Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 20 наурыздағы N 167 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 74 (қолданысқа енгізілу тәртібін 46-баптан қараңыз) Заңымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 74  (қолданысқа енгізілу тәртібін 46-баптан қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң келісім-шарт бойынша әскери қызметті ұйымдастыру және атқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, тараптардың жасалған келiсiм-шарт талаптарын сақтау жөніндегі өзара міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейдi.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілер - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері) республикалық бюджеттен төленетін лауазымдарға ерікті түрде қабылданатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) келісім-шарт бойынша әскери қызмет - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне әскери қызметке ерікті түрде қабылданған әскери қызметшілердің қызметі;
      3) қызметтің зиянды жағдайлары - белгілі бір факторлардың әскери қызметшінің жұмысқа қабілетін төмендетуге немесе науқасқа ұшырауына әкеп соғатын не оның ұрпағының денсаулығына терiс әсер ететiн қызмет жағдайлары;
      4) кепiлдiктер - тараптардың (мемлекеттiң және әскери қызметке қабылданатын адамдардың) келiсiм-шартпен белгiленген жағдайларды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемесi;
      5) лауазымды тұлға - уәкiлеттi мемлекеттiк органның Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң офицерлiк құрамы лауазымында болатын, келiсiм-шарт жасасу және ұйымдық-өкiмдiк, әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттердi жүзеге асыру жөнiнде өкiлеттiк берiлген өкiлi;
      6) лауазымдық өкiлеттiктер - осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген құқықтарға ие болып, мiндеттер жүктелген әскери қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн әскери қызмет мiндеттерiн атқару жөнiнде нақты лауазыммен көзделген өкiлеттiктер;
      7) өтемдер - әскери қызметшiге қызмет режимi мен жағдайларына байланысты мертiгуi немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрген зиянның және олардың әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде шеккен шығынның орнын толтыратын ақшалай төлемдер;
      8) келiсiм-шарт - келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру, қамтамасыз ету және атқару мүддесiне орай тараптардың (әскери қызметке қабылданған адамның және уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамының) өзара мiндеттемесi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн шарт;
      9) қызметтiң қауiптi жағдайлары - белгiлi бiр факторлар әсерiнiң әскери қызметші Денсаулығының тосыннан күрт нашарлауына немесе жарақаттануына не оның өлiмiне әкеп соқтыруы мүмкiн қызмет жағдайлары;
      10) уәкiлеттi мемлекеттiк орган - штат құрылымында әскери құралымдар бар және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес әскери қызметтен өту көзделген мемлекеттiк орган;
      11) қызмет жағдайлары - әскери қызметшiнiң еңбегiне ақы төлеу, еңбегiн қорғау және нормалау, жұмыс режимi, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келiсiмi бойынша өзге де келiсiм-шарт талаптары.

       2-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы заңдар

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы заңдар Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке келуге тiлек бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтарына, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру мен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға қолданылады.

       4-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет принциптерi

      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет:
      1) заңдылық;
      2) қазақстандық патриотизм;
      3) мемлекет мүддесi алдында азаматтар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң басымдығы;
      4) әскери қызметке өз еркiмен қабылдану;
      5) кәсiпқойлық пен құзыреттiлiк;
      6) дара басшылық;
      7) бақылауда болу мен есеп берушiлiк;
      8) әскери қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк жағынан қорғалуы принциптерiне негiзделедi.

       5-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет түрлерi

      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет:
      1) офицерлiк құрам лауазымдарындағы әскери қызмет;
      2) прапорщиктер мен мичмандар лауазымдарындағы әскери қызмет;
      3) әскери (арнаулы) оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) әскери қызметi;
      4) солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарындағы әскери қызмет болып бөлiнедi.

       6-бап. Кемсiтушiлiкке тыйым салу

      1. Әрбiр адам осы Заңда көзделген шектеулердi ескере отырып, өздерiнiң құқықтарын iске асыруға тең мүмкiншiлiктерге ие. Ешкiмнiң де жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiктiк және лауазымдық жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiндерге, нанымдарға қатысына сондай-ақ әскери қызметшiнiң iскерлiк қасиетi мен еңбегiнiң нәтижелерiне қатысы жоқ басқа да жағдайларға байланысты құқықтары шектелмейдi немесе оларды iске асыруда қандай да болсын артықшылық алуына болмайды.
      2. Өздерiн әскери қызмет саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептеген адамдар тиiстi арызбен сотқа не басқа құзыреттi мемлекеттiк органдарға жүгiнуге құқылы.

       7-бап. Келiсiм-шартпен реттелетiн қатынастар

      1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң (келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамның) арасындағы қатынастар осы Заңмен, басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен және соларға сәйкес жасалған келiсiм-шартпен реттеледi.
      2. Келiсiм-шарттың талаптарын бiржақты тәртiппен өзгертуге болмайды.
      3. Келiсiм-шарттың жекелеген талаптарының жарамсыздығы, келiсiм-шартты бүтiндей жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.
      4. Келiсiм-шарттың талаптары, егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

  2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ YКIМЕТIНIҢ ӨКIЛЕТТIГI, УӘКIЛЕТТI МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАННЫҢ НЕГIЗГI МIНДЕТТЕРI, КЕЛIСIМ-ШАРТ ЖАСАСАТЫН ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру үшiн Мемлекеттiк ведомствоаралық комиссия құрады;
      2) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы бағдарламаны және ереженi бекiтедi;
      3) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де қажеттi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       9-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның негiзгi
             функциялары

      Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiзгi функцияларды орындайды:
      1) Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк ведомствоаралық комиссияның жұмысына қатысады;
      2) Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы Бағдарлама мен Ереженi әзiрлейдi және оларды бекiту үшiн Қазақстан Республикасының Yкiметiне табыс етедi;
      3) азаматтарды келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылдауға тiкелей басшылықты, әскери қызметтi ұйымдастыру және қамтамасыз ету процестерiн жүзеге асырады;
      4) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру мен қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi өзге де қажеттi өкілеттiктердi жүзеге асырады.

       10-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның атынан
              келiсiм-шарт жасасқан лауазымды тұлғаның
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Лауазымды тұлғаның:
      1) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген жағдайларда, әскери қызметке қабылданатын (қабылданған) адамдармен келiсiм-шарт жасасуға, оны ұзартуға, өзгертуге, бұзуға және тоқтатуға;
      2) келiсiм-шарт жасасқан кезде әскери қызметке қабылданушы адамнан осы Заңның 16-бабында көзделген құжаттарды табыс етуiн талап етуге;
      3) өз өкiлеттiгi шегiнде бұйрықтар шығаруға;
      4) әскери қызметшiлердi көтермелеуге, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларында белгiленген тәртiппен оларға тәртiптiк жаза қолдануға құқығы бар.
      2. Лауазымды тұлға:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына және келiсiм-шартқа сәйкес әскери қызметшiлерге тиiстi әскери қызмет жағдайларын қамтамасыз етуге;
      2) әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша және тәртiппен тиесілі үлестің барлық түрлерімен, сондай-ақ оларды әскери қызмет мiндеттерiн орындау үшiн қажет құралдармен және материалдармен қамтамасыз етуге;
      3) келiсiм-шарт жасасқан кезде әскери қызметке қабылданушы адамды Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалған лауазымдық мiндеттермен және әскери қызметтен өту шарттарымен таныстыруға;
      4) әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыруды қамтамасыз етуге;
      5) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртіппен және жағдайларда әскери қызметшiлерге әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде өмiрiне, денсаулығына немесе жеке мүлкiне келтiрiлген зиянның орны толтырылуын қамтамасыз етуге;
      6) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамға әскери қызметтiң зиянды және қауiптi жағдайлары мен кәсiптiк аурудың болу мүмкiндiгi туралы, сондай-ақ әскери қызметтегi мiндеттерiн атқаруға байланысты шектеулi құқығы туралы ескертуге мiндеттi.

       11-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн
              әскери қызметшiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң:
      1) осы Заңда көзделген шектеулердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) жеке ар-намысының қадiрленуiне, командирлер (бастықтар) және өзге де лауазымды адамдар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қаралуына;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша және тәртiппен мемлекет есебiнен ақшалай және заттай тиесiлi үлес түрлерiмен қамтамасыз етiлуге;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға, әлеуметтiк және құқықтық жағынан қорғалуға;
      5) бiлiктiлiгi, қабiлетi, қызметтiк мiндеттерiн адал атқаруы ескерiле отырып, қызмет бабында өсiрiлуге;
      6) негiзсiз айыптаулар болған кезде қызметтiк тергеу жүргiзiлуiн талап етуге;
      7) өмiрi мен денсаулығы қорғалуына;
      8) осы Заңда белгiленген жағдайларда, уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм-шартты ұзартуға, өзгертуге және бұзуға;
      9) қауiпсiздiк техникасы мен гигиена талаптарына сай келетiн қызмет жағдайына;
      10) демалуға;
      11) әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде өмiрiне және денсаулығына немесе жеке мүлкiне келтiрiлген зиянның орны толтырылуына;
      12) тараптардың келiсiмi бойынша немесе сот тәртiбiмен қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты туындаған даулардың шешiлуiне;
      13) келiсiм-шартта тараптың атынан әрекет ететiн лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның растауын талап етуге;
      14) өзiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға;
      15) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендiру құқығымен тұрғын үй алуға;
      16) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да кепiлдiктер мен өтемақылар алуға құқығы бар.
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшi:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларын сақтауға;
      2) осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
      3) келiсiм-шартпен келiсiлген әскери қызмет мiндеттерiн адал атқаруға;
      4) әскери тәртiп пен қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
      5) әскери қызмет процесiнде мемлекеттiк мүлiкке зиян келтiрiлуiне жол бермеуге;
      6) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерге сәйкес өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға;
      7) келiсiм-шартқа сәйкес өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк, әскери, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi, соның iшiнде әскери қызметтi тоқтатқаннан кейiн де Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген уақыт iшiнде жария етпеуге;
      8) адамдардың өмiрi мен денсаулығына, мүлiктiң сақталуына қауіп төндiретiн жағдайдың туындағаны туралы хабарлауға;
      9) өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде командирлердің (бастықтардың) және өзге де лауазымды адамдардың бұйрықтары мен өкiмдерiн орындауға мiндеттi.

       12-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтуге
              байланысты шектеулер

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң:
      1) саяси партияларда, кәсiподақтарда болуға, жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;
      2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кәсiпкерлiк не басқа да ақы төленетiн қызметпен айналысуға;
      3) әскери мүлiктi, техниканы және қызметтiк ақпаратты қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануға;
      4) мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн iс-қимылдарға, ереуiлдердi қоса, қатысуға құқы жоқ.
      2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты болып сайланған әскери қызметшi әскери қызметтен босатылады. Депутаттық өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн ол заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа келiсiм-шарт жасаса отырып, әскери қызметке қайта қабылдануға құқылы.

  3-тарау. КЕЛIСIМ-ШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ, КЕЛIСIМ-ШАРТ ЖАСАСУ ЖӘНЕ ОНЫ БҰЗУ

       13-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау

      1. Әскери қызметке келiсiм-шарт бойынша қабылдау әскери қызметтен өту туралы жасасылған келiсiм-шарт негiзiнде ерiктiлiк тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      2. Әскери қызметке келiсiм-шарт бойынша қабылданатын адамға қатысты арнайы тексеру жүргiзiледi.
      3. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке:
      1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылғандарды;
      2) медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес әскери қызмет мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар адамдарды;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарымен өзiне белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқандарды;
      4) соттылығы бар не өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған адамдарды;
      5) әскери қызметке қабылданардың алдындағы бiр жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауапқа тартылған немесе қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған адамдарды қабылдауға болмайды.
      4. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын кандидаттан бас тартуға, сондай-ақ:
      1) осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бұрмалау немесе осы Заңның 16-бабында көзделген құжаттарды табыс етпеу;
      2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде кандидаттың дайындық саласына немесе әскери мамандығына сәйкес келетiн бос әскери қызметтiң болмауы;
      3) әскери қызметке келiсiм-шарт бойынша қабылданушының осы Заңмен белгiленген талаптарға сай келмеуi негiз болып табылады.

       14-бап. Келiсiм-шарттың мазмұны

      1. Келiсiм-шартта:
      1) тараптардың реквизиттерi:
      уәкiлеттi мемлекеттiк органның атауы, оның орналасқан жерi;
      уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамының атағы, фамилиясы, аты, әкесiнiң аты және қызметi;
      келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған адамның фамилиясы, аты, әкесiнiң аты, оның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi және берiлген күнi, әлеуметтiк жеке кодының (ӘЖК) нөмiрi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (СТТН);
      2) әскери қызметтен өтуi туралы келiсiм-шарт жасасқан адамның қабылданатын лауазымының (мамандығының) атауы;
      3) келiсiм-шарттың мерзiмi;
      4) қызметтiк мiндетiн атқаруды бастаған күнi және қызметке тағайындау туралы бұйрықтың нөмiрi;
      5) қызмет жағдайының сипаттамасы, әскери қызметшiге кепiлдiктер мен өтемақылар;
      6) жұмыс және демалыс уақытының режимi;
      7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары;
      8) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      9) келiсiм-шартты өзгерту, бұзу және ұзарту тәртiбi;
      10) осы Заңның 10-бабының 2-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген талаптармен танысқаны туралы белгi;
      11) тараптардың жауапкершiлiгi;
      12) тараптардың қолы, уәкiлеттi мемлекеттiк органның мөрi болуға тиiс.
      2. Тараптардың келiсiмi бойынша келiсiм-шартқа Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.

       15-бап. Келiсiм-шарт мерзiмi және оның қолданылу
              тәртiбi, әскери қызметшiнiң еңбек сiңiрген
              жылдарын анықтау

      1. Әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарт әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiнгi белгiленген келiсiм-шарт мерзiмiне ұзартылу құқығымен үш жылға, бес жылға, он жылға, әскери (арнаулы) оқу орнында оқу мерзiмiне жасалуы мүмкiн.
      Әскери қызметте болудың шекті жасы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
      2. Әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарт оған екi тарап та қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және келiсiм-шарт жасалған мерзiм аяқталған соң немесе оның бұзылуына байланысты өз күшiн тоқтатады.
      3. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жатқан әскери қызметшiнiң жалпы еңбек сiңiрген жылдарына әскери қызмет уақыты, соның iшiнде мерзiмдi әскери қызмет те енгiзiледi.

       16-бап. Келiсiм-шарт жасасу

      1. Келiсiм-шарт жазбаша түрде, екi дана етiп жасалады және оған тараптар қол қояды. Келiсiм-шарттың бiр данасы келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамға берiледi.
      2. Келiсiм-шартта және әскери қызметшiнi қызметке тағайындау туралы бұйрықта көрсетiлген күн әскери қызметшiнiң қызмет мiндеттерiн орындауды бастаған күнi болып есептеледi.
      3. Келiсiм-шарт жасасқан кезде лауазымды тұлға әскери қызметшiнi келiсiм-шартта көзделген қызметке тағайындау туралы немесе адамды әскери (арнаулы) оқу орнына қабылдау туралы бұйрық шығаруға, келiсiм-шартта бұйрықтың шыққан күнi мен нөмiрiн жазуға мiндеттi.
      4. Келiсiм-шарт жасасу үшiн лауазымды тұлға еңбек жолын растайтын құжаттарды, жеке куәлiгiн (төлқұжатын), әлеуметтiк жеке код берiлгенi туралы куәлiктi, зейнетақы шартын, бiлiмi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты және Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы.
      5. Келiсiм-шарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет туралы ережемен айқындалады.  (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз.  P960580 Р020603 V980747 (6 тарау); V001179 ).

         17-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке
              қабылданатын адамдарға қойылатын талаптар

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген разрядына және әскери атағына қарай он тоғыз жастан кiшi және әскери қызметте болатын шектi жастан үлкен болмауы;  (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз. Z939000  (20-бап);  P960563  (7-тармақ).
      2) қажеттi моральдық-психологиялық қасиеттердi, бiлiм, кәсiби және дене даярлығы деңгейiн игеру талаптарына, белгiленген бiлiктiлiк нормативтерiне сай болуы тиiс.
      2. Курсанттардың (тыңдаушылардың) әскери қызметiне оқуға қабылданған күнi он жетi жасқа толған, бiрақ жасы жиырма бiрден аспаған еркек және әйел жынысты адамдар, сондай-ақ әскери (арнаулы) оқу орындарында оқуға тiлек бiлдiрген жиырма үш жасқа дейiнгi әскери қызметшiлер қабылданады.

       18-бап. Әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарт жасасу
              талаптары

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау үшiн кандидаттар iрiктеудi:
      1) әскери қызметшiлер арасынан - уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамдары;
      2) азаматтар арасынан - азаматтардан арыз немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамдарынан өтiнiм (өтiнiш) түсуi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады.
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке:
      1) офицерлiк құрам лауазымдарына:
      шақыру бойынша, белгiленген әскери қызмет мерзiмiнiң аяқталуы бойынша әскери қызметтен өткен офицерлер;
      әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген запастағы офицерлер;
      кiшi офицерлердi даярлау жөнiндегi курстарға жiберiлген әскери қызметшiлер, курстарды аяқтағаннан кейiн;
      әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары), оқу орындарын бiтiргеннен кейiн;
      жоғары бiлiмi бар прапорщиктер;
      тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас жоғары бiлiмi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар;
      2) прапорщиктер мен мичмандар лауазымдарына:
      жоғары, орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi бар, мерзiмдi әскери қызметтi аяқтаған солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
      жоғары, орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi бар солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер;
      әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген запастағы прапорщиктер мен мичмандар;
      жоғары, орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi бар запастағы солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
      тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас жоғары, орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар;
      3) солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарына:
      орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi бар әскери мiндеттiлер;
      мерзiмдi әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер, қызмет мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
      запастағы солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
      тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас орта немесе кәсiптiк орта бiлiмi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар қабылданады.
      3. Қазақстан Республикасының әскери (арнаулы) оқу орындарына түсетiн адамдар, сол сияқты уәкiлеттi мемлекеттiк органның жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң әскери (арнаулы) оқу орындарына түсетiн адамдар, әскери (арнаулы) оқу орындарында бiлiм алу мерзiмiне және сонымен бiрге әскери (арнаулы) оқу орнын бiтiргеннен кейiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде офицер құрамының лауазымдарында күнтiзбелiк есеппен он жыл мерзiмге әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарт жасасады.
      Келiсiм-шарт қабылдау комиссиясының әскери (арнаулы) оқу орнына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады.
      Әскери қызметшi әскери (арнаулы) оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери қызметтен өтуден бас тартқан немесе өз бастамасымен келiсiм-шартты бұзған жағдайда, ол өзiн оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұстап қалуға жататын сома келiсiм-шарт мерзiмi аяқталғанға дейiн толық қызмет өтемеген әрбiр айына бара-бар есептеледi.
      Әскери (арнаулы) оқу орындарының шақыру жасына жеткен және тәртiпсiздiгiне байланысты оқудан шығарылған курсанттары (тыңдаушылары), егер олар әскери (арнаулы) оқу орнына түскенге дейiн мерзiмдi әскери қызметтiң белгiленген мерзiмiн өтемеген болса, мерзiмдi әскери қызметтен өту үшiн әскери бөлiмдерге жiберiледi. Бұл жағдайда әскери (арнаулы) оқу орнында оқыған уақыт мерзiмдi әскери қызмет мерзiмiне есептелмейдi.
      Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң арнаулы оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары) арнайы есепке алына отырып, мерзiмдi әскери қызметке шақырылудан босатылады.

       19-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өту

      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда қызмет атқарады.  (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз.  Z939000  (IV бөлім);  Р020603 V980747 V001179 ).

         20-бап. Әскери қызметшiнiң қызмет бойынша өсуi, әскери
              атақтың берiлуi (төмендетiлуi), ауысуы және
              ауыстырылуы

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiнiң қызмет бойынша өсуi, әскери атақтың берiлуi (төмендетiлуi), ауысуы және ауыстырылуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, келiсiм-шартқа қажеттi өзгерiстер енгiзiле отырып жүзеге асырылады.  (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз.  P020603  (14-15 тараулар);  V980747  (1-2 тараулар);  V001179  (3-4 тараулар).
      2. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiнiң бiр ведомстводан басқа ведомствоға ауысуы және ауыстырылуы келiсiм-шарттың мерзiмi аяқталғаннан кейiн жүзеге асырылады.

       21-бап. Әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шартты
              тоқтату және бұзу негiздерi

      1. Келiсiм-шарт:
      1) егер тараптардың келiсiмi бойынша келiсiм-шарт мерзiмi ұзартылмаса, келiсiм-шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
      2) ұйымның таратылуына, адам саны немесе штаттың қысқартылуына байланысты, егер әскери қызметшi ұсынылған басқа лауазымға келiспесе;
      3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз деп тануына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
      4) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуiне байланысты тоқтатылуы мүмкiн.
      2. Келiсiм-шарт:
      1) тараптардың келiсiм-шарт талаптарын орындамауына байланысты;
      2) әскери қызметшiнiң дәлелсiз себептермен қызметке шықпай қалуына байланысты бұзылуы мүмкiн.
      3. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшi әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын:
      1) өзiне қатысты келiсiм-шарт талаптарының елеулi немесе жүйелi түрде бұзылуына байланысты;
      2) отбасы жағдайына байланысты босатылуға құқылы.

  4-тарау. КЕЛIСIМ-ШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕН ӨТУ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ БҰЗҒАНЫ ҮШIН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШIНIҢ ЖАУАПКЕРШIЛІГІ

       22-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп
              жүрген әскери қызметшiнiң жауапкершiлiгi

      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшi жүктелген мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны, сондай-ақ қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздерде және тәртiппен тиiсiнше әкiмшiлiк, тәртiптiк, материалдық немесе қылмыстық жауаптылықта болады.

       23-бап. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп
              жүрген әскери қызметшi тәртiптiк жауапқа
              тартылған кездегi оның құқықтық кепiлдiктерi

      1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшi өзiнiң тәртiптiк жауапқа тартылуына байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
      2. Жауапқа тартылған әскери қызметшi лауазымды адамдардың әрекеттерi мен шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағымдана алады.

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       24-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi

      1. Осы Заңның күшi, ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн туындаған қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған әскери қызметтен өту туралы келiсiм-шарттар олар жасалған мерзiм бойы қолданылады.
      3. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады