Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң мемлекеттiк мекемелерін құру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы N 1470 Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Кеден кодексiнiң  17-бабының  2-тармағына және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 3 қазандағы N 1019  қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасының кеден қызметiн дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының 8-бөлiмiнiң 6.1 және 6.2-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кедендiк бақылау комитеті аумақтық бөлiмшелерiнiң штат саны лимиттерiнiң шегiнде мынадай мемлекеттiк мекемелер:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендік бақылау комитетiнiң Алматы қаласындағы оқу-әдiстемелiк орталығы;
      2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендiк бақылау комитетінiң Атырау қаласындағы оқу-әдiстемелiк орталығы құрылсын.

      2. Осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттiк мекемелер (бұдан әрі - мекемелер) қызметінің негiзгi мәнi Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының бiлiктiлiгiн арттыру болып белгiленсiн.

      3. Мекемелердi қаржыландыру тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне көзделген қаражат есебiнен және шегінде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      4. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендік бақылау комитетiнiң мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 29 қазандағы N 1133  қаулысына  мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң аумақтық органдары - мемлекеттiк мекемелерiнiң тiзбесi мынадай мазмұндағы 31 және 32-тармақтармен толықтырылсын:
      "31. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі Кедендiк бақылау комитетiнiң Алматы қаласындағы оқу-әдiстемелiк орталығы;
      32. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң Атырау қаласындағы оқу-әдiстемелiк орталығы.".

      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кедендiк бақылау комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) мемлекеттiк мекемелердiң жарғыларын бекiтсiн және олардың әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсін;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады