Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007.12.28. N 1337 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. Қоса берiлiп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң капитал қозғалысына байланысты операциялар бойынша валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясатының негiзiн құрайтын қағидаттар туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң капитал қозғалысына байланысты операциялар бойынша валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясатының негiзiн құрайтын қағидаттар туралы келiсiмге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң капитал қозғалысына байланысты операциялар бойынша валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясатының негiзiн құрайтын қағидаттар туралы келiсiм
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi және орталық (ұлттық) банктерi,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Еуразия экономикалық қоғамдастығына (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердiң өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастығын нығайтуға, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға мyдделiлiк бiлдiре отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң ұлттық шекарасы арқылы капиталдың еркiн қозғалысы ЕурАзЭҚ шеңберiндегi қаржы және еңбек ресурстарын тиiмдi бөлудiң негiзгi талаптарының бiрi болып табылатынын, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбiр жеке мемлекеттiң экономикалық өсу және даму қарқынын арттыруды қамтамасыз ететiнiн мойындай отырып,
ұлттық валюталардың сыртқы сауда және инвестициялық операциялардағы рөлiн арттыру және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер валюталарының өзара айырбасталуын қамтамасыз ету мақсатында ЕурАзЭҚ шеңберiнде ортақ валюталық кеңiстiк құру бағытындағы бiрлескен iс қимылдардың маңыздылығын мойындай отырып, өзара тиiмдi, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге нұқсан келтiрмейтiн ынтымақтастық үшiн капитал қозғалысына валюталық шектеулерді алып тастауға ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбiр мемлекеттегi ахуалдың ерекшелiкті ескерiлетiн кешендi және теңгерiмдi ұстаным қажет екенiн мойындай отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбiр мемлекеттiң экономикалық ерекшелiктерiн ескере отырып, тең құқылылық және өзара пайда қағидаттарына сүйене отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
І бөлім. Жалпы ережелер
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай терминдер қолданылады:
"валюталық заңнама" - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңдары және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi, Тараптардың валюталық реттеудiң және валюталық бақылаудың құқықтық нормалары мен қағидаттарын белгiлейтiн актiлерi;
"үшiншi елдер" - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет болып табылмайтын елдер;
"ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң резидентi" - осы мемлекеттiң валюталық заңнамасына сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң бiрiнiң резидентi;
"ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң резидент емесi" - үшiншi елдiң резидентi;
"валюталық шектеу" - валюталық операцияларға оларға тiкелей тыйым салудан, олардың көлемiне, санына және жүргiзiлу мерзiмiне лимит белгiлеуден, оларды жүргiзу үшiн арнайы рұқсаттар (лицензиялар) алу талаптарын, жүргiзiлетiн операциялар сомасының бiр бөлiгiн немесе барлығын резервтеу талабын белгiлеуден көрiнетiн, заңнамалық түрде белгiленген шектеулер, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумақтарында шоттар ашуға және жүргiзуге байланысты шектеулер;
"ырықтандыру шаралары" - нәтижесi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi арасындағы операцияларға қатысты, сондай-ақ үшiншi елдердiң резиденттерiмен операцияларға қатысты валюталық шектеулердi әлсiрету және жою болып табылатын шаралар.
2-бап
Осы Келiсiм Тараптар валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында жүргiзетiн, валюталық операцияларға қатысты шектеулердi бiрте-бiрте жоюға бағытталған саясаттың негiзiн құрайтын қағидаттарды, сондай-ақ оларға қатысты валюталық шектеулердi алып тастау жөнiндегi шаралар қабылданып жатқан ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi арасында жасалатын операциялардың тiзбесiн айқындайды.
3-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң валюталық заңнамаларында көзделген валюталық шектеулерге қолданылады және банктiк заңнамалармен, басқа қаржы-кредит ұйымдарының қызметiн реттейтiн заңнамалармен, салық және кеден заңнамаларымен реттелетiн қатынастарды қозғамайды.
4-бап
Осы Келiсiмде тiкелей көзделмеген валюталық реттеу қағидаттары, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер резиденттерiнiң валюталық операцияларды жүзеге асыру және шоттар ашу тәртiбi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңнамаларында айқындалады.
II бөлiм. Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негiзгi қағидаттары 5-бап
Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi арасындағы операцияларға қатысты, сондай-ақ үшiншi елдердiң резиденттерiмен операцияларға қатысты тиiмдi экономикалық кооперацияға кедергi жасайтын валюталық шектеулердi бiрте-бiрте жоюды қамтамасыз етуге ұмтылады.
6-бап
Тараптар кез келген валюталық шектеулердi қайтадан енгiзудi не енгiзудi, сондай-ақ ұлттық заңнамаға валюталық операцияларды жүзеге асыру кезiнде жаңа шектеулер енгiзуi мүмкiн кез келген өзгерiстi болдырмауға ұмтылады.
7-бап
Осы Келiсiмде айтылған ырықтандыру шаралары барлық Тараптарға қатысты тепе-тең негiзде, кемсiтпей жүзеге асырылуға тиiс.
8-бап
Тараптардың әрқайсысы ЕурАзЭҚ-қа мүше жеке мемлекетке не үшiншi елдерге қатысты осы Келiсiмде айтылмаған басқа ырықтандыру шараларын Келiсiмнiң басқа Тараптарына қатысты осы ырықтандыру шараларын қолдану мiндеттемелерiнсiз қолдануға құқылы.
9-бап
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резидент еместерiмен жүргiзетiн операцияларға және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер резиденттерiнiң үшiншi елдердiң аумағында шоттар ашуына қатысты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң валюталық заңнамаларының нормалары қолданылады.
Тараптар yшiншi елдерге қатысты валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың бiрыңғай тәсiлдерi мен бағыттарын әзiрлеу жөнiнде шаралар қабылдайды.
10-бап
Осы Келiсiмде айқындалған мiндеттемелер Тараптардың валюталық операцияларды жүзеге асыру заңдылығын бақылау (операциялар жүргiзу үшiн негiздеме болып табылатын тиiстi құжаттарды ұсыну жөнiндегi талаптарды қоса алғанда), сондай-ақ заңдылықты сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған өзге шараларды iске асыру жөнiндегi мүмкiндiктерi мен өкiлеттiктерiн шектемейдi.
III бөлiм. Оларға қатысты валюталық шектеулер қолданылмайтын валюталық операциялар және шоттар ашуға байланысты операциялар 11-бап
Тараптар оларға қатысты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң валюталық заңнамаларында көзделген валюталық шектеулер қолданылмайтын, ЕурАзЭК-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi арасында жүзеге асырылатын валюталық операциялардың және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер резиденттерiнiң ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағында шоттар ашуға байланысты операциялардың мынадай тiзбесiн айқындайды:
1) экспорт бойынша төлемдi бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға немесе мерзiмi бiр жылға дейiнгi импорт бойынша алдын ала ақы төлеуге (аванстық төлемге) байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) ақпаратты, зияткерлiк қызмет нәтижелерiне айрықша құқықтарды жеткiзушiлер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тiкелей жүзеге асырылатын есеп айырысулар мен аударымдар;
2) әуе және теңiз кемелерiмен, iшкi жүзу және аралас (өзен-теңiз) жүзу кемелерiмен, ғарыш объектiлерiмен операциялар бойынша есеп айырысуларды қоспағанда, жылжымайтын мүлiкке жатқызылған мүлiкпен операциялар бойынша есеп айырысулар;
3) заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы акцияларды, үлестердi, салымдарды (пайларды) сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар;
4) ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң ұйымдасқан нарықтары (биржалары) арқылы мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар;
5) заңды тұлғалардың осы заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн ұстауға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсатына арналған шоттар ашуы;
6) жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес төлемдердi жүзеге асыру мақсаттары үшiн шоттар ашуы.
12-бап
Тараптар 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң резиденттерi арасында жүзеге асырылатын мынадай валюталық операциялар бойынша шектеулердi жоюға мiндеттенедi:
1) ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) тартуға және беруге байланысты төлемдер;
2) ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң ұйымдасқан нарықтары (биржалары) арқылы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң коммерциялық ұйымдары-резиденттерiнiң облигацияларын және өзге де бағалы қағаздарын (акцияларды қоспағанда) сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар.
13-бап
Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптың хабарламасы бойынша ерекше жағдайларда осы Келiсiмнiң 11 және 12-баптарында көрсетiлген валюталық операцияларға бiр жылдан аспайтын мерзiмге валюталық шектеулер белгiлеуге құқылы.
Ерекше жағдайларға:
а) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру нәтижесiнде экономикалық және қаржылық ахуалдың нашарлауына әкеп соғуы мүмкiн жағдайлардың туындауы;
б) төлем теңгерiмiндегi ахуалдың соның салдарынан алтын-валюта резервтерi жол берiлетiн деңгейден төмендеуi ықтимал болатын терiс дамуы;
в) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне нұқсан келтiруi және қоғамдық тәртiптi ұстап тұруға кедергi жасауы мүмкiн жағдайлардың туындауы;
г) ұлттық валюта бағамының күрт ауытқуы жатады.
Валюталық шектеулердi енгiзу туралы хабарламаны Тарап басқа Тараптарға осындай шектеулер күшiне енгiзiлгенге дейiн жiбередi.
IV бөлiм. Қорытынды ережелер 14-бап
Тараптардың осы Келiсiмдi iске асыру бойынша iс-қимылдарын үйлестiру Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартқа қатысушы мемлекеттердiң орталық (ұлттық) банктерi басшыларының кеңесiне (бұдан әрi - Кеңес) жүктеледi.
Кеңес өзiнiң отырыстарында Тараптардың осы Келiсiмге сәйкес өздерiне жүктелген мiндеттемелерiн орындауын, сондай-ақ, егер оларды орындамау орын алса, олардың себептерiн қарайды.
15-бап
Осы Келiсiм Тараптардың өздерi қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
16-бап
Осы Келiсiмдi түсiнуге және орындауға байланысты даулы мәселелер мүдделi Тараптардың консультациялары және келiссөздерi арқылы шешiледi, ал келiсiмге келмеген жағдайда дауды ЕурАзЭҚ Соты қарайды.
17-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге болады, олар жеке хаттамалармен ресiмделедi.
18-бап
Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекет iшiндегi рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға өткiзген күнiнен бастап күшiне енедi.
19-бап
Осы Келiсiм ЕурАзЭҚ-қа мүшелiкке қабылданған кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық. Осы Келiсiмге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келiсiм депозитарий олардан қосылу туралы құжат алған күнiнен бастап күшiне енедi.
200 жылғы "___"_________ ___________қаласында бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды.
Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбiр Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.
Беларусь Республикасының Беларусь Республикасының
Yкiметi үшiн Ұлттық банкi үшiн
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Yкiметi үшiн Ұлттық Банкi үшiн
Қырғыз Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкiметi үшiн Ұлттық банкi үшiн
Ресей Федерациясының Ресей Федерациясының
Yкiметi үшiн Орталық банкi үшiн
Тәжiкстан Республикасының Тәжiкстанның
Yкiметi үшiн Ұлттық банкi үшiн