"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 шілдедегі N 796 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзілсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының
Yкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек"
ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келiсiмдi бекiту туралы

      2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының
Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек"
ғарыш зымыран кешенiн құру туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгi қағидаттары мен шарттары туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 15 сәуiрдегі Өндiрiстiк, коммерциялық, кредиттік-қаржылық, сақтандыру және аралас трансұлттық бiрлестiктер құру мен дамытуға жәрдемдесу туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру  шартын (бұдан әрi - Жалға беру шарты), 1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында жұмыстар орындау үшiн қажеттi тауарларды шекара арқылы өткiзу тәртiбi туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
      2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмнiң ережелерiн негiзге ала отырып,
      2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы  келiсiмнiң ережелерiн назарға ала отырып,
      қазақстандық және ресейлiк кәсiпорындар мен ұйымдар арасындағы дәстүрлi қалыптасқан өндiрiстiк байланысты және кооперацияны тереңдетуге, "Байқоңыр" ғарыш айлағында экологиялық қауiпсiздiктiң жоғары деңгейi бар қазiргi заманғы зымыран-ғарыш технологиясын бiрлесiп әзiрлеуге және енгiзуге тілек бiлдiре отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты коммерциялық ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық ғарыштық бағдарламаларын iске асыру мақсатында "Байқоңыр" ғарыш айлағының жерүсті ғарыштық инфрақұрылым объектілерiнiң негiзiнде жаңа экологиялық қауiпсiз "Байқоңыр" ғарыш зымыран кешенiн құру және бiрлесiп пайдалану кезiндегi Тараптар ынтымақтастығының негiзгi қағидаттары мен шарттарын айқындау болып табылады.

  2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн мынадай терминдер пайдаланылады:
      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенi" - ресейлiк "Ангара" тасымалдағыш зымыранымен және оның экологиялық қауiпсiздiктің жоғары деңгейiне ие ықтимал түрленiмдерiмен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiнiң құрамына "Байқоңыр" ғарыш айлағының техникалық құралдарының, құрылыстары мен коммуникацияларының негiзiнде жасалатын ұшыру ұстанымы мен техникалық ұстаным кiредi;
      "құпия ақпарат" - әрбiр мемлекеттiң заңнамасына сәйкес қорғалатын, сондай-ақ Тараптар ынтымақтастығы барысында пайда болған, рұқсатсыз таралуы Қазақстан Республикасының және/немесе Ресей Федерациясының қауiпсiздiгi мен мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн кез келген нысанда берілген мәлiметтер;
      "жасырын ақпарат" - құпия ақпарат санатына жатқызылғаннан басқа, рұқсат етiлмеген қолжетімділiктен, таратудан және пайдаланудан ашушы Тарап (немесе оның кәсiпорындары мен ұйымдары) қорғайтын, коммерциялық құпия мен ноу-хауды қоса алғанда, сондай-ақ ақпараттың оның үшiншi тұлғаларға белгісiздiгіне қарай пәрмендi немесе әлеуетті коммерциялық құндылығы болғанда, оған заңды негізде қолжетiмділік болмағанда және ақпарат иесi оның жасырындылығын қорғауға шаралар қолданғанда, ғылыми-техникалық, коммерциялық, өндiрiстік және өзге де қызметке қатысты кез келген жалпыға қолжетiмдi болып табылмайтын ақпарат. Жасырын ақпарат санатына жасырын ақпараты бар құжаттардың кез келген көшiрмелерi, сондай-ақ жасырын ақпараты бар түпнұсқа құжаттарды пайдалану арқылы немесе олардың негiзiнде дайындалған кез келген құжаттар жатады;
      "тауарлар" - тасымалдағыш зымырандар, екпiндету блоктары, ғарыш аппараттары, дайындау мен ұшыруды жүзеге асыру үшiн қажеттi кез келген басқа жабдықтар, бақылау мен сынақ жабдықтары, отын, құрылыс және басқа материалдар, тетiктер мен техникалар, сондай-ақ ғарыш бағдарламаларын iске асыру кезiнде әзiрлеу, өндiру немесе пайдалану үшiн қажеттi, материалдық тасымалдаушыларда белгiленген ақпарат түрiндегi технологиялар. Ақпарат санатына кез келген материалдық нысанда берiлген өзге ақпарат (дерекқорды қоса алғанда, компьютерлiк бағдарламалық қамтамасыз ету, коммерциялық құпия, ноу-хау, өндiрiстік құжаттама және техникалық сипаттамалар) жатады;
      "атқарушы ұйымдар" - "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және пайдалану жөнiндегі жұмыстарды орындау үшiн, меншiк нысанына қарамастан, "Бәйтерек" бiрлескен Қазақстан-Ресей кәсiпорны" акционерлiк қоғамы тартатын Тараптардың ұйымдары.

  3-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оны одан әрi пайдалану мақсатында Тараптар "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бiрлескен кәсiпорны" акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - Бiрлескен кәсiпорын) құрады.
      Бiрлескен кәсiпорын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құруға және оны пайдалануға қазақстандық және ресейлiк мамандар мен ұйымдардың қатысуының теңдігі қағидаттарында құрылады.
      Қазақстан Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның Құрылтайшысы болып Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген ұйым әрекет етедi. Ресей Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның Құрылтайшысы болып "М.В.Хруничев атындағы Мемлекеттiк ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталық" федералдық мемлекеттiк бiртұтас кәсіпорны әрекет етедi.
      Құрылтайшылар Бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталына әрқайсысы 200 мың АҚШ доллары мөлшерiнде ақшалай қаражат енгiзедi.
      Бiрлескен кәсiпорын Астана қаласында тiркеледi және өз қызметiн осы Келiсiмге, Қазақстан Республикасының заңнамасына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
      Бiрлескен кәсiпорынға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық салынуға тиiс.
      Осы Келiсiм шеңберiнде ұшыруларды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстар Тараптардың мемлекетаралық комиссиясының басшылық етуiмен, Ресей Федерациясының заңнамасында және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

  4-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру үшiн Қазақстан Тарабы Бiрлескен кәсiпорынға Тараптар келiскен нобайлық жобаның сараптау нәтижелерi бойынша бюджеттiк кредиттiң сомасын нақтылай отырып, негізгi борышты өтеу бойынша 5 жылдық жеңiлдiктi кезеңмен, жылдық 0,5 пайыз сыйақы ставкасы бойынша сыйақы төлеу бойынша 4 жылдық жеңiлдiктi кезеңмен 19 жыл мерзiмге 223 миллион АҚШ долларына баламалы сомада бюджеттiк кредит бередi.
      Қазақстан Тарабы бюджеттiк кредит есебiнен қаржыландырылатын жобаға қызмет көрсету жөнiндегі агент функциясын орындауды "Қазақстан Даму Банкi" акционерлiк қоғамына тапсырады.
      Кредит бойынша сыйақыны есептеу агент ашқан Бiрлескен кәсiпорынның шотына ақша аударылған сәттен бастап жүзеге асырылатын болады.
      Бюджеттiк кредит бойынша Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету Бiрлескен кәсiпорынның мүлкi болып табылады.
      Бiрлескен кәсiпорынға оның меншiгiндегi мүлiкке өндiрiп алуды айналдыруға байланысты талап-арыздар туындаған жағдайда Тараптар жаппай қырып-жою қарулары мен оны жеткiзу құралдарын таратпаудың халықаралық режимдерiн сақтауды қамтамасыз етедi.

  5-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Ресей Тарабы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiнiң ұшыру кешенi пайдалануға берiлген сәтке дейiн Ресей Федерациясының ұлттық ғарыш бағдарламасы шеңберiнде "Плесецк" ғарыш айлағында "Ангара" ғарыш зымыран кешенiнiң ұшу сынақтарын қамтамасыз етедi.

  6-бап

      Осы Келiсiмдi орындау жөнiндегі қызметте үйлестіру мақсатында Тараптар мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
      Ресей Тарабынан - Федералдық ғарыш агенттігi.
      Осы Келiсiм шеңберiнде ынтымақтастық бағдарламалары мен жобалары оларды iске асыруға байланысты, соңынан қызметтiң мамандандырылған түрлерiн орындауға әкеп соқтыратын ұйымдастыру, қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы қағидаттар, нормалар мен рәсiмдер сияқты, Тараптардың құзыреттi органдары, Бiрлескен кәсiпорын немесе атқарушы ұйымдар жасасатын жекелеген келiсiмдер мен келiсiм-шарттардың мәнiн құрай алады.
      Тараптардың бiрiнiң құзыретті органы өзгерген кезде мұндай Тарап бұл туралы екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жiбередi.

  7-бап

      Тараптар Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды, Бiрлескен кәсiпорын Тараптардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      Тараптардың Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершілiктен бас тартуы зияткерлiк меншiкке, құпия ақпарат пен технологияларды қорғауға байланысты талап-арыздарға қолданылмайды, және де аталған талап-арыздарды қарау мүдделерi бұзылған Тарап мемлекетiнiң заңнамасымен реттеледi.
      Бiрлескен кәсiпорын Тараптар мемлекеттерiнiң құпия ақпаратты қорғау жөнiндегі заңнамасы мен өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн ескере отырып, осы Келiсiм шеңберiндегі жұмыстарды орындау үшiн атқарушы ұйымдарды дербес айқындайды.
      Атқарушы ұйымдардың тiзбесiн Бiрлескен кәсiпорын тiзбенi салық органына одан әрi беру үшiн Қазақстан Тарабының құзыреттi органына жiбередi.

  8-бап

      Қазақстан Тарабы мынадай преференциялар берудi қамтамасыз етедi:
      а) Қазақстан Республикасының Бiрлескен кәсiпорнының, атқарушы ұйымдарының және Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдары мердiгерлерiнiң тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстарына (қызметтерiне), сондай-ақ тiкелей ғарыш кеңiстiгінде жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) технологиялық негiзделген және тығыз байланысты жердегi дайындау жұмыстарына (қызметтерге) осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын қосымшаға сәйкес қосымша құнға нөлдiк ставка бойынша салық салынады.
      Айналымдар бойынша қосылған құнға нөлдiк ставка бойынша салынатын салықты қайтару Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзіледi. Бұл ретте осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығы бойынша нөлдiк ставканы қолданатын атқарушы ұйымдар осы Келiсiмнiң 7-бабында көрсетiлген атқарушы ұйымдар тізбесiнде белгiленуге тиiс.
      Қосылған құн салығы бойынша нөлдiк ставканы қолдану үшiн мыналар негiз болып табылады:
      Бiрлескен кәсіпорын үшiн - осы Келiсiмге қосымшада көрсетілген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетілгенiн) растайтын құжаттардың көшiрмелерi;
      атқарушы ұйымдар үшiн - тiкелей Бiрлескен кәсiпорынмен жасалған жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және Бiрлескен кәсiпорын үшiн жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетiлгенiн) растайтын құжаттардың көшiрмелерi;
      Қазақстан Республикасы атқарушы ұйымдарының мердiгерлерi үшiн - Бiрлескен кәсiпорынмен жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарты (келiсiм-шарты) бар атқарушы ұйыммен тiкелей жасалған жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және атқарушы ұйым үшiн жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетілгенiн) растайтын құжаттардың көшiрмелерi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымы үшiн мердiгердiң жұмыстарды орындауына (қызметтердi көрсетуiне) арналған нұсқауы және мердiгер орындайтын жұмыстардың (көрсететiн қызметтердiң) түрлерi Бiрлескен кәсiпорын мен атқарушы ұйым арасында жасалған шартта (келiсiм-шартта) айқындалуға тиіс;
      б) Бiрлескен кәсiпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетілген жұмыстарды орындаудан (қызметтердi көрсетуден) алынатын кiрiстер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден мемлекеттiк қабылдау комиссиясы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл мерзiмге босату;
      в) Бiрлескен кәсіпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетiлген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) байланысты қызметтi жүзеге асыру кезiнде тiкелей пайдаланылатын салық салу объектілерi бойынша мүлiкке салынатын салықтан босату;
      г) Бiрлескен кәсiпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетілген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) байланысты Бiрлескен кәсiпорынның қызметiн жүзеге асыру үшін бөлiнген және пайдаланылатын жер учаскелерi бойынша жер салығынан және жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемнен босату;
      д) Бiрлескен кәсiпорынды және Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдарын 1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жұмыстарды орындау үшiн қажеттi тауарларды шекара арқылы өткiзу тәртiбi туралы келiсiмге сәйкес "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жеткiзілетiн тауарлардың импорты кезiнде салықтардан, кедендiк баждардан және алымдардан босату;
      е) Бiрлескен кәсiпорын мен Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдары "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын тауарлар импорты квоталауға, лицензиялауға және басқа да шектеулерге жатпайды.

  9-бап

      Ресей Тарабы осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Ресей Федерациясында тiркелген атқарушы ұйымдарға Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес преференциялар бередi. "Байқоңыр" ғарыш айлағына тауарларды жеткiзу квоталау режимiн қолданусыз жүргiзiледi.

  10-бап

      Тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру мақсатында Бiрлескен кәсiпорынға, Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiм бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағының жердегі ғарыш инфрақұрылымының жаңа құрылыстарын (объектілерiн) құруға және жұмыс iстеп тұрған құрылыстарына (объектілерiне) бөлiнетін және бөлiнбейтiн жақсартулар енгізуге құқық бередi.
      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында "Байқоңыр" ғарыш айлағының жекелеген құрылыстары (объектілерi) олар орналасқан жер учаскелерiмен бiрге Жалға беру шартында айқындалған тәртiппен оларды "Байқоңыр" кешенiнiң жалға алынған объектілерiнiң құрамынан шығара отырып, Бiрлескен кәсiпорынға берiлуi мүмкiн.
      "Байқоңыр" ғарыш айлағының басқа құрылыстарын (объектілерiн) Бiрлескен кәсiпорынның пайдалануы шарттық негiзде жүзеге асырылады.

  11-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құрудың жобасы Қазақстан Республикасында да, Ресей Федерациясында да Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес мемлекеттiк сараптауға жатады.
      Қазақстан Республикасында көрсетiлген жобаның мемлекеттiк сараптамасын жүргiзудi ұйымдастыру үшiн жобалау материалдары Зымырандық технологияны бақылау режимiн қамтамасыз етуге байланысты талаптар және құпия мәлiметтердi сақтау жөнiндегi талаптар ескерiле отырып, Қазақстан Тарабының құзыретті органына берiледi.
      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында салынатын құрылыс объектілерін сараптау 1999 жылғы 13 қаңтардағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үшiн өзара мүдденi бiлдiретiн құрылыс жобаларының мемлекетаралық сараптамасы туралы  келiсiмге сәйкес жүргізіледi.

  12-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалана отырып ғарыш аппараттарын ұшыру кезiнде ұшырушы мемлекеттiң функциясын Ресей Тарабы орындайды.
      Тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалана отырып ғарыштық бағдарламаларды орындау кезiнде ғарыш объектілерi келтiрген залал үшiн 1972 жылғы 29 наурыздағы Ғарыш объектілерi келтiрген залал үшiн халықаралық жауаптылық туралы  конвенцияға сәйкес олардың кiнәсiнiң дәрежесiне мөлшерлес ортақ жауаптылықта болады.
      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдаланып ғарыш аппараттарын ұшыруларды дайындау мен жүзеге асыру кезiндегi сақтандыруға жататын тәуекелдер түрлерi, сондай-ақ сақтандыруды жүргізу шарттары мен тәртiбi Тараптардың құзыретті органдары арасындағы келiсiммен айқындалады.

  13-бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiндегі жұмыстарды орындау кезiнде келтiрiлуi мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк, өтемақының мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмдерi келiссөздер жүргiзу жолымен Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес айқындалады.

  14-бап

      Осы Келiсiм шеңберiндегі ынтымақтастық барысында құралатын немесе берілетiн зияткерлiк меншікті қорғау, бөлу және пайдалану мәселелерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi.
      Осы Келiсiмнің шеңберiндегi ынтымақтастық атқарушы ұйымдардың, құзыреттi органдардың және Тараптардың осы Келiсiмнiң шеңберiндегi немесе одан тыс бiрлескен қызметі басталғанға дейiнгі олар алған зияткерлiк меншiкке құқығын қозғамайды.
      Әрбiр Тарап осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде құпия ақпараттың қорғалуын, сондай-ақ осы Келiсiмнiң шеңберiндегi ынтымақтастық барысында берiлетін ақпараттың жасырындылығын оның құзыретті органдарының, атқарушы ұйымдарының және Бiрлескен кәсiпорынның сақтауын бақылауды қамтамасыз ету үшін өзiнiң мемлекетiнiң заңнамасында көзделген барлық қажеттi шараларды қабылдауға мiндеттенедi. Бұл ретте жасырын ақпаратты осындай ретiнде Тарап, құзыреттi орган, Бiрлескен кәсiпорын немесе жасырындылықты талап ететiн атқарушы ұйым белгiлеуге тиiс.
      Егер осы Келiсiмдi орындау үшiн оларды пайдалану тәртiбi Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасымен айқындалатын мәлiметтердi беру немесе мәліметтермен алмасу қажет деп танылған жағдайда олар осы мақсатта Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында белгiленген нысанда тиiсті шешiмдер қабылдайды.
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде орындалған бiрлескен әзiрлемелер туралы кез келген ақпарат оның қатысушысы болып табылмайтын тарапқа тек Тараптардың құзыреттi органдарының жазбаша түрде ресiмделген өзара келiсiмi бойынша ғана берiлуi мүмкiн.

  15-бап

      Тараптар, олардың құзыреттi органдары, Бiрлескен кәсiпорын және атқарушы ұйымдар Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес осы Келiсiмнiң шеңберiндегi жұмыстарды орындауға байланысты қорғалатын тауарлар мен технологияларға рұқсатсыз қолжетiмділіктiң және мұндай технологиялар мен тауарларды үшіншi тұлғаларға рұқсатсыз берудің алдын алу жөнiнде қажетті шаралар қабылдайды. Осы мақсатта Ресей Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның құрылтайшы ұйымы атқарушы ұйымдардың және Бiрлескен кәсiпорынның қатысуымен технологияларды қорғау жоспарларын әзiрлейдi, олар Тараптардың құзыретті органдарына бекiтуге ұсынылады.
      Технологияларды қорғау жоспарлары қорғалатын тауарлар мен технологиялардың жалпы тiзбесiн, Зымырандық технологияны бақылау режимiнiң талаптарын ескере отырып, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құрудың және пайдаланудың барлық кезеңдерiнде қауiпсiздiк шараларын және бiрлескен бағдарламалар мен жобаларға қатысушылардың жауапкершілігін бөлудi қамтуға тиiс.

  16-бап

      Бiрлескен кәсiпорынның қызметкерлерi "Байқоңыр" ғарыш айлағында болған уақытта қауiпсiз жұмыс істеудің айрықша режимi бар объектілерде болуға байланысты барлық нормалар мен ережелердi орындауға мiндетті. Көрсетiлген нормалар мен ережелердi қызметкерлердiң назарына "Байқоңыр" ғарыш айлағының режим қызметi жеткiзедi.

  17-бап

      Осы Келісiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты дауларды шешу, сондай-ақ күтпеген және еңсерілмейтiн жағдайларды (форс-мажор жағдаяттарын) реттеу өзара консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен немесе Тараптармен немесе олардың құзыретті органдарымен келiсiлген басқа да рәсiмдердiң көмегiмен жүзеге асырылатын болады.

  18-бап

      Егер осы Келiсiм күшіне енгеннен кейiн Тараптар мемлекеттерiнің қабылданған заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде не Тараптар бiр мезгiлде қатысушылары болып табылатын халықаралық келiсімдерде Бiрлескен кәсiпорын үшiн неғұрлым қолайлы жағдайлар көзделетiн болса, онда осы қолайлы жағдайлар қолданылатын болады.

  19-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың және олардың құзыретті органдарының олар жасасқан басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  20-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажетті мемлекетiшілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны алған күнінен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiмге Келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын және осы бапта көзделген тәртiппен күшіне енетiн жекелеген хаттамалар жасасу арқылы өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiм Жалға алу шартының қолданылу мерзiмi өткенге дейiн не Тараптардың бiреуi басқа Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап бiр жыл өткенге дейiн қолданылады.
      Егер Тараптар өзге туралы келiспесе, осы бапта көзделген тәртiппен осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату осы Келiсiмнің шеңберiнде аяқталмаған жобалар мен бағдарламаларды орындауға әсерiн тигiзбейдi. Осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату заңды тұлғалардың осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтатқанға дейiнгі оған байланысты туындаған шарттық мiндеттемелердi қайта қарауы немесе бiр жақты тәртiппен сақтамауы үшiн құқықтық негіз болып табылмайды.

      2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде, екi данада жасалды әрi екi мәтiннiң де күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
      Yкiметi үшін                     Үкiметi үшiн

Қазақстан Республикасының Yкiметi  
мен Ресей Федерациясының Yкiметi  
арасындағы "Байқоңыр" ғарыш    
айлағында "Бәйтерек" ғарыш     
зымыран кешенiн құру туралы   
келiсiмге            
ҚОСЫМША              

  Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес преференциялар берілетiн
тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде, сондай-ақ тiкелей ғарыш
кеңiстiгiнде жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге)
технологиялық негiзделген және олармен тығыз
байланысты жердегi дайындық жұмыстары
(қызметтерi) кешенiн жүзеге асыру кезiнде орындалатын
(көрсетiлетiн) жұмыстардың (қызметтердiң)
ТIЗБЕСI

      1. Тiкелей ғарыш кеңiстігінде орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстар (қызметтер):
      ғарыш аппараттарын, орбиталық станцияларды және басқа да ғарыш жүйелерiн ғарыш кеңiстiгiне шығару;
      байланысты қамтамасыз ету, деректердi беру, теледидар және радио хабарларын тарату үшiн ғарыш техникасын пайдалану;
      жерсерiктік навигациялық және топогеодезиялық жүйелердi пайдалану;
      ғарыш аппараттарын объектілер мен құбылыстарды қадағалау үшін пайдалану;
      тiкелей ғарыш жағдайында ғарыш аппараттарын сынау;
      тiкелей ғарыш кеңiстігінде орналасқан ғарыш аппараттарын пайдалана отырып орындалатын (көрсетілетiн) жұмыстар (қызметтер);
      ұшуды басқару және ғарыш жүйелерiн, ғарыш аппараттарын (объектілердi) байланыспен, соның ішінде Жер бетiнде жүзеге асырылатын байланыспен қамтамасыз ету;
      басқарылатын да, автоматты да аппараттар қолданылатын ғылыми зерттеулер (iргелi және қолданбалы);
      ғарыштан Жердi және басқа да планеталарды қашықтықтан зерттеу, ғарыш аппараттарынан, осы аппараттарды пайдалануды қоса алғанда, экологиялық мониторинг және метеорология;
      2. Тiкелей ғарыш кеңiстiгінде жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) технологиялық негiзделген және онымен тығыз байланысты жердегi дайындық жұмыстарының (қызметтердiң) кешенi:
      арнайы отын және оны жеткiзу құралдарын дайындау, ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарына отын жеткiзу және құю;
      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарын оларды сынау және ұшыру орындарына тасымалдау және шығарушы кәсiпорынға қайтару;
      ғарыш аппараттарынан, орбиталық станциялардан және басқа да ғарыш жүйелерiнен ақпарат қабылдау, оны өңдеу және тұтынушыға дейiн жеткiзу;
      зымыран-ғарыш техникасының жобалау-конструкторлық әзiрлемелерiн негiздеуге және қамтамасыз етуге, зымыран-ғарыш техникасын өндiруге және оны пайдалануға байланысты теориялық және жобалық-iздестiру зерттеулерi;
      ғарыш аппараттарын, орбиталық станцияларды, шығару құралдары мен олардың құрамдас бөлiктерiн, соның iшiнде: зымыран, авиациялық және басқа да кешендердi және олардың құрамына кiретiн зымыран тасығыштарды, тасығыш ұшақтарды, екпiндету блоктарын, оларды дайындау, сақтау және тасымалдау құралдарын - жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;
      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарын басқарудың мамандандырылған жүйелерiн, сондай-ақ ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарының жұмыс iстеуiн телеметриялық бақылау құралдарын жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;
      ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жүйелерiн жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;
      техникалық және технологиялық жүйелер мен олардың зымыран-ғарыш кешендерiн тасымалдауды, сақтауды, сынау мен ұшыруды және ғарыш аппараттарын ұшу кезiнде басқаруды қамтамасыз ететiн жердегі ғарыш инфрақұрылымының құрамдас бұйымдарын жобалау, құрастыру, өндiру және сынау, жете толықтыру және пайдалану (қызмет көрсету);
      ұшу-ғарыш оқиғаларын тексеру;
      сынақ және басқару орталықтарын, ұшыру және техникалық кешендердi, әуеайлақтарды және жердегi ғарыш инфрақұрылымының өзге де объектiлерiн және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтердi ұсынуды қоса алғанда, олардың құрамдас бөлiктерiн, сондай-ақ қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және сынауға, ұшыруға дайындауға, зымыранды ұшыруға, ғарыш аппараттарын (объектiлердi) ұшыруға арналған агрегаттардың, жүйелердiң және т.б. құрамдас бөлiктерiн жасау, күтiп ұстау және пайдалану;
      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарына ұшудан кейiнгi қызмет көрсету және/немесе оларды жөндеу;
      пайдалану процесiндегі жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын қоса алғанда, ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарына кепiлдiк берiлген қадағалауды жүзеге асыру;
      зымыран-ғарыш техникасының жүйелерi мен жабдығын кәдеге жарату.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады