Еуразия экономикалық коғамдастығына мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1337 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімге қол қойылсын.

      3. "Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операциялар бойынша валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 қыркүйектегі N 896  қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
N 1337 қаулысымен 
мақұлданды      

жоба

  Еуразия экономикалық, қоғамдастығына мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің үкіметтері және орталық (ұлттық) банктері,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастығын нығайтуға, ЕурАзЭҚ-ка мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделілік білдіре отырып,
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы капиталдың еркін қозғалысы ЕурАзЭҚ шеңберіндегі қаржы және еңбек ресурстарын тиімді бөлудің негізгі талаптарының бірі болып табылатынын, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбір жекелеген мемлекеттің экономикалық өсу және даму қарқынын арттыруды қамтамасыз ететінін мойындай отырып,
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер валюталарының сыртқы сауда және инвестициялық операциялардағы рөлін арттыру және көрсетілген валюталардың өзара айырбасталуын қамтамасыз ету мақсатында ЕурАзЭҚ шеңберінде ортақ валюталық кеңістік құру бағытындағы бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын мойындай отырып,
      өзара тиімді, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге нұқсан келтірмейтін ынтымақтастық үшін капитал қозғалысына валюталық шектеулерді алып тастауға ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбір мемлекеттегі ахуалдың дербестігі ескерілетін кешенді және теңгерімді тәсіл қажет екенін мойындай отырып,
      ЕурАзЭҚ-қа мүше әрбір мемлекеттің экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарына сүйене отырып, 
      төмендегілер туралы келісті:

  І бөлім. Жалпы ережелер 1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      валюталық заңнама - валюталық реттеу және валюталық бақылау нормасының қағидаттарын белгілейтін ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілері;
      үшінші елде - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет болып табылмайтын елдер;
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің резиденті - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің бірінің осы мемлекеттің валюталық заңнамасына сәйкес резиденті;
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің резидент емес - үшінші елдің резиденті;
      валюталық шектеулер - валюталық операцияларға оларға тікелей тыйым салу, олардың көлеміне, санына және жүргізілу мерзіміне, төлем валютасына лимит белгілеу арқылы көрінетін капитал қозғалысына байланысты заңнамалық түрде белгіленген шектеулер, сондай-ақ оларды жүргізу үшін арнайы рұқсаттар (лицензиялар) алу талаптарын, жүргізілетін операциялар сомасының бір бөлігін немесе барлығын резервтеу талабын белгілеу, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің аумақтарында шоттар ашуға және жүргізуге байланысты шектеулер;
      ырықтандыру шаралары - нәтижесі ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері арасындағы капитал қозғалысына байланысты операцияларға қатысты, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резидент еместерімен осындай валюталық операцияларға қатысты валюталық шектеулерді әлсірету және жою болып табылатын шаралар.

  2-бап

      Осы Келісім Тараптардың капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөнінде жүргізетін (бұдан әрі - валюталық операциялар), валюталық операцияларға қатысты шектеулерді бірте-бірте жоюға бағытталған валюталық саясаттың негізін құрайтын қағидаттарды, сондай-ақ оларға қатысты валюталық шектеулер қолданылмайтын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операциялардың тізбесін айқындайды. Осы Келісім ережелерінің қаржы және салық-бюджеттік саладағы мемлекетішілік заңнамамен реттелетін қарым-қатынастарға қатысы жоқ.

  II бөлім. Капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясаттың негізін құрайтын қағидаттар 3-бап

      Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резидент еместерімен валюталық операцияларға қатысты тиімді экономикалық кооперацияға кедергі жасайтын валюталық шектеулерді бірте-бірте жоюды қамтамасыз етеді.

  4-бап

      Тараптар кез келген валюталық шектеулерді, сондай-ақ өз мемлекеттерінің заңнамасына валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде шектеулер енгізуі мүмкін кез келген өзгерісті енгізуді болдырмайтын шараларын қабылдайды.

  5-бап

      Осы Келісімнің 9-бабында көзделген ырықтандыру шаралары ЕурАзЭҚ-қа мүше барлық мемлекеттердің резиденттеріне қатысты тең негізде, кемсітпей жүзеге асырылады.

  6-бап

      Тараптардың әрқайсысы ЕурАзЭҚ-қа мүше жекелеген мемлекетке не үшінші елдерге қатысты осы Келісімнің басқа Тараптарына қатысты осы ырықтандыру шараларын қолдану міндеттемелерінсіз осы Келісімнің 9-бабында көзделмеген ырықтандыру шараларын қолдануға құқылы.

  7-бап

      Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резидент еместерімен жүргізетін операцияларға және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер резиденттерінің үшінші елдердің аумағында шоттар ашуына қатысты валюталық саясаттың бірыңғай тәсілдері мен бағыттарын әзірлеу жөнінде шаралар қабылдайды.

  8-бап

      Осы Келісімде айқындалған міндеттемелер Тараптардың валюталық операцияларды жүзеге асыру заңдылығын бақылау (операциялар жүргізу үшін негіздеме болып табылатын тиісті құжаттарды ұсыну жөніндегі талаптарды қоса алғанда), сондай-ақ мемлекетішілік заңнамаларды сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған өзге шараларды іске асыру жөніндегі мүмкіндіктері мен өкілеттіктерін шектемейді.

  ІІІ Бөлім. Оларға қатысты валюталық шектеулер қолданылмайтын валюталық операциялар және шоттар ашуға байланысты операциялар 9-бап

      Тараптар оларға қатысты валюталық заңнамаларда көзделген валюталық шектеулер қолданылмайтын, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері арасында жүзеге асырылатын валюталық операциялардың және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер резиденттерінің ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің аумақтарында шоттар ашуға байланысты операциялардың мынадай тізбесін айқындайды:
      1) экспорт бойынша төлемді бір жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе мерзімі бір жылға дейінгі импорт бойынша алдын ала төлем төлеуге (аванстық төлемге) байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді), зияткерлік қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды өнім берушілер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тікелей жүзеге асырылатын есеп айырысулар мен аударымдар;
      әуе және теңіз кемелерімен, ішкі жүзу және аралас (өзен-теңіз) жүзу кемелерімен, сондай-ақ ғарыш объектілерімен операциялар бойынша есеп айырысуларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке жатқызылған мүлікпен операциялар бойынша есеп айырысулар;
      заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы акцияларды, үлестерді, салымдарды (пайларды) сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар;
      4) ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ұйымдасқан нарықтары (биржалары) арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар;
      5) заңды тұлғалардың осы заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін ұстауға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсатына арналған шоттар ашуы;
      6) жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке байланысты емес төлемдерді жүзеге асыру мақсаттары үшін шоттар ашуы.

  10-бап

      Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап 90 күн өткен соң ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің резиденттері арасында жүзеге асырылатын мынадай валюталық операциялар бойынша шектеулердің күшін жоюға міндеттенеді:
      1) ақшалай нысанда кредиттер (заемдар) тартуға және беруге байланысты төлемдер;
      2) ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ұйымдасқан нарықтары (биржалары) арқылы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің коммерциялық резидент-ұйымдарының облигацияларын және өзге де бағалы қағаздарын (акцияларды қоспағанда) сатып алуға байланысты есеп айырысулар мен аударымдар.

  11-бап

      Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптың хабарламасы бойынша ерекше жағдайларда осы Келісімнің 9 және 10-баптарында көрсетілген валюталық операцияларға бір жылдан аспайтын мерзімге валюталық шектеулер белгілеуге құқылы.
      Ерекше жағдайларға:
      а) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру нәтижесінде экономикалық және қаржылық ахуалдың нашарлауына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      б) төлем теңгеріміндегі ахуалдың теріс дамуы салдарынан алтын-валюта резервтерінің рұқсат етілетін деңгейден төмендеуі;
      в) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру өз мемлекетінің қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі және қоғамдық тәртіпті ұстап тұруға кедергі жасауы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      г) өз мемлекетінің валюта бағамының күрт ауытқуы жатады.
      Тарап валюталық шектеулерді енгізу туралы хабарламаны басқа Тараптарға осындай шектеулер күшіне енгізілгенге дейін 30 күн күннен кешіктірмей жібереді.

  IV бөлім. Қорытынды ережелер 12-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру бойынша іс-қимылдарын үйлестіру Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері басшыларының Кеңесіне жүктеледі.
      Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері басшыларының Кеңесі өзінің отырыстарында Тараптардың оы Келісімге сәйкес өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындауын, сондай-ақ, егер олар орындалмаса, олардың себептерін қарайды.

  13-бап

      Осы Келісім Тараптардың қатысушылары ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  14-бап

       Осы Келісімді түсінуге және орындауға байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі, ал олар келісімге қол жеткізбеген жағдайда дау ЕурАзЭҚ Сотының қарауына беріледі.

  15-бап

      Тараптардың өзара уағдаластық бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  16-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийге сақтауға өткізген күнінен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың кез келгені депозитарийге өзінің Келісімнен   шығу ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы мәлімдеген Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткен соң тоқтатылады.

  17-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕурАзЭҚ-қа мүшелікке қабылданған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий олардан қосылу туралы құжат алған күннен бастап күшіне енеді.

      200___ жылғы "___" _________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Беларусь Республикасының       Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін                   Ұлттық банкі үшін
Қазақстан Республикасының      Қазақстан Республикасының    Үкіметі үшін                   Ұлттық Банкі үшін
Қырғыз Республикасының         Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін                   Ұлттық банкі үшін
Ресей Федерациясының           Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                   Орталық банкі үшін
Тәжікстан Республикасының      Тәжікстанның
Үкіметі үшін                   Ұлттық банкі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады