Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 26 ақпандағы N 143 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) іске асыратын "Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту" жобасын одан әрі қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы негізінде "HSBS Bank plc." акционерлік қоғамы (бұдан әрі - банк) "Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту" жобасын одан әрі қаржыландыру үшін оларды 2006 жылы сатып алудың маңызды стратегиялық мәні бар қаржы қызметтерін көрсетуші болып белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіпорынның мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды орындауын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) кәсіпорынмен және "Қазақстан Даму банкі" акционерлік қоғамымен мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім жасассын;
2) "2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген мемлекеттік кепілдіктер беру лимитінің шегінде 62 000 000 (алпыс екі миллион) АҚШ доллары мөлшерінде тартылатын қарыз бойынша кәсіпорынның міндеттемелері орындауын қамтамасыз ету ретінде банкке Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі