"Экономиканың мемлекеттiк секторын басқаруда мемлекеттiң мүдделерiн одан әрi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 28 қаңтардағы N 50 Жарлығын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - "Самұрық" холдингi" АҚ) құрылсын.
2. Акциялары "Самұрық" холдингi" АҚ-тың меншiгiндегi акционерлiк қоғамдарды тиiмдi басқаруды қамтамасыз ету оның қызметiнiң негiзгi мәнi болып белгiленсiн.
3. Қоса берiлiп отырған "Самұрық" холдингi" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум бекiтiлсiн.
4. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне "Самұрық" холдингi" АҚ-тың жарғылық капиталын қалыптастыру үшiн 2006 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен 70000000 (жетпiс миллион) теңге бөлiнсiн.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) осы қаулының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң резервiнен бөлiнетiн қаражат есебiнен "Самұрық" холдингi" АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеудi;
2) "Самұрық" холдинг" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандумның ережелерiн ескере отырып, "Самұрық" холдингi" АҚ-тың Жарғысын бекiтудi;
3) "Самұрық" холдингi" АҚ-ты Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеудi;
4) "Самұрық" холдингi" АҚ акцияларының мемлекеттiк пакетiн иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне берудi;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.
6. Қоса берiлiп отырған акцияларының мемлекеттiк пакеттерi "Самұрық" холдингi" АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берiлетiн ұлттық компаниялардың (бұдан әрi - ұлттық компаниялар) тiзбесi бекiтiлсiн.
7. Ұлттық компаниялар заңнамада белгiленген тәртiппен "Самұрық" холдингi" АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берiлетiн акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн бағалауды жүргiзсiн.
8. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiмен бiрлесiп, осы қаулының 5 және 7-тармақтарында көрсетiлген iс-шаралар орындалғаннан кейiн "Самұрық" холдингi" АҚ-тың жарияланған акцияларының санын ұлғайтуды және ұлттық компаниялар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн беру арқылы орналастырылатын акцияларға ақы төлеудi қамтамасыз етсiн.
9. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, бiр апта мерзiмде "Самұрық" холдингi" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.
10. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
1) "Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне мемлекеттiк меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 сәуiрдегi N 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылатын акционерлiк қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тiзбесiнде:
"Астана қаласы" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 21-70-жолмен толықтырылсын:
"21-70. "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" АҚ";
2) "Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерiне иелiк ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында :
көрсетiлген қаулыға қосымшада "Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 268-3-жолмен толықтырылсын:
"268-3. "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" АҚ".
11. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiмен және мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, екi апта мерзiмде жоғарыда аталған Жарлыққа және осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.
12. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары К.Қ. Мәсiмовке жүктелсiн.
13. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 ақпандағы
N 117 қаулысымен
бекiтiлген
"Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi
қазақстандық холдингi" акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi
қағидаттары туралы меморандум
1. Құру мақсаты
"Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - "Самұрық" холдингi" АҚ) құрудың мақсаты корпоративтiк басқаруды жетiлдiру жолымен Қазақстан Республикасының мемлекет қатысатын компаниялардың ұзақ мерзiмдi құндылығын барынша арттыру болып табылады.
"Самұрық" холдингi" АҚ-қа Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес ұлттық компаниялар, өзге де акционерлiк қоғамдар (бұдан әрi - Компаниялар) акцияларының мемлекеттiк пакеттерi берiледi.
2. "Самұрық" холдингi" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары
"Самұрық" холдингi" АҚ-тың мақсаттарға қол жеткiзуi қызметiнiң мынадай негiзгi қағидаттарына негiзделетiн болады:
Компаниялар қызметiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн және экономикалық тиiмдiлiгiн арттыру;
Компанияларды корпоративтiк басқарудың әлемдiк үздiк практикасын енгiзу;
Компанияларды дамыту жөнiндегi орта мерзiмдi мақсаттарға қол жеткiзуде Қазақстан Республикасының Үкiметiне жәрдемдесу;
ұлттық және салааралық ауқымдағы тұжырымдамалық инвестициялық шешiмдердi әзiрлеу;
инвестициялық жобаларды iске асыруды қамтамасыз ету.
Қызметтiң осы негiзгi қағидаттарын iске асыру "Самұрық" холдингi" АҚ-тың акционер функцияларын жүзеге асыру және тиiстi директорлар кеңестерiнде өкiлдiк ету және инвестициялық функцияларды орындау арқылы Компанияларды дамытуға белсендi қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
Ескерту. 2-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.06 N 1179 Қаулысымен.
3. "Самұрық" холдингi" АҚ-тың функциялары
"Самұрық" холдингi" АҚ-тың негiзгi функциялары Компанияларды олардың директорлар кеңестерi арқылы корпоративтiк басқаруды жүзеге асыру шеңберiнде мыналар болып табылады:
әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарларын, мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды ескере отырып, Мамандандырылған Кеңес қабылдаған "Самұрық" холдингі" АҚ-ны дамыту мәселелері жөніндегі шешімдер негiзiнде Компаниялар үшiн мақсаттар қою;
алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз ететiн Компаниялардың орта мерзiмдi бизнес-жоспарларын, инвестициялық бағдарламаларын және жылдық бюджеттерiн бекiту;
Компаниялар тиiмдiлiгiнiң негiзгi көрсеткiштерiн қарау және айқындау;
мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз ету, оның iшiнде Компаниялардың қаржылық нәтижелерiн барынша арттыру;
Компаниялар алға қойылған мақсаттар мен тиiмдiлiк көрсеткiштерiн орындамаған жағдайда түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз ету;
Компаниялар басшыларын iрiктеу және уәждемелеу;
Компаниялар қызметi нәтижелерiнiң мониторингi;
Компаниялар аудитiн ұйымдастырушылық қамтамасыз ету.
"Самұрық" холдингi" АҚ Қазақстан Республикасының Үкiметi үшiн корпоративтiк қаржы мәселелерi бойынша ұсынымдар әзiрлейдi, сондай-ақ мынадай инвестициялық функцияларды iске асырады:
ұлттық және салааралық ауқымдағы тұжырымдамалық инвестициялық шешiмдердi және тиiстi ТЭН әзiрлеу;
жобаларды сүйемелдеу және оларға қатысушыларды құрылымдау;
жобаларды бiрлесiп қаржыландыру.
Ескерту. 3-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.06 N 1179 , 2007.05.07 N 363 Қаулыларымен.
4. "Самұрық" холдингi" АҚ-ты басқару мәселелерi
Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан "Самұрық" холдингi" АҚ-тың жалғыз акционерi болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкiметi "Самұрық" холдингi" АҚ Директорлар кеңесiнiң дербес құрамын айқындайды.
"Самұрық" холдингi" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамына Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Қаржы, Энергетика және минералдық ресурстар, Индустрия және сауда министрлiктерi бірінші басшылары, тәуелсiз директорлар, "Самұрық" холдингi" АҚ-тың басқарма төрағасы және өзге де тұлғалар кiредi.
"Самұрық" холдингi" АҚ Директорлар кеңесiнiң құзыретiне мыналар жатады:
"Самұрық" холдингi" АҚ қызметiнiң басым бағыттарын айқындау;
"Самұрық" холдингi" АҚ қызметiнiң мақсаттарын қою;
"Самұрық" холдингi" АҚ-тың бюджетiн бекiту;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер.
"Самұрық" холдингi" АҚ Директорлар кеңесiнiң жанынан комитеттер, оның iшiнде Аудит комитетi құрылуы мүмкiн.
"Самұрық" холдингi" АҚ-тың қызметiн қаржыландыру жарғылық капиталдың қаражаты мен Компаниялардан түсетiн дивидендтер есебiнен қалыптастырылатын кiрiстер және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге көздер есебiнен жүзеге асырылады. Компаниялардың акциялары пакеттерiн сатудан түскен кiрiстер де инвестициялық қызметтi қаржыландыруға жiберiледi.
Ескерту. 4-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.06 N 1179 , 2007.09.24 N 829 , 2007.11.19 N 1103 Қаулыларымен.
5. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "Самұрық"
холдингi" АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен "Самұрық" холдингi" АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар құрылуы туралы шешiмдi және қызметi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының Yкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшiсi орган - Мамандандырылған Кеңес арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқаратын Мамандандырылған Кеңестiң құрамына Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Қаржы министрлiктерiнiң, салалық орталық атқарушы органдардың бiрiншi басшылары және өзге де тұлғалар кiредi. Мамандандырылған Кеңес бір айда бiр рет орта мерзiмдi негiзде Компанияларды басқару жөнiндегi негiзiн қалаушы мақсаттар мен мiндеттер бойынша ұсынымдар әзiрлеудi жүзеге асырады және мақсаттар мен қаржылық нәтижелерге қол жеткiзудi бағалауды жүргiзедi.
Мамандандырылған Кеңес өз қызметiн тұрақты негiзде жүзеге асырады және кемiнде екi жылда бiр рет отырыс өткiзедi. Мамандандырылған Кеңестiң қызметiн ұйымдық-ақпараттық қамтамасыз етудi Мамандандырылған Кеңестiң қызметi туралы ережеде айқындалған жұмыс органы жүзеге асырады.
Компаниялардың қызметiне мемлекеттiк органдардың олардың бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын орындауына негiзделмеген араласуына жол берiлмейдi.
Ескерту. 5-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.05.07 N 363 , 2008.06.11 N 576 Қаулыларымен.
6. "Самұрық" холдингi" АҚ пен Компаниялар арасындағы
өзара қарым-қатынастар
"Самұрық" холдингi" АҚ пен Компаниялардың өзара қарым-қатынастары оның жоғарыда көрсетiлген функцияларымен айқындалады. Бұл ретте "Самұрық" холдингi" АҚ-тың Компаниялардың қызметiне ықпал етуi акционер функцияларын жүзеге асыру және Компаниялардың тиiстi директорлар кеңестерiнде өкiлдiк ету арқылы корпоративтiк басқару шеңберiмен шектеледi.
Компаниялардың директорлар кеңестерiнiң құрамына "Самұрық" холдингi" АҚ-тың өкiлдерi, тәуелсiз директорлар, сондай-ақ тиiстi салалық орталық атқарушы органның бiр өкiлi кiредi. "Самұрық" холдингi" АҚ қажеттi дауыстар санына ие болған жағдайда "Самұрық" холдингi" АҚ-тың өкiлi Компаниялардың директорлар кеңестерiнiң төрағасы болып табылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 ақпандағы
N 117 қаулысымен
бекiтiлген
Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.18
N 964 , 2008.11.21. N 1080 Қаулыларымен.
Акцияларының мемлекеттiк пакеттерi "Самұрық"
мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық
холдингi" акционерлiк қоғамына берiлетiн ұлттық
компаниялардың тiзбесi
р/с |
Атауы |
Акциялардың |
1. "Қазақстан темір жолы" ұлттық 100%
компаниясы" акционерлiк қоғамы
2. (алынып тасталды - 2007.10.18. N 964 Қаулысымен).
3. "Электр желiлерiн басқару жөнiндегi 100%
Қазақстан компаниясы" "KEGOC"
(Kazakhstan Electricity Grid Operating
Company) акционерлiк қоғамы
4. "Қазақтелеком" акционерлiк қоғамы 50% + 1 акция
5. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" 100%
акционерлiк қоғамы
6. "Қазпочта" акционерлік қоғамы 100 %