Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қ
АУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап
. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. "Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды еріксіз емдеу туралы" 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының
Заңына
(Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 32-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 23, 142-құжат):
1) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:
"1-1-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі
Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі - денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік мекемесі, оның негізгі міндеті ерікті түрде емделуден жалтарған алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан немесе емделуден кейін алкогольді, есірткіні, уытқұмарлық заттарды тұтынуды жалғастырушы және оларға қабылданған әкімшілік ықпал ету шараларына қарамастан, қоғамдық тәртіп пен жалпы тұру ережесін бұзып жүрген адамдарды еріксіз стационарлық емдеу болып табылады.
Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерінің күзетін ұйымдастыру мекеменің әкімшілігіне жүктеледі және күзет қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";
2) 5-бапта:
мемлекеттік тілдегі мәтінінде бірінші абзацта "халық соты" деген сөздер "сот" деген сөзбен ауыстырылсын;
алтыншы абзацта:
"60-тан асқан ерлер мен 55-тен асқан әйелдерге" деген сөздер алып тасталсын;
"жүйке және ағза ауруларымен ауыратындарға" деген сөздер "медициналық қарсы көрсетілімдері барларға" деген сөздермен ауыстырылсын;
"Денсаулық сақтау министрлігі" деген сөздер "Үкіметі" деген сөзбен ауыстырылсын
3) 6-бапта "ұстау режимі, емдеу тәртібі мен олардың еңбегін ұйымдастыру" деген сөздер "емдеу тәртібі" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) мынадай мазмұндағы 6-1, 6-2, 6-3 және 6-4-баптармен толықтырылсын:
"6-1-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде
адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары
1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде олардағы ұсталушы адамдардың медициналық ұйғарымдарды орындауын, оларды үнемі бақылауды қамтамасыз ететін және олардың өз бетімен кету мүмкіндігін болдырмайтын жағдай белгіленеді.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіне еркін кіруге осы мекеменің штаттарында тұратын қызметкерлерге, денсаулық сақтау органының бас маманы-наркологқа және бас маманы-психиатрға рұқсат етіледі. Мекемеге кедергісіз кіруге:
өз құзыреттері шегінде прокурорлардың;
өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу және анықтау органдарының құқығы бар.
Басқа адамдар мекеменің аумағына мекеме басшысының немесе оның орнындағы адамның рұқсатымен жіберіледі.
3. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің аумағынан аурулардың шығуына тек емдеу-диагностикалық және оңалту іс-шараларын жүргізу және еңбек қызметін жүзеге асыру үшін медициналық персоналдың, күзет қызметкерлерінің немесе мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі өкілдерінің ілесіп жүруімен ғана рұқсат етіледі.
4. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталатын адамдар қажетті тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Әрбір адамға жеке ұйықтайтын орын мен төсек-орын жабдығы беріледі.
Олар климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киіммен, іш киіммен, аяқ киіммен және Үкімет белгілеген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Ас қорыту органдары ауруларына шалдыққан адамдарға диетикалық тамақ беріледі.
5. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің бір бөлімшесінде ерлер мен әйелдерді ұстауға тыйым салынады. Қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған адамдар сотталмаған адамдардан, алкоголизм дертіне шалдыққандар нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққандардан бөлек ұсталады.
6. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдарға құжаттарды, ақша, құнды қағаздарды және тізбесі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бекітіліп, сақтауға тыйым салынған бағалы заттар мен нәрселерді өзімен бірге ұстауға рұқсат етілмейді.
Емделуден жалтарған немесе жүйелі түрде тәртіп бұзатын адамдар үшін мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі басшысының шешімі бойынша байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
Аурудан алынған олардың құжаттары, ақшасы, құнды қағаздары мен бағалы заттары туысқандарына қайтарылады, ал олар болмаған жағдайда мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің сақтау камерасына тапсырылып, олар шыққанға дейін сақталады. Алу тиісті хаттамамен ресімделеді, оған оны жасаған мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің қызметкері және заттары алынған адам қол қояды.
Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдар алкогольдік ішімдіктер, есірткі құралдарын және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге ниеттенді не алды деуге жеткілікті негіздер болған жағдайда олар жеке тексеріледі, ал олардың хат-хабарлары, бандерольдері, сәлемдемелері мен берілген заттары тексеріледі. Жеке тексеруді тексерілетін адамдармен бір жыныстағы адамдар жүргізеді.
7. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде адамдарды ұстау шарттары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Ішкі тәртіп ережесімен белгіленеді.
8. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы және персоналға күшпен қарсылық көрсететін, қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе айналасындағыларға не болмаса өзіне зиян келтіруі мүмкін басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерді жасайтын адамдар изоляторға орналастырылады.
Изоляторға орналастыру мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі басшысының жазбаша өкімі бойынша он тәулікке дейінгі мерзімге жүргізіледі. Басшы жұмыс орнында жоқ болған жағдайда мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің лауазымы жоғары қызметкері басшыға баяндаухат жаза отырып, изоляторға орналастыру туралы шешімді қабылдайды, басшы изоляторда ұстау мерзімін жазбаша өкіммен белгілейді.
Изоляторға орналастырудың әрбір фактісі бойынша осы шаралар кімге қатысты және қандай себеппен қабылданғанын көрсете отырып, акт жасалады және арнайы журналда белгі қойылады. Мұндай фактілерді есепке алуды мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің басшылығы жүргізеді.
9. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен өз бетімен кетіп қалу, осыған теңгерілетін жағдай - мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіне келмей қою емделуден жалтарғандық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Оларды іздестіруді және еріксіз емдеуге әкелуді Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары сот қаулысының негізінде жүзеге асырады.
Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен өз бетімен шығып кетіп, болмаған кезеңі емделу мерзіміне есептелмейді.
6-2-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде
ұсталушы адамдарға медициналық-санитарлық қызмет
көрсету
1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдарға медициналық-санитарлық қызмет көрсету денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлік консультативтік комиссиялар құрылады, олардың құзыретіне мына мәселелер жатады:
1) мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіне еріксіз емделуге түскен адамдарға арнайы ем жүргізуге қарсы көрсетілімдерді анықтау;
2) ауруларды басқа емдеу-профилактикалық мекемеге ауыстыру қажеттілігі;
3) кейіннен аурудың мүгедектігін белгілеу туралы алдын ала қорытындымен (қажет болған жағдайда) оның уақытша немесе ұдайы еңбекке жарамсыздығын белгілеу.
6-3-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде
ұсталушы адамдардың еңбек қызметін ұйымдастыру
1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдар өз қалаулары бойынша жұмыспен қамтамасыз етіледі, оларға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамалары қолданылады.
Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде орналасқан адамдарды еңбекке орналастыру үшін осы мекеме әкімшілігіне жазған олардың жеке арызы негіз болып табылады.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіндегі адамдарды кеңсе жұмыстарына, радиотелеграфтық және телефон тораптарында, материалдық жауапты лауазымдарда, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету лауазымдарында пайдалануға тыйым салынады.
Ерекше жағдайларда өндірістік үрдісті қамтамасыз ету үшін оларды инженерлік-техникалық қызметкерлер ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
3. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы еңбекпен қамтамасыз етілген адамдардың еңбек ақысы айына бір рет дербес жеке шотына аударылады.
Бұл адамдардың еңбекақысынан ұстаулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
4. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы зейнеткерлердің зейнетақы алу құқығы сақталады, зейнетақысы олардың дербес жеке шотына аударылады.
5. Адамдардың мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіндегі еңбек қызметінің кезеңі еңбек өтілінің жалғасуын үзбейді және жалпы еңбек өтіліне есептеледі.
6-4-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде
ұсталушы адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдар осы заңда және өзге де заңнамалық актілерде белгіленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарға:
1) өзінің құқықтары мен міндеттері, ұстау режимі және тәртіптік талаптар туралы ақпарат алуға;
2) тамақтануға, материалдық-тұрмыстық және медициналық қызмет алуға;
3) мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің өндірісінде немесе жұмыс істейтін кәсіпорындардың бөліністерінде (цехтарында) еңбек етуге;
4) дербес жеке шотындағы қаражаты есебінен қосымша азық-түлік өнімдерін және бірінші кезектегі қажеттілік заттарын алуға;
5) жақын туысқандарымен Ішкі тәртіп ережесімен белгіленген тәртіпте кездесуге;
6) шектеусіз хат-хабар алмасуға;
7) Ішкі тәртіп ережесімен белгіленген тәртіппен сәлемдеме алуға, сәлем-сауқат алуға және жіберуге;
8) ақша аударымдарын алуға құқылы. Түскен ақша аударымдары алушының жеке шотына аударылады;
9) өздерінің жеке шоттарындағы қаражаты есебінен кітаптарды, газеттерді, журналдарды, жазу құралдарын, спорттық керек-жарақтарды, үстел үсті ойындарын, музыкалық аспаптарды шектеусіз сатып алуға және пайдалануға;
10) емдеу нәтижелі болған жағдайда он тәулікке дейінгі қысқа мерзімді демалыс алуға;
11) Ішкі тәртіп ережесін және мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы басқа адамдардың құқықтарын сақтаған жағдайда діни рәсімдерді атқаруға;
12) күн сайын серуендеуге;
13) мекеме қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты денсаулық сақтау, прокуратура, сот органдарына шағымдануға құқылы.
3. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде ұсталушы адамдар мыналарға:
1) белгіленген Ішкі тәртіп ережелерін сақтауға;
2) әкімшіліктің және медициналық персоналдың заңды талаптарын орындауға;
3) белгіленген емді қабылдауға;
4) мекеменің меншігіне ұқыпты қарауға;
5) мекеменің тұрғын үй-жайларында тазалық пен тәртіп сақтауға және сондай-ақ мекеменің аумағында аптасына 2 сағаттан артық емес жинау жұмыстарына тартылуға;
6) жеке гигиенаны сақтауға міндетті.
4. Құқық бұзушылықтар жасағаны және материалдық зиян келтіргені үшін мекемеде ұсталушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауапкершілікте болады.";
5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"7-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен
шығарылған ауруларды еріксіз емдеуді тоқтату негіздері
және тәртібі
1. Аурулар мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен мына жағдайларда:
1) сот белгілеген еріксіз емдеу мерзімі аяқталғаннан кейін;
2) соттың қаулысы бойынша - еріксіз емдеу жүргізуге кедергі келтіретін ілеспелі ауыр аурулардың анықталуына байланысты;
3) соттың қаулысы бойынша - нәтижелі емделуіне байланысты мерзімінен бұрын, бірақ кемінде алты айдан кейін шығарылады.
Мекемедегі аурулар емделуден жалтарған жағдайда медициналық қорытындыға негізделген әкімшіліктің ұсынымхаты бойынша мекеменің орналасқан жеріндегі аудандық (қалалық) сот болуын бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Бұл ретте мекемеде болу уақыты екі жылдан аспауы тиіс.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен босатылған адамдарға олардан алынған және мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің сақтау камерасында сақталған құжаттары, ақшасы, құнды қағаздары мен бағалы заттары қайтарылады.
Еңбек кітапшасында мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде болған кезеңіндегі еңбек қызметі туралы белгі қойылады, ал еңбек кітапшасы болмаған жағдайда анықтама беріледі.
3. Мекеме әкімшілігі тұрмыстық және еңбекке орналастыруда көмек көрсету үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдарға және диспансерлік бақылауды қамтамасыз ету үшін республикалық, облыстық психоневрологиялық (наркологиялық) диспансерге мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінен босатылатын адамдар туралы хабарлайды.".
2. "Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының
Заңына
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 6, 190-құжат; 2001 ж., N 17-18, 245-құжат; 2002 ж., N 15, 147-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2004 ж., N 24, 154-құжат; 2007 ж., N 9, 67-құжат; 2008 ж., N 15-16, 63-құжат):
1) Заңның атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының
Заңы
";
2) мынадай мазмұндағы кіріспемен толықтырылсын:
"Осы Заң қоғамнан уақытша оңашалауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелер қызметінің құқықтық негізін айқындайды, сондай-ақ онда ұсталатын адамдардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.";
3) 1-бап алып тасталсын;
4) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) әкімшілік қамауға алынған - сот қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылған адам;
2) белгілі тұратын жері жоқ адам - Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттер аумағында тұратын жері бойынша тіркелмеген немесе тұрғын үйі жоқ адам;
3) құжаттары жоқ адам - жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам;
4) арнайы мекемелер - тергеу изоляторы, уақытша ұстау изоляторы, қабылдау-тарату орны, арнайы қабылдау орны, медициналық айықтырғыш;
5) қамауда ұстау - ұсталғандарды, қылмыстың жасалуына күдіктілерді, сондай-ақ қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарды арнаулы мекемелер мен үй-жайларда заңмен белгіленген уақытша оқшаулау;
6) уақытша ұстау изоляторы - қылмыстың жасалуына күдіктену бойынша ұсталғандарды, сондай-ақ шаруашылық қызметін көрсету бойынша жұмыстарды орындау үшін қалдырылған сотталғандарды қамауда ұстауға арналған арнайы мекеме;
7) тергеу изоляторы - бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған күдіктілер мен айыпталушыларды ұстауға арналған арнайы мекеме;
8) қабылдау-тарату орны - белгілі тұратын жері және (немесе) құжаттары жоқ адамдардың жеке басын анықтау және кейіннен әлеуметтік медициналық көмек көрсететін тиісті органдар мен мекемелерге тапсыру мақсатында оларды қабылдауға және ұстауға арналған ішкі істер органының арнайы мекемесі;
9) арнайы қабылдау орны - әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдауға және ұстауға арналған ішкі істер органдарының арнайы мекемесі;
10) медициналық айықтырғыш - алкогольдік мас күйдегі адамдарды қабылдауға, уақытша ұстауға және қажетті медициналық көмек көрсетуге арналған ішкі істер органдарының арнайы мекемесі;
11) камера - қабылдау-тарату орнына, арнайы қабылдау орнына, уақытша ұстау изоляторына, тергеу изоляторына орналастырылған адамдарды ұстауға арналған үй-жай;
12) бір адамдық камера - толық және қатаңырақ оқшаулау мақсатында қамауға алынған бір ғана адамды ұстауға арналған арнайы үй-жай;
13) карцер - қамауда ұстаудың белгіленген тәртібін қасақана бұзған адамды ұстауға арналған бір адамдық камера;
14) палата - медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдарды ұстауға арналған арнайы үй-жай.";
"3-бап. Арнайы мекемелерде адамдарды ұстаудың мақсаты
Арнайы мекемелерде адамдарды ұстау Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу
кодексінде
және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы
кодексінде
көзделген шараларды орындау, белгілі тұратын жері және (немесе) құжаттары жоқ адамдардың жеке басын анықтау, іздестірудегі адамдармен оларды сәйкестендіру, сондай-ақ маскүнемдікпен және алкоголизммен байланысты құқық бұзушылықтарды ескерту және жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.";
5) 4-бапта "күзетте ұстау", "күзетте ұсталушы" деген сөздер тиісінше "арнайы мекемелерде ұстау", "арнайы мекемелерде ұсталушы" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 5 және 6-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Адамдарды арнайы мекемелерге орналастыру негіздері
Арнайы мекемелерге орналастыру негіздері:
1) бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған күдіктілер мен айыптаушыларды тергеу изоляторларына орналастыру судьяның қаулысы бойынша жүзеге асырылады;
2) қылмыстың жасалуына күдік бойынша ұсталғандарды уақытша ұстау изоляторына орналастыру тергеуші немесе анықтаушы толтырған ұстау туралы хаттама бойынша жүзеге асырылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталушыларды уақытша ұстау изоляторына орналастыру алыс болуына немесе тиісті жол қатынастарының болмауына байланысты тергеу изоляторына жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда судьяның қаулысы бойынша жүзеге асырылады;
3) әкімшілік қамауға алынғандарды арнайы қабылдау орындарына орналастыру судьяның оларды қамауға алу туралы қаулысының негізінде жүзеге асырылады;
4) белгілі тұратын жері және (немесе) құжаттары жоқ адамдарды қабылдау-тарату орындарына орналастыру прокурордың санкциясы бойынша жүзеге асырылады. Түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері қабылдау-тарату орнына орналастыру қалалық, аудандық, желілік ішкі істер органының, қабылдау-тарату орны бастығының (оның орынбасарының) қаулысы негізінде жүзеге асырылады, бұл туралы жиырма төрт сағаттың ішінде қабылдау-тарату орнының әкімшілігі прокурорға жазбаша хабарлауға міндетті;
5) медициналық айықтырғышқа орналастыру "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің
336-бабында
көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың және мас күйде болуды растайтын медициналық қорытындының негізінде жүзеге асырылады.
"6-бап. Арнайы мекемелерде ұсталушы адамдардың құқықтық жағдайы
1. Арнайы мекемелерде ұсталушы адамдар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген шектеулермен бірге Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және міндетті болады.
2. Арнайы мекемелерде ұсталушы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының
Конституциясында
, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және міндетті болады.
3. Адамдарды шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарай немесе кез келген өзге де жағдайлар бойынша кемсітуге тыйым салынады.";
7) 7-баптың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"7-бап. Қылмыстың жасалуына күдікті, айыпталушы адамдарды қамауда ұстау орындары";
8) мынадай редакциядағы 9-1-баппен толықтырылсын:
"9-1-бап. Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындары,
арнайы қабылдау орындары, медициналық айықтырғыштары
1. Қабылдау-тарату орындары, арнайы қабылдау орындары, медициналық айықтырғыштар ішкі істер органдарының құрылымдық бөліністері болып табылады.
2. Қабылдау-тарату орындары, арнайы қабылдау орындары, медициналық айықтырғыштар заңды тұлға құқықтарына ие. Олар жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.
3. Қабылдау-тарату орындары, арнайы қабылдау орындары мен медициналық айықтырғыштар қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі белгілейді.
4. Қабылдау-тарату орындарын, арнайы қабылдау орындарын және медициналық айықтырғыштарды қаржыландыру бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.";
9) 2-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Күдіктілер мен айыпталушыларды қамауда ұстау";
10) мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тараулармен толықтырылсын:
"3-1-тарау. Қабылдау-тарату орындарында адамдарды ұстау
46-1-бап. Қабылдау-тарату орындарына жеткізілген адамдарды қабылдау және тіркеу
1. Белгілі тұратын жері, құжаттары жоқ адамдарды қабылдау әкімшілік ұстау туралы хаттаманың негізінде жүзеге асырылады.
2. Егер ұстауға бөлінген мерзім ішінде жеке басы анықталмаған жағдайда, ішкі істер органы бастығының орналастыру туралы қаулысы қолда бар құжаттармен бірге прокурорға ұсынылады.
Прокурордың санкциясын алғаннан кейін қаулы жеткізілген адамға оның қолхаты алына отырып, дереу хабарланады.
3. Жандарында үш жасқа дейінгі балалары бар белгілі тұратын жері және (немесе) құжаттары жоқ адамдарды ұстаған кезде олар балаларымен бірге жеке камераларға орналастырылады.
Ұсталғанды жеткізу туралы баянатта, ұстау хаттамасында және ұсталғандарды қабылдау-тарату орнына орналастыру туралы прокурордың қаулысында балалардың бар болуы көрсетіледі.
4. Шетелдік адамдарды қабылдау-тарату орындарына орналастырған кезде бұл туралы дереу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Ішкі істер министрлігіне хабарланады.
5. Қабылдау-тарату орнына жеткізілген және орналастырылған әр адам жеке тексеріледі, ол дактилоскопияланады, суретке түсіріледі, медициналық тексеруден және санитарлық өңдеуден өткізіледі.
6. Жеке тексеру, медициналық куәландыру, санитарлық өңдеу, дактилоскопиялау, суретке түсіру тәртібі, сондай-ақ алынуға жататын бұйымдар мен заттардың тізбесі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітетін Қабылдау-тарату орнындағы ішкі тәртіп ережесімен белгіленеді.
46-2-бап. Қабылдау-тарату орындарына орналастырылған адамдарды
тексеру
1. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған белгілі тұратын жері, құжаттары жоқ әр адам мұқият тексеріледі.
Тексерудің негізгі міндеті орналастырылғандардың жеке басын анықтау және олардың ішінен іздестірудегі адамдарды анықтау болып табылады.
2. Орналастырылғаннан
сұрау ол қабылдау-тарату орнында болған бірінші тәулікте жүргізіледі. Сұраудың нәтижелері сұралушының және сұрауды жүргізген қызметкердің қолы қойылатын хаттамамен ресімделеді.
46-3-бап. Қабылдау-тарату орнында ұстау мерзімдері және босату тәртібі
1. Егер тексеру барысында қылмыс жасағаны үшін тергеу немесе анықтау органы іздестіріп жатқаны анықталса және оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, онда мұндай адам уақытша ұстау изоляторына дереу ауыстырылады.
2. Қабылдау-тарату орнының, ішкі істер органының бастығы немесе олардың орынбасарлары шығарған қаулы босату үшін негіз болып табылады. Қаулыда жеке басын анықтау бойынша тексеру нәтижелері баяндалады.
Қабылдау-тарату орнынан босатылған адамдарға олардан сақтауға алынған заттары, ақшасы және құжаттары, азаматтардың сақтауына тыйым салынған заттар мен нәрселерден басқасы қолхатпен қайтарылады.
Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдар атыс немесе суық қару, жарылғыш, қатты әсер ететін немесе улы заттар мен есірткі құралдарын заңсыз сақтаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылданады.
3. Қабылдау-тарату орнынан босатылатын адамдарға одан әрі орналасатын жеріне жету уақытына қабылдау-тарату орнында ұстау үшін көзделген тамақтану нормалары бойынша құрғақ азық-түлік, сондай-ақ жол жүру мақсаты мен бағыты туралы анықтама беріледі.
46-4-бап. Ұстау режимі
1. Белгілі тұратын жері және (немесе) құжаттары жоқ адамдар есіктерінде берік тиектері және қарау тесіктері болуы тиіс камераларда ұсталады; терезелері металл тормен жабдықталуы тиіс. Әр камерада Ішкі тәртіп ережесі ілінеді.
2. Қабылдау-тарату орындарында ұсталғандардың мекеменің шегінен тыс жерлерге өз бетінше кету мүмкіндігін болғызбауды қамтамасыз ететін режим белгіленеді.
3. Қабылдау-тарату орындарында ұсталушы адамдар уақытша ұстау изоляторындағы қамауға алынғандар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Ведомость бойынша күн сайын кезекшілерге азық-түлік тағамдары беріледі.
Егер ұсталғанмен бірге балалар болса, онда олар балалар мекемелері үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.
4. Қабылдау-тарату орындарына орналастырылған ер адамдар әйел адамдардан бөлек ұсталады.
5. "Ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына
сәйкес қабылдау-тарату орындарында ұсталушы адамдарға күш және арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
46-5-бап. Қабылдау-тарату орындарында ұсталушы адамдардың
құқықтары мен міндеттері
1. Қабылдау-тарату орындарында ұсталушы адамдар мыналарға:
1) өз құқықтары мен міндеттері, қабылдау-тарату орнында ұстау режимі, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру тәртібі туралы ақпарат алуға;
2) қабылдау-тарату орнында болу кезеңінде жеке қауіпсіздігіне;
3) Ішкі тәртіп ережесімен бекітілген нормалар бойынша материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық қызмет алуға;
4) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға;
5) күніне екі сағаттан кем емес күнделікті серуенге;
6) Ішкі тәртіп ережесін және қабылдау-тарату орнында ұсталушы басқа адамдардың құқықтарын сақтаған жағдайда - діни рәсімдерді орындауға;
7) қабылдау-тарату орнының әкімшілігіне және прокурорға өздерін қабылдау-тарату орнында ұстаудың заңдылығы мен негізділігі және өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша ұсыныстар, арыздар, шағымдар беруге құқылы.
2. Қабылдау-тарату орындарына орналастырылған адамдар Ішкі тәртіп ережесін орындауға міндетті.
3. Белгіленген Ішкі тәртіп ережесін бұзған адамдарға теріс қылығының сипатына немесе ауырлығына байланысты мынадай ықпал ету шаралары қолданылады:
1) ескерту;
2) қабылдау-тарату орнының үй-жайларын жинау бойынша кезектен тыс наряд;
Ықпал ету шараларын қолдану туралы шешімді қабылдау-тарату орнының бастығы ұсынады және дәлелді қаулымен ресімделеді.
3-2-тарау. Адамдарды арнайы қабылдау орындарында ұстау
46-6-бап. Арнайы қабылдау орындарына жеткізілген адамдарды қабылдау және тіркеу
1. Арнайы қабылдау орнына түскен кезде әкімшілік қамауға алынғандарда оларға қатысты мыналардың:
1) судьяның өзі қол қойған және соттың мөрімен бекітілген қамауға алу туралы судьяның қаулысының;
2) бағалы заттары мен нәрселерін ала отырып, жеке тексеру хаттамасының;
3) әкімшілік қамауға алынғанның жеке басын куәландыратын құжаттың болуы тексеріледі.
2. Арнайы қабылдау орнына жеткізілген адамдарды тіркеу, жеке тексеру жүргізу, медициналық куәландыру, дактилоскопиялау, суретке түсіру тәртібі, сондай-ақ алуға жататын заттар мен нәрселердің тізбесі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бекітетін Арнайы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп ережесімен айқындалады.
3. Арнайы қабылдау орнының әкімшілігі бір тәулік ішінде әкімшілік қамауға алынған адамдардың арнайы қабылдау орнына орналастырылғандығы немесе оларды тиісті емдеу-профилактикалық ұйымдарға жіберілгендігі туралы тұратын жері бойынша оның жақын туысқандарына хабарлайды.
4. Әкімшілік қамауға алынғандардың прокурорға және басқа да инстанцияларға жіберген шағымдары мен арыздары қарауға жатпайды және олар берілген уақытынан бастап жиырма төрт сағат ішінде мекенжайы бойынша жіберіледі.
46-7-бап. Ұстау режимі
1. Әкімшілік қамауға алынғандар есіктерінде берік тиектері және қарау тесіктері болуы тиіс камераларда ұсталады; терезелері металл тормен жабдықталуы тиіс. Әр камерада Ішкі тәртіп ережесі ілінеді.
2. Арнайы қабылдау орындарында тәулік бойы кезекшілікті және мекеменің шегінен тыс жерлерге ұсталушы адамдардың өз бетінше кету мүмкіндігін болғызбауды қамтамасыз ететін режим белгіленеді.
Әкімшілік қамауға алынғандарға "Ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына
сәйкес дене күші және арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
3. Арнайы қабылдау орындарында ұсталушы адамдар уақытша ұстау изоляторындағы қамауға алынғандар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Ведомость бойынша күн сайын кезекшілерге азық-түлік тағамдары беріледі.
4. Арнайы қабылдау орындарына орналастырылған ер адамдар әйел адамдардан бөлек орналастырылады.
5. Туберкулездің жұқпалы түрімен, соз және өзге де жұқпалы аурулармен ауыратындар басқа әкімшілік тұтқынға алынғандардан оқшауланады.
46-8-бап. Арнайы қабылдау орындарында ұсталушы адамдардың
құқықтары мен міндеттері
1. Арнайы қабылдау орындарында ұсталушы адамдар мыналарға:
1) өз құқықтары мен міндеттері, арнайы қабылдау орнында ұстау режимі, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру тәртібі туралы ақпарат алуға;
2) арнайы қабылдау орнында болу кезеңінде жеке қауіпсіздігіне;
3) Ішкі тәртіп ережесімен бекітілген нормалар бойынша материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық қызмет алуға;
4) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға;
5) күнделікті бір сағаттық серуенге;
6) Ішкі тәртіп ережесін және арнайы қабылдау орнында ұсталушы басқа адамдардың құқықтарын сақтаған жағдайда діни ырымдарды орындауға;
7) арнайы қабылдау орнының әкімшілігіне және прокурорға өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша ұсыныстар, арыздар, шағымдар беруге құқылы.
2. Арнайы қабылдау орындарына орналастырылған адамдар Ішкі тәртіп ережесін орындауға міндетті.
46-9-бап. Арнайы қабылдау орнынан әкімшілік қамауға
алынғандарды босату
1. Әкімшілік қамауға алынғандар арнайы қабылдау орнынан судьяның қаулысымен белгіленген әкімшілік қамау мерзімін өтегеннен кейін босатылады.
2. Босатылғандарға олардан алып қойылған, сақтау заңсыз болып табылатын заттардан, құжаттардан және нәрселерден басқа бағалы заттары, құжаттары, нәрселері мен заттары қолхат арқылы қайтарылады.
3. Әкімшілік қамауға алынғандар атыс қаруын немесе суық қаруды, жарылғыш, қатты әсер ететін немесе улы заттарды және есірткі құралдарын заңсыз сақтаған жағдайда шешімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады.
4. Әкімшілік қамауды өтеген азаматқа босатылған кезінде анықтама беріледі.
3.3-тарау. Медициналық айықтырғыштарда адамдарды ұстау
46-10-бап. Адамдарды медициналық айықтырғышқа жеткізу,
орналастыру және еріксіз ұстау негіздері
1. Адамның қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішуін тоқтату жөніндегі ішкі істер органы қызметкерінің заңды талабына бағынбаған жағдайда немесе қоғамдық орындарда адамның абыройын және қоғамдық имандылықты аяққа таптаған мас күйде көрінген адамды әкімшілік ұстау медициналық айықтырғышқа жеткізу үшін негіз болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген белгілерсіз қоғамдық орындарда адамның алкогольдік мас күйде болу фактісі оны ұстау және медициналық айықтырғышқа орналастыру үшін негіз бола алмайды.
2. Алкогольдік мас күйдегі адамдарды медициналық айықтырғышқа жеткізуді ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.
Қоғамдық орында мас күйдегі адамдарды жеткізу кезінде оның денсаулығына зиян келуін болдырмайтын, оның заттарының, құжаттары мен бағалы заттарының сақталуын қамтамасыз ететін қажетті шаралар қабылдайды.
Медициналық айықтырғышқа жеткізілген адамдар жеке тексеріледі және медициналық куәландырылады.
Жеке тексеруді және медициналық куәландыруды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекіткен Медициналық айықтырғыштың ішкі тәртіп ережесімен айқындалады.
3. Медициналық айықтырғышқа мына адамдар жеткізілуге және орналастырылуға жатпайды:
1) Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының депутаттары, олар туысқандарына тапсырылады;
2) қоғамдық орындарда мас күйдегі жүктілік белгілері айқын әйелдер;
3) мүгедектік белгілері айқын мүгедектер
4) әскери қызметшілер мен жиынға шақырылған әскери міндеттілер, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, қаржы полициясы, прокуратура, сот органдарының қызметкерлері тиісті өкілдерге беріледі;
5)
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және ордендерімен наградталғандар, сондай-ақ алпыс үш жастағы ер адамдар және елу сегіз жастағы әйелдер және одан асқандар туысқандарына беріледі;
6) дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын шетел азаматтары өз өкілдіктерінің қызметкерлеріне беріледі;
7) қылмыстың жасалуына күдікті адамдар ішкі істер органының кезекші бөліміне беріледі;
8) кәмелетке толмағандарды медициналық айықтырғышқа жеткізуге және орналастыруға тек ерекше жағдайларда, олардың жеке басын, тұрғылықты жерін анықтау және ата-аналарына (заңды өкілдеріне) не болмаса оларды тәрбиелеу және ұстау үшін жауапты мекемелердің өкілдеріне немесе кәмелетке толмағандарды уақытша оңашалау, бейімдеу және оңалту орталықтарына беру мүмкін болмағанда ғана жол беріледі;
9) айқын көрініп тұрған дене зақымын алған жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйдегі адам, сондай-ақ кәсіби медициналық көмек көрсетілуі қажет ететіндері. Медициналық ұйымдарға жіберу туралы шешімді медициналық қызметкер қабылдайды.
Дипломатиялық иммунитетті пайдаланбайтын шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар медициналық айықтырғышқа жалпы негіздерде жеткізіледі.
46-11-бап. Медициналық айықтырғышта адамдарды ұстау режимі және
мерзімдері
1. Айығу үшін орналастырылған адамдар өз бетімен кету және құқық бұзушылықтар жасау мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда ұсталады.
2. Медициналық айықтырғышта еріксіз ұстау үш сағаттан аспауы мүмкін, бұл ретте мерзім медициналық қызметкер растаған айығу сәтінен бастап есептеледі.
3. Медициналық айықтырғыштардың палаталарында ер адамдар әйелдерден, кәмелетке толмағандар ересектерден бөлек ұсталады. Шетелдік азаматтар мүмкіндігінше жеке палатада ұсталады.
4. Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдарға заңмен белгіленген жағдайларда әкімшілік заңнамаларында және "Ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының
Заңында
көзделген дене күшімен мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
46-12-бап. Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдардың
құқықтары мен міндеттері
1. Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдар мыналарға:
1) жеткізудің және орналастырудың негіздері мен дәлелдерін білуге;
2) жеткізудің, өткізілген жеке тексерудің, заттар мен құжаттарды тексерудің себебі бойынша түсініктеме мен өтініш беруге;
3) медициналық айықтырғыш қызметкерлерінің іс-әрекеттері туралы жоғары тұрған органға (лауазымды тұлғаға), прокурорға немесе сотқа шағымдануға;
4) өзі немесе медициналық айықтырғыштың қызметкері арқылы телефонмен туысқандарына, жұмыс немесе оқу орны бойынша әкімшіліктің өзінің тұрған орны туралы хабарлауға;
5) медициналық айықтырғышта болған кезінде денсаулығы нашарлаған жағдайда қажетті медициналық көмек алуға, оның ішінде денсаулық сақтау органдарының емдеу мекемелерінде алуға құқылы.
2. Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдар мыналарға:
1) медициналық айықтырғышта белгіленген Ішкі тәртіп ережесін сақтауға;
2) медициналық айықтырғыш қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға;
3) медициналық айықтырғыштағы жабдыққа, төсек-орын жабдығына ұқыпты қарауға міндетті.
3. Медициналық айықтырғышқа жеткізілген және орналастырылған адамдар осы мекемеге, лауазымды тұлғаларға немесе жеке адамдарға келтірген зияны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес материалдық жауапкершілікте болады.
46-13-бап. Медициналық айықтырғыштағы адамдарды еріксіз ұстауды
тоқтатудың негіздері мен тәртібі
1. Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адам толық айыққаннан кейін медициналық қызметкер толық көлемде медициналық қарау қайта жүргізеді және оны шығару мүмкіндігі туралы қорытынды береді.
2. Медициналық айықтырғыштан шығару кезінде ол адамға жасаған құқық бұзушылығы туралы хаттаманың әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау үшін қай ішкі істер органына жіберілетіні хабарланады, азаматтардың сақтауына тыйым салынған заттар мен нәрселерден басқа құжаттары, ақша мен бағалы заттары қайтарылып беріледі.
Медициналық айықтырғышқа орналастырылған адамдар атыс немесе суық, жарылғыш, қатты әсер ететін немесе улы заттар мен есірткі құралдарын заңсыз сақтаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешімдер қабылданады.
3. Медициналық айықтырғыштан шығарылған адамның өтініші бойынша оған осы мекемеде болғаны туралы анықтама беріледі.
49-бап. Арнайы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен
шарттарын қадағалау
Арнайы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттарын қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырады.
50-бап. Қоғамдық бақылау
1. Қоғамдық бірлестіктер арнайы мекемелерде ұсталатын адамдарға Қазақстан Республикасы заңнамаларында көзделген ұсталу шарттарына, медициналық-санитарлық қамтамасыз етілуіне, еңбегіне, бос уақыты мен оқуына қатысты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруда көмек көрсету мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен облыстық (республикалық маңыздағы қалалар, астана) қоғамдық бақылау комиссиялары құрылады.
3. Қоғамдық бақылау комиссиялары арнайы мекемелердің әкімшілігіне оларда ұсталатын адамдардың құқығын, бостандығын және заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін жағдайлар туғызу мақсатында көмек көрсетуге құқылы.
4. Қоғамдық бақылау және қоғамдық бақылау комиссияларының арнайы мекемелер әкімшілігіне көмек көрсетуі еркін, тең құқылық және заңдылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде арнайы мекемелердің қызметіне, сондай-ақ жедел-іздестіру, қылмыстық іс жүргізу қызметіне және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің өндірісіне араласуға жол берілмейді.
6. Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілеттілігі қолданыстағы Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамаларына сәйкес реттеледі.
51-бап. Арнайы мекемелерде адамдарды ұстаудың тәртібі мен
шарттары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын
бұзғандық үшін жауаптылық
Арнайы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.".
3. "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының
Заңына
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 18, 105-құжат; 2007 ж., N 9, 67-құжат; N 20, 67-құжат; N 20, 152-құжат):
1) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
"14-1-бап. Арнайы мекемелер мен ұйымдардан кәмелетке
толмағандарды шығару (босату)
1. Арнайы білім ұйымдарынан кәмелетке толмағандар мына жағдайларда:
1) сот белгілеген мерзім аяқталғанда;
2) кәмелеттік жасқа толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) егер сот мекеме әкімшілігінің не кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде белгіленген шараны кәмелетке толмағанды түзеуге одан әрі қолдануы қажет емес деген қорытындыға келсе, мерзімінен бұрын;
4) кәмелетке толмаған ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберілсе;
5) осы Заңға сәйкес осы мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын жағдайлар туындағанда шығарылады.
2. Кәмелетке толмағандар ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарынан мына жағдайларда:
1) сот белгілеген мерзім аяқталғанда;
2) кәмелетке толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) егер сот мекеме әкімшілігінің немесе кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде белгіленген шараны кәмелетке толмағанды түзеуге одан әрі қолдануы қажет емес деген қорытындыға келсе, мерзімінен бұрын;
4) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін емес жағдайлар туындағанда шығарылады.
3. Кәмелетке толмағандар уақытша оқшаулау, оңалту және бейімдеу орталықтарынан мына жағдайларда:
1) ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері анықталғанда;
2) арнаулы білім беру ұйымдарына, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастырылғанда;
3) балалар үйіне (интернатқа) орналастырылғанда;
4) сот үкімі заңды күшіне енгенде;
5) қылмыстық қудалау тоқтатылғанда;
6) осы Заңға сәйкес бұл мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін емес жағдайлар туындағанда босатылады.";
2) 22-баптың 2-бөлімі 2-1), 2-2), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12) және 13) тармақшаларымен толықтырылсын:
"2-1) өзінің құқығы және міндеті, ұстау режимі мен тәртіптік талаптар туралы ақпарат алуға;
2-2) арнайы мекемелер мен ұйымдарда, сондай-ақ оның орналасқан, тұратын немесе тұрмыстық орналасу жеріне жету жолы бойынша жеке қауіпсіздігіне;
6) ата-анасымен немесе оларды ауыстыратын адамдармен, туыстарымен және өзге де адамдармен кездесуге;
7) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға, ал үштен жеті жасқа дейінгі балалар күндізгі уақытта қосымша екі сағат ұйықтауға;
8) күнделікті кемінде екі сағат серуендеуге;
9) арнайы мекемелер мен ұйымдарда болу кезеңінде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіби білім алуға;
10) арнайы мекемелер мен ұйымдарда белгіленген Ішкі тәртіп ережесі мен ұстау режимін сақтаған жағдайда діни рәсімдерді орындауға;
11) арнайы мекемелер мен ұйымдарда бар әдебиеттер мен мерзімді баспасөз басылымдарды пайдалануға;
12) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуға;
13) өндірістік практика кезеңінде атқарған жұмыстары үшін ақшалай өтемақы алуға құқылы.
2) мынадай мазмұндағы 22-1, 22-2, 22-3, 22-4, 22-5, 22-6, 22-7, 22-8 баптармен толықтырылсын:
22-1-бап. Кәмелетке толмағандардың жеке қауіпсіздігін
қамтамасыз ету
Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төнгенде не басқа кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасау қаупі төнген кезде арнайы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері осындай қауіп төнген кәмелетке толмағанның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шара қабылдауға міндетті.
22-2-бап. Қорғаушыларымен, туысқандарымен және өзгелермен
кездесуі
1.
Кәмелетке толмағандарды арнайы мекемелер мен ұйымдарға орналастырылған сәттен бастап оларға қорғаушыларымен оңаша кездесуге және құпия сөйлесуге мүмкіндік беріледі. Кездесулердің саны мен ұзақтығына шек қойылмайды. Мыналармен кездесу ұсынылады:
1) қорғаушы ретінде іске қатысушы адвокатпен - оның адвокатураға тиістілігін растайтын құжатын және осы іске адвокаттың қатысу құқығына заңгерлік консультация ордерін немесе оған мәні бойынша теңестірілген құжатын көрсетуі бойынша;
2) қорғаушы болып табылатын кәсіби одақтардың және басқа қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен - қоғамдық бірлестіктің немесе оның басшы органының қорғаушыны тағайындау туралы тиісті шешімін көрсету бойынша;
3) қорғаушы ретінде іске қатысушы өзге де адамдармен - соттың қаулысын, тергеушінің немесе анықтаушының қаулысын, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын құжат көрсетуі бойынша.
2. Күдік және айыпталушы кәмелетке толмағанға өндірісінде қылмыстық іс бар адамның немесе органның жазбаша рұқсатының негізінде айына екіден артық емес әрқайсысының ұзақтығы 3 сағатқа дейінгі уақытқа туысқандарымен және өзге де адамдармен кездесу ұсынылуы мүмкін.
3. Кездесу арнайы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылады. Кәмелетке толмағанға тыйм салынған нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін не қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіретін немесе қылмыс жасауға соқтыратын мәліметтер беруге әрекет жасалған жағдайда кезедесу мерзімінен бұрын тоқтатылады.
4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімі бойынша шетелдік мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктерінің ресми өкілдері өз мемлекетінің өкілі болып табылатын шетелдік кәмелетке толмағанға кіріп шығуға құқылы болады.
23-3-бап. Хат-хабар алмасу
1. Кәмелетке толмағандарға туысқандарына және өзге адамдарға саны шектеусіз хат немесе жеделхат жіберуге, алуға рұқсат етіледі.
2. Кәмелетке толмағандардың хат-хабар алмасуы тек арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы жүзеге асырылады.
3. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағанның атына келген хаттарды тапсыруды, сондай-ақ оның мекенжайларға жолдаған хатын жіберуді арнайы мекемелер мен ұйымдар хаттың түскен немесе оны кәмелетке толмағанның тапсырған күнінен бастап, мереке және демалыс күндерін қоспағанда, үш күндік мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Жақын туысқанының қайтыс болуы немесе ауыр сырқаттануы туралы мәлімет алынысымен кідіріссіз кәмелетке толмағанға хабарланады.
5. Арнайы мекемелер мен ұйымдардан шығарылғаннан соң кәмелетке толмағанның атына келген хаттар оларды алғаннан кейін үш күндік мерзімнен кешіктірілмей, оның кеткен жеріне жіберіледі.
22-4-бап. Ұсыныстарды, өтініштер мен арыздарды жіберу
1. Кәмелетке толмағандардың мемлекеттік органдарға, өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жазған ұсыныстары, өтініштері мен арыздары арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы жіберіледі.
2. Прокурорға және сотқа бағытталған ұсыныстары, өтініштері мен арыздары цензуралауға жатпайды және жапсырылған күйінде адресатқа дереу жөнелтіледі.
3. Мемлекеттік органдарға бағытталған ұсыныстар, өтініштер мен арыздар арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігімен қаралуы тиіс және тапсырылған сәтінен бастап тәуліктен кешіктірілмей жіберілуі тиіс.
4. Ұсыныстарына, өтініштері мен арыздарына келген жауаптар кәмелетке толмағанға қолхат арқылы тапсырылады және жеке ісіне тігіледі.
5. Құқығы мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты жазған ұсыныстары, өтініштері мен арыздары үшін кәмелетке толмағанға кез келген түрде қысым көрсетуге жол берілмейді. Осындай қысым көрсетушілікке кінәлі арнайы мекемелер мен ұйымдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапкершілікте болады.
22-5-бап. Тамақтану, азық-түлік өнімдерін және бірінші кезектегі қажеттілік заттарын сатып алу
1. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке толмағандар Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша тамақпен, киіммен, аяқ киіммен және жұмсақ мүліктермен қамтамасыз етіледі.
2. Тамақтану ойын және жатын бөлмелерінен бөлек жекелеген үй-жайларда (асханада) жүзеге асырылады.
3. Арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі кәмелетке толмағандарға гигиена, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін жағдайлар туғызуға міндетті.
4. Арнайы мекемелер мен ұйымдар кәмелетке толмағандарға арналған гигиена, санитарлық және өрт қауіпсіздігінің талаптарына жауап беретін және арнайы мекемелер мен ұйымдардан кәмелетке толмағанның өз бетімен кетіп қалу жағдайын болдырмайтын ойын залымен, жатын үй-жайлармен, тамақ қабылдауға арналған үй-жайлармен, оқу сыныбымен және серуендеу аулаларымен жарақтандырылуы тиіс.
5. Кәмелетке толмағанның міндетті орта білімді толық алуы үшін қажетті оқу құралдарымен, әдебиетпен, кеңселік заттармен және басқа құралдармен тиісті көлемде қамтамасыз ету.
22-6-бап. Медициналық-санитарлық қамтамасыз ету
1. Арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі белгіленген санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Кәмелетке толмағанға медициналық, оның ішінде психиатриялық көмек көрсетуді арнайы мекемелер мен ұйымдардың медициналық қызметкерлері жүзеге асырады.
3. Госпитальға жатқызу қажеттілігі айқындалған кезде кәмелетке толмаған тиісті медициналық мекемеге жіберіледі.
4. Кәмелетке толмаған дене жарақатын алған кезде медициналық куәландыру арнайы мекемелер мен ұйымдардың медициналық қызметкерлерімен кідірусіз жүргізіледі. Медициналық куәландырудың нәтижелері белгіленген тәртіппен белгіленеді және жәбірленушіге, аумақтық қамқоршы және қорғаншылық органдарына немесе ата-анасына немесе олардың орнындағы адамдарға хабарланады. Арнайы мекемелер мен ұйымдардың немесе органның әкімшілік басшысының шешімі бойынша куәландыруды медициналық мекемелердің қызметкерлері жүргізеді.
5. Кәмелетке толмаған ауыр сырқаттанған, не қайтыс болған жағдайда арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі бұл туралы оның жақын туысқандарына, прокурорға, аумақтық қамқоршы және қорғаншылық органдарына хабарлайды. Қайтыс болғанның мүрдесі патологиялық зерттеу жүргізілгеннен, сондай-ақ заңнамалармен көзделген іс-әрекеттердің өндірісінен кейін оны іздеп алушы адамдарға беріледі.
6. Кәмелетке толмағанда қайтыс болуы мүмкін ауыр ауруы бары анықталған жағдайда арнайы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі медициналық қорытынды жасалған болса, кәмелетке толмағандарды ұстау режимін өзгерту туралы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың басқа санатын емдеуден өткізу үшін медициналық мекемелерге жіберу туралы мәселе қоюға құқылы.
22-7-бап. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке
толмағандардың міндеттері
1. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке толмағандар мыналарға:
1) осы Заңмен және Ішкі тәртіп ережесімен белгіленген арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұстаудың режимі мен тәртібін сақтауға;
2) арнайы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена және тазалық талаптарын сақтауға;
4) өз өміріне және басқа адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін қасақана әрекеттер жасамауға;
5) арнайы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің ар-намысын қорлайтын әрекеттер жасамауға;
6) арнайы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуге;
7) өрт қауіпсіздігінің ережесін сақтауға;
8) арнайы мекемелер мен ұйымдардың мүлкіне ұқыпты қарауға;
9) оқу сабақтарына қатысуға міндетті.
2. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке толмағандарға адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті болып саналатын немесе қылмыстық қару ретінде қолданылуы мүмкін не осы мекемеде кәмелетке толмағандарды ұстау мақсаттарына кедергі келтіретін нәрселерді, заттарды және азық-түлік өнімдерін өзімен бірге ұстауына тыйым салынады.
3. Оқу-тәрбие үрдісі мен әлеуметтік оңалтуға байланысты емес іс-шараларға кәмелетке толмағандарды тартуға тыйым салынады.
22-8-бап. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке
толмағандарға көтермелеу және жазалау шараларын
қолдану
1. Арнайы мекемелер мен ұйымдарда мынадай көтермелеу шаралары белгіленеді:
1) ауызша немесе бұйрықпен алғыстар жариялау, олар кәмелетке толмағанның жеке ісіне жазылады;
2) берілген жазаны мерзімінен бұрын алу;
3) грамотамен марапаттау;
4) Құрмет тақтасына енгізу;
5) тәрбиеленушінің жақсы мінез-құлқы және оқу мен еңбектегі жетістіктері туралы ата-анасына, олардың орнындағы адамдарға не бұрын оқыған жеріне хабарлау;
6) үздік сыныпқа немесе топқа жалауша, грамота беру;
7) "Үздік маман" атағын беру.
2. Режимді және Ішкі тәртіп ережесін бұзғаны үшін кәмелетке толмағандарға мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) ауызша немесе бұйрықпен сөгіс жариялау, олар кәмелетке толмағанның жеке ісіне жазылады;
3) кәмелетке толмағандарды топтың немесе сыныптың жалпы жиналысында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарының не арнаулы білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде талқылау;
4) оқудан бос уақытта ұйықтап демалатын уақытқа дейін (бір сағаттан артық емес) үй-жайларды және аумақты жинау бойынша кезектен тыс кезекшілікке түсу.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті