"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 сәуірдегі N 522 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 9, 65-құжат; N 19, 147-құжат; N 20, 152-құжат; N 24, 178-құжат; 2008 ж., N 21, 97-құжат; N 23, 114-құжат):
      145-бапта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) жұмыссыздарды, табысы аз адамдар қатарынан жұмыспен қамтылғандарды және жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдарды кәсіби даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздар, үшін қоғамдық жұмыстар ұйымдастыруға;";
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "2-1) өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты, оның ішінде қайта ұйымдастыру және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруы кезінде жұмыс уақытының толық емес режимінде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін кәсіби даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға;";
      2) 147-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
      ұйымның таратылуына, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің босатылуы, бұл өздеріне қатысты қызметкерлердің саны мен санаттары туралы, босатылатын қызметкерлердің лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, біліктілігі мен еңбекақысының мөлшері және олар босатылатын мерзімдер көрсетіле отырып, босату басталғанға дейін кемінде екі ай бұрын;
      өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты, оның ішінде қайта ұйымдастыру және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруы кезінде, қызметкерлердің жұмыс уақытының толық емес режиміне көшуі бөлігінде алда болатын еңбек жағдайларының өзгеруі туралы кемінде бір ай бұрын;
      қызметкерлерді жалдауға қажеттілік пен жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жіберген азаматтармен әңгімелесу нәтижелері туралы бес жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті.";
      3) 159-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы:
      1) уақытша еңбекке жарамсыздығы қылмыс жасау кезінде алған жарақаттарының салдарынан туындаған қызметкерлерге;
      2) сот анықтамасы бойынша қызметкердің мәжбүрлі емделген (психикалық аурулардан басқа) уақыты үшін;
      3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен қызметкердің кінәлі екені анықталған жағдайда, оның тұтқында болған уақыты үшін және сот-медициналық сараптамасының уақыты үшін;
      4) қызметкердің ішімдік, есірткі және уытты құралдарды пайдалануы салдарынан туындаған аурулардан немесе жарақаттардан уақытша еңбекке жарамсыздығы кезінде төленбейді.".
      2. "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 3, 18-құжат; 2004 ж., N 2, 10-құжат; 2005 ж., N 7-8, 19-құжат; N 17-18, 76-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 10, 52-құжат; 2007 ж., N 2, 14, 18-құжаттар; N 3, 20-құжат; N 8, 52-құжат; N 9, 67-құжат; N 15, 106-құжат; N 20, 152-құжат; 2009 ж., N 1, 4-құжат):
      1) 5-баптың 2-тармағының екінші бөлігі он бірінші абзацтағы "оралмандар" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы он екінші және он үшінші абзацтармен толықтырылсын:
      "оқу орындарын бітірушілер;
      жұмыс берушінің таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты босатылған адамдар.";
      2) 8-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 7-1), 7-2) тармақшалармен толықтырылсын;
      "7-1) аз қамтамасыз етілгендердің қатарындағы жұмыспен қамтылғандар мен жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдарды өздері өтініш білдірген жағдайда оларды еңбек рыногының қажеттіліктеріне сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберуге;
      7-2) өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты, оның ішінде қайта ұйымдастыру және (немесе) жұмыс берушіде жұмыс көлемінің қысқаруы кезінде жұмыс уақытының толық емес режимінде жұмыс істейтін қызметкерлерді (бұдан әрі - жұмыс уақытының толық емес режимінде істейтін қызметкерлер) кәсіби даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, қоғамдық жұмыстарға жіберуге;";
      2-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;
      3) 9-бапта:
      2-тармақта:
      1) тармақшадағы "бір ай" деген сөздер "екі ай" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) уәкілетті органға қызметкерлердің жұмыс уақытының толық емес режиміне көшуі бөлігінде алда болатын еңбек жағдайларының өзгеруіне дейін кемінде бір ай бұрын ақпарат беруге;";
      4) 14-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және жұмыс уақытының толық емес режимінде жұмыс істейтін, қоғамдық жұмыстарға қатысатын қызметкерлерге еңбекақы төлеу;";
      5) 19-бапта:
      тақырыбы мен 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "19-бап. Кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру
      1. Уәкілетті орган кәсіби даярлауға, қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға:
      1) жұмыссыздарды, егер олардың қажетті кәсіби біліктілігі
болмағандықтан, лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаған жағдайда;
      2) аз қамтамасыз етілгендер қатарындағы жұмыспен қамтылғандарды және жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдарды;
      3) жұмыс уақытының толық емес режимінде жұмыс істейтін қызметкерлерді жібереді.";
      2-тармақтың бірінші бөлігінде "Табысы аз адамдар қатарындағы жұмыспен қамтылғандарды және жеті жасқа дейінгі баланы бағып-күтумен айналысатын адамдарды, сондай-ақ жұмыссыздарды" деген сөздер алынып тасталсын;
      4-тармақтағы "Табысы аз адамдар қатарындағы жұмыспен қамтылғандар және жеті жасқа дейінгі баланы бағып-күтумен айналысатын адамдар, сондай-ақ" деген сөздер "Уәкілетті орган кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберген," деген сөздермен ауыстырылсын, "жұмыссыздар" деген сөз "адамдар" деген сөзбен ауыстырылсын;
      6) 20-бапта:
      3-тармақта:
      "жұмыссыздар" деген сөз "адамдар" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "тіркелген" деген сөзден кейін "(өтініш берген)" деген сөздермен толықтырылсын;
      4-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) жұмыс уақытының толық емес режимінде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған;";
      7) 21-баптың 2-тармағы "заңды тұлғалар" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алған жұмыс берушілер" деген сөздермен толықтырылсын.
      3. "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 9, 41-құжат; 2004 ж., N 23, 140, 142-құжаттар; 2006 ж., N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; N 20, 152-құжат; N 24, 178-құжат; 2008 ж., N 23, 114-құжат):
      1) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "19-бап. Артық төленген әлеуметтік аударымдарды қайтару
      Төлеуші артық төлеген әлеуметтік аударымдар сомасы кейіннен Орталық оны төлеушінің банктік шотына үш банктік күн ішінде аударуы үшін төлеушінің өтініші Қорға келіп түскен күннен бастап он банктік күннің ішінде Орталықтың банктік шотына аударылуға тиіс";
      2) 23-1-баптың 2-тармағының 5) тармақшасындағы "куәлігі" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
      "6) жұмыс орнынан әлеуметтік қатердің басталуы алдындағы соңғы он екі күнтізбелік айдағы табысы туралы белгіленген үлгідегі анықтама";
      3) 23-2-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      "6. Бала бір жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге байланысты табысын жоғалтуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемді алушы қайтыс болған жағдайда, бала толық мемлекеттің қарауына алынуы анықталған жағдайларды қоспағанда, әлеуметтік төлемнің жүзеге асырылуы баланың әкесіне немесе қамқоршысына жалғастырылады.";
      4) 24-баптың тақырыбындағы және бірінші бөлігіндегі "есептеу" деген сөзден кейін ", қайта есептеу" деген сөздермен толықтырылсын.

       2-бап . Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы баптың үшінші бөлігін қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      1-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының төртінші, бесінші абзацтары, 2) тармақшасының төртінші абзацы, 3) тармақшасының төртінші, бесінші абзацтары, 4) тармақшасы, 5) тармақшасының жетінші абзацы, 2-тармағы 6) тармақшасының бесінші, алтыншы абзацтары 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
      "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 4-тармағының қолданылуы 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, ол тоқтатыла тұрған кезеңде көрсетілген баптың 4-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
      "4. Ол үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға жұмысынан айрылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер:
      екі айға - ол үшін алты айдан он екі айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;
      үш айға - ол үшін он екі айдан жиырма төрт айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;
      бес айға - ол үшін жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;
      алты айға - ол үшін отыз алты айдан астам әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда тағайындалады.".

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады