Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы N 1135 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан
Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Білім және ғылым
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ   <*>

(2006 жылғы 29 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 1, 4-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі,
      ғылым-білім саласындағы қазақстан-иордан қарым-қатынастарын нығайтуға және дамытуға қатысты екі мемлекеттің басшылары арасындағы уағдаластықты негізге ала отырып,
      білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарымен дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттері ұлттық заңнамаларының нормаларын ескере отырып,
      білім және ғылым саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың келешектегі дамуы Тараптар мемлекеттерінің халықтары арасында достық пен өзара түсіністікті орнатуға және қолдауға айтарлықтай дәрежеде ықпал ететінін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар тең құқықтық пен өзара тиімділік негізінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес екі мемлекет арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытады және нығайтады.

  2-бап

      Тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі салада, сондай-ақ кадрларды даярлау, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мәселелері бойынша Тараптар арасында ақпаратпен және арнайы әдебиет алмасу жолымен ғылым саласында да ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдеседі.
      Тараптар қазақстандық және иордан жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдары арасында жарияланымдармен алмасуды көтермелейді.

  3-бап

      Тараптар, Тараптар мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы нормативтік құқықтық кесімдер туралы ақпарат алмасады.

  4-бап

      Тараптар білім, ғылым және технологиялар саласындағы даму мен басқарудың маңызды бағыттары бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасуды жүзеге асырады.

  5-бап

      Осы Келісімге сәйкес Тараптар бір Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарынан басқа Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарында консультациялар өткізу және дәріс оқу үшін жетекші ғалымдар мен педагогтарды тарту мәселелері бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Тараптар өзара негізде Тараптар мемлекеттерінде өткізілетін ғылыми форумдар мен конференцияларға қатысу үшін мамандарды шақыруды көтермелейді.

  6-бап

      Осы Келісімде көзделген іс-шараларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдары арасында олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі анықталатын тікелей шарттарды жасасу негізінде жүзеге асырылады.

  7-бап

      Осы Келісім екі Тарап та ресми мақұлдайтын білім беру және ғылыми алмасу бойынша басқа іс-шараларды өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

  8-бап

      Осы Келісімнің мәтініне осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру және түсіндіру жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы талқылаулар және өзара консультациялар арқылы шешіледі.

  9-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы кезекті кезеңнің бітуіне дейінгі алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      200_ жылғы "__" ___________ _______________қаласында қазақ,
араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндер дәлме-дәл. Түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтінге басымдық беріледі.

       Қазақстан Республикасының          Иордан Хашимиттік
            Үкіметі үшін               Корольдігінің Үкіметі
                                                үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады