"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес және "Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 наурыздағы N 267 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Табиғаттан:
1) Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан Қарағанды облысы Ұлытау ауданының аумағына жерсіндіру мақсатында 5 (бес) бас және Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жартылай еркін жағдайда өсіру мақсатында 5 (бес) бас, барлығы 10 (он) бас қазақстан арқарын;
2) "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен Алматы облысының республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорығы аймағының аумағына жерсіндіру мақсатында 10 (он) бас және "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жартылай еркін жағдайда өсіру мақсатында 10 (он) бас, барлығы 20 (жиырма) бас қарақұйрықты алуға рұқсат етілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті:
1) "Охотзоопром" ӨБ" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен 10 (он) бас қазақстан арқарын және "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен 20 (жиырма) бас қарақұйрықты алуға белгіленген тәртіппен рұқсат берсін;
2) қазақстан арқарлары мен қарақұйрықтарды алу жөнінде іс-шаралар өткізу кезінде Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі