Электр энергетикасы қондырғылары объектілерiн қайта жаңарту мен кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қазандағы N 1044 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы N 222 Қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы N 222 Қаулысымен.

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 17 шiлдедегі Заңының 19-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергетикасы қондырғылары объектілерiн қайта жаңарту мен кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Қосымша жүктеме қосқан кезде электр энергетикасы объектiлерiн кеңейту мен қайта жаңғыртуға кеткен қосымша шығыстарды өтеудiң тәртiбi мен шарттары туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 30 қарашадағы N 1459 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.

      3. алынып тасталды
      Ескерту. 3-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.06.25. N 529 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      3-1. Жергілікті атқарушы органдар 2007 жылғы 31 шілдеден кешіктірмей қалалардың, аудандар мен облыстардың жылу және энергетика желілерін дамыту жоспарларын әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз етсін.
      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.06.25. N 529 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      3-2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі тарифтерді өзгертуге арналған өтінімдерді қарау кезінде белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымдардың тарифінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қосылатын қуаттар үшін ақы төлеуден босату кезінде шығындардың орнын толтыруды қамтамасыз ету бойынша инвестициялық құрамдас бөлікті ескерсін.
      Ескерту. 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2008.06.11 N 569 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi бір ай мерзiмде электр энергетикасы қондырғылары объектiлерiн қайта жаңарту мен кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу мәселелерi бойынша өзiнiң бұрын қабылданған шешiмдерiн осы қаулыға сәйкес келтiрсiн.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2004 жылғы 8 қазандағы
N 1044 қаулысымен  
бекiтілген      

Электр энергетикасы қондырғылары объектiлерiн қайта жаңарту мен кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже электр энергетикасы қондырғылары объектілерiн қайта жаңарту мен кеңейту үшін қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу тәртiбiн айқындайды.
      2. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      қосылған қуат үшiн төлем - энергия берушi, энергия өндiрушi ұйымның энергияны тұтынушылардың қосымша қосылатын электр және жылу қуатын жабу үшiн электр энергетикасы қондырғыларының (жылу энергетикасы мен электр энергетикасы объектілерінің) жаңасын салуға, қазiргi барларын кеңейтуге және қайта жаңартуға байланысты шығындарын өтеу;
      қуаттардың табиғи өсiмi - энергия тұтынушылар қуаттарының энергия берушi ұйыммен энергияны тұтынуға жасасқан шартын қайта ресiмдеумен байланысты емес өсiмi;
      энергия тасымалдау желiлерi - жылу, электр желілерiнiң, сорғы станциялары мен қосалқы электр станцияларының жиынтығы;
      қосымша қуаттар - энергия берушi ұйымның бұрын берген техникалық шарттарында көзделмеген және тұтынушының энергия тұтынушы жабдығының қуатын ұлғайтудың салдарынан тұтынылатын электр және (немесе) жылу энергиясының көлемiн ұлғайтумен байланысты қуаттар. Қосымша қуаттардың санатына, сондай-ақ жаңа тұтынушылардың энергия тұтынатын жабдықтарын энергия берушi ұйымның электр және жылу желiлерiне қосуға байланысты қуаттар да жатады.

2. Қосымша қуаттарды қосу тәртiбi

      3. Электр және (немесе) жылу желiсiне қосымша қуаттарды қосудың техникалық шарттарын тұтынушының жазбаша өтiнімi бойынша энергия берушi ұйым береді және тұтынушыларды қосу мен оларды электр және (немесе) жылу желісіне кейіннен қосу жөнiндегi жобалық құжаттаманы әзiрлеу үшiн негiз болып табылады.
      4. Электр және (немесе) жылу энергиясының қолданыстағы көздерiн кеңейту, қайта жаңарту және жаңаларын салу энергия өндiрушi ұйымның өзiнiң және (немесе) қарыз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық кесiмдерiнде көзделген жағдайларда өзге қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
      5. Жалпы пайдаланылатын энергияны тасымалдау желiлерiн кеңейту және қайта жаңарту энергия берушi ұйымның өз қаражаты, олар тұтынушылардың қосымша қуаттарын қосқаны үшiн төлем түрiнде алған қаражат есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген жағдайларда өзге де қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
      Жеке пайдаланылатын энергияны тасымалдау желiлерiн кеңейту және қайта жаңарту тұтынушылардың өз қаражаты есебiнен оларға меншiк құқығын бекiтiп бере отырып жүзеге асырылады.
      Қосымша қуаттарды қосқаны үшін төлемнiң есебiне энергия берушi ұйым тәуелсiз бағалаушы растаған құны бойынша тұтынушы салған энергия тасымалдау желiсiн (оның iшiнде жабдықтарды) қабылдауы мүмкiн.
      Энергия берушi ұйымның желілерiне қосымша қуаттарды қосу мақсатында жеке пайдаланылатын энергияны тасымалдау желiлерiнде тұтынушы орындауы қажет жұмыстардың тiзбесi энергия берушi ұйым берген техникалық шарттарда анықталады, онда қуаттарды қосу тәртiбi көрсетіледi.
      6. Энергия берушi ұйым тұтынушымен қосылатын қуаттың мөлшерiн, ол үшiн қаражатты аудару мерзiмдерiн және осы қаражатты тұтынушыға қайтару тәртiбiн көздейтiн қосымша қуаттарды қосуға шарт жасасады.

3. Шығындарды өтеу тәртiбi

      7. Қуаттардың табиғи өсiмiн жабуға кететін шығындар энергия берушi ұйымның өз кірістерінің есебiнен жүзеге асырылады.
      8. Энергия тұтынушы энергия берушi ұйымның табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жалпы пайдаланылатын энергияны қайтарымды негiзде тасымалдау желілерiн дамытуға және қайта жаңартуға жұмсайтын шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.
      9. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымның электр және жылу энергиясының қолданыстағы көздерiн, энергия тасымалдау желiлерiн кеңейтуге, қайта жаңартуға және жаңаларын салуға жұмсаған бюджет қаражатын қайтаруы бастапқы құны бойынша олардың акцияларымен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де тәсiлдермен жүзеге асырыла алады.
      10. Қосылатын жылу немесе электр қуатының бiрлiгiне (1 Гкал/сағат немесе 1 кВт үшiн) төленетiн төлемнiң мөлшерi Қалалардың, аудандар мен облыстардың жылу және электр желiлерiн дамытудың бекiтiлген жоспарының (бұдан әрi - Жоспар) негiзiнде анықталады, оған:
      1) құрамында жылу және (немесе) электр желілерi бойынша ұтымды техникалық шешiмдер көрсетiлуi тиiс энергия тасымалдау желiлерiн кеңейтудiң техникалық-экономикалық негiздемесi, оларды iске асыру мерзiмдерi, күрделi қаржының көлемiн, өңiрдi жылумен және (немесе) электрмен сенiмдi жабдықтауға қажеттi энергия тасымалдау желiлерiнiң техникалық-экономикалық және қаржылық көрсеткiштерiн бағалау;
      2) энергетикалық жабдықты енгiзу мерзiмiн көрсете отырып, перспективасымен бiрге өңiрдi электрмен жабдықтаудың және (немесе) жылумен жабдықтаудың схемалары кiредi.
      Жоспар электр энергетикасы, табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеу саласындағы уәкілеттi органдармен келiсiледi және оны жергiлiктi атқарушы органдар бекiтедi.
      Аумақтың (қаланың, ауданның) жоспарымен қамтылатын шекте қосылатын жылу немесе электр қуатының бiрлiгі үшiн төлемнiң мөлшерi (1 Гкал/сағат немесе 1 кВт үшiн) қосымша қуаттарды қосуға үмiткер барлық тұтынушылар үшiн бiрыңғай болып табылады.
      11. Жоспарды әзiрлеудi электр энергетикасы саласындағы уәкiлеттi органның тиістi лицензиясы бар салалық жобалау институттары орындай алады.
      12. Меншiк нысанына қарамастан, тұрғын үй салушылардан қосымша қуаттарды қосқаны, сондай-ақ энергия берушi ұйымның энергия тасымалдау желiлерiн дамыту мен қайта жаңартуға байланысты шығындары үшiн төлем алынбайды және осы шығындар жергiлiктi атқарушы органдарға жүктеледi.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.01.13. N 41-1 қаулысымен.

      12-1. Қосылатын қуаттар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен ақы алынбайды.
      50 кВт дейінгі мөлшерде қосылатын қуаттар үшін қосылатын әрбір объекті бойынша орта кәсіпкерлік субъектілерінен ақы алынбайды. Осы тармақпен белгіленген қосылатын қуаттың мөлшері артқан жағдайда, қосылатын әрбір объекті бойынша орта кәсіпкерлік субъектісінен арту шамасына қарай ақы алынады.
      Ескерту. 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2008.06.11 N 569 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      13. Энергия берушi және (немесе) энергия өндiрушi ұйымдарға қолданыстағы электр және (немесе) жылу энергиясының көздерiн, энергия тасымалдау тораптарын кеңейту мен қайта жаңартуға және жаңаларын салуға мемлекеттiк бюджеттен қаражат бөлiнген жағдайларда қаржыландырылуы мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты, шет мемлекеттердiң және халықаралық ұйымдардың гранттары есебiнен жүзеге асырылатын объектiлердi салып жатқан тапсырысшылардан, сондай-ақ сыртқы саясат саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнен қосымша қуаттарды қосқаны үшiн ақы алынбайды.
      13-1. Электр және жылу желілеріне бұрын қосылған тұтынушыларға энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетуді, сондай-ақ тұтынушының деректері (атауы, деректемелері, тегі, аты, әкесінің аты) өзгерген кезде энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетуді жаңарту, сонымен бірге энергиямен жабдықтау объектісінің меншік иесі ауысқан кезде, бұрын берілген техникалық шарттар шегінде қосымша қуаттарды қосу болып табылмайды.
      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.06.25. N 529 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4. Дауларды қарау тәртiбi

      14. Келiссөздер жолымен шешiлмейтiн келiспеушіліктердiң барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен шешiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады