Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 3 қазандағы
N 1525 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
келісім
(2011 жылғы 25 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
2008 жылы 11 маусымда Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты басшылыққа ала отырып,
2008 жылы 8 ақпанда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің маңыздылығын мойындай отырып,
1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлант шартына қатысушы мемлекеттер мен "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің статусына қатысты келісімді (РfР SOFА) назарға ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық арқылы достық қатынастарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
Тараптар мүдделерін өзара құрметтеуге, сенім білдіруге және есепке алуға негізделген өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
екі мемлекеттің қару-жарақ пен әскери техника бойынша өнеркәсіп салалары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
осы екі жақты ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің халықаралық құқығы мен ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асыруға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
қару-жарақ пен әскери техника - қарудың алуан түрлерінің, оқ-дәрілердің кешені, оларды қолдануды қамтамасыз ететін оларды тасығыштар мен құралдар, сондай-ақ соғыс машиналарының, аспаптардың және Тараптар мемлекеттерінің Қарулы Күштері, басқа әскерлері мен әскери құралымдары жарақталатын басқа да техникалық құралдардың кез келген түрлері.
2-бап
Тараптар мынадай бағыттарда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
Тараптар мемлекеттерінің қарулы күштері, басқа әскерлері мен әскери құралымдары үшін қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу, өндіру, жаңғырту және жөндеу;
Тараптардың "әрқайсысының қарулы күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының қажеттіліктеріне сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу мақсатында ынтымақтастық бағдарламаларының шарттарын айқындау;
дамыту мен өндірудің бірлескен бағдарламаларын орындау кезінде шығарылатын қару-жарақ пен әскери техника экспортының мүмкіндігін зерделеу;
қару-жарақ пен әскери техникаға сынақ және бағалау жүргізу;
осы салаларда мамандар даярлау.
3-бап
Осы Келісімді орындау бойынша Тараптардың уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Француз тарапынан — Француз Республикасы Қорғаныс министрлігі.
Тараптар уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
4-бап
Осы Келісімнің 2-бабында айқындалған ынтымақтастықтың бағыттарын жүзеге асыру мақсатында Тараптар ережесі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада айқындалған қару-жарақ саласындағы бірлескен комиссияны құрады.
5-бап
Осы Келісімнің шеңберінде қару-жарақ пен әскери-техниканы сатып алу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары арқылы шарттық негізде жүзеге асырылады.
Жеткізу көлемі мен тәртібі, жұмыстарды жүргізу және қызметтер көрсету жекелеген шарттармен (келісім шарттармен) реттеледі.
Шарттар (келісімшарттар) бойынша міндеттемелерді орындауға жауапкершілік оларды жасасқан субъектілерге жүктеледі.
6-бап
Екінші Тараптың мемлекеті аумағына келетін бір Тарап персоналының мәртебесі осы Келісімді іске асыру шеңберінде РfР SOFА Келісімімен айқындалады.
7-бап
Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында қару-жарақ пен әскери техникаға сынақ жүргізу және бағалау талаптары оларды жүргізу басталғанға дейін Тараптар арасындағы жеке Келісіммен реттеледі.
8-бап
Тараптар арасында құпия ақпаратпен алмасу 2008 жылы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды олар өздерінің бюджет қаражаты шеңберінде дербес көтереді.
Өз делегацияларының қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына дейін жол жүруі, сондай-ақ олардың тамақтануы мен тұруы бойынша шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
Келетін мемлекетте кездесулерді, делегацияларды қабылдауды ұйымдастыру бойынша шығыстарды және көліктік шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді.
Кездесу туралы әрбір сұрау ресми жолмен жіберіледі. Сұрау ол білдіретін ресми органды немесе мекемені, сапар мақсатын және оның өкілеттіктері деңгейін көрсете отырып, өтініш берушілер туралы ақпаратпен бірге жүреді.
Кездесулер қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарының рұқсатын алғаннан кейін жүргізіледі.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты, сондай-ақ осы Келісім шеңберіндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын кез келген дауды Тараптар консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
11-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалар нысанында толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары менміндеттерін қозғамайды.
13-бап
Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Әрбір Тарап алты ай бұрын екінші Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімді бұза алады.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер осы Келісімнің қолданылуының ағымдағы кезеңі аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтатуға өзінің ниеті туралы бір де бір Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етпеген болса, келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптарды, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаған болса, оның қолданылуы кезеңінде қабылданған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
______________ қаласында 200___ жылғы "_____" әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Француз Республикасының Үкіметі
арасындағы Әскери-техникалық
ынтымақтастық туралы келісімге
қосымша
Қару-жарақ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия туралы
ереже
1. Қару-жарақ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Тараптардың қызметін үйлестіреді және осы Келісімнің 2-бабына кірмеген бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективаларын зерделейді.
2. Комиссияның міндеттері мыналар болып табылады:
екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастықтың басқа басым бағыттарының мүмкіндіктерін қарау;
Тараптардың құзыретті органдарымен бірлескен жобаларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстармен алмасу;
қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау.
3. Комиссияның тең төрағалары Қазақстан тарапынан Қорғаныс министрінің немесе Индустрия және сауда министрінің орынбасары (немесе олардың өкілі) және Француз тарапынан қару-жарақтың бас делегациясын халықаралық дамыту басқармасының бастығы немесе оның өкілі болып табылады.
4. Комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай, әдетте жылына бір рет, қабылдаушы Тараптың тең төрағасының төрағалық етуімен Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында кезекпен өткізіледі. Отырысты ұйымдастыратын Тарап отырыстың күн тәртібі мен ол туралы есеп жасайды және Тараптардың қарауына және бекітуіне ұсынады.
5. Комиссия Қазақстан және Француз тараптары мүшелерінің тең санынан тұрады. Әрбір Тарап өз тарапынан тең төрағаның орынбасарын, отырыс хатшысын және комиссия мүшелерін тағайындайды.
6. Тең төрағалар комиссия қызметін ұйымдастыруды үйлестіреді және қамтамасыз етеді, консультациялар жүргізеді және ақпарат алмасады. Комиссия отырысының күні ол өткізілетін күнге дейін екі ай бұрын белгіленеді.
7. Комиссияның жанында Тараптардың өзара келісімі бойынша кіші комиссиялар немесе жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Олардың міндетіне ынтымақтастықтың нақты іс-шараларын әзірлеу кіреді.
8. Комиссия отырыстарын дайындау үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдері, сондай-ақ мүдделі органдардың, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері тартылуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген өкілдер Тараптардың біреуінің тең төрағасының шақыруы бойынша Комиссия отырыстарына қатыса алады.
9. Комиссияның жұмыс тілі қазақ, орыс және француз тілдері болып табылады. Әрбір отырыстан кейін Комиссияның тең төрағалары қол қоятын қазақ, орыс және француз тілдерінде хаттама ресімделеді.