Маңызды стратегиялық мәнi бар тауарларды мемлекеттiк сатып алу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 наурыздағы N 216 Қаулысы

      "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының  21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Бiрлескен қазақстандық-сингапурлық кәсiпорын - "Қаз-СТ инжиниринг Бастау" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi оларды сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар тауарларды - мектептердi жабдықтау үшiн лингафондық және мультимедиялық кабинеттердi берушi болып белгiленсiн.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      2005 жылға арналған республикалық бюджетте 036 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне жалпы орта бiлiм беретiн мемлекеттiк мекемелерде лингафондық және мультимедиалық кабинеттер құруға берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттер" бағдарламасы бойынша және жергiлiктi бюджеттерде оларды сатып алуға көзделген қаражат шегiнде 2005 жылы 4395200000 (төрт миллиард үш жүз тоқсан бес миллион екi жүз мың) теңге, соның iшiнде республикалық бюджеттен 2023300000 (екi миллиард жиырма үш миллион үш жүз мың) теңге сомада осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген заңды тұлғамен тауарларды мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
      осы қаулыға сәйкес тауарларды мемлекеттiк сатып алу үшiн пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау қағидатын сақтауды;
      осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырсын.

      4. Осы қаулы қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады