Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венгрия Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венгрия Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.17 N 357 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 20 қарашадағы
N 1111 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Венгрия Республикасының Үкіметі арасындағы
Экономикалық ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венгрия Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және экономикалық және басқа да қатынастарды дамытуға тілек білдіре отырып,
өздерінің дәстүрлі экономикалық қатынастарын жалғастыруға және жақсартуға ұмтыла отырып, сондай-ақ өзінің экономикалық, индустриялық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын өзара тиімді негізде дамытуға және үдетуге ниет білдіре отырып,
шарт талаптарын ұлғайту одан әрі ынтымақтастық үшін тиісті және қолайлы негіздерді қамтамасыз ететініне сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес экономикалық және әлеуметтік даму саласындағы ынтымақтастықты ұлғайтуға және әртараптандыруға жәрдемдеседі.
2-бап
Экономикалық қатынастардың дамуының жай-күйі мен перспективаларын ескере отырып, Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар мынадай салаларда бар екендігіне келіседі:
а) көмірсутегі шикізатын өндіруге, тасымалдау мен сақтауға қатысуды қоса алғанда, энергетикалық сектор;
b) ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және сақтау;
с) ветеринарлық жабдық пен ветеринарлық препарат маркетингі және оларды жасау;
d) құрылыс және құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіру;
е) электр станцияларын, электр энергиясын жеткізетін жоғары вольтты желіні, сондай-ақ мұнай-газ құбыржолдарын дамыту және қайта жаңарту;
f) электр жабдығын және тұрмыстық электр аспаптарын жасау;
g) электрондық және электр-техникалық өнеркәсіп;
h) минералдық-шикізат ресурстары мен тау-кен өндіру өнеркәсібі өнімдерін барлау, өндіру және қайта өңдеу, сондай-ақ сату;
і) химия және мұнай-химия өнеркәсібі;
j) буып-түю технологиясы;
k) қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау;
l) ағаш өңдеу өнеркәсібі;
m) білім беру;
n) адами ресурстарды дамыту;
o) денсаулық сақтау, медициналық технология, фармацевтік өнеркәсіп саласында қызметтер ұсыну;
р) туризм, спорт және курорт ісі;
q) шағын және орта бизнес саласындағы ынтымақтастық;
r) коммуникация;
s) компьютерлік және ақпараттық технологиялар;
t) көлік және логистика;
u) ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық.
3-бап
Тараптар мына жолдар арқылы ынтымақтастықты ұлғайтуды және үдетуді қолдайды:
а) өзара мүддені білдіретін экономикалық мәселелер бойынша ақпарат алмасуды қоса алғанда, бизнес сектор өкілдері арасындағы байланыстарды нығайту;
b) үкіметтік емес ұйымдар, кәсіптік қауымдастықтар және бизнес топтары, сауда-өнеркәсіп палаталар өкілдерінің, сондай-ақ осы Келісімнің 2-бабында аталған мәселелерге жетекшілік ететін өңірлік органдар өкілдерінің сапарларымен алмасу;
с) жеке тұлғалар мен бизнесмендердің сапарлары мен кездесулерін қолдай отырып, екі елдің іскер топтары арасында байланыстарды орнатуға және жақсартуға жәрдемдесу;
d) ақпарат алмасу, жәрмеңкелер мен көрмелер өткізуге, семинарлар, симпозиумдар, конференциялар мен басқа да кездесулер ұйымдастыруға қолдау көрсету;
е) жеке сектордың шағын және орта кәсіпорындарының екі жақты экономикалық қатынастарға қатысуын көтермелеу;
f) өзара мүдделер саласында консалтингтік, маркетингтік, консультативтік және сарапшылық қызметтер ынтымақтастығына қолдау көрсету;
g) тығыз байланыстар орнатуда және ынтымақтастықты нығайтуда қаржы институттары мен банк секторының қызметін көтермелеу;
h) екі елде де инвестициялық қызметке қолдау көрсету, бірлескен кәсіпорындар, компаниялардың өкілдіктері мен бөлімдерін құру;
i) өзара мүддені білдіретін өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
j) бірлескен инновациялық және ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру мүдделерінде халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға қолдау көрсету.
4-бап
Осы Келісімді жасасқаннан кейін Қазақстан-венгер экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) Тараптардың әрбірінің өтініші бойынша Қазақстанда және Венгрияда кезекпен шақыртылуы мүмкін.
Комиссияның міндеттері мыналар болып табылады:
екі жақты экономикалық қатынастарды дамытуды талқылау;
экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерді айқындау;
екі елдің кәсіпорындары арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жағдайларын жақсартуға бағытталған ұсыныстар дайындау;
осы Келісімді қолдануға ұсыныстар дайындау.
Комиссия қажеттілігіне орай ынтымақтастықтың белгілі бір мәселелерімен айналысатын жұмыс тобын құрады.
Комиссияның жұмыс тәртібі бірінші отырысты өткізген кезде айқындалады. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Комиссияның қызметіне байланысты шығыстарды дербес көтереді.
5-бап
Осы Келісім Венгрия Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын оның міндеттемелеріне ешқандай нұқсан келтірмеуге тиіс. Осы Келісімнің ережелері Еуропалық Одақ негізге алған Шарттардан, сондай-ақ Еуропалық Одақтың негізгі және екінші кезекті заңдарынан туындайтын Венгрия Республикасының міндеттемелерінің күшін жоятын, өзгертетін немесе тағы да қандай да бір тәсілмен қозғайтын ретінде тұтастай алғанда да, ішінара да қолданылуы немесе түсіндірілуі мүмкін емес.
1995 жылы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған Бір тараптан Қазақстан Республикасы мен екінші тараптан Еуропалық Қоғамдастықтар және оларға мүше мемлекеттер арасындағы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім, оның барлық кейінгі өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге, осы Келісіммен реттелетін мәселелерге қатысты артықшылық күшке ие.
6-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданылуын тоқтатуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі осындай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң күшін жояды.
________________ "____" ________________ қаласында әрқайсысы қазақ, венгер, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде Тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін