"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 наурыздағы N 197 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

жоба 

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы

"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының
мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық
заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

       1-бап.  "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы  Конституциялық заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 23, 410-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) 1-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.
      Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.
      Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
      Сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптары барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн міндетті. Сот актiлерi мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.";
      2) 3-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "Әскерлерiнiң" деген сөз алынып тасталсын;
      3) 7-баптың 2-тармағы алынып тасталсын;
      4) 8-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы алынып тасталсын;
      5) 9-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау және судья этикасы нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;";
      6) 12-баптың 2) тармақшасы алынып тасталсын;
      7) 14-баптың 1-тармағында:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау және судья этикасы нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;";
      8) тармақшада "сот статистикасын жүргiзудi," деген сөздер алынып тасталсын;
      8) 15-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында "және сот статистикасын талдау" деген сөздер алынып тасталсын;
      9) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "19-бап. Жоғарғы Сот алқалары
      1. Жоғарғы Соттың қадағалау алқасын, азаматтық iстер жөнiндегi алқасын және қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын алқалардың төрағалары басқарады.
      2. Әр алқадағы судьялардың саны және олардың дербес құрамы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыста белгiленедi.
      3. Жоғарғы Соттың Төрағасы алқаларда арнайы құрамдарды құра алады.";
      10) 20-бапта:
      1-тармақта:
      2) тармақшадағы "қадағалау алқасын басқарады," деген сөздер алынып тасталсын;
      4) тармақшадағы "сот практикасында заңдарды қолдану" деген сөздер "сот практикасы және заңда көзделген негiздемелер бойынша, қадағалау тәртiбiмен сот iсiн қайта қарау туралы ұсыныс жасау" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) тармақшадағы "(қадағалау алқасынан басқа)" деген сөздер алынып тасталсын;
      2-тармақтың 8) тармақшасы алынып тасталсын;
      11) 21-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) сот практикасын зерделеу және қорыту жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;";
      12) 22-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) алқалардың сандық және дербес құрамын белгiлейдi;";
      3) тармақшада "сот практикасында заңдардың қолданылу" деген сөздер "сот практикасы" деген сөздермен ауыстырылсын және "қабылдайды" деген сөзден кейiн ", заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізедi" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiмен қарайды;";
      7) тармақша ", сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриiн сайлайды" деген сөздермен толықтырылсын;
      13) 25-баптың 4-тармағы "материалдық" және "жүзеге асыру" деген сөздерден кейiн тиiсiнше "және әлеуметтiк", "және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу" деген сөздермен толықтырылсын;
      14) 26-баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады.
      Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және толық шаралар қабылдауға мiндеттi.";
      15) 28-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша ", судья антына адал болуға" деген сөздермен толықтырылсын;
      2) тармақшадағы "немесе оның әдiлдiгiмен алаламаушығына" деген сөздер "адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгі мен алаламаушылығына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) тармақшада "сот төрелiгiн" деген сөздердiң алдынан "сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне" деген сөздермен толықтырылсын, "араласудың кез келген" деген сөздер "араласу" деген сөзбен ауыстырылсын;
      16) 29-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар
      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      жиырма бес жасқа толған;
      жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
      Әдiлет бiлiктiлiк алқасында немесе мамандандырылған магистратурада бiлiктiлiк емтиханын тапсырған;
      сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратураны оқып бiтiрген адамдарға тағылымдамадан өту талап етiлмейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он жыл жұмыс стажы бар, соның iшiнде кемiнде бес жыл судья болған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он бес жыл жұмыс стажы бар, соның iшiнде кемiнде он жыл судья болған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.
      4. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен белгiленедi.";
      17) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
      "29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық куәландыру
      1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсiптiк мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн, ауруларының жоқтығын растау үшiн оған медициналық куәландыру жүргізiледi.
      2. Судьяның кәсiптiк мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi жергiлiктi соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның және азаматтардың денсаулығын қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.";
      18) 30-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгi, 4-тармағының бiрiншi бөлiгі және 5-тармағының бiрiншi бөлiгi "отырысының" деген сөздерден кейiн "оң" деген сөзбен толықтырылсын;
      19) 31-бапта:
      7-тармақ мынадай мазмұндағы бөлiкпен толықтырылсын:
      "Тиiстi сотта судьялардың бос орны болмаған жағдайда оған ұқсас лауазымға қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған төраға мен алқа төрағасы олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.";
      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
      "8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе қысқартылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындауға конкурссыз ұсынылуы мүмкiн.";
      20) 33-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабының 2-тармағында көзделген негiздемелер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiлiгi туралы судьялардың тәртiптiк-біліктiлiк алқасының шешiмi болса;";
      21) 34-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) судья орнынан түскенде;";
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) судья өз тiлегi бойынша қызметiнен босатылғанда;";
      5) тармақшада "азаматтығынан айырылғанда" деген сөздер "азаматтығы тоқтатылғанда" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) тармақшадағы "бермесе" деген сөзден кейiн нүктелi үтiр ";" қойылып, мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
      "9) Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша;
      10) зейнеткерлiк жасқа толғанда.";
      6-тармақ "3)-7)" деген сандардан кейiн ", 9) және 10)" деген сандармен толықтырылсын;
      22) 35-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "35-бап. Судьяның орнынан түсуi
      1. Еңбек жолы мiнсiз және кемiнде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның өзiнiң судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiктерiн және Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып судьялық өкiлеттiктерiн тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
      Судьяны орнынан түсу нысанында қызметiнен босату осы Конституциялық заңның 34-бабының 1-тармағының 1-1), 2), 8) және 10) тармақшаларында көзделген негiздемелер бойынша жүзеге асырылады.
      2. Орнынан түскен судьяға судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, оның соңғы лауазымы бойынша жиырма төрт айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде бiр жолғы шығу жәрдемақысы төленедi.
      3. Судьяның орнынан түсуi мына жағдайларда тоқтатылады:
      оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрғанда;
      ол қылмыс жасағанда немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағанда;
      өз тiлегi бойынша;
      Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;
      ол қайтыс болғанда.
      4. Орнынан түсуi тоқтатылған жағдайда судья жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепiлдiктерден айырылады.";
      23) мынадай мазмұндағы 35-1-баппен толықтырылсын:
      "35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру
      1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген тәртiппен және шарттардан жүзеге асырылады.
      2. Судья үшiн Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен қосымша мiндеттi зейнетақы жарналары белгiленедi.
      Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде көрсетiлген жарналар республикалық бюджетке алынады.";
      24) 38-баптың бiрiншi бөлiгi "бiлiктілік сыныптарын беру" деген сөздерден кейiн ", судьяның орнынан түсу және оны тоқтату құқығын белгiлеу" деген сөздермен толықтырылсын;
      25) мынадай мазмұндағы 38-1-баппен толықтырылсын:
      "38-1-бап. Сот жюриi
      Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiптiк жарамдылығын айқындау үшiн Жоғарғы Сот жанынан Сот жюриi құрылады.
      Сот жюриi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.";
      26) 41-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы
      1. Тәртiптiк iс қозғау құқығы:
      1) республиканың кез келген судьясына қатысты - Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына;
      2) облыстық соттың судьясына, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларына тиесiлi.";
      27) 43-бапта:
      1-тармақ "төрағаларына қатысты" деген сөздерден кейiн "тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi," деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақ "судьяларына қатысты" деген сөздерден кейiн "тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi," деген сөздермен толықтырылсын;
      28) 44-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;";
      3) тармақша алынып тасталсын;
      4) тармақша "қарауға жiберу" деген сөздерден кейiн "не шешiмдi өзгерiссiз қалдыру туралы" деген сөздермен толықтырылсын;
      29) 47-баптың 2-тармағындағы "9) тармақшасына сәйкес" деген сөздерден кейiн "судьяның мәртебесiн, тағайындалу және сайлану тәртiбiн, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып," деген сөздермен толықтырылсын;
      30) 54-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "54-бап. Судья қаза болған (қайтыс болған) немесе жарақат алған жағдайдағы өтемақы
      1. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде жарақат алса оған бiржолғы өтемақы, ал ол қаза болған (қайтыс болған) жағдайда - оны алуға құқығы бар адамдарға төленедi.
      2. Бiржолғы өтемақы төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза болған (қайтыс болған) жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаттың салдарынан судья өкiлеттігін тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде асырауындағы адамдар мен мұрагерлерге соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      4. Судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезiнде мертiгуiнiң, жаралануының (контузия алуының), жарақат алуының, ауыруының нәтижесiнде мүгедек болғаны анықталса оған мынадай мөлшерде бiржолғы өтемақы төленедi:
      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық жалақы;
      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық лауазымдық жалақы;
      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық жалақы.
      5. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке әкелiп соқпаған ауыр жарақат (мертiккен, жараланған, контузия алған) алған жағдайда оған бiр жарым айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде, жеңiл жарақат алса - лауазымдық жарты айлық жалақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      6. Егер судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда қаза болғаны (қайтыс болғаны), мертiккенi, жараланғаны (жарақат алғаны), ауырғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.";
      31) мынадай мазмұндағы 55-1-баппен толықтырылсын:
      "55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi кепiлдiктерден айыру
      Судья оның қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот этикасының талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi бойынша оның өкiлеттiктерi тоқтатылған кезде, сондай-ақ Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша кәсiби жарамсыздығына байланысты:
      1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына ешкiмнiң тиiспеуi кепiлдiктерiнен;
      2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.";
      32) 56-бапта:
      1-тармақтың бiрiншi бөлiгi "қамтамасыз етудi" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ соттарда сот статистикасын жүргiзудi" деген сөздермен толықтырылсын;
      5-тармақта "және сот статистикасын жүргiзу" деген сөздер алынып тасталсын.

       2-бап.  Осы Конституциялық заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады