Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Үкіметi арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қарашадағы N 1137 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Үкiметi арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2006 жылғы 29 қарашадағы 
N 1137 қаулысымен    
мақұлданған      
      жоба

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Иордан Хашимиттік
Корольдiгiнiң Yкiметi арасындағы Сауда-экономикалық
ынтымақтастық туралы келiсiм

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иордан Хашимиттiк Корольдiгiнiң Үкiметi,
      екi ел халықтарының арасындағы дәстүрлi достық қатынастарын нығайтуға және теңдiк пен өзара тиiмдiлiк қағидаттарының негiзiнде екі жақты сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға ниет бiлдiре отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар екi жақты сауданы дамыту үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды және бұл үшiн өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және жалпылай танылған халықаралық құқық нормаларына сәйкес барлық жағдайларды жасайды.

  2-бап

      1. Тараптар сауда ынтымақтастығын дамыту үшiн барлық қажетті жағдайлар жасау мақсатында бiр-бiрiне өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мыналарға:
      а) экспортқа және\немесе импортқа салынатын кеден баждарына және басқа да алымдарына;
      b) кедендiк тазартуды, транзиттi, қоймаға жинауды және қайта тиеуді қоса алғанда, импорт пен экспортқа қатысты ресмилiктерге;
      с) импортталатын тауарларға қатысты қолданылатын салықтарға және басқа iшкi алымдарға;
      d) өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес экспортқа және/немесе импортқа лицензияларды беруге қатысты барлық мәселелер бойынша неғұрлым қолайлы ұлттық режим ұсынады.
      2. Неғұрлым қолайлы режимi мыналарды қамтымайды:
      а) шекара маңы саудасын және тасымалдауды жеңiлдету үшiн Тараптардың бiрiнiң көршiлес мемлекеттерге беретiн артықшылықтар;
      b) Тараптардың әрқайсысы мемлекетiнiң кеден одағындағы, еркiн сауда аймағындағы немесе сауда-экономикалық қатынастың өзге нысандарындағы мүшелiлiгiнiң негiзiнде үшiншi мемлекетке ұсынатын артықшылығы.

  3-бап

      Тауарлардың экспорты және/немесе импорты өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң жеке және заңды тұлғаларының арасында жасалған келiсiм-шарттардың талаптары бойынша жасалады. Бұл ретте Тараптар мемлекеттерiнiң жеке және заңды тұлғаларының арасында жасалған келiсiм-шарттардан туындайтын мiндеттемелер бойынша Тараптар жауап бермейдi.

  4-бап

      Тараптар арасындағы сауда ынтымақтастығының нәтижесiндегi барлық есеп айырысулар, төлемдер мен аударымдар еркiн айырбасталымды валютада, егер Тараптар өзгеше келiспесе, Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына және тиiстi халықаралық практикаға сәйкес жүзеге асырылады.

  5-бап

      Тараптар сыртқы сауда қызметiн реттейтiн саладағы Тараптар мемлекеттерiнде қолданылатын ұлттық заңнама туралы ақпаратпен жүйелi түрде алмасады.

  6-бап

      Екi жақты сауда қатынастарының тарифтiк және тарифтiк емес ережелерiн iске асыру, статистикалық ақпаратпен алмасу, кедендiк ресмилiктердi iске асыру мақсатында Тараптар 1983 жылғы 14 маусымда
Брюсселде жасалған Тауарларды сипаттау және кодтаудың үйлестiрiлген жүйесi туралы халықаралық конвенцияны қолдануға келiстi.

  7-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларының шеңберiнде өз мемлекеттерiнiң аумағында сауда жәрмеңкелерiн, көрмелердi ұйымдастыруға және жүргiзуге жәрдем көрсетедi, сондай-ақ сауда делегацияларының сапарларын жүргiзуге жәрдемдеседi.
      Әрбiр Тарап өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес көрме үлгiлерiн және осындай жәрмеңкелерге, көрмелерге және басқа да осыған ұқсас көрме мақсаттарына арналған екiншi Тарап уақытша әкелетiн тауарлардың үлгiлерiн кеден баждары мен салықтарынан босатады.

  8-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын халықаралық келiсiмдерге сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң жеке және заңды тұлғаларының меншiгi болып табылатын патенттердi, сауда белгiлерiн, авторлық құқықтарды және коммерциялық құпияларды қорғауды және тиiстi түрде пайдалануды кепiлдендiру үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.

  9-бап

      Тараптар осы Келiсiмдi iске асыруға жәрдемдесу мақсатында бұдан әрi "Бiрлескен комиссия" деп аталатын сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөнiндегi бiрлескен қазақстан-иордан үкiметаралық комиссиясын құрады.
      Бiрлескен комиссия жылына бiр рет немесе кез келген Тараптың сұрау салуы бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында кезекпен кездесулер өткiзедi.
      а) Бiрлескен Комиссия осы Келiсiмдi iске асыруды үйлестiредi осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау мақсатында Тараптар қабылдауы мүмкiн шараларды қарастырады;
      b) Сауда, инвестициялық және экономикалық қатынастарға жәрдемдесу мен дамытуға қатысты мәселелердi талқылайды;
      с) Өзара тиiмдi негiзде сауда, инвестициялық және экономикалық қатынастарды жылжыту және әртараптандыру және осындай ынтымақтастық үшiн жаңа салаларды айқындау мүмкiндiктерiн зерделейдi;
      d) Осы Келiсiмдi түсiндiруге және орындауға байланысты туындауы мүмкiн сұрақтарды талқылайды.

  10-бап

      Тараптар егер, әрбiр нақты жағдайда өзгедей тәртiп келiсiлмеген болса, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегiнде олардың осы Келiсiмдi орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес өтейдi.

  11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру олардың мемлекеттерi қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  12-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар, келiссөздер жүргiзу жолымен немесе келiсiлген өзге халықаралық құқықтық құралдар арқылы шешiлетiн болады.

  13-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Көрсетiлген хаттамалар осы Келiсiмнiң 14-бабында айқындалған тәртiппен күшiне енедi.

  14-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiмнiң күшi Тараптардың бiрде бipeуi жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы осы Келiсiмнен шығудың болжамды күнiне дейiн үш айдан кешiктiрмейтiн мерзiмде хабарламаса, күшiнде қалады.
      Осы Келiсiмнiң ережелерi Келiсiмнiң қолданылуы iшiнде жасалған келiсiм-шарттар бойынша мiндеттемелер орындалғанға дейiн ондай келiсiм-шарттарға қолданылатын болады.
      2006 жылғы қарашаның 29 қарашада Амман қаласында, әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндер бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, ағылшын тiлiндегi мәтiн басым күшке ие болады.

Қазақстан Республикасының          Иордан Хашимит Корольдiгiнiң  
      Yкiметi үшiн                           Yкiметi үшiн 

       Қазақстан Республикасының           Иордан Хашимит Корольдiгiнiң 
  Сыртқы iстер министрi             Индустрия және сауда министрi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады