құрамының лауазымдарына шақырылған азаматтар;
      8) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiлер - Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға бюджеттiк қаражаттан ақы төленетiн лауазымдарға келісiм-шарт жасасумен әскери қызметке ерiктi түрде қабылданатын азаматтар;
      9) әскери лауазым - оның әскери атағына сәйкес нормативтiк құқықтық актілермен белгiленген нақты лауазымдық өкiлеттілiктер мен мiндеттер жүктелген Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери оралымдардың мемлекеттік мекемелерінің құрылымдық бiрлiгi;
      10) әскери жиындар - әскери қызметшiлердiң әскери даярлығы, сондай-ақ әскери мiндеттілердiң жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн арттыру мақсатында оларды әскери бөлiмдерге белгiленген мерзiмге шақырумен әскери бiлiмдерiн жетiлдiру жөнiнде Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда жүргiзiлетiн іс-шаралар;
      11) әскери есеп - Қазақстан Республикасындағы әскерге шақыру және жұмылдыру ресурстарының есебiн жүргізу және талдау жүйесi;
      12) әскери тағылымдама - практикалық дағдыларды меңгеру және жетiлдiру, офицерлер бағдарламасы бойынша алған бiлiмдерiн тереңдету және пысықтау; әскери тағылымдаманың түрлерi мен ұзақтығын Әскери қызметтi өткеру ережесi айқындайды;
      13) тәрбиеленушілер (кадеттер, жас ұландар мен республикалық әскери мектеп интернаттардың тәрбиеленушiлерi) - қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламалары бойынша орта, жалпы (бастауыш және кәсіптiк орта) бiлiм алу және әскери даярлау білім беру ұйымдарына қабылданатын азаматтар;
      14) жалпыға бiрдей әскери оқыту - азаматтарды соғыс уақытында бастапқы әскери даярлыққа мiндеттi түрде үйрету;
      15) әскерге шақыруға дейiнгілер - әскери есепке алынғанға дейiн әскери қызметке даярлықтан өтетiн еркек жынысты азаматтар;
      16) Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау мақсатында пайдаланылатын аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерiнде (басқармаларында) әскери есепте тұратын әскери мiндеттiлердiң саны;
      17) келiсiм-шарт - келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру, қамтамасыз ету және өткеру мүддесiнде тараптардың өзара мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн шарт;
      18) курсанттар - оқу-жаттығу бөлiмдерiнде (орталықтарында), орта немесе жоғары әскери оқу орындарында оқитын солдаттар мен сержанттар құрамының әскери қызметшiлерi;
      19) бастапқы әскери даярлық - әскери iс және адам өмiрiнiң қауiпсiздiгi мен тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз ету негiздерi бойынша мiндеттi оқыту пәнi (оқу пәнi);
      20) облыстық (қалалық) шақыру комиссиясы - аудандық (қалалық) шақыру комиссияларының қызметiн бақылау және басшылық жасау үшiн, сондай-ақ әскерге шақыру мәселесi бойынша азаматтардың шағымдары мен өтiнiштерiн шешу үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссия;
      21) кейiнге қалдыру - осы Заңда көзделген негiздер бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыруды ауыстыру;
      22) отставка - әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату немесе запаста болудың шектi жасына жеткен әскери мiндеттiлердi немесе әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды әскери есептен шығару;
      23) офицерлер - Әскери қызметті өткеру ережесiне сәйкес офицерлер құрамының әскери атағы берiлген әскери қызметшiлердiң құрамы;
      24) бастапқы әскери есеп - тұрғылықты жерi бойынша поселкелердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi қамтамасыз ететiн әскери мiндеттiлердiң, әскерге шақырылушылар мен әскерге шақыруға дейiнгілердi есепке алу жүйесi;
      25) тексеру жиындары - соғыс уақытының ұйымдық-штаттық құрылымындағы арналуы бойынша мiндеттердi орындауға әскери бөлiмдердiң әзiрлiгiн тексеру мақсатында өткiзілетiн әскери жиындардың түрi;
      26) азаматтарды әскери қызметке даярлау - сауықтыру, әскери қызметтiң негiздерiне үйрету мақсатында әскерге шақыруға дейiнгілер мен әскерге шақыру жасындағы азаматтармен өткiзілетiн мiндеттi iс-шаралар кешенi;
      27) әскерге шақыру - мiндеттілiк негiзде Қарулы Күштердi, бacқa да әскерлер мен әскери құралымдарды жеке құраммен жасақтауды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдық және медициналық iс-шаралар кешенi;
      28) әскерге шақырылушылар - аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмдерiнің (басқармаларының) шақыру учаскелеріне тiркелген және мерзімді әскери қызметтен өту үшін Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға шақыруға жататын еркек жынысты азаматтар;
      29) азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу - еркек жынысты азаматтарды бастапқы әскери есепке тұрғызған кезде аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмдерi (басқармалары) арқылы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары жүргiзетiн әскери есептiң мемлекеттiк iс-шаралар бөлігі;
      30) шақыру учаскесi - әскерге шақырылушыларды әскерге шақыру және азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу кезеңiнде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын учаске;
      31) шақыру пункті - азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу және оларды әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландырудан өткiзу, әскери-патриоттық және спорттық-көпшiлiк жұмыстарын өткiзу үшiн шақыру учаскесiнде құрылатын пункт;
      32) запас топтары - осы Заңмен белгiленген әскери мiндеттiлердi жасы бойынша бөлу;
      33) аудандық (қалалық) шақыру комиссиясы - азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткiзу үшiн аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссия;
      34) жинау пунктi - әскерге шақырылушыларды бақылау медициналық куәландырудан өткiзу, оларды санитариялық өңдеу, әскери-патриоттық, спорттық-көпшiлiк жұмыстарды өткiзу, әскерге шақырушылардың командаларын құру және Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға жөнелту үшiн құрылған және жабдықталған пункт;
      35) сержанттар (старшиналар) - сержанттар (старшиналар) әскери атақтары берiлген әскери қызметшiлердiң құрамы;
      36) запаста болу - әскери мiндеттiлердiң әскери есеппен және әскери есепте болған кезеңiнде әскери жиындардағы қызметтi өткерумен байланысты мiндеттердi атқаруы;
      37) тыңдаушылар - жоғары әскери оқу орындарында, офицерлік құрамның білiмдерiн жетiлдiру (қайта даярлау) курстарында оқитын офицерлер құрамының әскери қызметшiлерi;
      38) солдаттар (матростар) - қатардағы жауынгер (матрос), ефрейтор (аға матрос) әскери атақтары берiлген әскери қызметшiлер құрамы;
      39) арнайы жиындар - төтенше жағдайлардың салдарларын жою және Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де жағдайлар жөнiндегi iс-шараларды орындау мақсатында өткiзiлетiн әскери жиындардың түрi;
      40) мерзiмдi әскери қызмет - осы Заңда айқындалған тәртiппен оларды Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға шақыруға негiзделген еркек жынысты азаматтардың әскери қызметі;
      41) босату - запасқа немесе отставкаға ауыстырумен әскери қызметшiнi қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттету;
      42) оқу-жаттығу жиындары - әскери мiндеттiлердi даярлау мен қайта даярлау және ұзақ сақтаудағы әскери техникаға қызмет көрсету мақсатында өткiзілетiн әскери жиындардың түрi.
 

         2-бап.   Әскери мiндеттiлік және әскери қызмет
               туралы заңнама

      Әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы заңнама Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделдi, ол осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңда мазмұндалғаннан өзге ереже белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

       3-бап. Әскери мiндеттіліктің мазмұны

      1. Әскери мiндеттілік азаматтарды әскери мамандықтар бойынша даярлау және бейбiт кезде және соғыс уақытында Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгiленедi.
      2. Әскери мiндеттілік:
      1) азаматтарды әскери қызметке даярлау;
      2) азаматтарды әскери есепке алу және шақыру учаскелерiне тіркеу;
      3) әскери қызметке шақыру;
      4) әскери қызметтен өту;
      5) запаста болу;
      6) запаста болған кезеңiнде әскери жиындарға шақыру және әскери жиындардан өту;
      7) соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында азаматтарды әскери үйретудi қамтиды.
      3. Әскери мiндеттілiктi өткеру ұлттық тегiне, әлеуметтiк жағдайына, тұрған жерiне, бiлiмiне, дiни нанымына, саяси және өзге де сенiмдерiне, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктерге тиiстiлігiне байланысты емес.
      4. Азаматтар осы Заңда көзделген негiздер бойынша әскери мiндеттіліктен босатылады.
      5. Әскери мiндеттілiкке қатысы бойынша азаматтар әскерге шақыруға дейiнгiлер, әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер, әскери міндеттілер және әскери міндетті еместер санаттарына бөлінеді.

       4-бап. Әскери қызметтің мазмұны

      1. Әскери қызмет Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы азаматтар үшін белгіленеді.
      2. Әскери қызметтiң түрлерi.
      Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет, оған мыналар жатады:
      1) мерзiмдi әскери қызмет;
      2) осы Заңның 20-бабына сәйкес шақырылған офицерлердiң әскери қызметi;
      3) жұмылдыру жариялау және әскери жиындардан өту кезіндегі әскери қызмет.
      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке мыналар жатады:
      1) солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) және офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарт жасасумен әскери қызметке ерiктi түрде қабылданатын әскери қызметшiлердiң әскери қызметi;
      2) кадеттердiң, курсанттардың, әскери оқу орындарындағы тыңдаушылардың әскери қызметi мен оқуы.
      3. Шақыру, келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн азаматтар әскери қызметшiлер болып табылады, мiндеттерiн атқарады және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген құқықтарды пайдаланады. Әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлер әскери қызмет мiндеттерiн атқарады.
      4. Мерзiмдi әскери қызметтi өткеруге азаматтардың iшкi iстер органдарының, Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесiнiң және Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң мемлекеттiк өртке қарсы қызметi оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмшелерiнде оқыған уақыты теңестiрiледi.
      5. Әскери қызметке бiрiншi рет шақырылған немесе ерiктi түрде қабылданған азаматтар Қазақстан халқына адалдыққа әскери ант қабылдайды.
       6. Бұрын әскери ант қабылдамаған әскери қызметшiлер оны әскери жиындар уақытында немесе жұмылдыру бойынша шақыру кезiнде қабылдайды. Әскери анттың мәтiнiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      7. Азаматтардың осы Заңмен айқындалған тәртiппен әскери қызметi кейінге қалдырылуы немесе әскери қызметтен босатылуы мүмкін.

       5-бап. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери
               құралымдарды әскери қызметшілермен жасақтау

      1. Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жеке құрамы әскери қызметшiлер мен азаматтық персонал адамдарын қамтиды.
      2. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшiлермен дербес аумақтық және аумақтық принциптердi ұштастыру кезiнде әскери мiндеттiлік негiзiнде шақыру бойынша және заңнама актiлерiне сәйкес әскери қызметке ерiктi түрде қабылдау жолымен жасақталады. Азаматтық персонал Қазақстан Республикасының Еңбек және мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына сәйкес қабылданады.
      3. Соғыс уақытында жұмылдыру жарияланған және соғыс жағдайы енгiзiлген кезде Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау әскери қызметке мiндеттi түрде шақыру негiзiнде жүзеге асырылады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды соғыс уақытындағы құрам мен санға дейiн қосымша жасақтау және өрiстету үшiн бейбiт уақытта әскери мiндеттiлер қатарынан әскери үйретілген резерв құрылады.

       6-бап. Әскери қызметшілер мен әскери мiндеттiлер құрамы

      Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлер мынадай құрамдарға бөлiнедi:
      1) солдаттар (матростар) құрамы;
      2) сержанттар (старшиналар) құрамы;
      3) офицерлер құрамы.

       7-бап. Әскери атақтар

      1. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда мынадай әскери атақтар белгiленедi:
             Әскери                             Кемелік
                    Солдаттар, матростар құрамы
      қатардағы жауынгер             матрос
      ефрейтор                       аға матрос
                 Сержанттар мен старшиналар құрамы
      кiшi сержант                   2-сатылы старшина
      сержант                        1-сатылы старшина
      аға сержант                    бас старшина
      3-сыныпты сержант              3-сыныпты старшина
      2-сыныпты сержант              2-сыныпты старшина
      1-сыныпты сержант              1-сыныпты старшина
      штаб-сержант                   штаб-старшина
      шебер-сержант                  шебер-старшина

                         Офицерлер құрамы
                       Кіші офицерлер құрамы
      лейтенант                      лейтенант
      аға лейтенант                  аға лейтенант
      капитан                        капитан-лейтенант

                       Аға офицерлер құрамы
      майор                          3-дәрежелi капитан
      подполковник                   2-дәрежелi капитан
      полковник                      1-дәрежелi капитан

                     Жоғары офицерлер құрамы
      генерал-майор                  контр-адмирал
      генерал-лейтенант              вице-адмирал
      генерал-полковник              адмирал
                       армия генералы

      2. Медициналық немесе заңдық әскери-есептiк мамандығы бар офицерлер үшiн әскери атақтарына тиiсінше "медицина қызметiнiң", "әдiлет" деген сөздер қосылады.
      Авиацияның (инженерлiк-авиациялық даярлығы бар ұшу, инженерлiк) жоғары офицерлер құрамы үшiн әскери атақтарына "авиация" деген сөз қосылады.
      Запаста болған азаматтардың әскери атағының алдына "запастағы" деген сөз, ал отставкадағыларға - "отставкадағы" деген сөз қосылады.
      3. Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлерге мерзiмiнен бұрын берудi қоса алғанда әскери атақтар беру, әскери атағын төмендету Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Әскери қызметтi өткеру ережесiне (бұдан әрi - Әскери қызметтi өткеру ережесi) сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлер тек соттың үкiмi бойынша әскери атақтарынан айырылуы мүмкiн.
      5. Әскери атағынан айырылған азаматқа соттылығы алынғаннан немесе жойылғаннан кейiн Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес әскери атақ берiлуi мүмкiн.
      6. Әскери атақтарда қызмет өткеру мерзiмi былай белгiленедi:
      солдаттар (матростар) құрамына                - белгiленбейдi
      сержанттар (старшиналар) құрамына             - белгiленбейдi
      офицерлер құрамына:
      лейтенанттарға                                - 3 жыл
      аға лейтенанттарға                            - 4 жыл
      капитандарға (капитан-лейтенанттарға)         - 4 жыл
      майорларға (3-дәрежелi капитандарға)          - 5 жыл
      подполковниктерге (2-дәрежелi капитандарға)   - 5 жыл
      полковниктерге (1-дәрежелi капитандарға) және - белгiленбейдi
      одан жоғарыларға

       8-бап. Әскери лауазымдар

      1. Әскери қызметшi әскери атағы сәйкес келуi тиiс бiр әскери лауазымға тағайындалады. Бұл ретте әскери лауазым Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың алдына қойылған негiзгi мiндеттер мен функцияларға сүйене отырып айқындалады.
      2. Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери лауазымдары мен оларға сәйкес келетiн әскери атақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      3. Әскери лауазымдар мынадай лауазымдарға бөлiнедi:
      1) солдаттар (матростар) құрамы;
      2) сержанттар мен старшиналар құрамы;
      3) офицерлер құрамы;
      4) курсанттар мен тыңдаушылар.
      4. Әскери қызметшiлердi лауазымдарға тағайындау, орнын ауыстыру, босату және шығару Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес жүргiзiледi.
      5. Әскери қызметшi:
      1) кемiнде екi ай - оны басқа лауазымға тағайындау кезiнде командирдiң (бастықтың) өкiмiнде тұрған;
      2) кемінде үш ай - ұйымдық-штаттық iс-шаралардың өткiзiлуiне байланысты командирдiң (бастықтың) өкiмiнде тұрған;
      3) қылмыстық iс бойынша шешiм шыққанға дейiн - әскери қызметшiге қатысты қылмыстық iс қозғалуға байланысты командирдiң (бастықтың) өкiмiнде тұрған;
      4) Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес мемлекеттiң қорғанысы мен қауiпсiздiгi мүддесiндегi жұмыстарды орындау мақсатында мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға iссапарға жiберiлген жағдайларда әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеруi мүмкiн.

       9-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери киiм нысаны мен
               айырым белгілерi

      1. Әскери жиындарға шақырылған әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттілер үшiн әскери атақтары, әскер түрлерi мен тектерi бойынша айырым белгiлерімен әскери киім нысаны белгiленеді.
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. Әскери киiм нысанын жабдықтау нормасын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды. Әскери киiм нысанын киіп жүру ережесiн Қорғаныс министрi белгiлейдi, ал әскери киiм нысанының жекелеген заттары мен айырым белгiлерiн тағу ерекшелiктерiн басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары белгiлейдi.
      2. Әскери киiм нысанын киюге құқығы жоқ азаматтардың оны киюiне тыйым салынады және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген жауапкершiлікке тартылады.

       2-тарау. Азаматтарды әскери қызметке даярлау

       10-бап. Азаматтарды әскери қызметке даярлау

      1. Азаматтарды әскери қызметке даярлау мыналарды қамтиды:
      1) бастапқы әскери даярлау;
      2) азаматтарды әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау;
      3) бiлiм беру ұйымдарында қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламалары бойынша кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарды әскери даярлау;
      4) жоғары оқу орындарында азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау;
      5) дене даярлығы, емдеу-сауықтыру жұмысы, әскери-патриоттық тәрбие.
      2. Әскерге шақыруға дейiнгілер мен әскерге шақырылушыларды әскери қызметке даярлауды өз құзыретi шегінде мемлекеттiк органдар ұйымдастырады, бiлiм беру ұйымдарында және әскери-техникалық ұйымдарында жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi, азаматтарды әскери қызметке даярлауды жүргiзетiн бiлiм беру ұйымдарының бастапқы әскери даярлық жөнiндегi оқу-материалдық базасын жасауды жүзеге асырады, сондай-ақ жетекшiлердi, оқытушыларды, тәрбиешiлердi, нұсқаушыларды, өндiрiстiк оқыту шеберлерiн және басқа да мамандарды даярлауды қамтамасыз етедi және әскерге шақыруға дейінгiлер мен әскерге шақырылушыларды әскери қызметке даярлау жөнiндегi осы Заңмен өздерiне жүктелген iс-шараларды орындауға жауапты болады.
      4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақыруға дейiнгiлер мен әскерге шақырылушылардың әскери қызметке даярлықтан өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      5. Әскерге шақыруға дейiнгiлер мен әскерге шақырылушылардың әскери қызметке даярлығын ұйымдастыру мен өткiзудi бақылауды, бағдарламалық және әдiстемелік жағынан қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.

       11-бап. Бастапқы әскери даярлық

      1. Бастапқы әскери даярлықты жалпы opтa, кәсiптік бастауыш және кәсіптiк орта бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында оқытушы-ұйымдастырушылар әскерге шақыруға дейiнгiлер мен әскерге шақырылу жасындағы азаматтармен жүргiзедi.
      Әскерге шақыруға жататын және бастапқы әскери даярлықтан өтпеген азаматтар аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi атқарушы органдарының шешiмi бойынша оны мерзімді әскери қызметке шақырылар алдында бiлiм беру ұйымдарының бiрiнші базасында өтедi.
      2. Бастапқы әскери даярлықты өткiзудi, бастапқы әскери даярлықты оқытушы-ұйымдастырушылардың әдiстемелiк жағынан даярлығын бақылауды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгі бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органымен бiрлесіп жүзеге асырады.
      3. Әскерге шақыруға дейiнгiлер мен әскерге шақырылу жасындағы азаматтармен, оқытушы-ұйымдастырушыларды iрiктеу мен тағайындауды қоса алғанда бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және өткiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

       12-бап. Азаматтарды әскери-техникалық мамандықтар
                бойынша даярлау

      1. Әскери-техникалық мамандық бойынша даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, 17 жас 6 айдан 26 жасқа дейінгі азаматтар тартылады.
      Әскерге шақырылушылар оқуын бiтiргеннен соң, егер оларда оқу кезеңiнде осы Заңмен көзделген мерзiмдi әскери қызметті кейiнге қалдыру немесе босату құқығы туындамаса мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
      2. Өндiрiстен қол үзе отырып әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлықтан өтiп жатқан әскерге шақырылушылардың оқу кезеңінде негiзгi жұмыс орны бойынша жұмыс орны, атқаратын қызметi сақталады.

       13-бап. Бiлiм беру ұйымдарында қосымша жалпы бiлiм беру
             бағдарламалары бойынша кәмелеттiк жасқа толмаған
             азаматтарды әскери даярлау

      1. Қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларымен жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсіптік орта бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және республикалық әскери мектеп-интернаттар (лицейлер) және өзге де бiлiм беру ұйымдары бiлiм беру ұйымдары болып табылады. Көрсетiлген бiлiм беру ұйымдарының Жарғыларын олардың құрылтайшылары бекiтедi.
      2. Кәмелеттiк жасқа толмаған азаматтар көрсетiлген бiлiм беру ұйымдарына медициналық куәландыру, дене даярлығын тексеру және емтихандар тапсыру қорытындысы бойынша конкурстық негiзде қабылданады.
      3. Тәрбиеленушiлердің әскери даярлықтан өту және үлестiң барлық түрлерiмен қамтамасыз етiлу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

       14-бап. Жоғары оқу орындарында запастағы офицерлер
                бағдарламасы бойынша азаматтарды әскери даярлау

      1. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтарды әскери даярлау алған жоғары бiлiмi негiзiнде мемлекеттiк тапсырыстарға сәйкес жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында жүргiзiледi.
      2. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен соң әскери тағылымдамадан өткен азаматтарға Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес запастағы лейтенант офицерлiк атағы берiледi.
      3. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен соң әскери тағылымдамадан өтпеген азаматтарға запастағы сержант әскери атағы беріледi.
      4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әскери-есептiк мамандықтардың тiзбесiн, азаматтарды әскери кафедраларда даярлауды жүзеге асыратын оқу бағдарламаларын, запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өтуге ниетi бар азаматтардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды айқындайды, жалпы бiлiм беру стандарттарын әзiрлейдi. Профессорлық-оқытушылық құрамның кандидатурасын келiседi, сондай-ақ әскери кафедраларды әскери-техникалық мүлiкпен, қару-жарақпен қамтамасыз етедi.
      5. 3апастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтардың әскери даярлықтан өту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

       15-бап. Дене даярлығы. Емдеу-сауықтыру жұмысы.
                Әскери-патриоттық тәрбие

      Әскерге шақыруға дейiнгілер мен әскерге шақырылушылардың дене даярлығын, емдеу-сауықтыру жұмысын, әскери-патриоттық тәрбиесiн жергiлiкті атқарушы органдар ұйымдастырады және ұйымдар білiм беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнама талаптарын сақтаумен өткiзедi.

       3-тарау. Әскери есеп. Азаматтарды шақыру
                 учаскелерiне тiркеу

       16-бап. Әскери есептiң жалпы ережелерi

      1. Мына азаматтарды қоспағанда, азаматтар әскери есепке тұруға жатады:
      1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйел жынысты;
      2) осы Заңға сәйкес әскери мiндетті атқарудан босатылған;
      3) бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан;
      4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұратын.
      2. Әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебiн олардың тұрғылықты жерi бойынша аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерi (басқармалары) жүзеге асырады, ал олар жоқ елдi мекендерде бастапқы әскери есептi поселкелердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi қамтамасыз етедi.
      3. Әскери есеп, әскери есепке алу құжаттары және оларды ұстау, жинау, сақтау, пайдалану және мәлiметтердi тарату тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Қазақстан Республикасындағы Әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебi ережесімен (бұдан әрi - Әскери есеп ережесi) белгiленедi.
      4. Арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, қатардағы жауынгер немесе басшылық құрамның лауазымдарына тағайындалған iшкi iстер, қаржы полициясы, кедендiк бақылау, Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң мемлекеттiк өртке қарсы қызметi органдарының кадрларына есепке алынған әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушылар әскери есептен шығарылады және Әскери есеп ережесiнде белгiленген тәртiппен көрсетiлген органдарда арнайы есепте тұрады.
      5. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшілер тиiстi әскери бөлiмдер мен мекемелердiң есебiне алуға жатады. Оларды есепке алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi, сондай-ақ басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары белгiлейдi.
      6. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары осы Заңға және Әскери есеп ережесiне сәйкес азаматтардың әскери есебiн жүргiзедi.

       17-бап. Азаматтарды шақыру учаскелеріне тiркеу

      1. Шақыру учаскелерiне тiркеу еркек жынысты азаматтарға қатысты жүзеге асырылады және жыл сайын қаңтар-наурызда мынадай мақсаттарда жүргiзiледi:
      1) азаматтарды әскери есепке алу;
      2) олардың санын айқындау;
      3) әскери қызметке жарамдылық дәрежесiн айқындау;
      4) жалпы бiлiм деңгейiн және мамандығын белгiлеу;
      5) дене даярлығының деңгейiн айқындау;
      6) әскерге шақырылушыларды алдын ала тағайындау;
      7) әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау және әскери оқу орындарына түсу үшiн кандидаттарды iрiктеу.
      2. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеудi аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерi (басқармалары) арқылы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
      3. Азаматтарды тiркеудi жүргiзу үшiн аудандарда (қалаларда) шақыру учаскелерi құрылады.
      Тiркелетiн жылы 17 жасқа толған азаматтар шақыру учаскелерiне тiркеледi.
      4. Поселкелердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi әскери мiндеттiлердiң, әскерге шақырылушылар мен әскер қатарына шақыруға дейiнгiлердiң алғашқы есебiн жүргiзудi қамтамасыз етедi. Жыл сайын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген мерзiмде аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегi тиiстi жергiлiктi бөлiмдерiне (басқармаларына) шақыру учаскелерiне тiркеуге жататын азаматтардың тiзiмiн ұсынады.
      5. 17 жасқа толатын жылдың 1 сәуiрiне дейiн дәлелдi себептерсiз әскери есепке тұрмаған әскерге шақыруға дейiнгілер әскери есепке қоюдан жалтарған деп есептелiп, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      6. Ұйымдардың лауазымды адамдары Әскери есеп ережесiн бұзғаны және шақыру учаскелерiне тiркеуге жататын азаматтардың тiзiмiн аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмдерiне (басқармаларына) дер кезінде ұсынбағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      7. Азаматтар әскер қатарына шақыруға дейінгілердi әскери есепке қоюға байланысты мiндеттердi орындау үшiн қажеттi уақытқа олардың жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақтала отырып жұмыстан (оқудан) босатылады.
      8. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеудi жүргiзу аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар мынадай құрамда тiркеу жөнiндегi комиссия құрады:
      комиссия төрағасы - ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiнің (басқармасының) бастығы комиссия төрағасының орынбасары - ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органының өкiлi.
      Комиссия мүшелерi:
      аудандық (қалалық) iшкi iстер бөлiмi бастығының орынбасары;
      медициналық персоналдың жұмысына басшылық жасайтын дәрiгер - дәрiгерлiк комиссияның төрағасы;
      комиссия хатшысы.
      Тiркеу жөнiндегi аудандық (қалалық) комиссияның дербес құрамын, оның жұмыс тәртібiн жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органы бекiтедi.
      9. Шақыру учаскелерiне тiркеу кезiнде азаматтар әскери есепке алынады және әскерге шақырылушылар немесе әскери мiндеттiлер санатына ауыстырылады.
      10. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу кезiнде медициналық куәландырудың тәртiбi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери-дәрiгерлiк сараптама ережесiне (бұдан әрi - Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережесi) сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Азаматтарды тiркеудi жүргiзу тәртібі Әскери есеп ережесiмен белгiленедi.

       18-бап. Мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және
                әскери міндеттілердiң Әскери есеп ережесiн
                орындау жөнiндегi мiндеттерi

      1. Поселкенiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi және ұйымдар әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды, оларды аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлімдерiне (басқармаларына) шақырылғаны туралы хабардар етуге және олардың дер кезiнде келуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Поселкенiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi және ұйымдар өз құзыретi шегiнде:
      1) әскери-есептiк құжаттарда әскери есепке алынғаны (әскери есептен шығарылғаны) туралы қорғаныс iстерi жөнiндегі бөлiмдердiң (басқармалардың) белгiлерi бар болған кезде ғана тұрғылықты жерi бойынша әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушыларды тiркеудi (тiркеуден шығаруды) жүзеге асыруға, сондай-ақ әскери міндеттiлердiң, әскерге шақырылушылар мен әскерге шақыруға дейiнгiлердiң сандық құрамын растайтын құжаттаманы қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерге (басқармаларға) ұсынуға;
      2) қорғаныс iстерi жөніндегі бөлiмдерге (басқармаларға) әскерге шақыруға дейiнгiлердiң әскери есепке алуға, азаматтарды әскери қызметке (жиындарға) шақыруды жүргiзуге көмек көрсетуге;
      3) Әскери есеп ережесiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер қатарынан осы Ереженi бұзған адамдарды анықтауға мiндеттi.
      3. Iшкi iстер органдары өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттерiн орындаудан жалтарған адамдарды iздестiрудi және ұстауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Азаматтық хал актілерiн жазу органдары жетi күн мерзiмде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегiн, атын және әкесiнің атын, туған күнi және туған жерiн өзгерткенi туралы, сондай-ақ әскери міндеттінiң немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғаны тiркелген жағдайлар туралы ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерiне (басқармаларына) хабарлауға міндетті.
      5. Анықтау және алдын ала тергеу органдары оларға қатысты анықтау жүргiзiлiп жатқан немесе қылмыстық iстер қозғалған әскерге шақырылушылар мен әскери мiндеттiлер туралы, ал соттар қаралып жатқан қылмыстық iстер және заңды күшiне енген үкiмдер туралы мәлiметтердi қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерге (басқармаларға) жетi күн мерзiмде хабарлауға міндетті.
      6. Халықты әлеуметтiк қорғау органдары мүгедек деп танылған барлық әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегі бөлiмдерiне (басқармаларына) жетi күн мерзiмде хабарлауға міндетті.
      Шақыруды өткiзудi бастар алдында емдеу ұйымдары қорғаныс iстерi жөніндегi департаменттердің, бөлімдердің (басқармалардың) сұрау салуы бойынша стационарлық емдеуде және диспансерлiк есепте тұрған әскерге шақыру жасындағы азаматтар туралы хабарлауға мiндеттi.
      7. Әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушылар тегін, атын, әкесiнiң атын, отбасы жағдайын, денсаулық жағдайын (I немесе II топтағы мүгедектер деп танылған), тұрған жерiн, бiлiмiн, жұмыс орны мен қызметiн өзгерткен жағдайда олар әскери есепте тұрған органды жетi күн мерзiмде хабардар етуге мiндетті.

       4-тарау. Азаматтарды әскери қызметке шақыру

       19-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру

      1. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру ағымдағы жылға арналған Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына eкі рет, сәуiр-маусымда және қазан-желтоқсанда жүргiзiледi.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қажеттi санында жасақтау үшiн шақыруды кейiнге қалдыру немесе шақырудан босату құқығы жоқ 18-ден 27 жасқа дейiнгi еркек жынысты азаматтар шақыруға жатады.
      2. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргiзудi қорғаныс iстерi жөнiндегi тиiстi департаменттер, бөлiмдер (басқармалар) арқылы жергiлiктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
      Азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды өткізу  ережесінен белгіленеді.
      3. Меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың басшылары әскерге шақырылушыларды iссапарлардан (демалыстардан) шақырып алуға, оларды хабардар етудi ұйымдастыруға және шақыру учаскесіне дер кезiнде келуін қамтамасыз етуге мiндетті.
      4. Азаматтар осы Заңның 25-бабында көрсетiлген мiндеттердi орындау үшін жұмыс орны мен атқарған қызметi сақтала отырып жұмысынан, оқуынан босатылады.
      Аудандардың (қалалардың) қорғаныс iстерi жөніндегі бөлiмдерi (басқармалары) белгілеген мерзiмде азаматтардың шақыру учаскелерiне келмеуінің дәлелдi себептерi мыналар болып табылады:
      1) науқастануы (жарақаттануы);
      2) жақын туысының қайтыс болуы немесе ауыр науқастануы;
      3) азаматтың өзінің келу мүмкіндігінен айырған басқа да жағдайлар.
      Келмеу себептерi тиiстi құжаттармен расталуға тиiс.
      5. Қазақстан Республикасының уақытша шетелде тұратын азаматтарын әскери қызметке шақыру, олардың кейінге қалдыру құқығы болмаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасындағы тұрақты тұрғылықты жерiне қайтып келген соң осы Заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      6. Оқу орындарынан шығарылған, соның iшiнде осы Заңның 16-бабының 4-тармағында көрсетiлген, 27 жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтiң белгiленген мерзiмiн өткермеген азаматтар осы Заңға сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақыруға жатады.
      7. Азаматтарды әскери қызметке шақыру туралы шешiм тек олар 18 жасқа толғаннан кейiн ғана қабылданады.
      8. Шақыру комиссиясынан өткен азаматқа шақыру комиссиясының төрағасы шешiмдi хабарлайды және азаматтың талабы бойынша шешiмнiң көшiрмесi берiледi.
      Азамат шақыру комиссиясының шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде сотқа немесе облыстық (қалалық) шақыру комиссиясына шағымдана алады. Бұл peттe шақыру комиссиясының шешiмi соттың немесе облыстық (қалалық) шақыру комиссиясының тиiстi шешiмi шыққанға дейiн тоқтатылады.
      9. Аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының әскерге шақыру туралы шешiмi негiзiнде және қызмет өткеру үшiн жiберу туралы ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмi (басқармасы) бастығының бұйрығы шыққан күн мерзiмдi қызмет әскери қызметшiсiнiң қызмет мерзiмiн бастаған күнi болып есептеледi. Әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығарылған күн қызмет мерзiмiнiң аяқталған күнi болып есептеледi.
      10. Қорғаныс министрi және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз адамдарды әскери ант қабылдағанға дейiн аудандық (қалалық) шақыру комиссиясы шешiм қабылдау үшiн керi қайтаруға құқылы.

       20-бап. Запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыру

      1. Әскери қызметке жарамды 29 жасқа дейiнгi запастағы офицерлер бейбiт уақытта Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін шақырылады.
      2. Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға әскери қызметке шақыруға жататын запастағы офицерлердiң санын және әскери-есептiк мамандықтарды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың өтiнiмi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыру:
      1) ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiнiң (басқармасының) бастығы шешiм қабылдау үшiн медициналық куәландыруға келуiн;
      2) ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiне (басқармасына) келуiн және әскери қызмет өткеру орнына бару үшiн нұсқама алуын қамтиды.
      4. Запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiнiң (басқармасының) бастығы ұйымдастырады.
      5. Ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмi (басқармасы) бастығының әскерге шақыру және қызмет өткеру үшiн жөнелту туралы бұйрығының шыққан күнi әскерге шақыру бойынша әскери қызметшiнiң қызмет мерзiмiнiң басталған күнi болып есептеледi. Әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығарылған күн қызмет мерзiмiнiң аяқталған күнi болып есептеледi.

       21-бап. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру

      1. Мерзiмдi әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру азаматтарға aудандық (қалалық) шақыру комиссиясының шешiмi бойынша:
      1) отбасы жағдайы бойынша;
      2) оқу орындарында оқуын жалғастыру үшiн;
      3) денсаулық жағдайы бойынша;
      4) басқа да себептер бойынша берiледi.
      2. Отбасы жағдайы бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк күтiмде болмайтын отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, онымен бiрге немесе бөлек тұруына қарамастан жақын туыстарының немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша көрсетiлген отбасы мүшелерiн ұстауға мiндетті азаматтарға беріледi.
      Басқа адамның көмегiне және күтiмiне мұқтаж отбасы мүшелерi мыналар болып табылады:
      әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған кезде зейнеткер жасына жеткен немесе бiрiншi немесе екіншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
      егер ата-анасы болмаған кезде олар бiрiншi немесе екіншi топтағы мүгедектер болып табылатын 18 жасқа толмаған немесе одан үлкен аға-iнілерi, апа-қарындастары;
      әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейiнгi бiр немесе одан да көп ересек балалары бар анасы (әкесi), бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырғандар;
      өзiнiң асырауында бір және одан да көп жалғызiлiктi жақын туыстары жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын (әкeci, анасы, аға-iнiсi, апа-қарындасы) және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкeci);
      өзiнiң асырауында бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын екiншi бiреудi асырап отырған және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейін бiр және одан да көп баласы бар ата-анасының бipeуi;
      2) өзiнiң асырауында:
      анасыз тәрбиелеп отырған баласы;
      ата-анасының қайтыс болуына, сондай-ақ олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сотпен бас бостандығынан айырылуына байланысты екі жылдан астам тәрбиелеген және асыраған адамдары бар;
      3) некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар азаматтар.
      3. Бiлiмiн жалғастыру үшiн мерзiмдi әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) тиiстi бiлiм беру ұйымдарында негiзгi, орта және қосымша жалпы бiлiм алатын азаматтарға, оқу кезеңiне;
      2) тиiстi білiм беру ұйымдарында күзгi оқу нысаны бойынша кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта немесе кәсiптiк жоғары бiлiм алатын, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң жоғары оқу орындарында оқитын азаматтарға бiр жоғары оқу орнын бiтіргенге дейiн жоғары оқу орнында оқитынын растайтын құжаттарды ұсынған кезде;
      3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсіптік бiлiм алатын азаматтарға (аспиранттар, докторанттар) - оқу кезеңiне берiледi.
      4. Денсаулық жағдайы бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
      5. Басқа себептер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) ауылдық (селолық) жерлерде орналасқан, кәсіптік орта немесе кәсiптiк жоғары педагогикалық бiлiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн бiлiм беру ұйымдарының мұғалiмдерiне (оқытушыларына) жұмыс iстеген барлық кезеңiне;
      2) ауылдық (селолық) жерлерде мамандығы бойынша тұрақты жұмыс iстейтiн, тиiстi бiлiмi бар дәрiгерлерге емдеу ұйымдарында жұмыс iстеген барлық кезеңiне;
      3) Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе жергiліктi өкiлеттi органдардың депутаттарына, олардың депутаттық өкілеттiгi мерзіміне;
      4) оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға тиiсiнше тергеу аяқталғанға немесе соттың шешiмi жарияланғанға дейiн;
      5) күндізгi оқу нысаны бойынша орта және жоғары дiни оқу орындарында оқитын, сондай-ақ дiни атағы немесе тiркелген дiни конфессиялардың бiрiнде штаттық лауазымы бар әскерге шақырылушыларға оқуы немесе дiни қызметi кезеңiне;
      6) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын ұйымдарда мамандығы бойынша жұмысқа қабылданған, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар азаматтарға жұмыстың барлық кезеңiне беріледi.
      6. Офицер әскери атағын берумен запасқа тiркелген азаматтарға осы баптың 2-тармағында, 3-тармағының 3) тармақшасында 4 және 5-тармақтарында көзделген негiздер бойынша әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру ұсынылады.
      7. Азаматтар әскерге шақыруды кейінге қалдырудан бас тартуға құқылы және осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында және 4-тармағында көрсетiлген адамдардан басқа, өзiнiң жеке өтiнiшiн және мүдделi адамдардан және халықты әлеуметтік қорғау органдарынан нотариалды түрде расталған тиiстi құжаттарды ұсынған кезде әскери шақырылуы мүмкін.
      8. Осы бапта көзделген шақыруды кейiнге қалдыру үшiн негiзiн жоғалтқан азаматтар осы Заңда белгiленген тәртiппен әскерге шақыруға жатады.

       22-бап. Әскери қызметке шақырудан босату

      1. Бейбiт уақытта мерзiмдi әскери қызметке шақырудан:
      1) әскери қызметтi өткеретiн немесе өткерген;
      2) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
      3) 27 жасқа жеткеннен кейiн мерзiмдi әскери қызметке және 29 жасқа жеткеннен кейiн офицерлер құрамының лауазымдарына заңды негізде шақырылмаған;
      4) әскери қызметтi өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерiн атқару кезiнде оның жақын туыстарының бiреуi (әкесi, анасы, аға-iнiсi немесе апа-қарындасы) қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып қалған;
      5) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызметтi өткерген;
      6) ғылыми дәрежесi бар азаматтар босатылады.
      2. Әскерге шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдардан басқа, мүдделi адамдардан нотариалды түрде расталған тиiстi құжаттарды және жеке өзiнiң өтiнiшiн ұсынған кезде олардың тiлегi бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
      3. Бейбiт уақытта заңда белгіленген тәртiппен соттылығы өтелмеген және алынбаған азаматтар әскери қызметке шақыруға жатпайды.
      4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шақырудан босату үшiн негізiн жоғалтқан азаматтар осы Заңда белгiленген тәртiппен әскерге шақыруға жатады.

       23-бап. Шақыру комиссиялары

      1. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткiзу үшін жергiлiктi атқарушы органдар осы Заңның 17-бабының 8-тармағымен айқындалған құрамда шақыру комиссияларын құрады.
      Шақыру комиссиясының дербес құрамын және мерзiмдi әскери қызметтi өткеру үшiн азаматтарды әскерге шақыруды өткiзу кестесiн жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
      2. Шақыру комиссиясына әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды медициналық куәландыруды ұйымдастыру жөнiндегi мiндеттер және оларға қатысты мынадай шешiмдердiң бiреуiн қабылдау жүктеледi:
      1) Қарулы Күштердiң тиiстi түрлерi мен әскер тектерiндегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке шақыру туралы;
      2) әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыруды ұсыну туралы;
      3) әскери қызметке шақырудан босату туралы;
      4) әскери мiндетiн атқарудан босату туралы.
      Шақыру комиссиясына, сондай-ақ әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландыруды ұйымдастыру жөнiндегi мiндеттер және оларды конкурстық қабылдау емтихандарын тапсыру үшiн жiберу туралы немесе осы бағытта бас тарту туралы шешiм қабылдау жүктеледi.
      3. Облыс орталықтарында (республикалық маңызы бар қалаларда, астанада) аудандық (қалалық) шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау және бақылау үшiн тиiстi облыстық (қалалық) шақыру комиссиялары мынадай құрамда құрылады:
      комиссия төрағасы - облыстың (республикалық маңызы бар қалаларда, астанада) қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментінің бастығы;
      комиссия төрағасының орынбасары - облыстың (республикалық маңызы бар қалаларда, астанада) жергілікті атқарушы органының өкілi;
      Комиссия мүшелері:
      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) ішкi iстер басқармасы бастығының орынбасары;
      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) денсаулық сақтау басқармасы (департаментi) бастығының орынбасары;
      облыстың (қаланың) қорғаныс iстерi жөніндегі департаментінің дәрiгерi (медицина қызметiнің офицерi) - әскери-дәрiгерлiк комиссиясының төрағасы;
      комиссия xaтшысы.
      Комиссияның құрамына мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ қоғамдық бiрлестіктердiң өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы тиiс.
      4. Облыстық (қалалық) шақыру комиссиясы мынадай жұмыстарды жүргiзедi:
      1) оларды қызмет өткеру орнына жөнелту алдында запаста тұрмаған, әскери қызметке шақырылған азаматтарға медициналық тексерудi ұйымдастырады, сондай-ақ қорытындымен келiспеу туралы өтiнiш берген азаматтарға, олардың медициналық куәландыру қорытындылары бойынша әскери қызметке жарамдылығы туралы бақылау медициналық куәландыруды жүргiзедi;
      2) аудандық (қалалық) шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасауды жүзеге асырады;
      3) азаматтардың мерзiмдi әскери қызметке шақырылуын кейiнге қалдыру және босатудың дұрыстығын тексередi;
      4) Қарулы Күштердiң түрлерi мен әскер тектерiнде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда мерзiмдi әскери қызметтi өткеру үшiн азаматтарды шақырудың негiздiлігіне бақылау жасайды;
      5) аудандық (қалалық) шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтардың арыздарын қарастырады.
      5. Облыстық (қалалық) шақыру комиссиясы төмен тұрған шақыру комиссияларының шешiмiн жоюға құқылы.

       24-бап. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды
                медициналық куәландыру және медициналық тексеру

      1. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар дәрiгерлiк комиссиялардың медициналық куәландыруынан өтедi.
      Дәрiгерлiк комиссияның құрамына терапевт, хирург, невропатолог, психиатр, окулист, оториноларинголог, дерматовенеролог, стоматолог дәрiгер-мамандар, ал қажетті жағдайда басқа да мамандықтардың дәрiгерлерi енедi.
      2. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды медициналық куәландыру жөнiндегi жұмысқа басшылық жасайтын дәрiгерлер медициналық куәландырудың қорытындысы бойынша мынадай санаттар бойынша әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытынды бередi:
      А - әскери қызметке жарамды;
      Б - шамалы шектеулермен әскери қызметке жарамды;
      В - шектеулермен әскери қызметке жарамды;
      Г - әскери қызметке уақытша жарамсыз;
      Д - бейбiт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында әскери қызметке шектеулi жарамды;
      E - есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз.
      3. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарға медициналық куәландыруды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережесiмен айқындалады.

       25-бап. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтардың
                міндеттілігі

      1. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiнiң (басқармасының) шақыру қағазы бойынша медициналық куәландыруға, шақыру комиссиясының отырысына немесе әскери қызметтi өткеру үшiн әскери бөлiмге жөнелту үшiн келуге, сондай-ақ әскери қызметтi өткеру орнына жөнелткенге дейiн қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмде (басқармада) болуға мiндеттi.
      2. Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар шақыру қағазын қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмнен (басқармадан) қол қойып алуға мiндеттi. Шақыру қағазын азаматтарға қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмнiң (басқарманың) лауазымды адамдары немесе азаматтың жұмыс (оқу) орны бойынша басшылар, ұйымның әскери-есептiк жұмысқа жауапты басқа да лауазымды адамдары тапсырады. Шақыру қағазында азаматтардың оларда баяндалған талаптарды орындамауының салдарлары көрсетiлуi тиiс.
      Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарға көрсетiлген лауазымды адамдардың шақыру қағазын тапсыруы мүмкiн болмаған жағдайда, олардың келуiн қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органдарына жүктеледi.
      3. Офицер әскери атағын берумен запасқа алынған азаматтар қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмнiң (басқарманың) шақыру қағазы бойынша әскери қызметке шақыру туралы шешiм қабылдау және әскери қызметтi өткеру орнына кетуге нұсқама алу үшiн медициналық куәландыруға келуге мiндеттi.
      4. Азаматтар дәлелсiз себептермен әскери қызметке шақырумен байланысты iс-шараларға келмеген жағдайда, ол әскери қызметтен жалтарған болып саналады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

       5-тарау. Келiсiм-шарт бойынша азаматтарды әскери
                 қызметке қабылдау

       26-бап. Әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт

      1. Әскери қызметтi өткеру туралы келісiм-шарт азамат пен Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың уәкілеттi лауазымды адамымен жасасылады.
      2. Келiсiм-шарт Әскери қызметтi өткеру ережесiмен айқындалған тәртiпте үлгілiк нысан бойынша жазбаша түрде жасасылады.
      3. Әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шартпен азаматтың әскери қызметке қабылдануының ерiктiлiгiн, азаматтың әскери қызметтi өткерудi мiндеттенген мерзiмi мен келiсiм-шарттың талаптары бекiтiледi.
      4. Әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарттың талаптары азаматтың келiсiм-шартпен белгiленген мерзiм iшiнде Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметтi өткеру, Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген әскери қызметшiнiң жалпы, лауазымдық мiндеттерiн адал атқару мiндеттілiгiн қамтиды. Сондай-ақ келiсiм-шарттың талаптары Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген жеңiлдiктердi, кепiлдiктер мен өтемақыларды алуды қоса алғанда оның құқықтары мен отбасы мүшелерiнiң құқықтарын сақтаудағы азаматтың құқығын қамтиды.
      5. Әскери қызметті өткеру туралы келiсiм-шарт лауазымға тағайындау туралы бұйрықтың шыққан күнiнен бастап күшiне енедi және өз қолданысын:
      1) келiсiм-шарт жасасылған мерзiмнiң аяқталуы бойынша;
      2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
      3) әскери қызметшiнiң әскери қызметтi өткеру туралы өзге де келiсiм-шарт жасасқан күнiнен бастап;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      6. Әскери қызметшiнi қызметке тағайындау туралы бұйрықта көрсетiлген күн әскери қызметшінің қызметтiк мiндеттерiн орындауды бастаған күнi болып есептеледi.
      7. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшiлер әскери қызметтi тиiсті лауазымда әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт жасамастан өткередi.
      Көрсетiлген лауазымға тағайындалғанға дейiн әскери қызметшiлермен әскери қызметтi өткеру туралы жасасылған келiсiм-шарт өзiнiң қолданысын тоқтатады. Осы әскери қызметшiлерге, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткеретiн әскери қызметшiлердiң мәртебесi сақталады.
      Көрсетiлген әскери қызметшiлердi лауазымынан босатқаннан кейiн әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсiм-шарт жасасылады немесе осы Заңмен және Әскери қызметтi өткеру ережесiмен айқындалған негiздер бойынша және тәртiппен әскери қызметтен босатылады.
      8. Жоғары бiлiмi бар және 6 ай қызмет өткерген мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi сержанттар және офицерлер құрамының лауазымдарына Әскери қызметтi өткеру ережесiнде айқындалған тәртіппен келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылдануы мүмкiн.

       27-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке
                қабылданатын адамдарға қойылатын талаптар

      1. Келісiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамдар мынадай талаптарға жауап беруi:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы;
      2) осы Заңмен белгiленген әскери атағына байланысты, курсанттарды қоспағанда 19 жастан кiшi және әскери қызметте болудың шектi жасынан үлкен болмауы тиiс.
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке:
      1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп танылған;
      2) тиiстi дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiретiн науқасы бар;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
      4) әскери қызметке қабылданар уақытта заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар не оған қатысты қылмыстық iс қозғалған;
      5) әскери қызметке қабылданар алдындағы екi жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртiптiк жауапқа тартылған;
      6) әскери қызметке қабылданар алдындағы бiр жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
      7) әскери қызметке қабылданғанға дейiн алдындағы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған адамдар қабылдануы мүмкiн емес.
      3. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамға қатысты арнайы тексеру жүргізіледi.
      4. Азаматтың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережесiне сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi. Медициналық куәландырудың қорытындысы бойынша осы Заңның 24-бабының 2-тармағына сәйкес азаматтың әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытынды берiледi. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған азамат қабылдануы мүмкiн.
      5. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын кандидаттан бас тарту үшiн, сондай-ақ:
      1) осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бұрмалау;
      2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос қызметтердiң болмауы;
      3) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын кандидаттың осы Заңда және Әскери қызметтi өткеру ережесiнде белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi негiз болып табылады.

       28-бап. Азаматтарды әскери оқу орындарына қабылдау.
                Әскери оқу орындарында оқитын азаматтармен
              әскери қызмет өткеру туралы келiсiм-шарт жасасу

      1. Әскери оқу орнына:
      1) қабылданар жылы 17 жасқа толған, бiрақ 21 жастан аспаған әскери қызмет өткермеген азаматтар;
      2) әскери қызмет өткерген азаматтар және олар қабылданар жылы 24 жасқа жеткенге дейiн мерзiмдi әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер;
      3) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың бiрiншi басшылары айқындайтын тәртiппен келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер қабылдануға құқылы.
      2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери оқу орнына қабылданған күн қызметтік мiндеттерiн атқаруды бастаған күнi болып есептеледi.
      3. Әскери оқу орындарына қабылданатын азаматтар келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын азаматтар үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуi тиiс.
      Әскери оқу орындарына қабылданатын азаматтар Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес әскери лауазымдарға тағайындалады.
      4. Әскери қызметтi өткермеген азаматтар әскери оқу орнына қабылданған кезде келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлердiң мәртебесiне ие болады және олар 18 жасқа толғаннан кейiн, бiрақ олар көрсетiлген әскери оқу орындарында бiрiншi курсты аяқтамастан бұрын әскери қызмет өткеру туралы келiсiм-шарт жасасады.
      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткеретiн әскери қызметшiлер әскери оқу орнына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсiм-шарт жасасады.
      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткерген, сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызметтi өткерген немесе өткеретiн азаматтар әскери оқу орнына қабылданған кезде оқу басталғанға дейiн әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт жасасады.
      Осы Заңмен белгiленген тәртiпте әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт жасасудан бас тартқан әскери қызметшiлер әскери оқу орнынан шығаруға жатады.
      5. Әскери оқу орындарына қабылданбаған әскери қызметшiлер Әскери қызметтi өткеру ережесiмен айқындалған тәртiппен одан әрi әскери қызметтi өткеру үшiн жiберiледi.
      6. Әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт жасасудан бас тартқан, егер олар әскерге шақыру бойынша белгiленген әскери қызмет мерзiмiн өткермесе тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберiледi және жалпы негiздерде әскери қызметке шақырылады. Бұл peттe үлгермеушiлiгi немесе тәртiпсiздiгi үшiн әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметшiлер оларды оқытуға салған бюджет қаражатын мемлекетке төлеуге мiндеттi.
      7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын бiтiргеннен кейін он жыл iшiнде әскери қызметтi өткеруден бас тартса немесе өз бастамасы бойынша келiсiм-шартты бұзса ол оны оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке төлеуге мiндеттi. Ұсталуға жататын сома келiсiм-шарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өтелмеген айға тепе-тең есептеледi.
      8. Жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери қызметшiлерге Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес лейтенант әскери атағы беріледi.

       29-бап. Келiсiм-шарт мерзiмi және оны жасасу тәртiбi

      1. Әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шарт үш жылға, бес жылға, он жылға, әскери қызметте болу жасының шегiне жеткенге дейін немесе әскери оқу орнында оқу мерзіміне және оны бiтiргеннен кейiн әскери қызметке он жылға жасасылуы мүмкiн.
      2. Кандидаттарды iрiктеу және оларды келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау тәртiбi Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес айқындалады.

       6-тарау. Әскери қызметті өткеру

       30-бап. Әскери қызмет мiндеттерiн атқару

      1. Әскери жиындардан өтетiн әскери қызметшi, сондай-ақ әскери міндеттi:
      1) лауазымдық міндеттерiн атқарған;
      2) командирлер (бастықтар) берген бұйрықтарды немесе өкімдерді орындаған;
      3) жауынгерлiк кезекшiлiктi, жауынгерлiк қызметті, тәулiктiк және гарнизондық нарядтардағы қызметтi атқарған;
      4) жауынгерлiк iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы жанжалдар жағдайларында мiндеттерiн атқарған;
      5) бейбiтшiлiктi және қауіпсiздiктi сақтау жөнiндегi бiтiмгершiлiк операцияларына қатысқан;
      6) зiлзала, апаттар мен техногендiк немесе өзге де сипаттағы апаттардың салдарларын жоюға қатысқан;
      7) оқу-жаттығуларға немесе кеме жорықтарына қатысқан;
      8) егер бұл қызметтiк қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiмен белгіленген қызмет уақыты немесе басқа да уақыт ішінде әскери бөлiмнің аумағында болған;
      9) қызметтiк iссапарда болған;
      10) қызметте, қызмет орнына бару мен керi қайту жолында болған;
      11) емдеуде, емдеу орнына бару мен керi қайту жолында болған;
      12) демалыста, демалысын өткiзу орнына бару мен керi қайту жолында болған;
      13) әскери жиындардан өтетiн;
      14) ерiктi түрде тұтқынға түскен жағдайларды қоспағанда, тұтқында, кепiлдiкте немесе бопсалау жағдайында болған;
      15) жеке бастың өмiрiн, денсаулығын, абыройы мен намысын қорғаған;
      16) адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау, құқық тәртiбiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
      17) жеке адам, қоғам, мемлекет мүддесінде жасалған деп сотпен танылған өзге де iс-қимылдар жасаған жағдайларда әскери қызмет мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.
      2. Командирлерге (бастықтарға) әскери қызметтің мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (жарлықтар) мен өкiмдер беруге тыйым салынады.
      Көрсетiлген бұйрықтар (жарлықтар) мен өкiмдер берген командирлер (бaстықтар) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

       31-бап. Әскери қызметшiлердi лауазымға тағайындау
                және ауыстыру

      1. Әскерге шақыру және келісiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеру, лауазымға тағайындау кезiнде әскери қызметшілерге талаптар қою, сондай-ақ оларды ауыстыру тәртiбi Әскери қызметтi өткеру ережесiмен белгiленедi.
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметті өткеретiн әскери қызметшілердiң бір мемлекеттiк органнан басқасына ауысуы және ауыстырылуы, әдеттегiдей, келісім-шарттың мерзiмi аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.

       32-бап. Әскери қызмет мерзiмi

      Әскери қызмет мерзiмi күнтiзбелік есеппен:
      1) осы баптың 2) тармақшасында көрсетiлгендердi қоспағанда, мерзiмдi қызметтiң солдаттары мен сержанттары үшiн - 12 ай;
      2) Қарулы Күштер Әскери-Теңiз күштерінің корабльдерi мен кемелерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi мерзiмдi қызметiнiң матростары мен старшиналары, сондай-ақ iшкi iстер органдары iшкi әскерлерiнiң және Республикалық ұланның солдаттары мен сержанттары үшiн - 18 ай;
      3) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген офицерлер үшiн - 36 ай;
      4) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткеретiн әскери қызметшілер үшін - әскери қызметтi өткеру туралы келiсiм-шартта көрсетiлген мерзiм болып белгiленедi.

       33-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметтегi әскери
                атақтарда болу жасының шегi

      1. Осы Заңның 46-бабының 3-тармағында көрсетiлгендердi қоспағанда, әскери қызметшiлердiң әскери қызметтегi әскери атақтарда болу жасының шегi:
      1) солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының әскери қызметшiлерi үшiн - 45 жас;
      2) кiшi және аға офицерлер құрамы үшiн подполковникке (2-дәрежелi капитанға) дейiнгiнi қоса алғанда - 48 жас;
      3) аға офицерлер құрамы үшiн полковник (1-дәрежелi капитан) - 53 жас;
      4) жоғары офицерлер құрамы үшiн генерал-лейтенантқа (вице-адмиралға) дейiнгiнi қоса алғанда - 58 жас;
      5) жоғары офицерлер құрамы үшiн генерал-полковниктен (адмиралдан) бастап 63 жас болып белгiленедi.
      2. Шектi жасқа жеткен әскери қызметшiлер Әскери қызметтi өткеру ережесiнде белгiленген тәртiппен запасқа шығаруға жатады.
      Жоғары кәсiптiк даярлығы, атқарып отырған лауазымында жұмыс тәжiрибесi бар және әскери қызметті өткеру үшiн денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери қызметшiлерге осы Заңның 29-бабына сәйкес жаңа келiсiм-шарт жасасу жолымен, бiрақ 5 жылдан аспайтын мерзiмге Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары әскери қызмет мерзiмiн ұзартуы мүмкiн.

       34-бап. Әскери қызметтен босату

      1. Әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату мынадай негiздер:
      1) жасы бойынша - әскери қызметте болудың шектi жасына жеткеннен кейiн;
      2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмiнiң немесе келiсiм-шарт мерзiмiнiң аяқталуы бойынша;
      3) денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрігерлiк комиссияның оны әскери қызметке жарамсыз деп танығаны туралы қорытындысына байланысты;
      4) денсаулық жағдайы бойынша - аға сержантқа (старшинаға) дейiнгiні қоса алғанда, әскери атақ штатпен көзделген әскери лауазымда келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiнi әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке шектеулi жарамды деп тануы туралы қорытындысына байланысты;
      5) оның әскери атағынан айырылуы;
      6) әскери қызметшiге бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкiмiнiң заңды күшiне енуi;
      7) әскери оқу орнынан шығарылуы;
      8) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы бойынша жүргiзiледi.
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшi әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын:
      1) ұйымдық-штаттық iс-шараларға;
      2) арнайы атақтар беру көзделген мемлекеттiк органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына;
      3) олардың келiсiм-шарт талаптарын орындамауына, сондай-ақ дәлелсiз себептермен қызметке шықпауына байланысты;
      4) арнайы тексерiстен бас тартуына;
      5) әскери қызметшiге шартты түрде бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкiмiнiң заңды күшіне енуiне;
      6) әскери қызметшiнiң iскерлiк және моральдық қасиеттерiне сүйене отырып, жағымсыз себептеp бойынша босатылуы мүмкiн.
      3. Келісiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметші:
      1) оған қатысты келiсiм-шарт талаптарының елеулi және (немесе) жүйелi түрде бұзылған жағдайда;
      2) денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссиясының оны әскери қызметке шектеулi жарамды деп тану туралы қорытындысына байланысты (осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген адамдардан басқа);
      3) отбасы жағдайы бойынша;
      әскери қызметшi әскери қызметтi өткеретiн жергілiктi жерлерде медициналық көрсеткiштер бойынша әскери қызметшi отбасы мүшесiнiң тұруына мүмкiндiк болмауымен және әскери қызметшiнi көрсетiлген отбасының мүшесi тұру үшiн қолайлы әскери қызметтiң жаңа орнына ауыстыру мүмкiндiгi болмауына;
      басқа жергiлiктi жерге отбасын көшiру қажеттiлiгiмен байланысты әскери қызметшi күйеуiнiң (әскери қызметшi әйелiнiң) әскери қызмет орнының өзгеруiне;
      олардың тұрғылықты жерi бойынша әлеуметтiк қорғау органдарының қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмдi (көмектi, қадағалауды) қажет ететiн не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер немесе қартаюы бойынша зейнетақы жасына жеткен немесе 18 жасқа толмаған адамдар болып табылатын әкесiн, анасын, әйелiн, күйеуiн, жақын аға-інісін, жақын апа-қарындасын, атасын, апасын немесе асыраушысын ұдайы қажеттiлiгiмен, заң бойынша көрсетiлген азаматтарды ұстауға мiндеттi басқа адамдар болмауына;
      әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған 18 жасқа толмаған бала күтiмiнiң қажеттiлiгiне;
      4) тұрақты негiзде билiктiң өкiлеттi органына сайлануына;
      5) Қазақстан Республикасының сот органдарына судья болып тағайындалуына немесе сайлануына байланысты әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
      4. Офицер әскери атағы жоқ және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтi өткеретін әскери қызметшi мынадай жағдайлар бойынша мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы:
      1) осы Заңның 21-бабының 7-тармағына және 22-бабының 2-тармағына сәйкес кейінге қалдырудан бас тарту туралы өтiнiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан кейiнге қалдыру құқығы туындаған;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығуға құқық берiлгенiн куәландыратын құжаттары болған кезде отбасы құрамында шетелде тұрақты тұруға немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұратын отбасына қосылу үшін.
      5. Офицер әскери атағы бар және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтi өткеретiн әскери қызметшi онда 21-баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларымен көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
      6. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күнiнiң келесi күнi, ал заңмен белгiленген тәртiппен хабарсыз кеттi деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған әскери қызметшi соттың тиiстi шешiмi заңды күшiне енген күнiнен кейiн әскери бөлiм жеке құрамының тiзiмiнен шығарылады.
      7. Белгiленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда, олардың қолданылу кезеңiнде тоқтатылады.
      8. Әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату тәртiбi Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес жүргiзіледi.

       7-тарау. Запаста болу

       35-бап. Запаста болу

      1. Мыналар запасқа тiркелген азаматтар болып есептеледi:
      1) запасқа тiркеумен әскери қызметтен босатылған;
      2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
      3) олар 27 жасқа толғаннан кейiн әскерге шақыруы кейiнге қалдыруға байланысты әскери қызметтен өтпеген;
      4) басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақырылмаған;
      5) әскери-есептік мамандығы бар әйел жынысты адамдар;
      6) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен адамдар.
      2. Запаста болатын азаматтар Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережесiне сәйкес әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін медициналық куәландырудан өтедi.
      3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған, сондай-ақ соттың шешiмiмен офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамдар қатардағы жауынгер немесе матрос әскери атағын берумен ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмiмен (басқармасымен) запасқа шығарылады.
      4. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда қызмет өткерген адамдарға запасқа шығарылған кезде ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмi (басқармасы) әскери-есептiк мамандық белгiлейдi.
      5. Ұлттық қауiпсiздiк органдары үшін запас осы Заңмен немесе Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiмен айқындалған тәртiппен құрылады.
      6. Запастағы қызмет жиындарынан өтудi, әскери қызметке шақыру ережесiн орындауды, сондай-ақ әскери есеп бойынша міндеттерді сақтауды қамтиды.

       36-бап. Запаста болу жасының шегi. Запас топтары

      1. Еркек жынысты әскери мiндеттiлердiң жасы бойынша запаста болуы екi топқа бөлiнедi. Топтар запаста болу мерзiмiнiң ұзақтығына байланысты белгіленедi.
      2. Солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар мынадай жас шегiне дейін запаста болады:
      1) бiріншi топ - 35 жасқа дейiнгiнi қоса алғанда;
      2) екіншi топ - 36 жастан 45 жасқа дейiн.
      3. Офицерлер мынадай жас шегiне дейiн запаста болады:
      1) бiрінші топ - 45 жасқа дейiнгiнi қоса алғанда;
      2) екiншi топ - 46 жастан 55 жасқа дейiн.
      4. Әскери мiндеттi әйелдер оларға берiлген әскери атақтарына қарамастан екiншi топтағы запасқа есептеледi.
      Олардың запаста болу жасының шегi былай белгiленедi:
      1) солдат (матрос), сержант, старшина құрамының адамдары үшiн - 45 жасқа дейiнгiнi қоса алғанда;
      2) офицерлер құрамының адамдары үшiн - 50 жасқа дейiнгiнi қоса алғанда.
      5. Запаста болу жасының шегiне жеткен немесе әскери есептен шығарумен денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған әскери мiндеттiлер отставкаға ауыстырылады.
      6. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста болу жасының шегiн ұзартуы мүмкiн.

       37-бап. Әскери жиындардан өту

      1. Соғыс уақытында Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауға арналған әскери мiндеттiлер оқу-жаттығу, тексеру және арнаулы әскери жиындарға шақырылады.
      2. Бiр ай мерзiммен өткiзiлетiн оқу-жаттығу жиындарына әскери мiндеттiлер кезеңдiлiгi бес жылда бiр рет шақырылады.
      3. Әскери мiндеттiлердiң оқу-жаттығу жиындарын өткiзу уақытын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      4. Әскери мiндеттiлер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде 15 күнге дейiнгi мерзiмге жұмыстан қол үзе отырып тексеру жиындары мен командирлік даярлыққа тартылуы мүмкін.
      5. Запаста болған уақыт iшiнде жиындардың жалпы мерзiмi әскери мiндеттiлер үшiн 18 айдан аспауы керек. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзiміне тексеру жиындарында болған уақыты да есептеледi.
      6. Арнаулы жиындар төрт айға дейiнгi ұзақтықпен өткiзіледi.
      7. Әскери мiндеттiлердiң жиындар кезеңінде жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады.
      Әскери мiндеттінің дәлелсiз себептермен жиындар орналасқан орындардан тыс болған уақыты жиындардан өту мерзіміне есептелмейдi.
      8. Әскери жиындарды өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

       38-бап. Әскери жиындардан өтуден босату

      1. Оқу-жаттығу жиындарынан өтуден мыналар босатылады:
      1) шаруашылық жүргiзушi субъектілер үшін бронь алған әскери міндеттілер;
      2) мемлекеттiк органдарда Қазақстан Республикасының қорғанысын, қауiпсiздiгi мен құқық тәртібiн қамтамасыз етумен байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтін адамдар;
      3) азаматтық авиацияның жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды тiкелей қамтамасыз ететiн ұшқыш және техникалық құрамы, жұмысшылары мен қызметкерлерi, сондай-ақ оқу-жаттығу авиациясы клубтарының персоналы;
      4) ауыл шаруашылығына және ауыл шаруашылық техникасын жөндеу жөніндегi ұйымдарда жұмыс iстейтін адамдар - егiн егу және жинау жұмыстары кезеңiнде;
      5) бiлiм беру ұйымдарының педагогикалық құрамы - оқу жылы кезеңінде;
      6) барлық бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу түрiнде оқитындар;
      7) аспиранттар мен докторанттар - аспирантура мен докторантурадағы оқу кезеңiнде;
      8) әскери мiндетті әйелдер;
      9) әскери міндеттiлер запасқа шыққаннан кейiн екi жыл бойы;
      10) 18 жасқа дейiн үш және одан да көп баласы бар әскери міндеттілер;
      11) өздерi жөнiнде анықтау алдын ала тергеу жүрiп жатқан немесе қылмыстық iсi сотта қаралып жатқан адамдар;
      12) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң және мәслихаттардың депутаттығына сайланған әскери міндеттiлер.
      Осы баптың 1), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген әскери міндеттілер арнайы жиындардан өтуден босатылмайды.

       8-тарау. Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру.
                 Тарату

       39-бап. Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру және
                соғыс уақытында одан кейiнгi әскери
                қызметке шақыру

      1. Жұмылдыру жарияланған кезде әскери қызметте тұрған және әскери жиындарда жүрген, босатуға жататын барлық азаматтар ерекше өкiмге дейiн әскери бөлiмдерде кiдiре тұрады, ал әскери мiндеттiлер мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметшілердiң демалысы тоқтатылады және олар өз әскери бөлiмдерiне керi шақырып алынады.
      2. Жұмылдыру жарияламай, Қарулы Күштердi жауынгерлiк әзiрлiкке келтiрген кезде Қарулы Күштердi жұмылдыра өрiстету жоспарымен көзделген санында әскери міндеттілерді әскерге шақыру жүргiзiледі.
      Жұмылдыру немесе соғыс жағдайы жарияланысымен азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру туралы бұрын қабылданған шешiмдер жойылады.
      Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейiнге қалдырулар мен одан босатулардан басқа, осы Заңда белгіленген шақыруды кейінге қалдырулар мен одан босатуларды бұдан әрi қолдану тоқтатылады.
      3. Жергiліктi атқарушы органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар жұмылдыру жүргiзу кезiнде және соғыс уақытында әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды дер кезiнде хабардар етудi және жинау пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткізудi қамтамасыз eтугe мiндетті.
      4. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттілермен және әскерге шақырылушылармен жұмыс, қызмет орны бойынша толық есеп айырысады, нақты жұмыс iстеген уақытына жалақы, жәрдемақы және пайдаланылмаған демалысы үшiн өтемақы төленедi. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтарға өздерi тұратын тұрғын үй алаңы сақталады. Әскери қызметке жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың отбасын мемлекеттiк қамсыздандыру (жәрдемақы, зейнетақы) Қазақстан Республикасының заңнамасы негiзiнде жүргізіледi.

       40-бап. Жұмылдыру бойынша, соғыс уақытында әскерге
                шақыру ережелерiн бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Соғыс уақытындағы жұмылдыру бойынша әскерге шақырғанда көрсетiлген мерзiмде жинау пункттерiне дәлелсiз себептермен келмеген азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскерге шақырылған азаматтардың дер кезiнде келуіне кедергі жасаған лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген жауапқа тартылады.

       41-бап. Тарату бойынша босату

      Таратуға байланысты босату Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы негізiнде жүргізiледi. Азаматтардың көрсетiлген санатын босату және әскери есепке қою тәртiбi Әскери қызметтi өткеру ережесiмен белгiленедi.

       42-бап. Азаматтарды соғыс уақытында жалпыға
                бiрдей әскери үйрету

      1. Халықты азаматтық қорғаныс iс-шараларына үйрету, соғыс уақытында Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажеттi контингент әзiрлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi 16-дан 55 жасқа дейiнгi ерлердi, балалары жоқ немесе 10 жастан асқан балалары бар 18-ден 45 жасқа дейiнгi әйелдердi бар азаматтарға мiндеттi жалпыға бiрдей әскери үйретудi енгізедi.
      Азаматтарды жалпыға бiрдей әскери үйретудi азаматтардың жұмыс, оқу және тұрғылықты жерi бойынша жұмыс пен оқудан қол үздiрмей, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары арқылы ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөніндегi бөлiмдерi (басқармалары) жүзеге асырады.
      2. Жалпыға бiрдей әскери үйретудi өткiзу тәртiбiн Қазақстан Pecпубликасының Үкiметi белгілейдi.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi халықты жалпыға бiрдей әскери үйрету жөнiндегі iс-шараларды ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерiнiң (басқармаларының) ұйымдастыруын бақылауды жүзеге асырады.

       9-тарау. Азаматтардың, лауазымды адамдар мен әскери
                 қызметшiлердің әскери міндеттілік және
                 әскери қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін
                 жауаптылығы

       43-бап. Азаматтардың және лауазымды адамдардың әскери
              мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы заңнаманы
              бұзғаны жауаптылығы

      1. Ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмiнiң (басқармасының) шақыруы бойынша көрсетiлген мерзiмде келмеген, сондай-ақ Әскери есеп ережесiн дәлелсiз себептермен бұзған азаматтар әскери мiндетiн атқарудан жалтарған деп есептеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Әскери жиындардан өтуден жалтарғаны үшiн, сондай-ақ жиыннан өту уақытында әскери қызмет атқарудың белгiленген тәртібiне қарсы құқық бұзушылық жасағаны үшiн әскери мiндеттiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      3. Шақыру комиссияларының мүшелерi, әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды медициналық тексеруге қатысатын дәрiгерлер, сондай-ақ әскери қызметке шақыру мәселелерi жөнiндегi заңнаманы бұзуға жол берген басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      4. Азаматтардың әскери мiндеттi атқарудан жалтаруына ықпал жасайтын және олардың әскери қызметтi өткеруiне кедергi келтiретiн, сондай-ақ осы Заңда белгiленген мiндеттердi атқармайтын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      5. Жергіліктi атқарушы органдардың, поселкелердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық округтердiң) әкiмдерi, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың лауазымды адамдары осы Заңмен белгiленген талаптарды сақтамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлiктiк, қылмыстық немесе өзге де жауапқа тартылады.

       44-бап. Әскери қызметшiлердiң Әскери қызмет өткеру
                ережесiн бұзғаны және құқық бұзушылық жасағаны
                үшін жауаптылығы

      1. Барлық әскери қызметшілер әскери атағы мен лауазымына қарамастан Заң алдында тең және өз құқықтық жағдайларының ерекшеліктерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
      2. Әскери қызметшiлер әскери тәртiптi бұзғаны, құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің Жарғыларына сәйкес тәртіптiк, әкiмшiліктік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапқа тартылады.

       10-тарау. Қорытынды ережелер

       45-бап. Заңды орындауға байланысты iс-шараларды
                материалдық қамтамасыз ету

      1. Жергілiктi атқарушы органдар:
      1) азаматтарды тiркеу және оларды әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландырудан өткiзудi;
      2) медициналық және шақыру комиссиясынан өту үшін шалғай жерлерде тұратын азаматтарды жеткiзуді;
      3) шақыру (жинау) пункттерiн жабдықтауды, дәрi-дәрмекпен, құрал-сайманмен, медицина және шаруашылық мүлкiмен, автомобиль көлiгiмен, сондай-ақ байланыс құралдарымен жабдықтауды;
      4) қызмет көрсететiн персоналдардың, медициналық және техникалық қызметкерлердiң қажетті санымен;
      5) азаматтарды медициналық тексеру үшiн емдеу-алдын алу мекемелерiндегi орынмен қамтамасыз етеді.
      2. Iшкi iстер органдары әскери қызметке шақырудан жалтарған адамдарды жеткiзудi және әскерге шақырылушыларды әскери бөлiмдерге жөнелту және кету кезiнде қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз етедi.
      3. Соғыс уақыты жағдайларында жұмылдыруды өткiзу жоспарларын орындау үшін жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен әскери мiндеттілердi хабардар ету штабтары немесе учаскелерi, оларды және техниканы жинау пункттерi құрылады.
      4. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу жөнiндегi комиссиялардың, шақыру комиссияларының мүшелерiне, медициналық, техникалық қызметкерлерге, сондай-ақ шақыру учаскелерi мен жинау пункттерінде жұмыс iстеу үшін бөлiнген қызмет көрсететiн персоналдары адамдарына осы мiндеттердi орындаған барлық уақытқа жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады.
      Егер көрсетiлген адамдардың өз мiндеттерiн атқаруы тұрғылықты жерiнен кетуiмен байланысты болса, онда ауданның (қаланың) қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмдерi (басқармалары) олардың тұрғылықты жерiнен жұмыс орнына және керi қайту жолына, тұрғын үй жинауына сондай-ақ iссапарлар шығыстарын өтейді.

       46-бап. Ауыспалы ережелер

      1. Осы Заң күшiне енгенге дейiн әскери қызметшiлер әскери қызметтi өткеру туралы жасасылған келiсiм-шарттар, олар жасасылған мерзiм iшiнде қолданыста болады.
      2. Әскери қызметтi өткеретiн және тиiстi келiсiм-шарттар жасаспаған әскери қызметшiлер оларды осы Заңда көзделген тәртiппен жасасады.
      3. 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша күнпарақтық есеппен 10 және одан да көп жыл қызмет өткерген жылдары бар әскери қызметшiлердiң әскери қызметтегi шектi жасы:
      1) подполковникке (2-дәрежелі капитанға) дейінгіні қоса алғанда кiшi және аға офицерлер құрамы үшiн - 45 жас;
      2) аға офицерлер құрамы үшiн полковник (1-дәрежелi капитан) - 50 жас;
      3) жоғары офицерлер құрамы үшiн генерал-лейтенантқа (вице-адмиралға) дейiнгiнi қоса алғанда - 55 жас;
      4) жоғары офицерлер құрамы үшiн генерал-полковниктен (адмиралдан) бастап - 60 жас болып белгiленедi.
      4. "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттілiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 19 қаңтардағы  Заңына сәйкес әскери қызметке шақырудан босатылған немесе әскери қызметке шақырылуы кейінге қалдырылған азаматтар көрсетiлген босатулар мен кейiнге қалдыруларды, олардың қолданыс мерзiмi өткенге дейiн немесе олардың негiзi жойылғанға дейiн пайдаланады.
      5. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн мерзiмдi әскери қызметке шақырылған мерзiмдi қызметтiң қатардағы жауынгер және сержанттар құрамы әскери қызметшiлерiнiң әскери қызмет мерзiмi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен өзгертілуі мүмкін.
      6. Запаста немесе отставкада болатын әскери қызметшiлер мен азаматтардың осы Заңда көзделмеген және оларға бұрын берiлген әскери атақтары сақталады. Осы әскери қызметшiлер мен азаматтарға әскери атақтар Әскери қызметтi өткеру ережесiне сәйкес берiледi.

       47-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заңның 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 32-бабын, 7-бабын қоспағанда, осы Заң оны ресми жариялаған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Мыналар күшiн жойды деп танылсын:
      1) "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 19 қаңтардағы  Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесiнiң ведомосi, 1993 ж., N 2, 28-құжат; 1995 ж., N 8, 56-құжат; N 22, 135-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ведомосi, 1997 ж., N 12, 184-құжат; 2001 ж., N 8, 56-құжат; N 13-14, 173-құжат; N 117-118, 245-құжат; 2002 ж., N 3, 22-құжат; N 6, 71-құжат);
      2) "Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 20 наурыздағы  Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ведомосi, 2001 ж., N 8, 57-құжат).

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады