"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 маусымдағы N 1007 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


      Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға және авиация қызметіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) авариялық-құтқару жұмыстары - зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешені;

      2) авиация - қызметтері әуе кемелерінің көмегімен адамның әуе кеңістігін пайдалануы үшін жағдайлар жасауға бағытталған ұйымдардың барлық түрлері;

      3) авиакомпания - азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының қолданыстағы сертификатын иеленуші заңды тұлға;

      4) авиация қауіпсіздігі - авиацияның қызметіне заңсыз араласу актілерінің алдын алумен және оны болдырмаумен қамтамасыз етілетін оның қауіпсіз қызметі;

      5) авиациялық жұмыстар - қоршаған табиғи ортаны күзету және қорғау, медициналық көмек көрсету және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін басқа да мақсаттар үшін ауыл шаруашылығында, құрылыста азаматтық әуе кемелерінің ұшуын пайдалана отырып орындалатын жұмыстар;

      6) авиациялық оқиға - ұшуды орындау мақсатында әуе кемесін пайдалану кезінде болған, осы кеменің, оның экипажының, басқа авиация персоналының қалыпты жұмыс істеуінің бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсеріне байланысты және адамдардың қаза табуына; оның салдарынан құрылымның беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, күрделі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру талап етілетін (тек қозғалтқыштың өзі немесе оның қосалқы агрегаттары зақымданған немесе тек әуе бұрамалары, планердің болымсыз элементтері, сүйір қалқандар, қанатының ұштары, антенналар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар немесе басқа элементтері зақымданған, егер бұл зақымданулар құрылымның жалпы беріктігін бұзбаса, немесе қаптамада аздаған жаншылған жерлер немесе ойықтар болған кезде қозғалтқыштың істен шығу немесе зақымдану жағдайларын; тірек және рульдік бұрамалар элементтерінің, тірек немесе рульдік бұрама төлкесінің, трансмиссияның зақымдануын, желдеткіш қондырғының немесе редуктордың зақымдануын, егер бұл жағдайлар фюзеляждың (арқалықтардың) күш элементтерінің зақымдануына немесе қирауына әкеп соқпаған болса; күш элементтеріне зақым келмей, фюзеляждың (арқалықтардың) зақымдануын қоспағанда) әуе кемесінің зақымдануына; әуе кемесінің қирауына немесе мүлдем істен шығуына әкеп соққан оқиға;

      7) авиациялық тосын оқиға - ұшуды орындау мақсатында әуе кемесін пайдаланған кезде болған, осы кеменің, оның экипажының, басқа авиация персоналының қалыпты жұмыс істеуінің бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсеріне байланысты, бірақ авиациялық оқиғаға әкеп соқтырмаған оқиға;

      8) авиациялық қызметтер - азаматтық авиацияның жолаушыларды, багажды, жүкті және почтаны әуеде тасымалдауды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге және ақы үшін немесе жалдау бойынша авиациялық жұмыстарды орындауға байланысты қызметтері;

      9) авиациялық бағыт (авиабағыт) - үстінде авиатасымалдар пункттері арасындағы әуе қатынасы жүзеге асырылатын жер бетінің географиялық сипаттамасы немесе географиялық сипаттамаларының комбинациясы;

      10) авиация персоналы - авиация персоналының арнайы даярлығы мен куәлігі бар және әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін немесе авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті, сондай-ақ әуе тасымалдары мен әуе кемелерінің ұшуын, авиациялық жұмыстарды ұйымдастыру, орындау, қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсету, әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру, әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке адамдар;

      11) авиациялық оқу орталығы - авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілік деңгейін қолдауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      12) аэроклуб - әуеайлақты (тікұшақ айлағын) меншік құқығында не өзге де заңды негіздерде пайдаланатын және осы Заңда көзделген жағдайларда авиациялық қызметтер көрсету құқығынсыз өздерінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерінде ұшуды жүзеге асыратын пайдаланушылардың қызметін қамтамасыз ететін заңды тұлға;

      13) автомобиль жолының әуеайлақтық учаскесі - автомобиль жолының мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне және қонуына арналған белгілі бір учаскесі;

      14) аэронавигациялық ұйым - әуе кеңістігін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз етуді, әуе қозғалысына қызмет көрсетуді, радиотехникалық жабдық пен байланыс құралдарын пайдалануды және әуе кемесінің бортына қажетті метеорологиялық ақпаратты беруді жүзеге асыратын азаматтық авиация ұйымы;

      15) апатты жағдайдағы әуе кемесі — өзіне немесе бортында отырған адамдарға тікелей қауіп төнген не радиобайланыс үзілген және осы кеменің тұрған жері беймәлім әуе кемесі;

      16) апатқа ұшыраған әуе кемесі - ұшып көтерілген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымдалған немесе толық қираған әуе кемесі, сондай-ақ әуеайлақтан тысқары жерге амалсыздан қонған әуе кемесі;

      17) авиация қызметіне заңсыз араласу - авиацияның қауіпсіз қызметіне қол сұғатын, адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесін басып алуға немесе айдап әкетуге әкеп соққан немесе осындай салдарлардың туындау қаупін төндірген құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсіздік;

      18) азаматтық авиация ұйымы - азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      19) авиабағытқа арналған куәлік - авиациялық бағытты пайдалану құқығына арналған құжат;

      20) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген, пайдаланушының азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау ережесіне және сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;

      21) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, азаматтық және эксперименттік авиация қызметі мен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      22) азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығының сертификаты - уәкілетті орган берген, азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестігін куәландыратын құжат;

      23) аса маңызды ұшу - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының қорғалатын адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын бағыттарына (рейстеріне) беретін мәртебесі;

      24) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін және азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілгенін растайтын, белгіленген үлгідегі құжат;

      25) аэронавигациялық ақпарат - әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ету және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін деректерді іріктеу, талдау және форматтау нәтижесінде алынған ақпарат;

      26) азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарты - азаматтық авиация қызметінің жекелеген аспектілерін ұйымдастыруды және жүзеге асыруды регламенттейтін, азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым қабылдаған құжат;

      27) әуеайлақ - жер немесе су бетінің (кез келген ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда) толықтай немесе ішінара әуе кемелерінің келуіне, жөнелтілуіне және осы үстіңгі бет арқылы қозғалысына арналған белгілі бір учаскесі;

      28) әуежай - әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшін әуеайлағы, аэровокзалы, басқа құрылыстары, сондай-ақ қажетті жабдығы бар құрылыстар кешені;

      29) әуежай қызметі - жеке және заңды тұлғалар әуежайларда жүзеге асыратын, әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды, ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызмет;

      30) әуе трассасы - әуе кемелерінің ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық қондырғыларымен бақыланатын дәліз түріндегі әуе кеңістігі;

      31) әуе қозғалысы - ұшып жүрген немесе әуеайлақтың маневр жасау алаңымен қозғалып жүрген барлық әуе кемелері;

      32) әуе кемесі - жер бетінен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын аппарат;

      33) әуе тасымалдары (авиатасымалдар) - жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерімен жолаушыларды, багажды, жүкті және почтаны тасымалдау жөніндегі қызметі;

      34) әуеайлақтың бақылау нүктесі - әуеайлақтың географиялық орналасқан жерін айқындайтын нүкте;

      35) әуежайдың бақыланатын аймағы - оларға кіруді авиация қауіпсіздігі қызметі бақылайтын әуежайдың, әуеайлақтың, ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс алаңы және оларға іргелес жатқан аумақ, қызметтік ғимараттар, құрылыстар, қоймалар;

      36) әуе қозғалысына қызмет көрсету - әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық қызмет көрсету, авариялық хабар беру, әуе қозғалысына консультативтік қызмет көрсету, әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету (аудандық диспетчерлік қызмет көрсету, кіреберісте диспетчерлік қызмет көрсету немесе әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету), сондай-ақ әуе қозғалысын басқару (ұшуға басшылық жасау тобы);

      37) әуе қозғалысына қызмет көрсету органы - әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органы, ұшу ақпараты орталығы немесе аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсетуіне қатысты мәлімет хабарламаларды жинау пункті;

      38) әуе қозғалысын басқару органы (ұшуға басшылық жасау тобы) - әуе қозғалысын басқару органы, ұшу ақпараты орталығы немесе мемлекеттік авиацияның ұшуын басқаруға қатысты мәлімет хабарламаларды жинау пункті;

      39) әуе кемесінің ұшуы - ұшып көтерілу кезіндегі екпін алудан (тік ұшып көтерілген кезде жер немесе су бетінен ажыраудан) бастап жүру аяқталғанға (ұшып-қону алаңын аялдамасыз босату) немесе тік қонған кезде жер (су) бетіне табан тірегенге дейін әуе кемесінің жер (су) бетімен және әуе кеңістігінде қозғалуы;

      40) әуеайлақ маңындағы аумақ - орталығы әуеайлақтың бақылау нүктесінде орналасқан радиусы 50 километр жер бетіндегі аумақ;

      41) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) жарамдылығының сертификаты - уәкілетті орган берген, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) оларды пайдалану жарамдылығының нормаларына сәйкестігін куәландыратын құжат;

      42) әуе кеңістігін пайдалану режимі - әуе кеңістігін пайдалануды арнайы ұйымдастыруды талап ететін қызметті жүзеге асыру үшін үш тәулікке дейінгі мерзімге белгіленетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі құрылымының жекелеген элементтерін пайдаланудың уақытша тәртібі;

      43) әуеайлақтың метеорологиялық органы - әуеайлақта орналасқан, әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етуге арналған қызмет;

      44) жауапкершілік аймағы - әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган (әуе қозғалысын басқару, ұшуға басшылық жасау тобы) өз функцияларын жүзеге асыратын белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі;

      45) жолаушы - әуе тасымалы шартына сәйкес әуе кемесімен тасымалданатын жеке адам;

      46) коммерциялық әуе тасымалдары - заңды тұлғалардың азаматтық әуе кемелерімен ақы үшін немесе жалдау бойынша жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметі;

      47) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүргізілетін құжат;

      48) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі - Қазақстан Республикасының құрлықтық және сулы аумағының үстіндегі, оның ішінде аумақтық суларының үстіндегі әуе кеңістігі;

      49) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің тізілімі - Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу жүргізілетін құжат;

      50) қауіпті аймақ - шегінде белгілі бір уақыт кезеңінде әуе кемелерінің ұшуына қауіп төндіретін қызмет жүзеге асырылуы мүмкін белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;

      51) қону алаңқайы - жердің, мұздың, су бетінің, құрылыстың үстіңгі бетінің, оның ішінде жүзбелі құрылыстың үстіңгі бетінің әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, қонуына, рульдеуіне және тұрағына арналған учаскесі;

      52) уақытша әуеайлақ - жылдың белгілі бір кезеңінде әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етуге арналған, белгіленген тәртіппен есепке алуға жататын стационарлық құрылыстары мен жабдығы жоқ әуеайлақ;

      53) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде мемлекеттік авиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік авиация қызметін және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      54) метеорологиялық ақпарат - іс жүзіндегі немесе межелі метеорологиялық жағдайларға қатысты, әуе кеңістігін пайдаланушыларға арналған метеорологиялық жинақтау, талдау, болжам және кез келген басқа хабарлама;

      55) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      56) тұрақты емес (чартерлік) рейс - тұрақты авиатасымал болып табылмайтын коммерциялық әуе тасымалы;

      57) тікұшақ айлағы - әуеайлақ немесе құрылыстың үстіңгі бетіндегі толықтай немесе ішінара тікұшақтардың келуіне, жөнелтілуіне немесе осы үстіңгі бет арқылы қозғалысына арналған белгілі бір учаскесі;

      58) тікұшақ - ауадан ауыр, ұшуда негізінен шамамен тік қалыпта болатын осьтердің айналасындағы күш қондырғысымен айналатын бір немесе бірнеше тірек бұрамамен ауа реакциясының есебінен қалықтайтын әуе кемесі;

      59) тергеу - себебін анықтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеуді қоса алғанда, ақпарат жинау мен талдауды, қорытындылар дайындауды қамтитын, авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды болдырмау мақсатында жүргізілетін процесс;

      60) тұрақты рейс - бекітілген кестеге сәйкес орындалатын рейс;

      61) тыйым салынған аймақ - шегінде әуе кемелерінің ұшуына тыйым салынған, Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;

      62) үлгі сертификаты - азаматтық әуе кемесі үлгісінің, авиациялық қозғалтқыштың және жаңа үлгідегі әуе бұрамасының ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестігін растайтын құжат;

      63) қосалқы әуеайлақ - егер қону белгіленген әуеайлаққа бару немесе оған қону мүмкін емес немесе орынсыз болған жағдайда, әуе кемесі бара алатын әуеайлақ;

      64) ұшақ - ауадан ауыр, ұшудағы көтеру күші негізінен аталған ұшу жағдайларында қозғалыссыз қалатын беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен жасалатын күш қондырғысымен қозғалысқа келтірілетін әуе кемесі;

      65) ұшып көтерілу массасы - әуе кемесінің ұшып көтерілу кезіндегі екпін алудың басында көзделетін ең жоғары массасы;

      66) ұшуға шектеу қойылған аймақ - шегінде әуе кемелерінің ұшуына белгілі бір жағдайлармен шектеу қойылған, Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;

      67) ұшу қауіпсіздігі - ұшудың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар кешені, әуе кемесінің, авиациялық қызметтердің және (немесе) жұмыстардың адам өмірі мен денсаулығына қатерсіз ұшуды орындауға қабілеттілігін айқындайтын кешенді сипаттамасы;

      68) ұшу жарамдылығы - әуе кемесінің қауіпсіздігі мен ұшу сапасын қамтамасыз ететін ұшу-техникалық сипаттамаларға сай келетін әуе кемесінің техникалық жай-күйі;

      69) ұшу жарамдылығының нормалары - бұл әуе кемелерінің құрастырмасына, параметрлері мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құрамдауыштарына қойылатын талаптар;

      70) ұшу жоспары - әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарына пайдаланушы ұсынатын әуе кемесінің белгіленген ұшуы немесе ұшуының бір бөлігі туралы белгілі бір мәліметтер;

      71) халықаралық әуежай - халықаралық әуе тасымалдарын қамтамасыз ететін, ішінде кедендік, шекаралық және санитариялық-карантиндік бақылау ұйымдастырылған әуежай;

      72) халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға жіберілген әуежай пайдаланушыны уақытша басқару - халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға жіберілген әуежай пайдаланушыға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;

      73) халықаралық үлгідегі сәйкестендіру карточкасы - азаматтық авиация саласында авиация персоналының және әуе кемесінің ұшудағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналдың қолданыстағы куәлігін иеленуші экипаж мүшелеріне, бортсеріктерге, ұшуды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға берілетін белгіленген үлгідегі құжат;

      74) халықаралық әуе тасымалы - тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзілістің болуына немесе болмауына қарамастан, тасымалдауды орындау кезінде жөнелту және бару пункттері:

      а) екі немесе одан да көп мемлекеттердің аумағында;

      б) егер екінші мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы;

      75) халықаралық ұшу - әуе кемесінің шет мемлекет шекарасын кесіп өтетін ұшуы;

      76) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификат - авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның сертифйкаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;

      77) азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымның сертификаты - ұйымның сертификаттау талаптарына сәйкестігін растайтын нақты үлгідегі құжат;

      78) авиациялық оқу орталығының сертификаты - оқу ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;

      79) әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің тексеріп қарауы жөніндегі ұйымның сертификаты - әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің тексеріп қарауы ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;

      80) әуе кемесімен жалданушы - бір немесе бірнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүкті, почтаны тасымалдау және басқа мақсаттар үшін бір немесе бірнеше әуе кемесінің толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін ақысын алып екінші тарапқа (әуе кемесін жалдаушыға) беретін әуе тасымалдаушысы;

      81) әуе кемесін жалдаушы - ақысын төлеп әуе тасымалдаушысымен бір немесе бірнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүкті, почтаны тасымалдау немесе басқа мақсаттар үшін бір немесе бірнеше әуе кемесінің толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін өзінің пайдалануына беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      82) жалдау (чартер) шарты - әуе кемесімен жалданушы мен әуе кемесін жалдаушы арасында жасалған әуе кемесін жалдау шарты.

2-бап. Әуе кеңістігі үстіндегі Қазақстан Республикасының егемендігі

      1. Қазақстан Республикасының құрлықтағы және судағы аумағы мен оның аумақтық суларының үстінде орналасқан әуе кеңістігі үстіндегі толық және айрықша егемендік Қазақстан Республикасына тиесілі.

      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі оның мемлекеттік аумағының бір бөлігі болып табылады.

3-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды және авиация қызметін реттейтін заңнама

      1. Қазақстан Республикасының авиация қызметін пайдалану және әуе кеңістігі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен осы Заңды орындау үшін қабылданған Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң адам өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүддесін қорғау, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының экономикасы мен азаматтардың авиациялық қызметтерге сұранысын қанағаттандыру мақсатында әуе кеңістігі мен авиация қызметін пайдалану тәртібін айқындайды.

      Осы Заңның қолданылуы:

      барлық Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға;

      егер әуе кемесі баратын елдің заңдарында өзгеше көзделмесе, олар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған уақытта Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік және азаматтық әуе кемелеріне таралады.

5-бап. Авиация түрлері

      1. Қазақстан Республикасының авиациясы мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік болып бөлінеді.

      2. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның, ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша басқа да мемлекеттік органдардың қарамағында болатын және қорғаныс, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында пайдаланылатын авиация мемлекеттік авиация болып табылады.

      3. Азаматтық авиация - эксперименттік және мемлекеттік авиация құрамына кірмейтін және мынадай:

      а) жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны тасымалдау (әуе тасымалдары);

      б) авиациялық жұмыстарды орындау;

      в) оқу, спорттық, мәдени-ағарту іс-шараларын жүргізу, техникалық шығармашылықты дамыту;

      г) әуе кемесін пайдаланушының жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      д) іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, дүлей апат болған жағдайда көмек көрсету;

      е) аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсыну;

      ж) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      з) әуежайлық қызметті және/немесе әуеайлақтық (тікұшақ айлақтық) қызмет көрсетуді жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын авиация.

      Осы тармақтың а), б), в) тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда ақы үшін немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация болып табылады.

      Жеке немесе заңды тұлғалардың меншігіндегі және көрсетілген мақсаттарда ақысыз және жалдаусыз пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация деп танылады.

      4. Эксперименттік авиация - авиациялық және басқа техника саласында тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргізуге арналған авиация.

6-бап. Авиация құралдарына меншік құқығы

      Әуе кемелері, әуеайлақтар, тікұшақ айлақтары, әуежайлар, техникалық құралдар мен әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру, орындау, қызмет көрсету және қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлік мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.

7-бап. Азаматтық авиация саласында халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдану

      1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын халықаралық азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық стандарттары қолданылады.

      2. Халықаралық азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық стандарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат берген Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдары үшін міндетті болып табылады.

      3. Халықаралық азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық стандарттары реттелуі Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға жатпайды.

2-тарау. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау 8-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу

      1. Мыналар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды және авиация қызметін мемлекеттік реттеудің міндеттері болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушылардың оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуі, ұшуды адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қауіп төндірмей орындау;

      2) әуе кеңістігін пайдалануға және ұшуды орындауға байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы принциптерін белгілеу;

      3) Қазақстан Республикасы экономикасының және азаматтардың авиациялық қызметтерге сұранысын қанағаттандыру;

      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды және авиация қызметін мемлекеттік реттеуді өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, азаматтық авиация саласындағы және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.

9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) әуе кеңістігін пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      3) халықаралық ұшуды орындау үшін ашылатын әуеайлақтарды айқындайды;

      4) Авиабағытқа конкурс өткізу және жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиабағыттарға куәліктер беру ережесін бекітеді;

      5) Авиабағыттарды субсидиялау ережесін бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының әуежайларындағы арнайы бөлінген залдарда (VІР-залдарда) қызмет көрсетілетін тұлғалардың тізбесін бекітеді;

      7) азаматтық авиация саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;

      8) әуе көлігімен тасымалданатын, оларға қатысты тексеріп қарау жүргізілмейтін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының арнайы тізбесін бекітеді;

      9) Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесін бекітеді;

      10) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Президент актілерімен жүктелген әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласында өзге де функцияларды жүзеге асырады.

10-бап. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы құзыреті

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды әрі азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік реттеуді және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруды жүзеге асырады;

      3) Әуе кемесін, оның борттық бөлшектерін, экипаж мүшелерін, жолаушыларды, багажды, оның ішінде жолаушылардың жанындағы заттарды, сондай-ақ жүктер мен почтаны тексеріп қарауды жүргізу ережесін бекітеді;

      4) азаматтық әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуының жолын кеседі;

      5) азаматтық және эксперименттік авиацияның әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуын есепке алуды жүргізеді;

      6) аэронавигациялық ақпарат құжаттарын бекітеді;

      7) әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) азаматтық әуе кемелерінің пайдалануына жарамдылығы нормаларының сәйкестігін бағалау әдістемесін бекітеді;

      8) сертификаттауды және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификатын, авиациялық оқу орталығының сертификатын, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйым сертификатын, үлгі сертификатын, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылық сертификатын, азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі сертификатты, азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығы сертификатын, әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің тексеріп қарауын ұйымдастыру жөніндегі сертификатты беруді жүзеге асырады;

      9) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген қолданыстағы сертификаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, иеленушілер сертификаттау талаптарын орындамаған жағдайда сертификаттар беруден бас тартады, сертификаттарды кері қайтарып алады, олардың қолданылуын тоқтата тұрады;

      10) әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) объектілері мен ұшу-қону алаңдарының күтіп-ұсталуын бақылауды жүзеге асырады;

      11) азаматтық әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат береді;

      12) Азаматтық авиациядағы ұшуды электрлі жарық-техникалық қамтамасыз ету ережесін, Арнайы көлік қызметінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты, Авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қызметі туралы ережені, Әуеайлақтық қызмет жөніндегі ережені, Ұшуды өртке қарсы және авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қызметі туралы ережені, Авиация қауіпсіздігі қызметі туралы ережені, Азаматтық авиация ұйымдарының өндірістік-диспетчерлік қызметі туралы ережені бекітеді;

      13) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау, құюға беруге дайындау және олардың сапасын бақылауды жүргізу ережесін бекітеді;

      14) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны бекітеді;

      15) әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде әуежайларда азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулықтарды бекітеді;

      16) авиация персоналына жататын адамға кәсіптік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін, оның қажетті білімі мен дағдысының бар екенін, сондай-ақ оның денсаулығының белгіленген талаптарға сай екенін растайтын авиация персоналының куәлігін береді, мұндай куәлікті кері қайтарып алады, оның қолданылуын тоқтата тұрады;

      17) авиация персоналының кәсіптік даярлығы және денсаулығының жай-күйі мәселелері бойынша бекітілген талаптар мен нормаларды азаматтық авиация ұйымдарының қамтамасыз етуін бақылауды жүзеге асырады;

      18) авиациялық техника мен оған жерде қызмет көрсету құралдарының ұшу және техникалық пайдалану талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;

      19) әуе кемесі жай-күйінің пайдаланушыға берілген ұшу жарамдылығы сертификатының талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;

      20) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы ұшуды жүргізу ережесін бекітеді;

      21) азаматтық әуе кемелерінің әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      23) халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық азаматтық авиация ұйымдарында Қазақстан Республикасының өкілдік етуін жүзеге асырады;

      24) азаматтық авиация саласында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға қатысады;

      25) тұрақты ұшулар кестесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі және халықаралық авиабағыттарындағы тұрақты рейстердің кестесін бекіту жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      26) авиациялық тасымалдарды бюджеттік субсидиялауды жүзеге асырады;

      27) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын есепке алуды жүргізеді;

      28) азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын бекітеді;

      29) біліктілік талаптарына сай мамандар мен ұйымдарды азаматтық авиация саласындағы сертификаттауға, инспекциялық тексеруге тарту тәртібі мен шарттарын бекітеді;

      30) Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналының кәсіптік даярлығы туралы нұсқаулықты бекітеді;

      31) Азаматтық авиацияның жердегі радиосәуле таратушы құралдарының жарамдылығы куәліктерін беру ережесін бекітеді және мұндай куәліктерді беруді жүзеге асырады;

      32) Азаматтық әуе кемелерін есептен шығару ережесін бекітеді;

      33) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға, авиациялық оқу орталықтарына, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарға, азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі, әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің тексеріп қарауын ұйымдастыру жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптарын бекітеді;

      34) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының авиация қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық-бағдарламаны бекітеді;

      35) әуежайдың және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиация қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаларды келісуді жүзеге асырады;

      36) Азаматтық әуе кемелерін қорғау және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдары объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесін бекітеді;

      37) Әуе кемелерін ұшу алдында және арнайы тексеріп қарау ережесін бекітеді;

      38) мүдделі мемлекеттік органдар арасында авиация қауіпсіздігі саласындағы қызметті үйлестіруді жүзеге асырады, азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актілерін тергеуде мемлекеттік органдарға жәрдем көрсетеді, олардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;

      39) әуежайдың бақыланатын аймағына өту, жүріп өту құқығына рұқсатнамалардың түрлері мен нысандарын бекітеді;

      40) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарының авиация қауіпсіздігі қызметінің лауазымды басшылары мен мамандарының тізбесін, сондай-ақ осындай лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;

      41) Қазақстан Республикасында азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету ережесін бекітеді;

      42) Азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға арналған қауіпті жүктер тізбесін бекітеді;

      43) Сертификациялау және мыналарды:

      - азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі сертификатты,

      - әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің тексеріп қарауын ұйымдастыру жөніндегі сертификатты беру ережесін бекітеді;

      44) Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру ережесін бекітеді;

      45) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      2. Азаматтық авиацияның қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары:

      1) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдары мен пайдаланушыларға ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оларды орындау мерзімдерін белгілей отырып, нұсқаулар мен инспекторлық нұсқамалар беруге;

      2) оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды тұлғалары мен пайдаланушылардан өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды, сондай-ақ түсініктемелер мен материалдарды сұратуға;

      3) қызметтік міндеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы әуежайларының барлық бақыланатын аймақтарына кедергісіз кіруге;

      4) авиация персоналы куәлігінің, кеме, ұшу құжаттамаларының болуын, сондай-ақ шетелдік кемелерді қоса алғанда, азаматтық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы талаптарына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін тексеруге құқылы.

      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның жауапты адамдары азаматтық авиация қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру барысында:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, азаматтық авиация ұйымдары мен пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

      2) тексерулерді Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы негізінде және қатаң түрде сонда белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізуге;

      3) тексеру жүргізу кезеңінде азаматтық авиация ұйымының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтарды болдырмау, анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға міндетті.

11-бап. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) әуе кеңістігін пайдалануды және мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік реттеуді және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруды жүзеге асырады;

      3) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңістігіндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды болдырмау және/немесе тоқтату жөнінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қауіпсіздігіне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қаупін жою жөнінде шаралар қабылдайды;

      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзудың жолын кеседі;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен, ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісім бойынша тыйым салынған аймақтар мен ұшуға шектеу қойылған аймақтардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалануға арналған режимдерді белгілейді;

      7) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін тыйым салынған аймақтар мен ұшуға шектеу қойылған аймақтар аумақтарының үстінен ұшып өтуге арнайы рұқсат береді;

      8) шет мемлекеттердің әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге арнайы бөлінген дәліздерден тыс халықаралық ұшуды орындауына рұқсат береді;

      9) шет мемлекеттердің мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің халықаралық ұшуды орындауына рұқсатты келіседі;

      10) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін мемлекеттік авиацияның бұзуын есепке алуды жүргізеді;

      11) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуды жүргізу ережесін бекітеді;

      12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды болдырмау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету ережесін бекітеді;

      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын штурмандық қамтамасыз ету ережесін бекітеді;

      15) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелеріне мемлекеттік, тіркеу және қосымша тану белгілерін жасау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      16) әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының), автомобиль жолдарының әуеайлақтық учаскелерінің пайдалануға жарамдылығының нормаларын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарына қойылатын тактикалық-техникалық талаптарды бекітеді;

      17) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдалану ережесін бекітеді;

      18) мемлекеттік авиация әуеайлақтарының, автомобиль жолдарының әуеайлақтық учаскелерінің тізілімін және оны жүргізу тәртібін бекітеді;

      19) мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы туралы қорытынды береді;

      20) мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі талаптарын бұзуын есепке алуды жүргізеді, авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды жіктеуді, мемлекеттік органдардың мемлекеттік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға тергеу жүргізу жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асырады;

      21) мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны бекітеді, мемлекеттік авиациядағы ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

      22) Мемлекеттік авиацияның авиация персоналына куәлік беру ережесін бекітеді және мемлекеттік авиацияның авиация персоналына жататын адамға кәсіптік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін, оның қажетті білімі мен дағдысының бар екенін, сондай-ақ оның денсаулығының белгіленген талаптарға сай екенін растайтын куәлік береді;

      23) Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерінің тізбесін айқындайды;

      24) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

12-бап. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы бақылау органдары

      1. Азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар осы Заңға сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

      2. Әуе кемелері және/немесе басқа ұшу аппараттары ұшуды орындаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерімен бірлесіп, әуе кеңістігін пайдалануға байланысты өзге де қызметті жүргізген кезде оны барлық пайдаланушылардың азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының Әуе кеңістігін пайдалану ережесін сақтауын бақылауды мыналар жүзеге асырады:

      1) әуе трассаларында, жергілікті әуе желілерінде және әуеайлақ аудандарында - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органды анықталған бұзушылықтар туралы хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес олар үшін белгіленген жауапкершілік аймақтарында аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары;

      2) мемлекеттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен басқа да аудандарында - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес белгіленген өздерінің жауапкершілік аймақтарының шегінде мемлекеттік авиация саласындағы әуе қозғалысын басқару органдары;

      3) әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінен тыс, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп ұшу кезінде - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес белгіленген өздерінің жауапкершілік аймақтарының шегінде мемлекеттік авиация саласындағы әуе қозғалысын басқару органдары немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары.

3-тарау. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру 13-бап. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру негіздері

      1. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру әуе кемелерінің ұшуын (әуе қозғалысын) қауіпсіз, үнемді және тұрақты орындауды, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті қамтамасыз етуді көздейді.

      Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру мыналарды қамтиды:

      1) әуе кеңістігінің құрылымын белгілеу;

      2) осы Заңның 20-бабында белгіленген басымдықтарға сәйкес әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау және үйлестіру;

      3) бақыланатын әуе кеңістігін пайдаланудың рұқсат беру тәртібін қамтамасыз ету;

      4) бақыланбайтын әуе кеңістігін пайдаланудың хабарламалық тәртібін айқындау;

      5) мыналарды:

      әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (аэронавигациялық қызмет көрсетуді), әуе қозғалысын басқаруды;

      әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыруды;

      әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (әуе қозғалысын басқаруды) қамтамасыз ету және әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыру мақсатында әуе кеңістігін ұйымдастыруды білдіретін әуе қозғалысын ұйымдастыру;

      6) әуе кеңістігін пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау.

      2. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыруды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен олар үшін белгіленген аймақтар мен аудандарда әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары жүзеге асырады.

      Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органдары немесе әуе қозғалысын басқару органдары аудандық диспетчерлік пункттерге және әуеайлақ ауданының диспетчерлік пункттеріне бөлінеді.

      3. Әуе кеңістігінің құрылымын ұйымдастыру қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.

      4. Мемлекеттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен аудандарын, эксперименттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен аудандарын, сондай-ақ жіктелмеген әуеайлақтардың аудандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бақыланатын әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсетуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағыныстағы аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады.

      Жекелеген әуеайлақтардың аудандарында әуе қозғалысына қызмет көрсетуді жеке меншік нысандағы аэронавигациялық ұйым жүзеге асыруы мүмкін.

      5. Әуе кемесінің әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) үшін жауапкершілік кез келген уақытта әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) бір органға ғана жүктеледі және әуе кемесі олардың жауапкершілік аймақтары арасындағы шекараны кесіп өткен кезде басқа органға беріледі.

      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулықты бекітеді, онда:

      1) ұшу қауіпсіздігі үшін тәуекелдер айқындалады;

      2) ұшу қауіпсіздігін қолдау мақсатында кемшіліктерді жою жөніндегі қажетті іс-қимылды іске асыру қамтамасыз етіледі;

      3) әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін тұрақты бағалау көзделеді.

      7. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары әуе қозғалысына қызмет көрсетудің бұзылуына байланысты күтпеген мән-жайлар жағдайына іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келіседі.

14-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызмет

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметке мыналар жатады:

      1) әуе кемелерінің және басқа ұшу аппараттарының ұшуы;

      2) атыстардың және зымырандарды ұшырудың барлық түрлері, жарылыс жұмыстары және материалдық объектілерді әуе кеңістігінде алып жүруге байланысты өзге де қызмет.

      2. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ шет мемлекеттердің осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалары әуе кеңістігін пайдаланушылар болып табылады.

15-бап. Әуе кеңістігінің құрылымы мен жіктелуі

      1. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, әуеайлақтар мен әуетораптар аудандары, әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, әуе кемелерінің ұшуына арналған бағыттар мен арнайы аймақтар, әуе кемелерінің ұшуына тыйым салынған аймақтар, қауіпті аймақтар, шектеу қойылған аймақтар мен әуе кеңістігіндегі қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін басқа да арнайы элементтер белгіленеді, бұлардың жиынтығы Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымын құрайды.

      2. Әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) мақсаттары үшін әуе кеңістігі деп шегінде нақты ұшу түрлері орындалуы мүмкін және ол үшін әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері мен ұшу ережесі айқындалған, әріптік белгісі бар, белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.

      Әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі бақыланатын және бақыланбайтын әуе кеңістіктеріне бөлінеді.

      Белгілі бір мөлшердегі, шегінде әуе кеңістігінің жіктелуіне сәйкес әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін әуе кеңістігі бақыланатын әуе кеңістігі деп түсініледі.

      Шегінде әуе кеңістігінің жіктелуіне сәйкес әуе қозғалысына тек консультативтік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін немесе әуе кеңістігінің жіктелуіне сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері жоқ әуе кеңістігі бақыланбайтын әуе кеңістігі деп түсініледі.

      3. Әуе кеңістігін жіктеу ұшу түріне, әуе кемелерін өзара эшелондауға, әуе қозғалысына қызмет көрсету түріне, әуе кемелерінің ұшу жылдамдығы бойынша шектеулерге, радиобайланысқа қойылатын талаптарға, әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарының ұшуға рұқсат беруінің қажеттігіне байланысты белгіленеді.

      4. Әуе кеңістігінің құрылымы мен жіктелуі, сондай-ақ әрбір сыныптағы әуекеңістігі шегінде ұшуға және әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде баяндалған.

16-бап. Әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсетуді ұсыну

      1. Осы Заңның 14-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушылар үшін олардың мемлекеттік тиесілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, аэронавигациялық ұйым ұсынатын әуе қозғалысына қызмет көрсету шарттар (жария шарттар) негізінде жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға ұсынылатын әуе қозғалысына қызмет көрсету мыналар:

      1) әуе кемесінің тұрған орны айқындалған сәттен бастап - апатты жағдайдағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігінің істен шығуына немесе ақауына байланысты бағыттары өзгертілген әуе кемелері;

      2) әуе кемелері іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін;

      3) әуе кемелері дүлей апаттар кезінде халыққа медициналық және ізгілік көмек көрсету үшін;

      4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелері;

      5) Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасының Үкімет басшысын, корольдік тұлғаларды, шет мемлекеттердің мемлекет, үкімет басшыларын тасымалдайтын әуе кемелері;

      6) егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсету үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда өтеусіз жүзеге асырылады.

17-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мынадай түрлерді қамтиды:

      1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету - мынадай:

      әуе кемелері арасындағы және әуе кемелерінің маневр жасау алаңындағы кедергілермен соқтығыстарын болдырмау;

      әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсатында бақыланатын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету;

      2) әуе қозғалысына консультативтік қызмет көрсету - әуе кемелерін оңтайлы эшелондауды қамтамасыз ету мақсатында бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету;

      3) ұшу-ақпараттық қызмет көрсету - мақсаты ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультациялар мен ақпарат беру болып табылатын қызмет көрсету;

      4) авариялық хабар беру - тиісті ұйымдарға іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабар беру және осындай ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету.

      2. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету мыналарға бөлінеді:

      аудандық диспетчерлік қызмет көрсету - бақыланатын әуе кеңістігінде ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін;

      кіреберісте диспетчерлік қызмет көрсету - әуе кемелерінің келуіне және әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып кетуіне байланысты ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін;

      әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету - әуеайлақтық қозғалысқа диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.

      Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган:

      1) әрбір әуе кемесінің болжалды қозғалысы немесе оның өзгеруі туралы ақпаратпен, сондай-ақ әрбір әуе кемесінің іс жүзіндегі ұшу барысы туралы соңғы ақпаратпен қамтамасыз етіледі;

      2) алынған ақпарат негізінде өзіне хабар берілген әуе кемелерінің бір біріне қатысты салыстырмалы орналасқан жерін айқындайды;

      3) өзі бақылайтын әуе кемелерінің арасындағы соқтығыстарды болдырмау үшін, сондай-ақ реттелген қозғалыс ағынын жеделдету және қолдау үшін рұқсаттар мен ақпарат береді;

      4) әуе кемесі әуе қозғалысына қызмет көрсететін басқа органдардың бақылауындағы ұшуды орындап жүрген басқа әуе кемелерімен жанжалды оқиғаларды туындатуы мүмкін жағдайда немесе әуе кемесін бақылауды әуе қозғалысына қызмет көрсететін (басқаратын) басқа органдарға берудің алдында қажет болған жағдайда рұқсаттарды әуе қозғалысын қамтамасыз ететін (басқаратын) басқа органдармен келіседі.

      Әуе кемелерін эшелондауға қойылатын талаптарды қамтитын әуе кемелеріне диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережелерінде айқындалады.

      3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары беретін диспетчерлік рұқсаттар әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға ғана негізделеді. Мұндай рұқсат пайдаланушының (әуе кемесі экипажының) әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын беруі жолымен сұралады.

      Рұқсатта мыналар көрсетіледі:

      1) ұшу жоспарында көрсетілген әуе кемесінің тану индексі;

      2) рұқсаттың қолданылу шекарасы;

      3) ұшу бағыты;

      4) бүкіл бағыт немесе оның бір бөлігі үшін ұшу эшелон(дар)ы және қажет болған жағдайда эшелондардың өзгеруі;

      5) әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті кез келген басқа тапсырмалар мен ақпарат.

      4. Ұшуына осы ақпарат әсер етуі мүмкін және әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін немесе орналасқан жері әуе қозғалысына қызмет көрсету органына белгілі барлық әуе кемелері ұшу-ақпараттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

      5. Авариялық хабар берумен мыналар қамтамасыз етіледі:

      1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін барлық әуе кемелері;

      2) ұшу жоспарын берген немесе орналасқан жері әуе қозғалысына қызмет көрсету органына белгілі барлық басқа әуе кемелері;

      3) оларға қатысты заңсыз араласу объектісі болып табылатындығы белгілі немесе болжанатын кез келген әуе кемелері.

18-бап. Ұшуды орындау ережесі

      Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшуы азаматтық авиация саласындағы және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар бекіткен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесіне сәйкес орындалады.

      Ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесінде көзделген кеме құжаттары болуға тиіс.

19-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары

      1. Мынадай:

      1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігіндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кіруді болдырмау және тоқтату;

      2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын іздестіру және эвакуациялау;

      3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды болдырмау және (немесе) тоқтату;

      4) бақыланбайтын әуе кеңістігін пайдалану жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, осы Заңда көзделген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттар болған кезде, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты жіберуге жататын ақпарат ұшу жоспары нысанында ұсынылады.

      2. Ұшу жоспарларын ұсыну, өзгерістер енгізу және ұшу жоспарын жабу тәртібі, оның мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде айқындалады.

      3. Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдаланушы әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) органдарға алдағы ұшу туралы хабарлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен ұшу жоспарын ұсынуға міндетті.

20-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар

      Әуе кеңістігін пайдалануға мүдделі екі немесе одан да көп пайдаланушы болған кезде әуе кеңістігінің бір бөлігін пайдалану құқығы хронологиялық тәртіппен баяндалған мынадай басымдықтарға сәйкес беріледі:

      1) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңістігіндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды болдырмау және тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қауіпсіздігіне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қаупін жою;

      2) адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қомақты материалдық залал келтіру қаупін тудыратын дүлей және өзге де апаттар, апаттар, авариялар, авариялық және өзге де жағдайлар кезінде көмек көрсету;

      3) ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру,

      іздестіру және эвакуациялау;

      4) азаматтық авиация саласындағы және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар бекіткен Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуларын ұйымдастыру және қамтамасыз ету ережесіне сәйкес орындалатын ұшу;

      5) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның жоспарлы оқу-жаттығуларды өткізуі, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де қызмет;

      6) жолаушыларды, жүктерді және почтаны тұрақты тасымалдау;

      7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиациясының ұшуы;

      8) эксперименттік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;

      9) тұрақты емес әуе тасымалдары және авиациялық жұмыстарды орындау;

      10) оқу-жаттығу, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ пайдаланушының жеке мақсатындағы ұшу.

21-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу

      Осы Заңның 14-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 20-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген қызметті жүзеге асырған жағдайларда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен әуе кемелерінің ұшуы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады.

22-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу

      1. Осы Заңның және оған сәйкес әзірленген басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу болып танылады.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға мыналар жатады:

      1) осы Заңның 14-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын бермей (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде - хабарламасыз) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және/немесе әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз жүзеге асырылатын қызмет;

      2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;

      3) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимдерін сақтамауы;

      4) әуе кемесінің мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе қозғалысын басқару органдарының арнайы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақты және/немесе шектеу қойылған аймақты кесіп ұшуы;

      5) мәжбүрлі қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемесінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;

      6) ұшу қауіпсіздігіне анық қауіп төнуі және авиациялық оқиғаны болдырмау жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерінің тік, көлденең, қапталдан эшелондауды сақтамауы, әуе трассаларынан, жергілікті әуе желілерінен және бағыт осьтерінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген нормалардан артық ара қашықтыққа ауытқуы;

      7) әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы.

      2. Мемлекеттік және азаматтық авиация салаларындағы уәкілетті органдар, әуе кеңістігіне қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары өз құзыретіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтатуға немесе оның жолын кесуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті, ал әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар өз есебінен және/немесе өз күштерімен көрсетілген бұзушылықты тоқтатуға міндетті.

23-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспарынан ауытқуы. Тәртіп бұзушы әуе кемесі

      1. Әуе кемесі белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе кеңістігін басқару) органы дереу мынадай шараларды қабылдауға:

      1) әуе кемесінің экипажымен байланыс орнату және белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған әуе кемесінің орналасқан жерін белгілеу үшін барлық қолда бар құралдарды пайдалануға;

      2) ауытқу нәтижесінде әуе кемесі жауапкершілігі ауданына кірді деп жорамалданатын немесе кіруі мүмкін әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) аралас органдарға хабарлауға міндетті.

      2. Әуе кемесінің орналасқан жері белгіленген кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы әуе кемесінің экипажына оның орналасқан жері және орындалуы тиіс түзетуші іс-қимыл туралы хабарлайды.

      3. Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзған немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін өзгеше бұзуға жол берген әуе кемесі тәртіп бұзушы әуе кемесі болып танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және/немесе әуе қозғалысын басқару органдарының талаптарына бағынбаса, мәжбүрлі түрде қонуға тиіс.

      Қону туралы нұсқау алған тәртіп бұзушы әуе кемесі дереу көрсетілген жерге қонуды жүргізуге тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне және оның стратегиялық объектілеріне қатер төнген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган қатерді болдырмау үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қаруды және ұрыс техникасын қолдану ережесіне сәйкес тәртіп бұзушы әуе кемесін жоюға дейін баратын барлық шараларды қолданады.

      Стратегиялық объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      5. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде жолаушылар және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ өзге де адамдар бар екендігі туралы шынайы ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолдануды қоя тұрады.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне ұшып көтерілу шарттары сақталмаған кезде және/немесе әуе кеңістігін пайдалану тәртібі бұзылған жағдайларда тәртіп бұзушы әуе кемесі қонатын әуеайлақта ұсталуға жатады.

      Бұзушылықты тергеуден кейін тәртіп бұзушы әуе кемесінің одан әрі ұшуына Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде айқындалатын тәртіппен рұқсат етіледі.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға қойылатын белгіленген талаптарды бұзу Әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес тергеуге жатады.

24-бап. Әуе кеңістігін пайдалану үшін байланысты ұйымдастыру

      1. Әуе кеңістігін пайдаланушылар Әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарымен байланыста болуға міндетті.

      2. Байланыс ұйымдары әуе кеңістігін пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары істен шыққан кезде олар басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиіс.

25-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) кезіндегі радиобайланыс

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезіндегі байланыс үшін радиотелефония және/немесе деректерді беру желісі пайдаланылады.

      2. Байланыс құралдары әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары мен әуе кеңістігін пайдаланушылар арасында тікелей, жедел, үздіксіз және бөгеуілден аулақ екі жақты байланыс жасауға мүмкіндік беруі тиіс.

      3. Әуе кемелерінің ұшуын және олармен радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына бөгеуіл жасайтын қондырғылар мен аппараттары бар жеке және заңды тұлғалар байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің талап етуі бойынша өз күштерімен бөгеуілдерді жоюға, ал олар жойылғанға дейін осындай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға міндетті.

      4. Байланысты қамтамасыз ету тәртібі, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының байланысты қамтамасыз етуге қоятын талаптары, азаматтық авиациядағы байланыс құралдарының сипаты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету ережесімен айқындалады.

      5. Радиобайланысты жүргізу рәсімдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін ұшуды және әуе қозғалысына қызмет көрсетуді орындау кезінде радиоалмасу фразеологиясы ережесімен айқындалады.

      6. Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысы мемлекеттік, орыс немесе ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады.

26-бап. Елді мекеннің үстінен ұшу

      1. Елді мекеннің үстінен ұшу әуе кемесі бұзылған жағдайда сол елді мекеннен тысқары жерде немесе таяудағы әуеайлақта қонуға мүмкіндік беретіндей биіктікте орындалады. Метеорологиялық жағдайлар тиісті биіктікте ұстап тұруға мүмкіндік бермейтін жағдайда әуе кемесінің командирі, егер айналып өтудің басқа тәртібі белгіленбесе, елді мекендерді оң жағынан айналып өтуге міндетті.

      2. Әуе кемелерінің елді мекендердің үстінен ұшуының схемалары (бағыттары) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Ұшу схемаларынан (бағыттарынан) уақытша (бір жолғы) ауытқулар әуе қозғалысын басқару органдарымен келісіледі.

      3. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде әуе кемелерінің және ұшқышсыз ұшу аппараттарының елді мекендердің үстінен белгіленген бағыттардан тыс ұшуы ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісіледі.

      4. Белгіленген бағыттардан тыс елді мекендердің үстінен ұшуды келісу мен орындау тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде айқындалады.

27-бап. Көрсету мақсатындағы ұшу

      1. Көрсету мақсатындағы ұшу авиациялық техниканы көрсету, авиация жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ бұқаралық-саяси іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қолданылады.

      2. Әуе кемелерінің көрсету мақсатында ұшуы әуе кемесінің тұрғын үй алаптары мен адамдар жиналған жерлерге құлауын болдырмайтын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, белгіленетін аймақтарда (аудандарда) орындалады.

      3. Қауіпсіздік үшін жауапкершілік көрсету мақсатында ұшуды ұйымдастырушыға жүктеледі.

28-бап. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы

      1. Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану адамдар, мүлік немесе басқа әуе кемелері үшін қауіпті барынша азайтуға тиіс және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде баяндалған шарттар сақтала отырып жүзеге асырылуы тиіс.

      2. Ұшқышсыз әуе аппараттарын пайдаланушылар әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органдарға Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде қамтылған ережелерге сәйкес ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы туралы егжей-тегжейлі деректерді хабарлайды.

      3. Ұшқышсыз әуе аппараттарының күзетілетін объектілердің үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісіледі.

29-бап. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету

      1. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етуді радиотехникалық жабдықты және байланыс қызметтері мен өз қызметінде әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін және азаматтық және/немесе мемлекеттік авиация ұйымының өндірістік қызметін қамтамасыз ететін осы құралдарды пайдаланатын ұйымдар іске асырады және қамтамасыз етеді.

      2. Ұшу қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, әуе кемелерінің ұшуын, ұшып көтерілуі мен қонуын қамтамасыз ету мақсатында әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) кезінде ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібі:

      азаматтық және эксперименттік авиация үшін - Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету ережесімен;

      мемлекеттік авиация үшін - мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуы мен байланысын радиотехникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру ережесімен және Байланыс құралдарын, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етуді және мемлекеттік авиацияның автоматтандырылған басқару жүйесін техникалық пайдалану ережесімен айқындалады.

30-бап. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету

      1. Әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз ету пайдаланушыларға, әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) органдарына және осы Заңның 14-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін басқа да пайдаланушыларға шарттар негізінде олардың мемлекеттік тиесілілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, сапалы метеорологиялық ақпаратты уақтылы беру болып табылады.

      2. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етуді әуеайлақтың метеорологиялық органдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету ережесіне және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету ережесіне сәйкес жүзеге асырады.

31-бап. Әуе трассаларын және жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету

      Әуе трассаларын және жергілікті әуе желілерін пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Әуе трассаларын және жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету ережесіне сәйкес рұқсат беріледі.

      Әуе трассалары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінің тізбесінде жарияланады.

32-бап. Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттарына арналған өлшем бірліктері

      1. Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келетін координаталар, биіктіктер өлшемдерінің, гравиметрикалық және спутниктік өлшемдердің бірыңғай жүйесі белгіленеді.

      2. Қолданылатын өлшем жүйелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесінде көрсетіледі.

33-бап. Әуе кемелері ұшуының зиянды әсерінен қорғау

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған азаматтық әуе кемесінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымның (ИКАО) елді мекендегі шуылға қатысты талаптарына сәйкестігін сертификаттап, шуыл бойынша сертификат береді, бұл азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығы сертификатына қосымша болып табылады.

      Сертификаттауды және шуыл бойынша сертификат беруді жүргізу азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Әуеайлақтардың иелері, пайдаланушылар, әуе кемелерінің командирлері мен экипаж мүшелері әуе кемелерін жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсіз шуылды болдырмауға немесе оны барынша азайтуға міндетті.

      2. Халықтың және қоршаған табиғи ортаның қауіпсіздігі шараларын сақтай отырып орындалатын ауыл шаруашылығындағы авиациялық жұмыстардың жүргізілуін, мемлекеттік авиацияның оқу-жауынгерлік және жауынгерлік ұшуын немесе ұшу қауіпсіздігіне анық қауіп төну және авиациялық оқиғаны болдырмау жағдайын қоспағанда, әуе кемелерінен адам денсаулығы мен қоршаған табиғи орта үшін зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды тастауға тыйым салынады.

      Адамдарға, жануарларға және қоршаған табиғи ортаға әуе кемелерінің зиянды әсерін болдырмау мақсатында нақты аудандарда әуе кемесін авариялық тастап кету аймағы, отынды төгу немесе оны ұшып жүріп тауысу аймағы белгіленуі мүмкін, онда барлық әуе кемелері үшін бірыңғай немесе әуе кемелерінің үлгілері бойынша жеке-жеке ең төменгі ұшу биіктігі көзделеді.

      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе кемелерінің дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпінінің зиянды әсері тимейтін биіктіктерде жалпы ережелер бойынша немесе елді мекендерден шалғай, дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуға арнайы бөлінген аудандарда орындалуы тиіс.

4-тарау. Халықаралық ұшу 34-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің халықаралық ұшуы

      1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің халықаралық ұшуы:

      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы заңнамасының;

      3) тиісті шет мемлекеттердің құзыретті органдары беретін бір жолғы ұшуды орындауға берілген арнайы рұқсаттардың негізінде және шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Азаматтық әуе кемесін пайдаланушы тиісті шет мемлекеттердің құзыретті органдары Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына беретін арнайы рұқсатты алуға сұрау салуды дербес жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасы әуе кемесінің шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына арнайы рұқсатты алуға сұрау салуын сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган мынадай жағдайларда шет мемлекеттерге жібереді:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік және/немесе эксперименттік авиациясының халықаралық ұшуы;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын лауазымды адамдарды тасымалдайтын Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің халықаралық ұшуы.

      Мұндай сұрау салу кеме құжаттарына, экипаж мүшелеріне арналған куәліктерге қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және аумағы арқылы ұшуды орындау жоспарланып отырған шет мемлекеттердің аумағында қолданылатын басқа талаптар мен ережелер сақталған кезде Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өтініштері негізінде жүргізіледі.

      4. Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тысқары жерде тұрақты емес халықаралық ұшуды орындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесін пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға орындалған ұшудың күні мен мақсаты туралы хабарлауға міндетті.

      5. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ екіұдай мақсаттағы өнімдерді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының халықаралық ұшуына жол берілмейді. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз кезегінде осы ұшуды сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын органмен оның құзыреті шегінде келісуді жүзеге асырады.

35-бап. Шет мемлекеттердің әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуы

      1. Шет мемлекеттердің әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуы:

      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы заңнамасы;

      3) коммерциялық емес мақсаттарда Қазақстан Республикасының әуеайлақтарына қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық тұрақты ұшуды орындауға берілетін рұқсаттар;

      4) халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуды орындауға берілетін рұқсаттар;

      5) бір жолғы ұшуды орындауға берілетін арнайы (дипломатиялық) рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.

      2. Коммерциялық емес мақсаттарда Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.

      3. Арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган береді, мемлекеттік, эксперименттік, сондай-ақ шет мемлекеттердің лауазымды адамдарын тасымалдайтын азаматтық әуе кемелерінің бір жолғы ұшуын орындауға - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тізбе бойынша беріледі.

      Шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ екіұдай мақсаттағы өнімдерді тасымалдау үшін мемлекеттік, азаматтық әуе кемесінің бір жолғы ұшуын орындауға арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган береді.

      4. Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуын орындауға рұқсаттарды осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.

      Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуын орындауға рұқсаттарды беру тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Халықаралық тұрақты емес ұшуды орындауға рұқсаттар берудің және беруден бас тарту үшін негіздемелердің ережесінде белгіленеді.

      5. Әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуын орындауға рұқсаттарды, сондай-ақ арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе әуе кемесінің ұшу бағыты өтетін оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салуы;

      2) әуе кемесі ұшуының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелерін бұзуы;

      3) ұшуды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесін және/немесе азаматтық авиация саласындағы заңнаманы бұза отырып орындау.

36-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындау

      1. Ұлттық әуе кемелері мен шет мемлекеттердің әуе кемелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшудың орындалуы мен әуе кемелерін пайдалануды реттейтін жалпы ережелер қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасы әуе кеңістігіндегі халықаралық ұшу халықаралық әуе трассалары бойынша жүзеге асырылады.

      Әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесімен айқындалады.

      Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуді әуе кемелері оны халықаралық трассалар кесіп өтетін жерлерде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген әуе дәліздері арқылы орындайды.

      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша ішкі әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, ұшу бағыттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауға жол беріледі.

      4. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіптен ауытқуға мынадай:

      1) дүлей апат, апат, авария, авариялық жағдай мен адам өміріне қауіп төндіретін басқа жағдайларда;

      2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген;

      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен берілетін рұқсатты алған жағдайда жол беріледі.

      5. Халықаралық ұшу мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкес келетін геодезиялық есептеу жүйесі көлденең жазықтықта геодезиялық есептеу жүйесі ретінде пайдаланылады.

      6. Қазақстан Республикасының аумағынан әуе кемелерінің ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағына қонуы халықаралық ұшу үшін ашық әуеайлақтарда жүргізіледі.

      7. Қазақстан Республикасының аумағына келетін және оның аумағынан кететін немесе транзитпен жүрген барлық әуе кемелеріне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін немесе осы аумақтан әкетілетін мүлкіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін паспорттық, кедендік, валюталық, санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың қолданысы таралады.

      8. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы кеме құжаттары, егер олар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының аумағында жарамды болып танылады.

      9. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелері Қазақстан Республикасының аумағына қонуды жүргізген кезде авиация персоналының куәліктерін, кеме, ұшу құжаттамасын, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін тексеру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары қарайды.

      10. Егер шет мемлекеттің азаматтық әуе кемесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарына жауап бермесе немесе осы әуе кемесін ақаулы деп санауға негіз бар болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы әуе кемесін жөнелтуді ақауы жойылғанға дейін тоқтата тұра алады.

5-тарау. Әуе кемелері 37-бап. Әуе кемелерінің жіктелуі

      1. Авиацияға тиесілілігіне қарай әуе кемелері:

      мемлекеттік әуе кемелері;

      азаматтық әуе кемелері;

      эксперименттік әуе кемелері болып бөлінеді.

      2. Мемлекеттік авиацияда пайдаланылатын және мемлекеттік авиация әуе кемелерінің тізілімінде тіркелген әуе кемесі мемлекеттік әуе кемесі болып табылады.

      3. Азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесі азаматтық әуе кемесі болып табылады.

      Азаматтық әуе кемелері барынша жоғары ұшу массасына қарай мыналарға бөлінеді:

      1) аса жеңіл әуе кемелері - ең жоғары ұшу массасы 454 кг-ге дейін;

      2) жеңіл әуе кемелері:

      ең жоғары ұшу массасы 5700 кг-ге дейін ұшақтар;

      ең жоғары ұшу массасы 3180 кг-ге дейін тікұшақтар;

      3) орташа әуе кемелері:

      ең жоғары ұшу массасы 5700 кг-дан жоғары, бірақ 45 500 кг-дан аспайтын ұшақтар;

      ең жоғары ұшу массасы 3180 кг-дан жоғары, бірақ 7 000 кг-дан аспайтын тікұшақтар;

      4) ауыр әуе кемелері:

      ең жоғары ұшу массасы 45 500 кг-дан жоғары ұшақтар;

      ең жоғары ұшу массасы 7000 кг-дан жоғары тікұшақтар.

      4. Тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және сынақтар өткізуге арналған әуе кемесі эксперименттік әуе кемесі болып табылады.

38-бап. Азаматтық әуе кемесінің үлгісін сертификаттау

      1. Жаңа конструкциядағы (жаңа үлгідегі) азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттауы және ол зауыттық, мемлекеттік және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгі сертификаты болуы тиіс.

      2. Азаматтық әуе кемелерінің үлгісін сертификаттау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Үлгіні сертификаттау және сертификат беру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Азаматтық әуе кемесін жасап шығарушы үлгі сертификатының иесі болып табылады.

      4. Азаматтық әуе кемесінің бекітілген үлгі конструкциясы (үлгілік конструкциясы) өзгерген немесе оның ұшу жарамдылығына әсер ететін пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда әуе кемесінің бұл үлгісі үлгі сертификатына толықтыру алу үшін азаматтық авиация саласындағы өкілетті органның қосымша сертификаттауына жатады.

      5. Ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру ережесінде белгіленген тәртіппен үлгі сертификатын тоқтата тұрады, ал әуе кемесін пайдалану уақытша тоқтатылады.

      6. Шет мемлекет берген үлгі сертификатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру ережесінде айқындалатын тәртіппен мойындайды.

39-бап. Әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу

      1. Мемлекеттік әуе кемелері мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерін тіркеу ережесіне сәйкес Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жатады.

      Мемлекеттік әуе кемесінің иесіне мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелгені туралы хабарлама береді.

      2. Азаматтық әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді, сондай-ақ оларға құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын мемлекеттік тіркеу ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жатады. Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына меншік құқығында тиесілі әуе кемелері енгізіледі.

      Тіркелген азаматтық әуе кемесінің иесіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік береді.

      3. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының меншігіндегі азаматтық әуе кемелеріне құқықтарды және көрсетілген әуе кемелерімен жасалатын мәмілелерді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркеуі тиіс.

      Азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркегені үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалатын тәртіппен алым алынады. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу көрсетілген алым бюджетке төленгеннен кейін жүзеге асырылады.

      4. Әуе кемесі тиісті шет мемлекеттің әуе кемелерінің тізілімінен шығарылғаннан кейін ғана ол Қазақстан Республикасының тиісті тізіліміне енгізіледі.

      5. Эксперименттік әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның есебінде тұрады.

40-бап. Әуе кемесін тізілімнен шығару

      1. Мынадай:

      1) әуе кемесі есептен шығарылған немесе пайдаланудан алынып тасталған;

      2) әуе кемесі шет мемлекетке, шетелдік жеке немесе заңды тұлғаға сатылған немесе берілген;

      3) азаматтық әуе кемесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің тізілімінде немесе шет мемлекеттердің тізілімінде тіркелген;

      4) мемлекеттік әуе кемесі Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген жағдайларда әуе кемесі Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиісті тізілімінен шығарылады.

      2. Әуе кемесі тиісті тізілімнен шығарылған кезде кемені тіркеу туралы куәліктің және осы кемеге қатысты жасалған барлық жазбалардың күші жойылады.

41-бап. Әуе кемелерін пайдалануға рұқсат ету және ұшуға жарамдылықта ұстау

      1. Мемлекеттік авиацияның әуе кемесін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдалануға рұқсат етіледі.

      2. Азаматтық әуе кемелерін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін ұшу жарамдылығы сертификаты болған кезде пайдалануға рұқсат етіледі.

      Ұшу жарамдылығы сертификаты:

      1) пайдалануға жарамдылығы туралы бағалау актісімен расталған, азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестігі негізінде;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерін сертификаттау және оларға ұшу жарамдылығының сертификатын беру ережесіне сәйкес беріледі.

      Пайдалану жарамдылығы туралы бағалау актісін авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған тәуелсіз ұйымдар жасайды.

      3. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған тәуелсіз ұйымдарының әуе кемелерінің үлгілеріне тиісті рұқсаты бар білікті мамандары болуы және оған Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерін сертификаттау және оларға ұшу жарамдылығының сертификатын беру ережесінің талаптарына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мұндай актіні беруге рұқсат етуі тиіс.

      Сертификатталған тәуелсіз ұйым азаматтық әуе кемесінің пайдалануға жарамдылығы туралы бағалау жүргізген кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығының нормаларына және оған техникалық қызмет көрсету жөніндегі бағдарламаларға кез келген анықталған сәйкессіздік туралы хабарлауға міндетті.

      4. Шет мемлекет берген азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы сертификаттарын мойындау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады, ал мемлекеттік авиация әуе кемелеріне - мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      5. Азаматтық әуе кемесінің және оның құрамдастарының ұшу жарамдылығын ұстау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін Азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу ережесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      6. Азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын ұстау үшін жауапкершілік азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға жүктеледі.

      Азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға мынадай жағдайда ұшуды орындауға тыйым салынады:

      1) әуе кемесінің ұшуға жарамдылық күйінде ұсталмауы;

      2) авариялық құтқару жабдығы жөнделмесе;

      3) ұшу жарамдылығы сертификатының қолданылу мерзімі бітсе;

      4) әуе кемесін жасаушы әзірлеген оған техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі бағдарламаға (регламентке) сәйкес әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу орындалмаса.

      7. Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген барлық әуе кемелері ұшу жарамдылығын ұстауға қатысты тексеруге жатады. Әуе кемесінің ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі анықталған кезде ұшу жарамдылығы сертификаты тоқтатыла тұрады, ал әуе кемесін пайдалануды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі жойылғанға дейін тыйым салады.

      8. Егер азаматтық әуе кемелерінде радиохабарлау аппаратурасы орнатылған болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай аппаратураны пайдалануға рұқсат береді.

      9. Халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына жауап беретін жабдықпен жарақтандырылады.

      10. Әрбір әуе кемесінде борт журналы жүргізіледі, оған әуе кемесі туралы деректер, сондай-ақ әуе кемесінің ұшу жарамдылығы нормаларына анықталған сәйкессіздіктер туралы деректер енгізіледі.

42-бап. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу

      1. Коммерциялық әуе кемелерінде пайдаланылатын азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар ғана жүргізеді.

      2. Өте жеңіл және жеңіл әрі коммерциялық әуе тасымалдары үшін пайдаланылмайтын әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге және оларды жөндеуге рұқсат етілген авиация персоналының жүргізуіне рұқсат беріледі.

      3. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету пайдаланушы әзірлеген және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген техникалық қызмет көрсету бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

      4. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен оларды жөндеуді жүргізу кезінде өндірушінің берген паспорты жоқ жиынтықтаушы бұйымдардың агрегаттарын және олардың қосалқы бөлшектерін пайдалануға тыйым салынады.

      5. Авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдардың сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификат беріп растайды.

      Авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдардың сертификаттау жүргізу тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық авиацияның авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және сертификат беру ережесімен белгіленеді.

      6. Шет мемлекеттердің авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификаттау ұйымдары олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін ғана жіберіледі. Авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі шет ел ұйымдарын сертификаттауды тану тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

43-бап. Әуе кемелеріне салынатын белгілер

      1. Тіркеу кезінде әуе кемелеріне мемлекеттік және тіркемелік танылым белгілері беріледі, олар осы кемелерге салынады.

      2. Мемлекеттік және тіркемелік танылым белгілерінен басқа, әуе кемелеріне қосымша белгілер де (рәміздер, жазбалар, эмблемалар) салынады.

      Қосымша белгілер мемлекеттік және тіркемелік танылым белгілерінің көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етіп әуе кемелеріне салынады.

      3. Мемлекеттік, тіркемелік танылым және қосымша белгілердің әуе кемелеріне салыну тәртібін және көрсетілген белгілердің сипаттамасын азаматтық және эксперименталдық әуе кемелеріне қатысты - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелеріне - мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

44-бап. Әуе кемесін ұшуға дайындау

      1. Әуе кемесінің ұшуы алдында әуе кемесін, авиация персоналын, әуеайлақтарды дайындау жүргізілуі тиіс.

      2. Ұшуға дайындау ережесін азаматтық және эксперименталдық авиация үшін - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік авиация үшін - мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

45-бап. Әуе кемесін жалдау

      1. Әуе кемесінің меншік иесі болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары кемені экипажымен немесе экипажсыз қазақстандық немесе шетелдік пайдаланушыға жалға беруге құқылы.

      2. Шетелдік жалға алушының Қазақстан Республикасының жалға алынған әуе кемесінде ұрыс қимылдары, қарулы қақтығыстар аймағында ұшуды орындауына және қару, оқ-дәрілер, әскери құралымдар тасымалдауға байланысты ұшуды орындауына тыйым салынады.

      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен шетелдік пайдаланушы тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органы арасында жасалған келісімсіз Қазақстан Республикасының әуе кемесін экипажбен немесе экипажсыз шетелдік пайдаланушыға жалға беруге тыйым салынады.

      4. Экипажбен немесе экипажсыз шетелдік пайдаланушыға жалға берілген Қазақстан Республикасының әуе кемесінің пайдалануын бақылау осы баптың 3-тармағында көрсетілген келісімнің негізінде жүзеге асырылады.

46-бап. Әуе кемесін фрахтау

      1. Әуе кемесін фрахтау фрахт шартына (чартер) сәйкес жүзеге

      асырылады.

      Фрахтік (чартерлік) шартта тараптар атауы, әуе кемесінің үлгісі, жалға берілу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең жоғары саны, теңдеме жүктің, жүк пен почтаның салмағы, фрахт мөлшері, тасымалдың жіберілетін пункті, уақыты және баратын жері көрсетіледі.

      Фрахтік шартқа басқа да жағдайлар енгізілуі мүмкін.

      2. Егер ол әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болса, жалға беруші жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және қонатын жеріндегі жоспар бойынша қарастырылған әуе кемесінің ұшып шығу уақытын ауыстыруға, қосымша қонулар жасауға немесе ұшу бағытын өзгертуге құқылы.

      3. Жалға беруші әуе кемесінің толық сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшінде тұрған кезде әуе кемесін шартпен қарастырылған мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтіп ұстауға міндетті.

      4. Жалдаушы жалға берушінің келісімімен жалданған әуе кемесін субчартерге беруге құқылы.

6-тарау. Авиация персоналы 47-бап. Авиация персоналының жіктелуі, оның құқықтары мен міндеттері

      1. Авиация түрлеріне тиесілілігіне қарай авиация персоналы азаматтық, мемлекеттік және эксперименталдық авиация персоналы болып бөлінеді.

      2. Азаматтық, мемлекеттік және эксперименталдық авиация персоналы лауазымдарының тізбелері азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен белгіленеді.

      3. Авиациялық персоналға жататын тұлға, егер мұндай міндеттерді орындау денсаулығына байланысты ұшулар қауіпсіздігіне қатер төндіретін болып табылатын жағдайда өз функционалдық міндеттерін орындаудан бас тартуға құқылы.

      4. Азаматтық авиацияның авиация персоналы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен киім нысанын киіп жүру ережесін және айырым белгілерін сақтауға міндетті.

48-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналын кәсіптік қызметке даярлау және жіберу

      1. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және кәсіби деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз етеді.

      2. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы қызметтерінің сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын берумен растайды.

      Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау жүргізу тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және оның сертификатын беру ережесімен белгіленеді.

      Шетелдік азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтары олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауға және кәсіби деңгейін ұстап тұруға жіберіледі.

      3. Авиация персоналына жататын адам өзінде қажетті білімі мен дағдысы бар екенін растайтын нақты кәсіби қызметті жүзеге асыру құқығына авиация персоналының куәлігі болған кезде және оның денсаулығы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру ережесінде белгіленген талаптарға сәйкескелген жағдайда дербес кәсіби қызметке жіберіледі.

      Міндетті медициналық куәландыруға жататын адамдар санаты Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру ережесінде айқындалады.

      4. Авиация персоналына жататын адам тағылымдамадан өткеннен және дербес кәсіби қызметке жіберу мүмкіндігі туралы тағылымдаманы өткізген лауазымды тұлғаның шешімінен кейін дербес кәсіби қызметке жіберіледі. Авиация персоналының дербес кәсіби қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі туралы негізделген шешімге тағылымдаманы өткізген адамдар жауапты болады.

      5. Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде тұлғаға кәсіби қызметті жүзеге асыру құқығына авиация персоналының куәлігін беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Авиация персоналының куәлігін алу үшін тұлғаға қойылатын біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аттестаттауға жататын азаматтық және эксперименталдық авиацияның авиация персоналының лауазымдары мен кәсіптерінің тізбесін, сондай-ақ оларды аттестаттау ережесін бекітеді.

      Аттестаттаудан өтпеген тұлғалар кәсіптік міндеттерін орындауға жіберілмейді.

      7. Азаматтық және эксперименталдық авиацияның авиация персоналының ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген азаматтық авиацияның және эксперименталдық авиацияның авиация персоналының ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктеріне сәйкес үлгісін шет мемлекеттің авиация өкіметтері сертификаттаған азаматтық авиацияның әуе кемесін пайдаланушы осындай әуе кемелерін пайдалану кезінде пайдаланылатын еңбек, демалыс, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық стандарттарды ескере отырып, Әуе кемелері экипаждары мүшелерінің жұмыс уақытын және демалысын ұйымдастыру туралы ережені бекітуге құқылы.

      8. Авиация персоналын аса маңызды ұшуды орындауға және қызмет көрсетуге жіберу Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.

49-бап. Шет мемлекеттің авиация персоналының куәлігін тану

      1. Шет мемлекет берген авиация персоналының куәліктері Қазақстан Республикасында осындай куәліктердің берілуіне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген стандарттарға жауап берген жағдайда жарамды деп танылады.

      2. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәліктерін тану тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

50-бап. Әуе кемесінің экипажы

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұшуды орындау бойынша әуе кемесін басқару мен оған қызмет көрсету жөніндегі белгілі бір міндеттерді атқару тапсырылған авиация персоналының адамдары әуе кемесінің экипажы болып табылады.

      2. Әуе кемелері экипаждарының ең аз құрамын әуе кемелерінің үлгісі мен мақсатына, оларды пайдалану мақсаттары мен шарттарына қарай оны әзірлеуші айқындайды және әрбір түрдегі әуе кемесін ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарда көрсетіледі.

      3. Эксперименталдық әуе кемесіне сынақ жүргізу кезеңіне экипаждың ең аз құрамын осы әуе кемесін жасап шығарушы айқындайды.

      4. Экипаж құрамы толық болмаса әуе кемесінің ұшуына жол берілмейді.

      5. Ұшуға тапсырманы орындау кезінде экипаждың әрбір мүшесі, егер оның пікірінше, ұшудың сәтті аяқталуына негізді қауіп бар болса, оны орындаудан бас тартуға құқығы бар.

51-бап. Әуе кемесінің командирі

      1. Белгіленген тәртіппен тиісті оқытудан өткен, ұшқыш куәлігі және осы үлгідегі әуе кемесін дербес басқару құқығына рұқсаты бар адам әуе кемесінің командирі бола алады.

      2. Әуе кемесінің командирі әуе кемесін басқаруды жүзеге асырғандығына немесе жүзеге асырмағандығына қарамастан, әуе кемесінің ұшу және пайдалану ережесінің, әуе кемесінде тәртіп пен реттілікті, әуе кемесіндегі мінез-құлық ережесінің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ борттағы адамдардың қауіпсіздігін, әуе кемесінің, жүк пен мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды.

      3. Әуе кемесі командирінің өкімдері әуе кемесінің бортындағы адамдардың барлығының орындауы үшін міндетті.

      4. Әуе кемесінің командирі әуе кемесінің бортындағы барлық адамдардан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ережелерді сөзсіз орындауын талап етеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде әуе кемесінің бортындағы кез келген адамға тиісті өкімдер береді.

      5. Әуе кемесі командирінің мыналарға құқығы бар:

      1) әуе кемесін ұшыру, ұшуы және қондыру туралы, сондай-ақ авиациялық оқиғаны болдырмау мақсатында ұшуды тоқтату және әуеайлаққа оралу туралы немесе әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төнген жағдайда мәжбүрлі түрде қону туралы түпкілікті шешімдер қабылдауға. Осындай шешімдер ұшу жоспарынан, әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органның нұсқауларынан тыс және мүмкіндігінше, белгіленген ұшу ережелеріне сәйкес қабылдануы мүмкін;

      2) әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің бортындағы адамға өкім етуге және олардың орындалуын талап етуге;

      3) өздерінің іс-әрекеттерімен әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп тудыратын және оның өкіміне бағынудан бас тартатын адамдарға қатысты барлық қажетті шараларды, оның ішінде мәжбүрлеу шараларын қабылдауға;

      4) ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде мінез-құлық ережесін бұзғаны туралы тиісті актіні ресімдеуге;

      5) әуе кемесі жақын арадағы әуеайлаққа келгеннен кейін осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарды әуе кемесінен шығаруға, ал қылмыстық белгілері бар әрекеттер жасалған жағдайда оларды құқық қорғау органдарына беруге;

      6) егер әуе кемесінің ұшу және оны қондыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болса, ұшу кезінде отынды төгу, багажды, жүкті және почта жөнелтімдерін лақтыру туралы шешім қабылдауға;

      7) тиісті авиация қауіпсіздігі қызметтері болмаған кезде адамдар мен объектілерді ұшу алдында қарауды жүргізуге;

      8) әуе кемесінің қауіпсіз ұшуын қамтамасыз ету жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдауға.

      6. Ұшу барысында апатқа ұшырау қаупі төнген немесе ұшыраған адамдар туралы ақпарат алған әуе кемесінің командирі, егер бұл осы әуе кемесінің, жолаушылар мен экипаждың ұшу қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндірмейтін болса, бұл туралы әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органға хабарлауға, мүмкіндігінше көмек көрсетуге міндетті.

      7. Әуе кемесі мәжбүрлі түрде қондырылған жағдайда әуе кемесінің командирі әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтері өкілдеріне өз өкілеттіктерін бергенге дейін әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-әрекетіне басшылық етеді.

      8. Әуе кемесінің командирі шұғыл медициналық көмек талап ететін аурулар, сондай-ақ жұқпалы ауруларға немесе тамақтан улануға күдікті адамдар анықталған жағдайда бұл туралы алғаш қонатын әуежай қызметтеріне хабарлауға міндетті.

52-бап. Авиация ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басшы қызметкерлері

      1. Ұшу қызметінің басшысы, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекцияның бастығы, инженерлік-авиациялық қызмет басшысы азаматтық және эксперименталдық авиация ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басшы қызметкерлері болып танылады.

      Азаматтық және эксперименталдық авиация ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басшы қызметкерлері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басшы қызметкерлер азаматтық және эксперименталдық авиация саласындағы уәкілетті органның келісімін алмай өз міндеттерін үш айдан асырмай атқара алады.

      2. Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлері лауазымдарының тізбесін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерін тағайындау және босату Қазақстан Республикасының әскери қызметті өткеру саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

7-тарау. Пайдаланушы 53-бап. Адамдарға азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат беру

      1. Азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат берілетін адамдар мыналар болады:

      1) коммерциялық авиацияны пайдаланушы;

      2) авиацияны жалпы мақсатта пайдаланушы.

      2. Азаматтық әуе кемелерін пайдалану пайдалануға рұқсат беру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган пайдалану сертификатын сертификаттаудан өткен келесі тұлғаларға береді:

      1) ең жоғары ұшу массасына тәуелді емес азаматтық әуе кемесін пайдаланатын коммерциялық авиацияның пайдаланушысына;

      2) ең жоғары ұшу массасы 5700 кг-нан асатын ұшақты және/немесе ең жоғары ұшу массасы 3180 кг-нан асатын тік ұшақты пайдаланатын авиацияны жалпы мақсатта пайдаланушыға.

      3. Жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдаланатын авиацияны жалпы мақсатта пайдаланушының сертификаттаудан өтуі және пайдалану сертификатын алуы талап етілмейді. Мұндай адамдардың жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат алуына мыналар негіз болып табылады:

      1) ұшқыштың осы әуе кемесінің типін басқаруға рұқсат етілген жарамды куәлігінің болуы;

      2) азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тіркеуден өткендігі жөнінде куәлігінің және азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығының сертификатының болуы;

      3) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамалық актілеріне сәйкес сақтандырудың міндетті түрлерін қамтамасыз ету;

      4) аэроклубпен метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, ұшу жарамдылығын қолдау жөніндегі қызметтерді, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, авариялық құлақтандыру, авиация персоналын кәсіби даярлау және оларды медициналық куәландыру, жауапкершілік аймағы шегінде аэроклубтың әуе қозғалысына қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шарт жасасу.

      Жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдаланатын авиацияны жалпы мақсатта пайдаланушылар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшулардың негізгі ережелерінің және азаматтық авиация саласындағы басқа да нормативтік актілердің талаптарына сәйкес өз қызметтерін жүзеге асырады.

      4. Пайдаланушы сертификатын алу үшін тапсырыс беруші азаматтық авиация саласында уәкілетті органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемелерін сертификаттау және пайдаланушының сертификатын беру ережесіне сәйкес тізілім бойынша сертификаттау талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттармен бірге белгіленген нысандағы өтінімді береді.

      Сертификаттауды өткізу тәртібіне мыналар жатады:

      1) тапсырыс берушінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға құжаттармен бірге өтінімдер беруі;

      2) өтінім бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның алдын ала бағалауы және шешім қабылдауы;

      3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сертификаттық тексеріс жүргізуі;

      4) шешім қабылдау және пайдаланушының сертификатын беру (беруден бас тарту).

      Коммерциялық авиацияны пайдаланушыда сертификатталған әуе кемелері, дайындалған персонал, құжаттар, әуе кемелерін техникалық пайдалану және ұшуларды орындауды қамтамасыз ету үшін жабдықтар, құрылыстар, ғимараттар болуға, сондай-ақ міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

      Пайдаланушыларды сертификаттау шарттары Азаматтық әуе кемелерін сертификаттау және сертификат беру ережесімен айқындалады.

      Пайдаланушының сертификатында белгіленген пайдалану талаптары мен шектеулерді пайдаланушының бұзуына тыйым салынады.

      5. Пайдаланушының сертификаты басқа адамға берілмеуі тиіс.

      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайларда пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұрады:

      1) пайдаланушы сертификаттау талаптары мен шектеулерді сақтамағанда;

      2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнаманың актілерінің талаптарына сәйкес міндетті сақтандыруды қамтамасыз етпегенде;

      3) инспекциялық тексеру кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде болған кезде белгіленген, ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталғанда.

      Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификатын тоқтата тұру тәртібі Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және пайдаланушының сертификатын беру ережесінде айқындалады.

      7. Пайдаланушы жазбаша өтініш жасаған жағдайларда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган пайдаланушының сертификатын кері қайтарып алады.

      8. Пайдаланушының сертификатын беруден бас тартуға сертификат беруден бас тартқан органның орналасқан жері бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкін.

54-бап. Аэроклуб

      1. Аэроклуб ұсынатын қызметтер көрсетуге пайдаланушымен жасалған шарттардың есебін аэроклуб жүргізеді.

      Аэроклуб пайдаланушы алдындағы өз міндеттемелерін олардың арасында және пайдаланушымен келісім бойынша жасалатын шарттың негізінде басқа аэроклубқа беруге құқылы.

      Аэроклубтың қызметтер көрсетуіне арналған үлгі шартты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      2. Аэроклуб оның қызметтерін пайдаланатын пайдаланушыларға метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, ұшу жарамдылығын қолдау жөніндегі қызметтерді, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, авариялық құлақтандыру, авиация персоналын кәсіби даярлау және оларды медициналық куәландыру, жауапкершілік аймағы шегінде аэронавигациялық қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсетуді қамтамасыз етеді.

      3. Аэроклубтар туралы үлгі ережені азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      4. Аэроклуб онымен шарт жасасқан пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі үшін жауапты болады.

8-тарау. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары). Әуежайлар 55-бап. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) жіктемесі

      1. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) тиесілілігіне қарай:

      азаматтық авиация;

      эксперименталдық авиация;

      мемлекеттік авиация әуеайлақтарына бөлінеді.

      2. Азаматтық, эксперименталдық және мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) жіктемесін олардың пайдаланылуына, ұшып-қону алаңының мөлшерлеріне және олардың үстіңгі қабатының салмақ көтеру қабілеттілігіне қарай, сондай-ақ әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) байланыс және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталуына қарай авиация саласындағы тиісті уәкілетті орган анықтайды.

      3. Ұшу-қону жолағының үстіңгі қабатының түріне қарай әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) жасанды, топырақты, мұздық, қарлы және сулы әуеайлақты, сондай-ақ жүзетін баржада, кемеде және басқа ғимараттарда болуы мүмкін.

56-бап. Азаматтық авиация әуеайлағын (тікұшақ айлағын), әуежайын пайдаланушы

      1. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды меншік құқығында не өзге заңды негіздерде пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасы әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы болып танылады.

      Акционерлік қоғам нысанындағы заңды тұлға ғана халықаралық рейстерге қызмет көрсететін әуеайлақты, әуежайды пайдаланушы бола алады.

      Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы:

      1) әуежай, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында, оның ішінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы), әуежай аумағында қызмет жасайтын заңды және жеке тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті сақтауын қамтамасыз етеді және бақылайды;

      2) әуеайлақ маңындағы аумақта ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті бақылау жөнінде комиссия құрады;

      3) әуе кемелерін қабылдау және жөнелту жөніндегі тәуліктік жоспарды жүргізеді, оның орындалуын қамтамасыз етеді, әуе кемелерінің ұшуы мен қонуының тұрақтылығының есебі мен талдауын жүргізеді;

      4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті сақтау туралы жылдық есептерді, аудиторлық, бухгалтерлік есептерді ұсынады;

      5) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық және метеорологиялық жағдайларға байланысты азаматтық әуе кемелерін қабылдау және жөнелту үшін әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды жабуға құқығы бар;

      6) авиациялық емес қызметті жүзеге асыруға құқығы бар, бұл ретте мұндай қызметті жүзеге асыруға жұмсалатын шығыстар реттелетін қызметтерге арналған тарифтерге тікелей немесе жанама әсер етпеуге тиіс.

      2. Ұшу қауіпсіздігінің негізін қалайтын нормаларды сақтау мақсатында әуежайды пайдаланушының бірінші басшысын тағайындау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.

      3. Әуежайдың бірінші басшысы үшін біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

57-бап. Әуежай қызметі

      1. Әуежай қызметінің құрамына:

      1) ұшу мен қонуды қамтамасыз ету;

      2) әуежай, әуеайлақ, аэронавигация объектілерін энергиямен жабдықтау;

      3) авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      4) әуе кемелерінің кездесуі мен шығарылуын қамтамасыз ету;

      5) әуе кемелеріне техникалық және сервистік қызмет көрсету;

      6) жолаушыларға қызмет көрсету, багажды, жүктерді, почта жөнелтімдерін өңдеу;

      7) азаматтық әуе кемелерін, әуежай объектілері мен қызметтерін жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;

      8) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды және басқа да тұтынушыларды автокөлік құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз ету;

      9) әуежайларда және азаматтық әуе кемелерінде жолаушыларды, экипаждарды тамақпен қамтамасыз ету;

      10) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажетті деректерді беретін ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету;

      11) өзге де қызметтер кіреді.

      2. Әуежай қызметінің өзге де қызметтерінің және осы қызметтерге кіретін операциялардың тізбесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      3. Әуежайдың аумағында әуежай қызметін табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамамен әуежайлардың реттелетін қызметтеріне жатқызылған қызметті қоспағанда, әуежайды пайдаланушы және басқа да ұйымдар бәсекелі негізде көрсетуі мүмкін. Осындай ұйымдарға қойылатын талаптар, оларды әуежайлар аумағында әуежай қызметін көрсетуге жіберу тәртібі мен шарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган табиғи монополиялар және бәскелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, бекіткен Қызметтер көрсетушілердің (тауарларды берушілердің, жұмыстарды орындаушылардың) әуежай қызметінің жүзеге асырылуына қолжетімділігін қамтамасыз ету ережесінде белгіленеді.

      Әуежайды пайдаланушының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамамен әуежайлардың реттелетін қызметтеріне жатқызылған қызметті қоспағанда, басқа ұйымдарға әуежайдың аумағында әуежай қызметін жүзеге асырудан негізсіз бас тартуға құқығы жоқ.

      Әуежайды пайдаланушының басқа ұйымдарға әуежай қызметін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешімі сотқа шағымдалуы мүмкін.

58-бап. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) сертификаттау және рұқсат беру

      1. Азаматтық авиация пайдаланылатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары), сондай-ақ бірлесіп пайдалану және база жасау әуеайлақтары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалану жарамдылығы нормаларына сәйкес келуге тиіс.

      Тек қана мемлекеттік авиацияда пайдаланылатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалану жарамдылығы нормаларына сәйкес келуге тиіс.

      2. Сыныпталмаған әуеайлаққа (тікұшақ айлағына) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы оның жарамдылығы туралы сертификатты және мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алғаннан кейін пайдалануға рұқсат беріледі.

      3. Сыныпталмаған әуеайлаққа, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен олардың пайдалануға жарамдылығын айқындау Ережесіне сәйкес рұқсат беріледі.

      4. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға рұқсат беру тәртібін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      5. Азаматтық авиация саласында пайдаланылатын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) сертификаттау тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) сетрификаттау және жарамдылық сертификатын беру ережесімен айқындалады.

      6. Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын беруден бас тарту мынадай жағдайларда жүргізіледі, егер:

      1) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) азаматтық әуеайлағын (тікұшақ айлағын) пайдалану жарамдылығы нормаларына сәйкес келмесе;

      2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы осы Заңның 56-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе.

      7. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайларда әуеайлақ (тікұшақ айлағы) жарамдылығы сертификатының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады:

      1) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы сертификаттау талаптарын сақтамаса;

      2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушының өтініші бойынша.

      8. Егер әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы белгіленген мерзімде тоқтата тұрудың негіздемесін жоймаса, уәкілетті орган әуеайлақ (тікұшақ айлағы) жарамдылығы сертификатын кері қайтарып алады.

      9. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша, егер мұндай шегінулер белгіленгенге баламалы ұшулар қауіпсіздігі деңгейін қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелсе, әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушыға жарамдылық нормаларынан уақытша ауытқуға рұқсат етіледі.

      10. Ұшулардың қауіпсіздігін, сертификаттау талаптарына сәйкестікті, пайдалануға жарамдылыққа қамтамасыз етуге жауапкершілік әуеайлақты (тікұшақ айлағын), уақытша әуеайлақты және қону алаңын бүкіл пайдалану кезеңінде пайдаланушыға жүктеледі.

59-бап. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу

      1. Сыныпталмағандардан және уақытшалардан басқа, азаматтық авиация мақсатында пайдаланылатын әуеайлақтар (тікұшақ айлағындар) Азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтары) мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге тиіс.

      2. Азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) бірлесіп пайдалану және бірлесіп база жасау әуеайлақтарын мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ осы әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу туралы тиісті куәлік беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық және эксперименталдық авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу ережесімен айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ әуеайлақты (тікұшақ айлағын) мемлекеттік тіркеу туралы тиісті куәлік беруді мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      4. Сыныпталмаған және уақытша әуеайлақтарды, қону алаңдарын оларды пайдаланушы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен есепке алуға тиіс.

      5. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) мемлекеттік тіркеуден бас тарту Азаматтық және эксперименталдық авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу ережесінде көзделген құжаттар ұсынылмаған немесе толық ұсынылмаған немесе жалған мәлімет берген жағдайда жүргізіледі.

60-бап. Әуе кемелеріне әуеайлақтық қызмет көрсету

      1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, аэронавигациялық, метеорологиялық ұйымдар әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарындарда) әуе кемелерінің ұшуларына әуеайлақтық, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет көрсетуге бірдей шарттарда және шарттар (жария шарттар) негізінде жалпы пайдалану үшін ашық қызмет көрсетеді.

      2. Әуеайлақтар, әуежайлар ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық немесе метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана жұмыс уақытының мәлімделген сағаттарында әуе кемелерін қабылдау және ұшыру үшін жабық болуы мүмкін.

      3. Заңның 57-бабы 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген әуежай қызметінің құрамына кіретін қызметтер әуе кемелерінің ұшуларын орындаған жағдайда қайтарымсыз жүзеге асырылады:

      1) апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігі істен шығуына немесе бұзылуына байланысты ұшу бағыты өзгерген;

      2) іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу немесе дүлей зілзала кезінде халыққа көмек көрсету үшін;

      3) авиация қызметіне заңсыз араласу актісіне байланысты төтенше жағдайдан.

61-бап. Бірлесіп база жасайтын және пайдаланылатын әуеайлақтар

      1. Азаматтық, мемлекеттік және/немесе эксперименталды авиация ұйымдары бірлесіп база жасайтын әуеайлақ бірлесіп база жасау әуеайлақы болып табылады.

      2. Бірлесіп азаматтық, мемлекеттік және/немесе эксперименталды авиация пайдаланатын әуеайлақ бірлесіп пайдалану әуеайлақы болып табылады.

      3. Бірлесіп база жасау әуеайлақтарын және бірлесіп пайдалану әуеайлақтарын пайдалану мемлекеттік авиация салсындағы уәкілетті органмен бірлесіп, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясының бірлесіп база жасау әуеайлақтарын пайдалану ережесіне сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      4. Бірлесіп база жасау әуеайлақтары және бірлесіп пайдалану әуеайлақтары тиесілігіне қарай азаматтық немесе мемлекеттік әуеайлақтарға жатады. Мұндай әуеайлақтардың тізбесі Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясы уәкілетті органдарының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.

62-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуларын қамтамасыз етуге арналған әуежайлар

      1. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуларын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      2. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуларын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      3. Ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежайларға техникалық, мәжбүрлі қонуларды және гуманитарлық рейстерді орындауға байланысты халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға рұқсат берілуі мүмкін, сонымен қатар халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерін қабылдауға, шығаруға және оларға қызмет көрсетуге уақытша рұқсат беру арқылы мемлекеттік тапсырмаларды орындайды.

63-бап. Әуеайлақтар мен әуежайларды жою және көшіру

      Әуеайлақтар мен әуежайларды жою немесе көшіру меншік иесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

64-бап. Әуеайлақ маңы аумағы шегіндегі құрылыс

      Әуеайлақ маңы аумағы шегінде қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау, салу және дамыту, сондай-ақ өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерді салу және қайта жаңарту әуеайлақ жабдықтарының және әуе кемелерінің ұшуының азаматтардың денсаулығына әрі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал теріс әсерін ескере отырып, осы Заңның 79-бабының талаптарын ескере отырып, әуе кемелері ұшуының талаптарын сақтап жүргізілуге тиіс.

65-бап. Әуежайды уақытша басқару

      1. Стратегиялық объект болып табылатын әуежайды пайдаланудан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда елдің мүдделеріне, адамдың өмірі мен денсаулығына қарамастан азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге рұқсат берілген әуежай пайдаланушыға қатысты уақытша басқару енгізеді.

      2. Халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге рұқсат берілген әуежай пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкімшілік жүзеге асырады.

      Халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге рұқсат берілген әуежай пайдаланушыны уақытша басқару әуежай есебінен жүзеге асырылады.

      3. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешімге сот тәртібімен меншік иесі, әуежай пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерінің жалпы жиналысы уәкілеттік берген адам шағым жасауы мүмкін.

      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган уақытша әкімшілікті қалыптастырады, оның құрамына оған қатысты уақытша басқару енгізілетін меншік иесінің және әуежайды пайдаланушының өкілдері енгізіледі.

      5. Халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге рұқсат берілген әуежайды пайдаланушы уақытша басқаруының әрекет ету кезеңінде:

      1) әуежайды пайдаланушыны басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер уақытша әкімшілікке ауысады;

      2) әуежайды басқару жөніндегі пайдаланушының құқықтары тоқтатыла тұрады;

      3) әуежайды пайдаланушының басқару органдарының және оның басқарушы қызметкерлерінің өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.

      6. Уақытша әкімшілік:

      1) осы Заңда белгіленген құзырет шегінде әуежайды пайдаланушы қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді дербес қабылдайды;

      2) әуежайды пайдаланушының атынан шарттар жасасады және құжаттарға қол қояды;

      3) әуежайды пайдаланушының атынан және мүддесінде, оның ішінде сотта өкілдігін жүзеге асырады;

      4) әуежайды пайдаланушыға байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.

      7. Әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:

      1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген уақытша басқару мерзімі шешімінің аяқталуы;

      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы;

      3) уақытша басқарудың тоқтатылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі.

      8. Уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) халықаралық ұшуларды орындауға жіберілген әуежайды пайдаланушыға келтірілген залал үшін уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жауапкершілікті жүктейді.

9-тарау. Әуе тасымалдары. Авиациялық жұмыстар 66-бап. Әуе тасымалдарын жүзеге асыру құқығы. Авиакомпаниялар

      1. Жолаушыларды, теңдеме жүкті, жүк пен почтаны әуеде тасымалдауды жүзеге асыру құқығын ақысына немесе жалдау бойынша (коммерциялық әуе тасымалдары) пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар иеленеді.

      2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.

      3. Авиакомпаниялар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам немесе мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады.

      4. Акционерлік қоғам нысанындағы авиакомпанияның жарғылық капиталындағы азаматтығы жоқ және/немесе шетелдік заңды тұлғалардың қатысу үлесі қырық тоғыз пайыздан аспауға тиіс.

      5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелеріне қосалқы бөлшектер қорының болуын қоса алғанда, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану әрі олардың ұшу жарамдылығын ұстап тұру үшін, әуе кемелерінің ұшуларын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ авйация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлік болуға тиіс.

      6. Ұшулардың қауіпсіздігінің негізін құрайтын нормаларды сақтау мақсатында авиакомпанияның бірінші басшысын тағайындау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.

      Авиакомпанияның бірінші басшысына қойылатын біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

67-бап. Халықаралық әуе тасымалдары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерімен халықаралық әуе тасымалдарын жасаған кезде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше туындамаса, әуе тасымалдары туралы жалпы ережелер қолданылады.

      2. Тағайындалған әуе тасымалдаушы Қазақстан Республикасы ратификациялаған әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшін осы Заңның 71-бабында белгіленген тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған тасымалдаушы болып табылады.

      3. Почтаның халықаралық әуе тасымалдары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылады.

68-бап. Коммерциялық әуе тасымалдары саласындағы негізгі ережелер

      1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалының шарты негізінде орындалады. Әуе тасымалының шарты авиакомпания не ол өкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.

      Жолаушылардың, теңдеме жүктің және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыру тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, теңдеме жүкті және жүктерді әуе көлігінде тасымалдау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Әрбір жолаушыға әуе тасымалы шартының талаптарымен танысқандығын және оны жасасқандығын растайтын жеке билет ресімделеді.

      Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.

      3. Тіркелген теңдеме жүкті тасымалдаған кезде жіберілген және баратын пункттері көрсетілген теңдеме жүк түбіртегі беріледі.

      4. Жүкті тасымалдаған кезде жіберілген және баратын пункттері, жіберілген жүк салмағы, жүкті тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүк жүкқұжаты беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін алушыға тиісті заңнамалық актілерде және жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүкті әуемен тасымалдау ережелерінде белгіленген кедендік және басқа ресімдемелерді орындау, басқа да бақылаушы органдар тексеру үшін қажет барлық құжаттарды жүк жүкқұжатына қоса беруі тиіс.

      Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықпен айқындалады.

      5. Почтаны әуеде тасымалдау шарты, оның талаптары мен почтаны тасымалға қабылдау почталық жүкқұжатпен куәландырылады.

      6. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде тасымалдау құжатын электрондық немесе қағаз нысандағы қажетті деректерді енгізу жолымен жүзеге асырылады.

      Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.

      7. Авиакомпания алатын және жолаушыларды тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымы болып табылады.

      8. Отын алымы - авиакомпания тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға шығындардың өсуін жабу (өтеу) мақсатында алатын алым, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмайды.

      9. Әуежай алымын авиакомпания жолаушыларға әуежайда қызмет көрсету жөніндегі қызметтер құнын жабу мақсатында енгізеді және алады.

69-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын біржақты тоқтату

      1. Жолаушының ұшудан бас тартуға әрі әуе тасымалы шартында белгіленген мөлшерде енгізген тасымал ақысын кері қайтарып алуға құқығы бар.

      2. Мынадай жағдайларда әуе тасымалы шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша бір жақты тәртіппен тоқтатылуы мүмкін:

      жолаушы әуе кемесі ұшар алдында осы Заңның 95-бабында белгіленген тексеруден бас тартса;

      жолаушы Жолаушыларды, теңдеме жүкті және жүктерді әуеде тасымалдау ережесін бұзса және/немесе жолаушы әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекет жасаса;

      жолаушының өзінің денсаулығына немесе әуе кемесінің бортындағы адамдар мен мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін маскүнемдік, есірткіден, уытқұмарлықтан мас күйінде болса, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай жасаса.

      Жолаушының маскүнемдік, есірткіден, уытқұмарлықтан мас күйінде болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландырумен расталады.

      3. Жолаушыны әуеде тасымалдау шарты тоқтатылған жағдайда тасымал үшін төлем әуеде тасымалдау шартында көзделген тәртіппен қайтарылады.

70-бап. Авиабағыттар

      1. Тұрақты және тұрақты емес коммерциялық әуе тасымалдары авиабағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      2. Авиабағыттар халықаралық және ішкі болып бөлінеді:

      Тұрақты коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған халықаралық авиабағыттар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.

      Тұрақты коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған ішкі авиабағыттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ол өкілеттік берген мемлекеттік органның шешімдері негізінде жүзеге асырылатын авиабағыттар бойынша тұрақты тасымалдар, сондай-ақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылатын, авиабағыттың тиімді жұмыс істеуіне қажетті кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялануға тиіс.

71-бап. Тұрақты әуе тасымалдарына арналған авиабағыттарды бөлу

      1. Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған авиабағыттарды бөлуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган конкурстық негізде жүргізеді. Конкурс жеңімпаздарына авиабағытқа куәлік беріледі.

      Конкурсқа Жолаушыларды, теңдеме жүкті, жүктерді және почтаны тасымалдау бойынша авиабағытқа конкурс жүргізу және авиабағыттарға куәліктер беру ережесінде белгіленген біліктілік талаптарына, оның ішінде әуе кемелерінің резервін және авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде бекітілген кестеге сәйкес ұдайы әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы құралдарының азаймайтын резервінің болуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкес келетін авиакомпаниялар жіберіледі.

      Авиабағытқа арналған куәлікті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тасымал түрі мен көрсетілген куәліктің қолданылу мерзімін көрсетіп береді.

      Авиабағытқа арналған куәлікті иеліктен айыруға болмайды және ол басқа жеке немесе заңды тұлғаларға беріп жіберілмейді.

      Бір авиабағытқа бірнеше куәлік берілуі мүмкін.

      2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиакомпаниядан авиабағытты пайдалану талаптарын орындамаған жағдайда авиабағытқа арналған куәлікті кері қайтарып алады.

      3. Авиабағытты пайдаланудың талаптары деп мыналар түсініледі:

      1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен кестені сақтау;

      2) белгіленген уақыт кезеңінде (аптада) тұрақты рейстердің белгіленген санын орындау;

      3) авиабағытты пайдаланудың басталған күнін сақтау;

      4) әуе кемелерінің авиабағытында кестеде белгіленген үлгілерді және/немесе сыйымдылықты қолдану;

      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестігі;

      6) болжамды табысты ескерместен бір ай ішінде бекітілген кестеге сәйкес авиакомпанияда тұрақты әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы құралдарының азаймайтын резервінің болуы.

      4. Авиакомпаниядан авиабағытқа арналған куәлікті кері қайтарып алған кезде куәлік конкурстық ұсынысы жеңімпаздан кейін үздік деп танылған конкурсқа басқа қатысушыға беріледі.

      5. Халықтың әуе қатынасына қажеттілігін қанағаттандыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиакомпанияға қажеттілігі авиабағыттарды бөлу жөніндегі конкурстар арасындағы кезеңде туындаған авиабағытты пайдалану үшін авиабағыттарды бөлу жөнінде конкурс өткізбестен авиабағытқа куәлік беруге құқылы.

      6. Пайдалану қажеттілігі конкурстар арасындағы кезеңде туындаған авиабағытты бөлген кезде куәлік авиакомпания Авиабағытқа конкурс өткізу және авиабағыттарға арналған куәлік беру ережесінде көзделген біліктілік талаптары сәйкес келген жағдайда өтінім берген барлық авиакомпанияларға беріледі.

72-бап. Шетелдік әуе тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметі

      1. Шетелдік әуе тасымалдары Қазақстан Республикасы аумағындағы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасына/нан тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда тіркелуден өтуге міндетті.

      3. Шетелдік тасымалдаушыларға қойылатын тіркеу тәртібі мен талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      4. Шетелдік әуе тасымалдаушысына қатысты тасымалдауға құқық беру талаптары Қазақстан Республикасы ратификациялаған әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      5. Шетелдік әуе тасымалдаушылар экипаж бен жолаушыларды Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тағаммен қамтамасыз етуге тиіс.

73-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау

      1.Авиациялық жұмыстар азаматтық әуе кемесін пайдаланушы мен тапсырыс беруші арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады.

      2. Авиациялық жұмыстарды орындауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесінде және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиациялық жұмыстарды орындау жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.

10-тарау. Әуе тасымалдары саласындағы жауапкершілік 74-бап. Әуе тасымалы кезінде жолаушының қайтыс болғаны немесе денсаулығына зақым келтірілгені үшін тасымалдаушының жауапкершілігі

      1. Тасымалдаушы, егер зиян еңсерілмес күштің немесе жәбірленушінің ниетінен туындағанын дәлелдемесе, әуе тасымалы кезінде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірген залалы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке тартылады.

      Жолаушының әуеде тасымалдау кезеңі жолаушының әуе кемесі бортына отырған сәтінен бастап, әуе кемесінің ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы әуе кемесі бортын тастап кеткен сәтке дейінгі уақытты қамтиды.

      2. Халықаралық ұшуларды орындау кезіндегі тасымалдаушының әуе тасымалы кезінде жолаушының қайтыс болғаны немесе оның денсаулығына зақым келтірілгені үшін жауапкершілігі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

75-бап. Тасымалдаушының жоғалған, жетіспейтін немесе зақымданған теңдеме жүк және жүк үшін жауапкершілігі. Жауапкершілік мөлшері

      Тіркелген теңдеме жүктің жоғалғаны, жетпейтіндігі немесе зақымданғаны үшін тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мынадай мөлшерде жауапты болады:

      1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған теңдеме жүктің жоғалғаны немесе жетіспейтіндігі үшін - әуе тасымалы шартында белгіленген құн мөлшерінде;

      2) тасымалға құны жарияланып қабылданған теңдеме жүктің жоғалғаны немесе жетіспейтіндігі үшін - жарияланған құн мөлшерінде;

      3) теңдеме жүктің зақымданғаны үшін - теңдеме жүктің құнының төмендеген сомасы мөлшерінде;

      4) жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспейтіндігі, бүлінгендігі үшін - егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттардың құны азайтылған сома мөлшерінде.

      Халықаралық ұшуларды орындаған кезде тіркелген теңдеме жүктің, жолаушының қол жүгінің, жоғалғаны, жетіспегені немесе зақымданғаны үшін тасымалдаушының жауапкершілігі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

      Егер теңдеме жүктің, жүктің бір бөлігінің немесе солардың ішіндегі қайсыбір заттың жоғалуы, жетіспеушілігі немесе зақымданғаны теңдеме жүктің немесе жүктің теңдеме жүктің не түбіртегіне немесе жүк құжаттарында жазылған заттардың құнына әсерін тигізген болса, өтем мөлшерін белгілеген кезде барлық осы теңдеме жүктің немесе жүктің жалпы құны ескерілуге тиіс.

      Теңдеме жүк пен жүк жоғалған немесе жетіспеген жағдайда тасымалдаушы өтем жасаумен қатар, егер теңдеме жүктің тасымалданғаны үшін ақы төленсе жоғалған теңдеме жүкті тасымалдағаны үшін төленген ақыны, сондай-ақ жоғалған жүктің тасымалданғаны үшін төленген ақыны қайтарады.

76-бап. Почтаның жоғалғаны, жетіспейтіндігі немесе зақымданғаны және жеткізілуінің кешіккені үшін тасымалдаушының жауапкершілігі

      Тасымалдаушы почтаның жоғалғаны, жетіспейтіндігі немесе зақымданғаны және тасымалдаушының кінәсінен жеткізілуінің кешіктірілгені үшін почта органдарының алдында байланыс мекемелерінің жөнелтім жасаушылардың немесе адресаттардың алдындағы мүліктік жауапкершілік мөлшерінде материалдық жауапкершілік жүктейді.

77-бап. Рейс орындалмайтын немесе бөгелген кездегі тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі

      1. Тасымалдаушының кінәсінен тасымалдауда кідіріс болған кезде немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс бөгелген, болдырылмаған, тасымалдау бағыты өзгерген жағдайда тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде мынадай қызметтерді ұйымдастыруға міндетті:

      1) жеті жасқа дейінгі баласы бар (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін беру;

      2) рейстің жөнелтілуін күту екі сағаттан асса, ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалуға немесе электрондық почта арқылы екі хабарламаға;

      3) рейстің жөнелтілуін күту екі сағаттан асса, салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;

      4) рейстің жөнелтілуін күту төрт сағаттан асса және әрі қарай күндізгі уақытта әрбір алты сағат сайын, түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

      5) рейстің жөнелтілуін күту сегіз сағаттан асса, тасымалдаушы ұсынған күндізгі уақытта және алты сағаттан астам асса түнгі уақытта қонақ үйге орналастыру;

      6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай берілетін жағдайда тасымалдаушы ұсынған әуежайдан қонақ үйге дейін және кері көлікпен жеткізу.

      Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақы төленбей көрсетіледі.

      2. Тасымалдаушының кінәсінен рейс он сағаттан астам мерзімге орындалмайтын немесе бөгелетін болса, жолаушының қалауы бойынша,

      тасымалдаушы:

      1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушының билетте көрсетілген бару мекеніне жақын арада болатын рейспен тасымалдануын қамтамасыз етуге;

      2) жолаушыға билеттің толық құнын қайтаруға міндетті.

      3. Әуе кемелерінің, басқа да объектілер мен азаматтық авиация жабдықтарының меншік иелері мен пайдаланушылар өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыруға міндетті.

      Халықаралық әуе тасымалдары кезінде сақтандыру Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

11-тарау. Әуе кемелері ұшуларының қауіпсіздігіне әсер ететін қызмет 78-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-қимылы

      1. Әуе кемесінде жолаушылар ретіндегі адамдар:

      1) әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің, сондай-ақ көрсетілген іс-қимылдарды орындауға міндеттейтін ақпараттық таблоны қосқан кезде талаптарын сөзсіз орындауға;

      2) қол жүгін және жеке заттарды осы үшін арнайы бөлінген орындарда орналастыруға;

      3) әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-қимылдарды орындауға міндеттейтін ақпараттық таблоны қосқан кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға;

      4) бүкіл ұшу кезінде әуе кемесінің бортында тәртіп сақтауға міндетті.

      2. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың, соның ішінде кемеге ие адамдардың экипаж іс-қимылына араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретін өзгертуді немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарының нұсқауларын орындамауды талап етуіне тыйым салынады.

      3. Әуе кемесінде жолаушылар ретіндегі адамдарға:

      1) ұшудың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар жасауға, атап айтқанда:

      әуе кемесінің бортындағы кез келген адамға қатысты күш көрсету актілерін жасауға, егер мұндай акт осы әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса;

      әуе кемесіне және оның ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ететін жабдығына зақым келтіруге;

      ұшып бара жатырған әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, қасақана жалған мәліметті хабарлауға;

      әуе кемесін қиратуы немесе оған ұшудағы қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіруі мүмкін құрылғыларды немесе заттарды әуе кемесіне орналастыруға немесе орналастыруға әкелетін іс-әрекеттер жасауға;

      әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің есіктерін және (немесе) авариялық шығу жолдарын ашуға әрекет етуге;

      2) экипаж мүшелеріне қатер төндіруге;

      3) әуе кемесінің бортында бүкіл ұшу кезеңі ішінде шылым шегуге;

      4) әуе кемесінің бортында орнатылған тұрақты құралдарды қоспағанда, бүкіл ұшу кезеңі ішінде әуе кемесінің бортында кез келген радиоэлектрондық құралдарды пайдалануға тыйым салынады.

79-бап. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызмет

      1. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметке әуеайлақ жанындағы аумақта және әуе трассаларының шегіндегі жерлерде орналасқан объектілердің, электр беру желілерінің, басқа да бөгеттердің құрылысы, әуе кеңістігінде электромагниттік, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулеленулер шығаратын жұмыстар; құстардың топтасып жиналуына немесе ұшу көрінісінің нашарлауына әкеп соғатын объектілерді орналастыру, сондай-ақ әуе кеңістігін тікелей пайдалануға байланысты емес, бірақ әуе кемелерінің, олардың жабдықтарының және ішінде отырған адамдардың қауіпсіздігіне әсерін тигізетін кез келген басқа қызмет жатады.

      Бұл қызмет азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар бекіткен Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер тудыруы мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру ережесіне сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асырыла алады.

      2. Рұқсат алу:

      1) барлық объектілерді биіктігі мен орналасқан жері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер тудыруы мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру ережесіндегі ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, айқындалған әуеайлақ маңында;

      2) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмысы үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс желілерін, электр беруді, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық сәулелену объектілерін;

      3) жарылыс қаупі бар объектілерді;

      4) тастанды газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғыларды орналастыру үшін талап етіледі.

      Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарындысының ең барынша ықтимал жоғары биіктігі ескеріледі;

      5) қызметі әуеайлақ маңындағы көрінудің нашарлауына әкелуі мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстарды орналастыру үшін талап етіледі.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген объектілерді орналастыру мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.

      4. Әуеайлақтың ұшу-қону жолағының геометриялық орталығынан 15 км жақын қашықтықта (әуеайлақтың бақылау нүктесі) тамақ қалдықтарын лақтыру, жануарлар өсіру фермаларын, мал сою орындарын және құстарды тартумен және жаппай жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілерді салу орнын орналастыруға тыйым салынады.

      5. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қызметті жүзеге асыру ережелерін бұзуға жол берген жеке және заңды тұлғалар осы жолсыздықтарды өз есебінен және өз күштерімен жоюға, ал оларды жойғанға дейін ондай қызметтің жүзеге асырылуын тоқтатуға міндетті.

      6. Ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіретін қызмет атқарылып жатқан ауданға әуе кемелерінің абайсызда ұшып кіру жағдайларын болдырмау үшін сондай қызметті жүзеге асырып жатқан жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сәйкес азаматтық авиация саласындағы және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдарға аталған қызметтің жүргізілуі туралы хабар беруге міндетті.

      7. Осындай қызметтің жүзеге асырылуына бақылауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде орындайды.

      8. Әуежай аумағы шегінде жөндеу, құрылыс және монтаж жұмыстарының барлық түрін жасауды ұлттық қауіпсіздік органдары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.

80-бап. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін объектілерді таңбалау

      1. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үйлер мен ғимараттардың иелері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру ережесіне, Қазақстан Республикасының азаматтық әуеайлақтарын пайдалануға жарамдылық нормаларына сәйкес өз есебінен осы объектілерге түнде және күндіз көрінетін таңбалық белгілер мен құрылғылар орнатуға міндетті.

      Әуеайлақтарды айыра тану үшін қабылданған таңбалық белгілер мен құрылғыларға ұқсайтын қайсыбір белгілер мен құрылғыларды әуеайлақ маңайында орнатуға жол берілмейді.

      2. Әуеайлақ маңындағы объектілерге таңба салудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органға жүктеледі.

12-тарау. Авиациялық оқиғаларды тексеру 81-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тергеу

      1. Қазақстан Республикасының әуе кемелерімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тергелуге тиіс.

      2. Авиациялық оқиғаны немесе инциденттерді тергеу мақсаттары оқиғаның себептерін белгілеу, авиациялық оқиғаны болдырмау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      Кімнің болмасын кінәсін және жауапкершілігін белгілеу авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тергеудің мақсаты болып табылмайды.

      Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тергеуді міндетті түрде мүдделі тараптардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен комиссия жүзеге асырады. Азаматтық және эксперименталдық авиацияда комиссияны азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік авиацияда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құрады.

      3. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тергеу жөніндегі комиссияның өкілеттігі, сондай-ақ авиациялық оқиғаларға тергеу жүргізу тәртібі азаматтық авиация және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар бекіткен Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тергеу ережесімен айқындалады.

82-бап. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді жіктеу және есепке алу

      1. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді жіктеу және есепке алуды осы өкілеттіктер жүктелген тиісінше азаматтық, эксперименталды немесе мемлекеттік авиациядағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.

      2. Авиациялық оқиғаны немесе инциденттерді жіктеу және есепке алу Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тергеу ережесімен айқындалады.

83-бап. Айғақтық заттарды сақтау

      Әуе кемесін, оның құрамдас бөлшектерін, бортындағы және жер үстіндегі объективтік бақылау құралдарын, әуе кемесіндегі барлық заттарды, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе инцидент болған аумақ пен ондағы заттарды, әуе кемесін жасауға, жөндеуге және пайдалануға әрі оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкіл құжаттаманы осы Заңның 89-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия мүшелері келгенге дейін жеке және заңды тұлғалар ешбір қолсұғусыз сақтауға тиіс.

84-бап. Авиациялық оқиға болған жердегі жұмыс

      Авиациялық оқиға болған жерде жүргізілетін тексеру табиғи зілзала зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға теңестірілетін ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.

      Облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) мен аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияға жан-жақты жәрдем көрсетуге міндетті.

85-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты жұмыстарды қаржыландыру және шығыстарды өтеу тәртібі

      Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты барлық жұмыстарды пайдаланушы қаржыландырады.

      Ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсіптік ұйымдар жүргізетін авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты зерттеулер мен сынақтарды осы ұйымдар қаржыландырады да, кейіннен пайдаланушы шығындардың орнын толтырады.

13-тарау. Іздестіру мен құтқару 86-бап. Іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру

      1. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерін, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының аумағында ұшуларды іздестіру-құтқаруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының аумағында ұшуларды іздестіру-құтқаруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі ереже мыналарды:

      1) авариялық құлақтандыру тәртібін, апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерін, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру схемасын;

      2) персоналға қойылатын талаптарды және әуе қозғалысын қамтамасыз ету (әуе қозғалысын басқару) органдарын қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруды, іздеу-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды;

      3) іздеу-құтқару операцияларын жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін қамтуға тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында кез келген мемлекеттің әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқару жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады.

      3. Әуе кемелері жолаушыларының, экипаж мүшелерінің апат болған жерден көшірілуі апатқа ұшырған әуе кемесін пайдаланушының күшімен және құралдарымен немесе пайдаланушы шығыстарының орнын кейін толтыратындай өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады.

      4. Облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) мен аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары, ұйымдар әуе кемесін іздестіруді және құтқаруды жүргізуде кез келген мүмкін болатын көмектерін көрсетуге міндетті және іздестіру-құтқару органдары келіп жеткенше адамдарды құтқаруға, оларға медициналық және басқа көмек көрсетуге, сондай-ақ әуе кемесі мен оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлікті сақтауға қажетті шараларды қолданады.

      5. Авиациялық іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырған және жүзеге асырған кезде олардың құзыретіне және жарғысына сәйкес мемлекеттік органдардың (кәсіпорындардың) күштері мен құралдарын, сондай-ақ іздестіру және құтқару аймағында әуе кемелерінің экипажы тартылады және пайдаланылады.

      6. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне қажетті көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне мыналарға:

      1) басқа мемлекеттердің іздестіру-құтқару күштері мен құралдарына;

      2) сол әуе кемелерінің иелері мен пайдаланушыларына;

      3) апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері тіркелген мемлекеттің өкіметіне рұқсат етіледі.

      Мұндай рұқсаттың берілу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесіне және Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру ережесіне сәйкес айқындалады.

87-бап. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі экипажының іс-қимылы

      1. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі экипажы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесіне сәйкес шаралар қабылдауға және адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға және мүлікті, оның ішінде әуе кемесін сақтауға мүмкін болатын өзге шараларды қолдануға міндетті.

      2. Апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажы өз өкілеттіктерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның өкілдеріне тапсырғанға дейін борттағы адамдарды, мүлікті құтқару мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуе кемесінің өзін сақтау жөнінде мүмкін болған шаралардың бәрін қолдануға міндетті. Әуе кемесі экипажының барлық мүшелері адамдарды, мүлікті және әуе кемесін құтқаруға қатысуға міндетті.

      3. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесінің командирі Қазақстан Республикасы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның өкілдері келгенге дейін осы әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-қимылдарына басшылық етеді.

88-бап. Апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі туралы ақпараттандыру

      1. Әуе кемесіне қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары, аэроклубтар апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі туралы ақпарат, сондай-ақ әуе кемесінің командирінен қауіпті жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпарат алған кезде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережелерінде белгіленген тәртіппен қажетті жәрдем көрсетуге мүмкін болатын шаралардың бәрін қолдануға және мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды іздестіру-құтқару командасының іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес дереу хабарлауға, сондай-ақ

      азаматтық авиация және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті

      органдарды олардың құзыреті шегінде авариялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін хабарлауға міндетті.

      2. Облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) мен аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары әуе кемелерінің апатқа ұшырау туралы өздеріне белгілі барлық жағдайлар туралы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабар беруге міндетті.

89-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары

      Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу ережесіне сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемесін пайдаланушы есебінен меншік иелерінің немесе әуеайлақтар иелерінің күштері мен құралдарымен жүзеге асырылады.

      Егер апатқа ұшыраған әуе кемесі немесе оның бөліктері теміржол, автомобиль, су көлігінің қозғалысына немесе әуе кемелерінің ұшуына кедергі келтірсе, құтқару жұмыстарының басшысы олардың жатқан жерін және жалпы күйін алдын ала белгілеп қойып көлік құралдары қозғалысын немесе ұшуларды қалпына келтіру мақсатында әуе кемесін (оның бөлшектерін) басқа орынға көшіру жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

90-бап. Әуе кемесінің, оның жолаушылары мен экипажын іздестіруді тоқтату

      Іздестіруге қолданылған шаралар нәтиже бермеген жағдайда апатқа ұшыраған әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешімді әуе кемесінің иесімен және іздестіру-құтқару командасының бастығымен келісім бойынша тергеу жөніндегі комиссияның төрағасы қабылдайды.

      Мұндай шешім қолда бар іздестіру-құтқару күштерімен және құралдарымен бұдан әрі іздестіру әуе кемесін табуға және тірі қалған адамдарды құтқаруға қол жеткізбейтініне жеткілікті дәлелдер болғанда ғана қабылдануы мүмкін.

      Апатқа ұшыраған әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешімге осы әуе кемесінің иесі сот тәртібімен шағым жасай алады.

      Осы бапқа сәйкес іздестірілуі тоқтатылған әуе кемесі хабар-ошарсыз жоғалған болып есептеледі.

      Хабар-ошарсыз жоғалған әуе кемесінің экипажы мен жолаушыларын хабар-ошарсыз жоқ болып кеткендер деп тану және оларды қайтыс болғандар деп жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

91-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі іздестіру мен құтқару

      Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде апатқа ұшырау қаупі төнген немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерін іздестіру мен құтқару осы Заңның талаптарын ескере отырып, аумағында осы жұмыстар жүргізілетін мемлекеттің іздестіру-құтқару жұмыстарын орындау ережелеріне және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

92-бап. Апат жағдайларына әуе кемелерін жабдықтау және экипажды даярлау

      1. Әуе кемелері іздестіру мен құтқаруға арналған борттық авариялық-құтқару құралдарымен және авариялық қалыпқа келтірілетін бергіштермен жабдықталады, олардың тізбесі әуе кемесінің үлгісі мен ұшатын ауданына байланысты азаматтық әуе кемелерінің жарамдылық нормаларына сәйкес, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелері үшін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      2. Әуе кемесі экипажының барлық мүшелері авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтуге міндетті.

      3. Жолаушылар мұндай жағдайдағы іс-әрекеттер туралы әрі жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану ережелері туралы экипаж тарапынан міндетті түрде нұсқаулар алуға тиіс. Жолаушыларға арналған ақпарат мемлекеттік немесе орыс тілдерінде берілуге тиіс. Бейне ақпарат қолдануға рұқсат етіледі.

14-тарау. Авиация қауіпсіздігі 93-бап. Авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, әуе кемелерін пайдаланушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиация қауіпсіздігі ережесіне сәйкес оның қызметіне заңсыз араласудан азаматтық авиацияны қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

      2. Азаматтық авиацияны оның қызметіне заңсыз араласудан қорғау:

      1) әуежайдың бақыланатын аймағына бөтен адамдар мен көлік құралдарының кіруіне жол бермеу арқылы;

      2) бөтен адамдардың әуе кемелеріне кіріп кету мүмкіндігін болдырмайтындай аялдамалардағы әуе кемелерін күзету арқылы;

      3) әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш, радиоактивті, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа қауіпті заттар мен нәрселерді заңсыз алып жүру мүмкіндігін болдырмау арқылы;

      4) қарулар мен оқ-дәрілерді тасымалдау кезінде олардың әуе кемелеріндегі жолаушылардан оқшауланған бөліктеріндегі теңдеме жүкпен оқтары алынған күйде тасымалдануын қамтамасыз ететін айрықша сақтық шараларын енгізу арқылы;

      5) ерекше жағдайларда әуе кемелерін арнайы тексеру арқылы;

      6) әуе кемелерін ұшу кезінде экипаждың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, сондай-ақ әуе кемесін заңға қайшы пайдалануға жол бермейтін техникалық құрылғылармен жабдықтау арқылы;

      7) уәкілетті орган арнайы әзірлеген авиация қызметіне заңсыз араласуға қарсы әрекет жасайтын шаралармен, сондай-ақ авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тағы басқа шаралар қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

      3. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуе кемесінің бортында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша азаматтық әуе кемелерінің экипаждарына нұсқаулықтың болуын қамтамасыз етеді.

      4. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін заңдардың, ережелер мен рәсімдердің сақталуын бақылауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өздерінің құзыретіне сәйкес басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады.

      5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген авиация қауіпсіздігі шараларының сапасын бақылауды жүргізу мыналар арқылы жүзеге асырылады:

      1) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға жылына бір реттен аспайтын жоспарлы тексеру және жоспарсыз тексеру;

      2) ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін қызметтік эксперименттер;

      3) авиациялық қауіпсіздік бойынша әуеайлақ (тікұшақ айлағы) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды ішкі тексеруі;

      4) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметін тексеруді ұйымдастыру сертификациясы;

      5) авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасын бақылауды жүзеге асыратын арнайы мамандарды іріктеп алу.

      6. Әуеайлақ (тікұшақ айлағы) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды тексеру олардың азаматтарды, әуежайдың бақыланатын аумағында орналасқан әуе кемелерін, азаматтық авиация объектілерін, радионавигациялық құралдарды, жабдықтарды қорғау қамтамасыз ету қабілетін анықтау үшін жүргізіледі.

      7. Тексеру мәні азаматтық авиация саласындағы әуеайлақ (тікұшақ айлағы) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың іс-шаралары, олардың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің жекелеген бағыттары табылады.

      8. Жоспарлы тексерулер қатерді бағалауды және әуежай арқылы немесе азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы жүзеге асырған тасымал көлемін сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласында бұрын анықталған бұзушылықтарды ескере отырып жүргізіледі.

      9. Тексеруді жүргізудің негіздемесі:

      1) азаматтар мен ұйымдардан түскен материалдар;

      2) азаматтық авиация саласында уәкілетті органның жұмыс жоспары болып табылады.

      10. Қызметтік экспериментті жүргізу жөніндегі талаптар:

      1) қызметтік эксперимент толассыз жүріп жатқан азаматтық авиация ұйымдарының қызметін бұзуға қабілетті заңсыз араласуды болдырмауға және әуеайлақты (тікұшақ айлағын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын тексеруге тиіс;

      2) қызметтік экспериментті жүргізу әуежайдың бақыланатын аумағындағы адам өміріне және әуе кемесінің, авиациялық техниканың және де басқа объектілердің қауіпсіздігіне қатер төнбеуі тиіс;

      3) қызметтік эксперимент және әуеайлақты (тікұшақ айлағын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға, өзге де заңды және жеке тұлғаларға материалдық шығын әкелмеуі тиіс және толассыз жүріп жатқан азаматтық авиация ұйымдарының қызметін бөгет болмауы тиіс;

      4) қызметтік эксперимент әрдайым ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдерінің, эксперимент басшысы және әуеайлақты (тікұшақ айлағын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың тұрақты бақылауымен орындалуға тиіс.

      5) қатысушылардың күш экспериментін және авиациялық қауіпсіздік қызметі не қызметтік экспериментке қатысатын мемлекеттік органдар өкілдерінің талаптарын кідіртуден және орындаудан бас тартудың өзге де тәсілдерін қолдануды болдырмау.

      11. Ауеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ішкі тексеруі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиациялық қауіпсіздікті инспекциялық тексерудің үлгі бағдарламасы негізінде белгіленген авиациялық қауіпсіздік бойынша ішкі тексеріс бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.

94-бап. Авиация қауіпсіздігінің қызметі

      1. Әрбір әуежайдың өз құрылымында авиация қауіпсіздігі қызметі болуға тиіс, әуе кемелерін пайдаланушыларда авиация қауіпсіздігі бойынша жауапты тұлғалары болуға тиіс.

      2. Авиация қауіпсіздігі қызметінің басшысы және әуе кемелерін пайдаланушының авиация қауіпсіздігі жөніндегі жауапты тұлғасы ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісім бойынша тағайындалатын Қазақстан Республикасының азаматы ғана бола алады.

      3. Авиация қауіпсіздігі қызметінің бірінші басшысы және басшысы, әуе кемелерін пайдаланушының авиация қауіпсіздігі жөніндегі жауапты тұлғалары авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дербес жауапты болады.

      4. Азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің іс-әрекеті уәкілетті органмен, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарымен және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен олардың құзыретіне сәйкес өзара іс-қимылда жүзеге асырылады.

95-бап. Тексеру

      1. Әуе кемесінің жолаушылары мен экипажы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесі, оның борттық қосалқы заттарды, экипаж мүшелері, жолаушылар, теңдеме жүк, оның ішінде жолаушылардың өздерінде болатын заттар, сондай-ақ жүктер мен почта міндетті ұшу алдындағы тексерілуге тиіс.

      2. Әуе кемесінің жолаушыларын, теңдеме жүкті, оның ішінде жолаушылардың өздерінде болатын заттарды, экипаж мүшелерін, азаматтық авиацияның авиация персоналы қатарындағы адамдарды, борттағы қосалқы заттарды, жүктер мен почтаны ұшу алдындағы тексеруді әуежайда немесе әуе кемесінде авиация қауіпсіздігі қызметінің персоналы жүргізеді.

      3. Авиация қауіпсіздігі қызметі жоқ сыныпталмаған әуеайлақта (тікұшақ айлағында), уақытша әуеайлақта, қону алаңында ұшу алдындағы тексеруді жүргізу әуе кемесінің экипажына жүктеледі.

      4. Қол жүгін, теңдеме жүкті тексеру және жолаушылардың өзін тексеру Қауіпті зарттар мен құралдар тізбесінде белгіленген онда бар қауіпті заттар мен құралдарды, сондай-ақ жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған есірткінің барлық түрлерін көрсетуге ұсыныс ретінде ұғынылуға тиіс.

      Тексеру кезінде жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттарды тасымалдау құжаттарымен салыстырып тексеру жүргізіледі.

      Қол жүгін, теңдеме жүкті және жолаушылардың өзін тексеруден бас тартатын жолаушылар тасымалдауға жіберілмейді.

      Тексеруді ұйымдастыруға жауапкершілік әуежайлардың басшыларына және авиация қауіпсіздігі қызметінің басшыларына жүктеледі.

      5. Әуе кемесінде оның барлық сыртқы есіктерін жапқан сәттен бастап тиегеннен кейін және түсіру үшін осы есіктердің кез келгенін ашу сәтіне дейін тексеру жолаушының келісіміне қарамастан жүргізілуі мүмкін.

      6. Тексеру кезінде техникалық құралдар пайдаланылады.

      Авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар ретінде жолаушыларды таңдап жеке тексеру және қол жүгін қолмен тексеру жүргізілуі мүмкін.

      Жолаушыларды жеке тексеру және қол жүгін қолмен тексеру тексеруге арналған жабдық болмаған немесе жұмыс істемей қалған кезде және жоғарыда көрсетілген заттар мен құралдардың ықтимал болуы туралы куәландыратын техникалық құралдармен бақылап тексеру белгілері бойынша, сондай-ақ авиация қауіпсіздігі қызметінің және құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларының уәжді шешімі бойынша әуе көлігінде тасымалдауға тыйым салынған заттар мен құралдар табылу үшін қажетті шекте жүзеге асырылады.

      Жеке тексеруді шекара қызметінің, кеден органдарының, ішкі істер (полиция) органдарының лауазымды адамдары жүргізеді.

      Жеке тексеруді тексерілетін адаммен бір жынысты адам ғана әуежайларда санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар талаптарына жауап беретін арнайы бөлінген үй-жайларында жүргізеді.

      Бір үй-жайда бір уақытта бірнеше жолаушыны жеке тексеруге тыйым салынады.

      Тексеру нәтижелері тексеру жүргізу туралы шешім шығарған адам, тексеру жүргізген адам және жолаушы қол қоятын актімен ресімделеді.

      7. Егер жолаушының қол жүгін, теңдеме жүгін және өзін жеке тексерген кезде азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған заттар, жүктер мен құралдар табылмаса әуежайдың және авиакомпанияның лауазымды тұлғалары, сондай-ақ тексеруді жүргізген басқа да адамдар жолаушыны билеті бар рейспен немесе кезекті рейспен жөнелтуді қамтамасыз ететін қажетті шаралар қабылдауға міндетті.

      Тексеруден туындаған жөнелтудің кешіктірілуі себебінен жолаушы ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан жағдайда авиакомпания оның талап етуі бойынша билеттің құнын немесе оның пайдаланылмаған бөлігін Жолаушыларды, теңдеме жүкті және жүкті әуеде тасымалдау ережесінде көзделген тәртіппен қайтаруға тиіс.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен арнайы Тізбе бойынша лауазымды адамдарды, сондай-ақ дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдарды қоспағанда, әуе кемесімен тасымалданатын әрбір адамға және оның теңдеме жүгіне қатысты тексеру жүргізіледі.

      9. Өздерінің қызметтік міндеттерін әуежайлардың бақыланатын аймағында орындайтын адамдарды тексеруді жүргізу тәртібі мен шарттары Авиация қауіпсіздігі ережесімен белгіленеді.

96-бап. Сәйкестендіру карточкалары

      Ұшуларды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғаларына, экипаж мүшелеріне, бортсеріктерге, инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға халықаралық үлгідегі сәйкестендіру карточкаларын беру ұлттық қауіпсіздік органдарымен келіскеннен кейін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ұшуларды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғаларына, экипаж мүшелеріне, бортсеріктерге, инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға халықаралық үлгідегі сәйкестендіру карточкаларын беру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

15-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер 97-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзылғанына кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.

98-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған авиакомпаниялар осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап бір жыл ішінде өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.

      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған авиакомпаниялар осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ұйымды қайта ұйымдастыруды немесе таратуды жүргізуге міндетті.

99-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 23, 148-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 23, 321-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 15, 147-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 8, 52-құжат; N 9, 67-құжат; N 18, 143-құжат; N 20, 152-құжат);

      2) "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 23, 320-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2006 ж., N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 9, 67-құжат; N 18, 143-құжат).

Қазақстан Республикасының


Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады