Екiншi деңгейдегі банктердiң берген білім беру кредиттеріне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі N 745 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 248 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.02.21 № 248 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Қаулысымен.

      Ескерту. Қаулының тақырыбына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      Мемлекет басшысының "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Екiншi деңгейдегi банктердiң берген білім беру кредиттеріне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесi бекiтiлсiн.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметінің        
2005 жылғы 19 шілдедегі  
N 746 қаулысымен      
бекiтiлген        

Екінші деңгейдегі банктердiң берген білім беру кредиттеріне
"Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепілдiк беру
ережесi

      Ескерту. Ереженің тақырыбына өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Екiншi деңгейдегi банктердiң берген білім беру кредиттеріне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Мемлекет Басшысының "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауына сәйкес әзiрлендi және екiншi деңгейдегі банктердiң беретiн білім беру кредиттеріне (бұдан әрi - кредит) "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - Қаржы орталығы) кепiлдiк беру тәртiбiн реттейдi.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      2. Ереже кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын төмендетуге, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға қол жеткiзудi қамтамасыз етуге, кредит шарттары бойынша қарыз алушылардың мiндеттемелердi орындамауына байланысты кредиторлардың тәуекелiн төмендетуге, берілетiн кредиттер көлемiн ұлғайту үшiн қолайлы жағдайлар қалыптастыруға, қарыз алушылар ауқымын кеңейтуге мүмкiндiк беретiн жүйенi құру мақсатында әзiрлендi.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      3. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) андеррайтинг - кредитті қайтармау тәуекелін бағалау рәсімі;
      2) кепiлдiктi мiндеттеме - Қаржы орталығының кредитор алдында бас келiсiмде көзделген тәртіппен және шарттарда айқындалған кепiлдiктер мөлшерi шегiнде кредит шарты бойынша қарыз алушының мiндеттемелердi орындағаны үшін жауап беру мiндеттемесi;
      3) бас келiсiм - кредитор мен Қаржы орталығының арасында жасалған, олардың кредиттерге кепiлдiк беру жөнiндегi өзара қарым-қатынас жасау тәртiбiн белгiлейтiн шарт;
      4) дефолт - қарыз алушының кредит шарты бойынша мiндеттемелердi орындамауы, соның нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепiлдiкте мiндеттемелердi орындау рәсiмi басталады;
      5) қарыз алушы - кредитор кредит берген жеке тұлға;
      6) білім беру кредиті - жеделділік, ақылылық, қайтарымдылық шарттарында кредитор қарыз алушыға беретін ақшалай қаражат;
      7) кредитор - қарыз операцияларын жүргiзуге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегі уәкiлетті органның лицензиясы бар екiншi деңгейдегі банк;
      8) кепілдік беру жоспары - Қаржы орталығының Директорлар кеңесі бекіткен кепілдік беру шарттары.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.30. N 619 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз),  2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

2-тарау. Қаржы орталығы, кредиторлар мен қарыз алушылардың
өзара қарым-қатынасы

      4. Әлеуеттi қарыз алушы кредитор белгiлеген талаптарға сәйкес Қаржы орталығы кепiлдiк берген кредиттi алуға кредиторға өтiнiм бередi.
      5. Қаржы орталығы өз қызметiне қарай қарыз алушымен тiкелей өзара қарым-қатынас жасамайды.
      6. Қаржы орталығы мен кредиторлардың өзара қарым-қатынасы бас келiсiммен реттеледi.

      7. Қаржы орталығы қарыз алушылар мен кредиттер үшiн бұқаралық ақпарат құралдарында мiндетті жариялануға жататын өлшемдердi айқындайды.

3-тарау. Бас келiсiмдi жасасу тәртiбi

      8. Қаржы орталығымен бас келiсiмдi жасасу үшiн кредитор Қаржы орталығы бекiткен нысан бойынша қол қойылған және мөрмен куәландырған өтiнiш бередi. Өтінішке кредитор Қаржы орталығы бекiткен және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тiзбеге сәйкес құжаттарды қоса бередi.

      9. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2006.06.30. N 619 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      10. Қаржы орталығы Ереженiң 8-тармағына сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынбаған немесе оларды тиiстi үлгiде ресiмдемей ұсынған жағдайда кредитордың өтiнiшiн қараудан бас тартады.

      11. Бас келiсiмдi жасасу туралы не өтiнiштi қараудан бас тарту туралы шешiмдi Қаржы орталығы ол келiп түскен күннен бастап бес күн iшiнде қабылдайды.

      12. Бас келiсiм:
      1) кредитордың андеррайтингiні уақтылы және сапалы өткізуi;
      2) кредитордың Қаржы орталығын кредит шарты бойынша қарыз алушының мiндеттемелерін орындауға, кредит шартында көзделген қарыз алушының сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайларының басталуына байланысты кредит шартының тоқтатылғаны туралы уақтылы хабардар ету;
      3) кредитордың Қаржы орталығына кредит шарттары жөнiндегi мiндеттемелердiң ағымдағы орындалуы туралы ақпаратты ұсынуы;
      4) кредитордың Қаржы орталығына кепілдiк берілген кредиттер бойынша талап ету құқығын беру кезiнде жазбаша хабардар ету туралы ережелердi қамтуы тиiс.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      13. Бас келiсiм оған тараптар қол қойған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.

      14. Қаржы орталығы бұқаралық ақпарат құралдарында онымен бас келiсiм жасасқан кредиторлардың тiзбесiн жариялайды.

4-тарау. Кредиттер бойынша кепiлдiк беру тәртiбi

      15. Бас келiсiм жасасқан кредитор Қаржы орталығы кепiлдiк берген кредитті алуға әлеуетті қарыз алушы оған өтiнiш бiлдiргеннен кейiн ол бекiткен нысан бойынша Қаржы орталығына кредитке кепiлдiк беруге өтінiм жiбередi.

      16. Қаржы орталығы кредитордың өтiнiшiн алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ұсынылған құжаттардың Қаржы орталығының талаптарына сәйкестiгiн қарайды және кредиторға қол қойылған және мөрмен куәландырылған кепiлдiк беру мiндеттемесiн бір данада не кепiлдiк беруден дәлелдi бас тартуды жiбередi.
      Кепілдікті міндеттемелер Қаржы орталығының Директорлар кеңесі бекіткен кепілдік беру көлемі шегінде беріледі.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.30 N 619 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      17. Қаржы орталығы мынадай:
      1) дұрыс толтырылмаған өтінім нысанын ұсынған;
      2) қарыз алушы және/немесе кредит Қаржы орталығы айқындаған өлшемдерге сәйкес келмеген;
      3) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      4) Бас келісіммен көзделген өзге де.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.30 N 619 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      18. Кредитор Қаржы орталығы қол қойған және мөрмен куәландырған кепiлдiк беру мiндеттемелерін алғаннан кейiн кредитор мен қарыз алушы кредит шартын жасасады.
      Кепiлдiк беру мiндеттемесi кредит шартын жасасқан күннен бастап қолданысқа енгiзіледi.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

5-тарау. Кепiлдiк төлеу тәртiбi

      19. Дефолт туындаған кезде кредитор бас келiсiмде белгiленген тәртiппен қарыз алушының негiзгi мiндеттемелердi орындамағаны туралы Қаржы орталығын хабардар етедi.

      20. Кредитор бас келiсiмде белгіленген тәртiппен төлем құжаттарын және кредит бойынша құжаттарды қоса бере отырып, кепілдiк сомасын төлеудi талап ететiн құжатты ұсынады.

      21. Кредитті беру кезiнде кредитор талаптарға сәйкес келетiн андеррайтингіні өткiзген жағдайда Қаржы орталығы белгiленген мөлшер шегiнде кепiлдiк сомасын төлейдi.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      22. Барлық төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында (төленетiн күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бағамы бойынша) жүзеге асырылады.

      23. Кредит бойынша кепiлдiк мөлшерi кепiлдiк беру жоспарымен белгiленедi және негiзгi қарыз сомасының 50 пайызынан кем болмайды.
      Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.30. N 619 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулыларымен.

      24. Алынып татсалды - ҚР Үкіметінің 2008.04.25 N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

6-тарау. Кепiлдiк беру мiндеттемелерiн тоқтатудың негізi

      25. Кредит бойынша кепiлдiк беру мiндеттемесi бас келiсiмде көзделген тәртiппен Қаржы орталығы кепiлдiк сомасын төлеусiз мынадай:
      1) қарыз алушы мiндеттемелердi орындай отырып, кредит шарты тоқтатылған;
      2) кредит шартымен көзделген қарыз алушыны сақтандыру шарттарының кез келгенi бойынша сақтандыру жағдайлары туындаған;
      3) кредитор кепiлдiк берiлген кредит жөнiндегi бас келiсiмнiң шарттарын орындамаған;
      4) Қаржы орталығымен бас келiсiм жасаспаған кредиторға кредит бойынша талап ету құқығын берген;
      5) осы Ереженiң немесе бас келiсiмнiң талаптарына сәйкес келмейтiн андеррайтингiні өткiзу фактілерi анықталған жағдайларда;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде және бас келiсiмде көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.04.07 N 395 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      26. Бас келiсiмге кез-келген өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қосымша келiсiмге қол қою жолымен жүргiзіледi.

      27. Кепілдік беру жоспары қайта қаралған жағдайда жаңа шарттар жаңадан кепілдік берілетін кредиттерге қолданылады.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2008.04.25  N 389 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      28. Осы Ережеде және бас келісімде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады