Мемлекеттер арасындағы екі жақты байланыстарды тереңдету және Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның және оған Хаттаманың жобалары мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Бидахметұлы Жәмішевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және оған Хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 мамырдағы
N 710 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің
Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға
қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан
жалтаруға жол бермеу туралы конвенция
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция жасасуға ниет білдіре отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар
Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де резиденттері болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар
1. Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттің немесе оның орталық органдарының, саяси бөлімшелерінің, жергілікті билік органдарының атынан алынатын табыс пен капиталға салынатын салықтарға оларды алу әдісіне қарамастан қолданылады.
2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсіпорындар төлейтін қызмет ақының немесе жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтарды, сондай-ақ капитал құнының өсіміне салынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан, капиталдың жалпы сомасынан немесе табыстың немесе капиталдың жеке элементтерінен алынатын салықтардың барлық түрлері табыс пен капиталға салынатын салықтар болып есептеледі.
3. Осы Конвенция қолданылатын алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
а) Қазақстан Республикасында:
(і) корпорациялық табыс салығы;
(іі) жеке табыс салығы;
(ііі) заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
(бұдан әрі "Қазақстан салығы" деп аталады);
b) Испания Корольдігінде:
(і) жеке табыс салығы;
(іі) корпорациялық салық;
(ііі) резидент еместерге салынатын табыс салығы;
(іv) капиталға салынатын салық; және
(v) табыс пен капиталға салынатын жергілікті салықтар
(бұдан әрі "Испания салығы" деп аталады).
4. Осы Конвенцияға қол қойылған күннен кейін қолданыстағы салықтарға қосымша немесе олардың орнына алынатын бірдей немесе мәні бойынша ұқсас кез келген салықтарға да Конвенция қолданылады. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары өздерінің салықтарға қатысты заңнамаларындағы кез келген елеулі өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етіп отырады.
3-бап
Жалпы анықтамалар
1. Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
а) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде "Қазақстан" термині оның заңнамасына және ол қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің егемендік құқықтары мен заңды құзырын жүзеге асыра алатын аймағын қамтиды;
b) "Испания" термині Испания Корольдігін білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде ішкі суларды, оның аумақтық суларын және аумақтық сулардан тыс халықаралық құқыққа сәйкес және оның ішкі заңнамасын қолданған кезде Испания Корольдігі теңіз түбіне, жер қойнауына және бүркеме сулар мен өзінің табиғи ресурстарына қатысты заңды құзырын және егемендік құқықтарын жүзеге асыратын немесе болашақта жүзеге асыруы мүмкін кез келген облысты қоса алғанда, Испания Корольдігін білдіреді;
с) "тұлға" термині жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бірлестігін білдіреді;
d) "компания" термині салық салу мақсаттары үшін корпорациялық бірлестік ретінде қарастырылатын кез келген корпорациялық бірлестікті немесе кез келген ұйымды білдіреді;
е) "кәсіпорын" термині кез келген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қолданылады;
f) "Уағдаласушы мемлекет" және "екінші Уағдаласушы мемлекет" терминдері түпмәтінге байланысты Қазақстанды немесе Испанияны білдіреді;
g) "Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше Уағдаласушы мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды білдіреді;
h) "халықаралық тасымал" термині теңіз немесе әуе кемесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің пункттері арасында ғана пайдаланылатын жағдайлардан басқа, Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорыны пайдаланатын теңіз немесе әуе кемесімен кез келген тасымалды білдіреді;
і) "құзыретті орган" термині мыналарды:
(і) Қазақстанда: Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін;
(іі) Испанияда: Экономика және қаржы министрін немесе оның уәкілетті өкілін білдіреді;
j) "ұлттық тұлға" термині мыналарды:
(і) Уағдаласушы мемлекеттің азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны;
(іі) Уағдаласушы мемлекеттің қолданыстағы заңнамасының негізінде өз мәртебесін алған кез келген компанияны білдіреді;
k) "кәсіпкерлік қызмет" термині кәсіби көрсетілетін қызметтерді және тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметті орындауды қамтиды.
2. Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияны кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтіннен өзге мағына туындамаса, Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты осы мемлекеттің заңнамасы бойынша сол кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаны иеленетін болады. Уағдаласушы мемлекеттің қолданылатын салық заңнамасы бойынша кез келген мағына осы мемлекеттің басқа заңдары бойынша терминге берілетін мәннен жоғары басымдыққа ие болады.
4-бап
Резидент
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "Уағдаласушы мемлекеттің резиденті" термині осы мемлекеттің заңнамасы бойынша оның тұрғылықты жері, резиденттігі, басқару орны, құрылу орны немесе осындай сипаттағы кез келген басқа өлшем негізінде онда салық салынуға тиіс кез келген тұлғаны білдіреді, сондай-ақ осы мемлекетті, орталық органдарды, саяси бөлімшені және жергілікті билік органдарын қамтиды. Алайда, бұл термин осы мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа қатысты ғана немесе онда орналасқан капиталға қатысты осы мемлекетте салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
2. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда оның мәртебесі мынадай түрде айқындалады:
а) ол өзінің иелігіндегі тұрақты баспанасы орналасқан Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі; егер оның иелігінде уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұрақты баспанасы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық қатынастары (өмірлік мүдделер орталығы) бар мемлекеттің резиденті болып саналады;
b) егер оның өмірлік мүдделер орталығы бар мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе Уағдаласушы мемлекеттердің ешқайсысында өзінің иелігіндегі тұрақты баспанасы болмаса, ол өзі әдетте тұрып жатқан Мемлекеттің резиденті болып саналады;
с) егер ол әдетте мемлекеттердің екеуінде де тұратын болса немесе олардың біреуінде де тұрмаса, ол азаматы болып табылатын мемлекеттің резиденті болып есептеледі;
d) егер резиденттің мәртебесін осы тармақтың а)-с) тармақшаларына сәйкес айқындау мүмкін болмаса, Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселе бойынша өзара келісіммен шешім қабылдайды.
3. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінің де резиденті болса, ол тиімді басқару орны орналасқан мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі.
5-бап
Тұрақты мекеме
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "тұрақты мекеме" термині кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметі толық немесе ішінара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын білдіреді.
2. Атап айтқанда, "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) басқару орнын;
b) бөлімшені;
с) кеңсені;
d) фабриканы;
е) шеберхананы; және
f) шахтаны, кенішті, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьерді немесе табиғи ресурстарды өндіретін немесе барлайтын басқа да кез келген кен орнын және оған байланысты қадағалау қызметтерін қамтиды.
3. Егер құрылыс алаңы немесе қондырғы, монтаждау немесе құрастыру объектісі 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған болса ғана олар тұрақты мекемені құрайды.
4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) құрылыстарды тек кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін пайдалануды;
b) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін ұстауды;
с) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек басқа кәсіпорынның өңдеу мақсаттары үшін ұстауды;
d) тұрақты қызмет орнын тек тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшін немесе кәсіпорынға арналған ақпарат жинау үшін ұстауды;
е) тұрақты қызмет орнын тек кәсіпорын үшін дайындық немесе көмекші сипаттағы кез келген басқа қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін ұстауды;
f) осындай амал нәтижесінде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметі дайындық немесе көмекші сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын а) тармақшасынан бастап е) тармақшасын қоса алғанда санамаланған қызмет түрлерінің кез келген амалын жүзеге асыру үшін ұстауды қамтиды деп қарастырылмайды.
5. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, егер оған 6-тармақ қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға кәсіпорнының атынан әрекет етсе және кәсіпорын атынан келісім-шарттар жасауға өкілеттіктері болса және оны әдетте Уағдаласушы мемлекетте пайдаланса, егер оның қызметі 4-тармақта айтылған қызмет түрлерімен ғана шектелмесе, егер оларды қызметтің тұрақты орны арқылы жүзеге асырса да, бұл қызметтің тұрақты орнын осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмаса, онда бұл кәсіпорын осы тұлғаның кәсіпорын үшін қолға алатын кез келген қызметіне қатысты осы мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылады.
6. Кәсіпорын кәсіпкерлік қызметін осы мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшін ғана, осындай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылмайды.
7. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы немесе осы екінші мемлекетте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы (не тұрақты мекеме арқылы не басқадай жолмен) фактісі осы компаниялардың бірі екіншісінің тұрақты мекемесі болып табылатындығын білдірмейді.
6-бап
Жылжымайтын мүліктен алынатын табыс
1. Уағдаласушы мемлекет резидентінің екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алатын табысына (ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табысты қоса алғанда) осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. "Жылжымайтын мүлік" термині қаралып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша айқындалады. Термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықты, жер меншігіне қатысты жалпы құқық ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узуфруктын және минералдық шикізат кен орындарын, көздерді және басқа да табиғи ресурстарды игеру немесе игеру құқығы үшін берілетін өтемақы ретіндегі өзгермелі немесе тіркелген төлемдерге құқықтарды қамтиды. Теңіз және әуе кемелері жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
3. 1-тармақтың ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
4. Егер акцияларды немесе басқа да құқықтарды иелену осындай акциялардың немесе құқықтардың иесіне жылжымайтын мүлікке тікелей немесе жанама меншік құқығын беретін болса, тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе осындай құқықтарды кез келген басқа нысанда пайдаланудан түсетін табыстарға жылжымайтын мүлік орналасқан Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
5. 1, 3 және 4-тармақтардың ережелері кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысқа да қолданылады.
7-бап
Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда
1. Егер Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаса, кәсіпорынның пайдасына тек осы мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын жоғарыда айтылғандай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда кәсіпорынның пайдасына екінші мемлекетте, бірақ осындай тұрақты мекемеге қатысты бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.
2. 3-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда әрбір Уағдаласушы мемлекетте, егер ол оқшау және дербес кәсіпорын болып, осындай немесе ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе ұқсас қызметпен айналысып, өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан толық тәуелсіз әрекет жасағанда алуы мүмкін пайда осы тұрақты мекемеге жатқызылады.
3. Тұрақты мекеменің пайдасын анықтау кезінде әкімшілік шығыстар тұрақты мекеме орналасқан мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын қоса алғанда, тұрақты мекеменің мақсаттары үшін жұмсалған шығыстарды шегеруге жол беріледі.
4. Тұрақты мекеменің кәсіпорын үшін тауарлар немесе бұйымдар сатып алуының негізінде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да болмасын пайда есептелмейді.
5. Алдыңғы тармақтардың мақсаттары үшін тұрақты мекемеге жататын пайда, егер мұндай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептері болмаса жыл сайын біркелкі тәсілмен анықталады.
6. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке айтылатын табыстардың түрлерін қамтыса, онда бұл баптардың ережелері осы баптың ережелерін қозғамайды.
8-бап
Теңіз және әуе көлігі
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті теңіз немесе әуе кемелерін халықаралық тасымалдауда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
2. 1-тармақтың ережелері пулға, көлік құралдарын пайдалану жөніндегі бірлескен кәсіпорынға немесе халықаралық ұйымға қатысудан алынатын пайдаға да қолданылады.
9-бап
Қауымдасқан кәсіпорындар
1. Егер
а) Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
b) бірдей тұлғалар Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе олардың капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса,
және кез келген жағдайда екі кәсіпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржылық қатынастарында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда кәсіпорындардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осы кәсіпорынның пайдасына қосылуы және оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
2. Егер Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекет кәсіпорнының осы екінші мемлекетте салық салынған пайдасын осы мемлекет кәсіпорнының пайдасына қосса әрі тиісінше, салық салса және осы екінші мемлекет осылай қосылған пайда алғашқы аталған мемлекеттің кәсіпорнына есептелетін пайда болатындығына келіссе, егер екі кәсіпорынның арасындағы өзара қатынастар тәуелсіз кәсіпорындардың арасында болатын қатынастардай болса, онда осы екінші мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиісті түзету жасайды. Мұндай түзетуді айқындау кезінде осы Конвенцияның басқа да ережелері ескерілуі тиіс және Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары қажет болған кезде бір-бірімен консультация жүргізіп отыруға тиіс.
10-бап
Дивидендтер
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтеріне осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда резиденті дивиденд төлейтін компания болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте және осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұндай дивидендтерге салық салынуы мүмкін, бірақ егер дивидендтердің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болса, онда осындай жолмен алынатын салық:
а) егер іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания капиталының кемінде 10 пайызына тікелей немесе жанама иелік ететін компания болса, дивидендтердің жалпы сомасының 5 пайызынан;
b) қалған барлық жағдайларда дивидендтердің жалпы сомасының 15 пайызынан аспауға тиіс.
Осы тармақтың ережелері дивидендтер төленетін пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.
3. "Дивидендтер" термині осы бапта пайдаланған кезде акциялардан, "жуиссанс" акцияларынан немесе "жуиссанс" құқықтарынан, тау-кен өнеркәсібі акцияларынан, құрылтайшылық акциялардан немесе борыштық талаптар болып табылмайтын құқықтардан алынатын табысты, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлуші компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес акциялардан алынатын табыс сияқты дәл сондай салықтық реттеуге жататын басқа да корпоративтік құқықтардан алынатын табысты білдіреді.
4. Егер дивидендтердің Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания резиденті болып отырған екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және төленіп жүрген дивидендтерге қатысты холдинг шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, 1 және 2-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
5. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы мемлекеттен пайда немесе табыс алатын болса, осы екінші мемлекет мұндай дивидендтер осы екінші мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг осы екінші мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен шын мәнінде байланысты болатын жағдайды қоспағанда, компания төлейтін дивидендтерді салықтан босата алады, егер тіпті төленетін дивидендтер немесе бөлінбеген пайда толығымен немесе ішінара осы екінші мемлекетте пайда болған табыстан құралса да, компанияның бөлінбеген пайдасына бөлінбеген пайда салығы салынбайды.
6. Осы Конвенцияда Уағдаласушы мемлекетке осы Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетін салыққа қосымша, осылайша есептелген кез келген қосымша салық мұның алдындағы салық салынатын жылдары осындай қосымша салық салуға ұшырамаған табыс сомасының 5 пайызынан аспайтын жағдайда, осы мемлекеттегі тұрақты мекемеге жататын компанияның пайдасына арнайы салық салуға еш нәрсе тосқауыл бола алмайды деп пайымдалмайды. Осы тармақтың мақсаттары үшін пайда одан тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы мемлекетте алынатын, осы тармақта аталған қосымша салықтан өзге барлық салықты шегеріп тастағаннан кейін анықталады.
11-бап
Пайыздар
1. Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетін пайыздарға осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда мұндай пайыздарға олар пайда болатын Уағдаласушы мемлекетте және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ, егер пайыздардың нақты иесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық пайыздардың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауы тиіс.
3. 2-тармақтың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленген пайыздар, егер пайыздардың нақты иесі және:
а) осы мемлекет немесе Орталық (Ұлттық) Банк, орталық орган, саяси бөлімше немесе жергілікті билік органы болып табылса;
b) пайыздар пайда болған мемлекет немесе орталық орган, саяси бөлімше, жергілікті билік органы немесе мәртебе берілген орган төлеген пайыздар;
с) осы мемлекет немесе орталық орган, саяси бөлімше, жергілікті билік органы немесе сарапшы қаржы агенттігі қарызға берген немесе жасаған, қамтамасыз еткен, кепілдік берген немесе сақтандырылған қарызға, борыштық талапқа немесе кредитке қатысты пайыздар төленсе;
d) мемлекеттік (қоғамдық) қаржы институттары болып табылса, тек осы екінші Мемлекетте ғана салық салынады.
4. "Пайыздар" термині осы бапта пайдаланылған кезде кепілмен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, борышкерлердің пайдасына қатысу құқығын беретін немесе бермейтін қандай да болсын борыштық талаптардан алынатын табысты және атап айтқанда, үкіметтік немесе мемлекеттік бағалы қағаздардан алынатын табысты және осы бағалы қағаздар, облигациялар және міндеттемелер бойынша төленетін сыйлықтар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты, сондай-ақ табыс пайда болған мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес несиеден табыс ретінде салық салудың ұқсас режиміне ұшыраған барлық басқа табысты білдіреді.
5. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын пайыздардың іс жүзіндегі иесі пайыздар пайда болатын екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және өзіне қатысты пайыздар төленетін борыштық талабы шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге қатысты болса, 1, 2 және 3-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
6. Егер төлеуші осы мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар Уағдаласушы мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлеуші тұлға Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатынына-табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы мемлекетте пайыздар төленетін қарыз пайда болған тұрақты мекемесі болса және пайыздар төлеу жөніндегі мұндай шығыстарды осындай тұрақты мекеме көтеретін болса, онда мұндай пайыздар тұрақты мекеме орналасқан мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
7. Егер пайыздар төлеуші мен оның нақты иесі арасындағы немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың себебінен оның негізінде төленетін борыштық талапқа қатысты пайыздардың сомасы пайыздар төлеуші мен олардың нақты иесі арасында осындай қатынастар болмаған кезде келісіле алатындай сомадан асып кетсе, осы баптың ережелері тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің басы артық бөлігіне осы Конвенцияның басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуға тиіс.
12-бап
Роялти
1. Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда, мұндай роялтиге, сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы мемлекетте және осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ, егер роялтидің нақты иесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осындай тәсілмен алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
3. "Роялти" термині осы бапта пайдаланылған кезде бағдарламалық қамтамасыз етуді, кинематографиялық фильмдерді қоса алғанда, әдебиет, өнер немесе ғылым шығармаларына, кез келген патентке, сауда таңбасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға немесе процеске, кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе осындай құқықты пайдалануға бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпараттар үшін сыйақы ретінде алынған төлемдердің кез келген түрін білдіреді.
4. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің іс жүзіндегі иесі роялти пайда болған екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса және роялти өздеріне қатысты төленетін құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
5. Егер төлеуші осы Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер роялти төлеуші тұлға Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын-табылмайтындығына қарамастан, Уағдаласушы мемлекетте оған байланысты роялти төлеу міндеттемесі пайда болған тұрақты мекемесі болса және мұндай роялти осы тұрақты мекемеге байланысты болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме орналасқан мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
6. Егер роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасында ерекше қатынастар болу салдары негізінде төленетін пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидің сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында келісуге болатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері тек соңғы айтылған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің басы артық бөлігіне осы Конвенцияның басқа ережелерін тиісті түрде ескере отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынады.
13-бап
Мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табыс
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті осы Конвенцияның 6-бабында анықталған және екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарудан алатын табыстарға осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте иеленіп отырған тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табысқа, мұндай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен қоса) иеліктен шығарудан алынған табысты қоса алғанда, осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
3. Халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз немесе әуе кемелерін немесе мұндай теңіз немесе әуе кемелерін пайдалануға байланысты жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
4. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті акцияларды немесе активтері өз құнының 50 %-ынан астамын тікелей немесе жанама түрде екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алатын компания капиталындағы салыстырмалы пайыздарды иеліктен шығарудан алған табыстарға осы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
5. Мұндай акциялар мен құқықтардың иесіне тікелей немесе жанама түрде Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікке иелік етуге құқық беретін акцияларды немесе басқа құқықтарды иеліктен шығарудан алынған табыстарға осы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
6. Алдыңғы тармақтарда айтылғаннан өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табыстарға мүлікті иеліктен шығарушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
14-бап
Жалданып істейтін жұмыстан алынатын табыс
1. Осы Конвенцияның 15, 17, 18-баптарының ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті жалданып істеген жұмысына байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға, егер тек жалданып жұмыс істеу екінші Уағдаласушы мемлекетте орындалмаса, осы мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалданып істейтін жұмыс осылайша орындалса, осыған байланысты алынған сыйақыға осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті екінші Уағдаласушы мемлекетте орындалатын жалданып жұмыс істеуіне байланысты алған сыйақыға салық, егер:
а) алушы тиісті салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жалпы жиынтығы 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы осы екінші мемлекетте болса;
b) сыйақыны екінші мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төленсе; және
с) сыйақы төлеу жөніндегі шығыстарды жалдаушының екінші мемлекеттегі тұрақты мекемесі көтермесе, тек алғашқы айтылған мемлекетте салынады.
3. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз немесе әуе кемесінің бортында орындалатын жалданып істейтін жұмысқа қатысты алынған сыйақыға теңіз немесе әуе кемесін пайдаланушы кәсіпорын резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
15-бап
Директорлардың қаламақылары
Екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Уағдаласушы мемлекеттің резиденті алған директорлардың қаламақыларына және басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
16-бап
Артистер мен спортшылар
1. Осы Конвенцияның 7 және 14-баптарының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе телевизия артисі немесе сазгер ретінде немесе спортшы ретінде екінші Уағдаласушы мемлекетте жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Егер артистің немесе спортшының осы өзінің сипатында жүзеге асыратын жеке қызметінен алатын табысы артистің немесе спортшының өзіне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа осы Конвенцияның 7 және 14-баптарының ережелеріне қарамастан, артистің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
17-бап
Зейнетақылар
18-баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес Уағдаласушы мемлекеттің бұрынғы резидентіне жүзеге асырған жұмысы үшін төленетін зейнетақылар мен басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
18-бап
Мемлекеттік қызмет
1. а) Жеке тұлғаға Уағдаласушы мемлекет, орталық орган, саяси бөлімше немесе жергілікті билік органы осы мемлекет, орталық орган, саяси бөлімше немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асырған қызметі үшін төлейтін қызметақыға, жалақыға және зейнетақыдан өзге осыған ұқсас сыйақыға осы мемлекетте ғана салық салынады.
b) Алайда, мұндай қызметақыға, жалақыға және өзге осыған ұқсас сыйақыға, егер қызмет осы мемлекетте жүзеге асырылса және осы мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлға:
і) осы мемлекеттің ұлттық тұлғасы болып табылса; немесе
іі) қызметті жүзеге асыру мақсатында ғана осы мемлекеттің резиденті болмаса, тек екінші Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
2. а) Жеке тұлғаға осы мемлекет, орталық орган, саяси бөлімше және жергілікті билік органы үшін жүзеге асырған қызметі үшін Уағдаласушы мемлекет, орталық орган, саяси бөлімше немесе жергілікті билік органы төлейтін немесе олар құрған қорлардан төленетін кез келген зейнетақыға осы мемлекетте ғана салық салынады.
b) Алайда, мұндай зейнетақыға, егер жеке тұлға осы мемлекеттің резиденті және азаматы болып табылса, тек екінші мемлекетте ғана салық салынады.
3. Осы Конвенцияның 14, 15, 16, және 17-баптарының ережелері Уағдаласушы мемлекет, орталық орган, саяси бөлімше және жергілікті билік органы жүзеге асыратын коммерциялық қызметке байланысты қызметке қатысты қызметақыға, жалақыға және өзге осыған ұқсас сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.
19-бап
Студенттер
Уағдаласушы мемлекетке тікелей келер алдында екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын немесе болып табылған және алғашқы айтылған мемлекетке тек білім алу немесе практикадан өту мақсатында келген студент немесе практикант өзін ұстау, білім алу немесе практикадан өту мақсатында алатын сомаларға осы сома көздері осы мемлекеттен тысқары жерде болған жағдайда, салық салынбайды.
20-бап
Басқа да табыстар
1. Осы Конвенцияның алдыңғы баптарында айтылмаған Уағдаласушы мемлекет резидентінің табыс түрлерінің пайда болу көзіне қарамастан, оларға тек осы мемлекетте ғана салық салынады.
2. 6-баптың 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүліктен алынатын табыстан өзге табыстарға, егер мұндай табыстарды алушы бір Уағдаласушы мемлекеттің резиденті бола тұра, екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және соларға байланысты табыс төлеу жүргізілген құқық немесе мүлік іс жүзінде осындай тұрақты мекемеге байланысты болса, 1-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
21-бап
Капитал
1. Осы Конвенцияның 6-бабында айтылған, Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне тиесілі және екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлік түрінде ұсынылған капиталға осы екінші мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлік түрінде ұсынылған капиталға осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
3. Халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз және әуе кемелері және осындай теңіз және әуе кемелерін пайдалануға байланысты жылжымалы мүлік түрінде ұсынылған капиталға осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
4. Акциялардан немесе компаниядағы немесе тұлғалардың кез келген басқа бірлестіктеріндегі басқа құқықтардан тұратын, тікелей немесе жанама түрде Уағдаласушы мемлекетте орналасқан оның жылжымайтын мүлкінің 50 пайыздан астам құнын алатын немесе олардың иесіне Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікке меншік құқығын беретін акциялардан не басқа құқықтардан тұратын капиталға жылжымайтын мүлік орналасқан Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
5. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті капиталының барлық басқа элементтеріне тек осы мемлекетте ғана салық салынады.
22-бап
Қосарланған салық салуды жою
1. Қазақстанда қосарланған салық салу былайша жойылады:
а) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Испанияда салық салынуы мүмкін табыс алса немесе капиталға ие болса, Қазақстан:
і) осы резиденттің табысына салынатын салықтан Испанияда төленген табыс салығына баламалы соманы шегеріп тастауға;
іі) осы резиденттің капиталына салынатын салықтан капиталдың осындай элементтері бойынша Испанияда төленген салыққа баламалы соманы шегеріп тастауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда келтірілген ережеге сәйкес шегерілетін салықтар мөлшері Қазақстанда қолданыстағы ставкалар бойынша осындай табысқа есептелуі мүмкін салықтан аспауы тиіс.
b) егер Қазақстан резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Испанияда ғана салық салынуы мүмкін табыс алса немесе капиталды иеленсе, Қазақстан осы табысты немесе капиталды Қазақстанда салық салынатын осындай басқа салыққа немесе капиталға салық ставкасын белгілеу мақсаты үшін ғана салық салу базасына қоса алады.
2. Испанияда қосарланған салық салу оның ішкі заңнамасының ережелерінің біріне немесе Испанияның ішкі заңнамасына сәйкес мынадай ережелерге сәйкес жойылады:
а) егер Испания резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс алса немесе капиталдың элементтерін иеленсе, Испания:
і) осы резидент табысына салынатын салықтан Қазақстанда төленген табыс салығына баламалы соманы шегеруге;
іі) осы резидент капиталына салынатын салықтан Қазақстанда осындай капитал элементтеріне төленген салығына баламалы соманы шегеруге мүмкіндік береді;
ііі) негізгі корпорациялық табыс салығынан шегерім Испанияның ішкі заңнамасына сәйкес берілетін болады.
Алайда, мұндай шегерім табысқа немесе осындай капиталдың элементтеріне жататын шегерімге дейін есептелген табыс салығының немесе капиталға салынатын салықтың жағдайға қарай Қазақстанда салық салынуы мүмкін бөлігінен аспауы тиіс.
b) егер Конвенцияның кез келген ережелеріне сәйкес алынатын табыс немесе иеленушісі Испания резиденті болып табылатын капитал Испанияда салықтан босатылса, онда Испания мұндай резидент табысының немесе капиталының қалған бөлігіне салынатын салық сомасын есептеу кезінде босатылған табыстың немесе капиталдың сомасын ескере алады.
23-бап
Кемсітпеу
1. Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық тұлғалары екінші Уағдаласушы Мемлекетте кез келген салық салуға немесе дәл сондай жағдайларда, атап айтқанда, резиденттікке қатысты осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салудан және оған байланысты міндеттемелерден өзгеше немесе ауыртпалықты салық салу болып табылатын оған байланысты кез келген міндеттемеге ұшырамайды. Осы ереже осы Конвенцияның 1-бабының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің резиденті болып табылмайтын тұлғаларға да қолданылады.
2. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте иеленетін тұрақты мекемеге салық салу осы екінші мемлекеттің осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарына салық салуға қарағанда осы екінші мемлекетте қолайсыздау болмауы тиіс. Осы ереже Уағдаласушы мемлекетті басқа Уағдаласушы мемлекеттің резиденттеріне салық салу мақсаттары үшін азаматтық мәртебе немесе отбасылық міндеттері негізінде ол өзінің резиденттеріне беретін кез келген жеке салықтық жеңілдіктер, босатулар мен шегерімдер беруге міндеттейтіндей болып талқыланбауы тиіс.
3. Осы Конвенцияның 9-бабы 1-тармағының, 11-бабы 7-тармағының, 12-бабы 4-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне жүргізетін пайыздар, роялтилер және басқа да төлемдер осындай кәсіпорынның салық салынатын пайдасын анықтау мақсаттары үшін алғашқы айтылған Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетіндей жағдайларда шегерімге жатқызылуы тиіс. Осыған ұқсас айтылған мемлекеттің кәсіпорнының екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне кез келген берешегі осындай кәсіпорынның салық салынатын капиталын анықтау мақсаты үшін алғашқы айтылған Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетіндей жағдайларда шегерімге жатқызылуы тиіс.
4. Капиталы екінші Уағдаласушы мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі немесе олардың тікелей немесе жанама түрде бақылауында болатын Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорындары алғашқы айтылған мемлекетте салық салуға немесе алғашқы айтылған мемлекеттің басқа ұқсас кәсіпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салу мен онымен байланысты міндеттемелерге қарағанда онымен өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты болып табылатын кез келген салық салу немесе онымен байланысты кез келген міндеттемелерге алғашқы айтылған мемлекетте ұшырамауы тиіс.
5. Осы баптың ережелері 2-баптың ережелеріне қарамастан кез келген түрдегі салықтарға қолданылады.
24-бап
Өзара келісу рәсімі
1. Егер тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де іс-әрекеттері өзін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соғып отыр немесе әкеп соғады деп есептесе, ол осы мемлекеттердің ішкі заңдарында көзделген қорғау құралдарына қарамастан, өзінің ісін өзі резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының қарауына немесе егер оның ісі осы Конвенцияның 23-бабының 1-тармағының қолданысына түссе, онда өзі ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының қарауына бере алады. Өтініш осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соқтыратын іс-әрекеттер туралы алғашқы хабарлама берілген сәттен бастап үш жыл ішінде берілуі тиіс.
2. Құзыретті орган, егер ол өтінішті негізді деп есептесе және егер өзі қанағаттанарлық шешімге келе алмаса, осы Конвенцияға сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында істі екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткізілген келісім Уағдаласушы мемлекеттердің ішкі заңнамаларында көзделген уақыттағы кез келген шектеуге байланыссыз орындалатын болады.
3. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары Конвенцияны түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәнді өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Олар сол сияқты Конвенцияда көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бір-бірімен консультация өткізе алады.
4. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары алдыңғы тармақтарды түсінуде келісімге қол жеткізу мақсатында бір-бірімен тікелей байланысқа түсе алады. Егер келісімге қол жеткізу үшін ауызша пікір алмасуды ұйымдастыру орынды болса, мұндай пікір алмасу Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдарының өкілдерінен тұратын Комиссия отырысы шеңберінде жүргізілуі мүмкін.
25-бап
Салықтарды азайту және шегерімдер
Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы осы Конвенцияда көзделген салықтарды немесе шегерімдерді төмендету үшін ішкі заңнамада белгіленген рәсімдерді қолдана алады.
26-бап
Ақпарат алмасу
1. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе осы Конвенцияға қайшы келмейтіндей дәрежеде Уағдаласушы мемлекеттердің немесе оның саяси бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ішкі заңнамаларын әкімшілендіру немесе жүзеге асыру үшін қажет ақпаратпен алмасады. Ақпарат алмасу 1 және 2-баптармен шектелмейді.
2. 1-тармаққа сәйкес Уағдаласушы мемлекет алған кез келген ақпарат осы мемлекеттің ішкі заңнамасы шеңберінде алынған ақпарат сияқты құпия болып саналады және 1-тармақта айтылған немесе жоғарыда баяндалған қолданылатын бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе салықтарға қатысты шағымдарды қараумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана хабарланады. Осындай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдаланады. Олар осы ақпаратты ашық сот отырысы барысында не сот шешімдерін қабылдаған кезде ашуы мүмкін.
3. Ешқандай жағдайда 1 және 2-тармақтардың ережелері Уағдаласушы мемлекетке:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;
b) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілік практикасы барысында алуға болмайтын ақпарат беру;
с) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпарат немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (қоғамдық тәртіпке) қайшы келуі мүмкін ақпарат беру міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.
4. Егер ақпаратты Уағдаласушы мемлекет осы бапқа сәйкес талап ететін болса, екінші Уағдаласушы мемлекет оның жинақталған ақпаратын тіпті екінші мемлекет өзінің жеке салық мақсаттары үшін осындай ақпаратқа мұқтаж болмаса да пайдаланады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме 3-тармақтың шектеулеріне бағынады, бірақ ешқандай жағдайда осындай шектеу Уағдаласушы мемлекетке осындай ақпаратқа ешқандай ішкі мүддесінің болмағандығынан ғана, ақпаратты беруден бас тартуға рұқсат беру ретінде қарастырылмайтын болады.
5. Ешқандай жағдайда 3-тармақтың ережелері банкте, басқа қаржы институтында, кандидатта немесе ұйымда немесе сенімді тұлғаның ережесінде әрекет ететін тұлғада бар ақпарат немесе бұл тұлғадағы жеке мүдделерге жатқызылатындықтан, Уағдаласушы мемлекетке ақпаратты беруден бас тартуға рұқсат беру үшін қарастырылмайтын болады.
27-бап
Салықтарды жинауға көмектесу
1. Уағдаласушы мемлекеттер табыс талаптарын жинауға бір-біріне көмек көрсетуге міндеттенеді. Мұндай көмек 1 және 2-баптардың қолданылуымен шектелмейді. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары өзара келісім бойынша осы баптың қолданылу рәсімдерін белгілей алады.
2. Осы бапта қолданылатын "табыс талабы" термині Уағдаласушы мемлекеттердің немесе олардың орталық органдарының, саяси бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты тиесілі соманы салық салу осы Конвенцияға немесе тараптары Уағдаласушы мемлекеттер болып табылатын осындай сомаларға қатысты пайыздар, әкімшілік өндіріп алулар мен алым құны немесе оларды сақтау сияқты кез келген басқа құралдарға қайшы келмейтіндей дәрежеде білдіреді.
3. Егер Уағдаласушы мемлекеттің табыс талабы осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қолданылса және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оны жинауға сол сәтте кедергі келтіре алмайтын тұлғаға тиесілі болса, мұндай табыс талабын екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органы жинау мақсатында қабылдауы мүмкін. Мұндай табыс талабын осы екінші мемлекеттің табыс талабы болып табылатындай табыс талабы сияқты өзінің салықтарын жинауға мәжбүрлі қолданылатын оның заңнамасының ережелеріне сәйкес осы екінші Уағдаласушы мемлекет жинауға тиіс.
4. Егер Уағдаласушы мемлекеттің табыс талабы өзінің жинауын қамтамасыз етуде оған қатысты осы мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес сақтау шараларын қабылдай алатын табыс талабы болып табылатын жағдайда мұндай табыс талабы осы мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының сақталуы жөнінде шаралар қабылдау мақсатында қабылданады. Бұл екінші мемлекет өз заңнамасының ережелеріне сәйкес осы табыс талабына қатысты сақталуы жөніндегі шараларды, егер де осындай шараларды қолдану сәтінде табыс талабы алғашқы аталған мемлекетте жүзеге асырылмаса да немесе оны жинауға кедергі келтіре алатын тұлғаға тиесілі болса да, осы табыс талабы осы екінші мемлекеттің табыс талабы болатыны сияқты қолданады.
5. 3 және 4-тармақтардың ережелеріне қарамастан, 3 немесе 4-тармақтардың мақсаттары үшін Уағдаласушы мемлекет қабылдаған табыс талабына осы мемлекетте уақытша шектеулер қойылуға немесе талаптың сипаты себебі бойынша осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес табыс талаптарына қолданылатын оның кез келген басымдылығын айқындауға жатпайды. Осыған қосымша ретінде, 3 немесе 4-тармақтардың мақсаттары үшін Уағдаласушы мемлекет қабылдаған табыс талабының осы мемлекетте екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы табыс талабына қолданылатын басымдылығы болмайды.
6. Уағдаласушы мемлекеттің табыс талабының болуына, заңдылығына немесе сомасына қатысты сот талап-арыздары екінші Уағдаласушы мемлекеттің соттарында немесе әкімшілік органдарында қозғалмайды.
7. Егер Уағдаласушы мемлекет 3 немесе 4-тармақтарға сәйкес сұрау салу жасағаннан кейін және екінші Уағдаласушы мемлекет тиісті табыс талабын жинап, алғашқы аталған мемлекетке бергенге дейінгі кез келген уақытта мұндай табыс талабының:
а) осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес талап-арыздық күші бар алғашқы аталған мемлекеттің табыс талабы және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оны жинауға сол сәтте кедергі келтіре алмайтын тұлғаға тиесілі болса 3-тармақ бойынша сұрау салынатын жағдайда қолданылуы тоқтатылады; немесе
b) мұндай жинауды қамтамасыз ету мақсатында оған қатысты осы алғашқы аталған мемлекеттің табыс талабы өзінің заңнамасына сәйкес сақтау жөніндегі шараларды қолдана алса, 4-тармақ бойынша сұрау салынатын жағдайда алғашқы аталған мемлекеттің құзыретті органы екінші мемлекеттің құзыретті органына осы факті туралы дереу хабарлайды және екінші мемлекеттің қалауы бойынша алғашқы аталған мемлекет өзінің сұрау салуын тоқтата немесе кері қайтарып алады.
8. Осы баптың ережелеріндегі ешқандай жағдайда да мемлекеттерге мынадай міндеттемелерді жүктеу:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды қолдану;
b) мемлекеттік саясатқа (қоғамдық тәртіпке) қайшы келетін шараларды қолдану;
с) егер екінші Уағдаласушы мемлекет өз заңнамасына немесе әкімшілік практикасына сәйкес жинау мен сақтау жөніндегі барлық тиісті шараларды қолданбаса, қажет болған жағдайда жәрдемдесу;
d) осы мемлекетке жүктелетін әкімшілік ауыртпалық екінші Уағдаласушы мемлекет табатын пайдаға мөлшері жағынан сәйкес келмеген жағдайларда жәрдемдесу ретінде түсіндірілмейтін болады.
28-бап
Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің
қызметкерлері
Осы Конвенциядағы ештеңе де дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің халықаралық құқықтың жалпы нормалары беретін немесе арнайы келісімдердің ережелеріне сәйкес берілетін артықшылықтар сияқты салық артықшылықтарын қозғамайды.
29-бап
Күшіне енуі
1. Осы Конвенция ратификациялануға жатады және Уағдаласушы мемлекеттердің оның әрбір мемлекетте күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындауы туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күннен кейін үш айдан соң күшіне енеді.
2. Осы Конвенция:
а) мерзімді түрде есептелетін салықтарға қатысты, осы Конвенция күшіне енген күніне басталатын немесе аяқталатын кез келген салық жылына жататын табысқа немесе капиталға салынатын салықтарға қатысты; және
b) осы Конвенция күшіне енген күніне басқа салықтарға қатысты қолданылады.
30-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Уағдаласушы мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалар арқылы енгізіле алады.
31-бап
Қолданылуын тоқтату
1. Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің бірі оның қолданылуын тоқтатпайынша күшінде қала береді. Кез келген Уағдаласушы мемлекет Конвенция күшіне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейінгі кез келген күнтізбелік жылдың аяқталуына кемінде алты ай қалғанда қолданылуын тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, Конвенцияның қолданылуын тоқтата алады.
2. Мұндай жағдайда Конвенция:
а) мерзімді түрде есептелетін салықтарға қатысты, хабарлама алынған күнге немесе күннен кейін басталатын немесе аяқталатын кез келген салық жылына жататын табысқа немесе капиталға салынатын салықтарға қатысты;
b) хабарлама алынған күні басқа жағдайларға қатысты өз қолданысын тоқтатады.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
200__ жылғы _________ "__" күні қазақ, орыс, испан және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Хаттама
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметінің арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға қол қою сәтінде төмендегі қол қоюшылар Конвенцияның құрамдас бөлігі болып табылатын мынадай ережелермен келісті.
I. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін салық салуда жеңілдігі бар елдер тізбесіне қатысты 2008 жылғы 31 желтоқсандағы N 1318 қаулы немесе жоғарыда айтылған қаулыға өзгерістер енгізілгеннен кейін немесе ауыстырылғаннан кейін қабылданған осыған ұқсас мәселенің кез келген басқа заңнамасы екі Уағдаласушы мемлекет арасындағы кез келген экономикалық өзара қатынасқа қолданылмайды.
ІІ. 11-баптың 3-тармағына қатысты "құрылған мәртебесі бар орган" термині жария құқықтағы кез келген агенттікті, институтты, заңды тұлғаны немесе мемлекетке, орталық органға, саяси бөлімшеге немесе жергілікті билік органына толық тиесілі кез келген басқа органды білдіреді деген ұғым бар.
ІІІ. Жәрдемақыға арналған құқыққа қатысты
і) Уағдаласушы мемлекеттер заңнаманы (салық салу мәселелері бойынша шарттарды қоса алғанда) теріс пайдалануға қатысты олардың ішкі ережелері мен рәсімдері сондай теріс пайдалану режиміне жатқызылуы мүмкін екендігін мәлімдейді.
іі) Осы Конвенцияға сәйкес жеңілдіктер екінші Уағдаласушы мемлекеттің олар алған табыс элементтерінің немесе сонда орналастырылған капитал элементтерінің нақты иесі болып табылмайтын тұлғаларына берілмейді деген ұғым бар.
ііі) Егер оларға қатысты дивидендтер төленетін акцияларды немесе басқа құқықтарды жасауға немесе бөлуге, оларға қатысты пайыздар төленетін шарттық талаптарды жасауға немесе бөлуге, оларға қатысты роялти төленетін құқықтарды жасауға немесе бөлуге байланысты кез келген тұлғаның негізгі мақсаты немесе негізгі мақсаттарының бірі осындай жасау немесе бөлу жолымен осы баптардан пайда алу болса, 10, 11 және 12-баптардың ережелері қолданылмады.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
200__ жылғы ___ " " күні қазақ, орыс, испан және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін