Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойсын.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.04 № 742 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1714 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі,
1997 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарттың ережелері негізінде іс-қимыл жасай отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға ортақ нормалары мен принциптерін және екі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін негізге ала отырып,
екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты кеңейтуге және осы саладағы өзара түсіністікті тереңдетуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тең құқықтық пен өзаралық принциптерінде әскери саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2-бап
1. Тараптар әскери ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге асырады:
1) қорғаныс саясаты;
2) әскери білім беру;
3) қару-жарақ пен әскери техниканы импорттау және экспорттау;
4) тылдық қамтамасыз ету;
5) әскери заңнама және қарулы күштердегі заң қызметі;
6) әскери медицина;
7) халықаралық бітімгершілік қызметі;
8) мәдениет және спорт;
9) өзара мүддедегі басқа да салалар.
2. Ынтымақтастықты іске асыру барысында Тараптар ынтымақтастықтың жаңа салаларын айқындайды және дамытады.
3. Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген келісімдер немесе хаттамалар жасасуы мүмкін.
3-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптар делегацияларының ресми сапарлары мен жұмыс кездесулері;
2) консультациялар мен жұмыс кездесулері шеңберінде тәжірибе алмасу;
3) конференциялар мен семинарларға қатысу;
4) әскери оқу орындарында оқыту;
5) оқу жобаларына, тағылымдамалар мен курстарға қатысу;
6) әскери оқу-жаттығуларға қадағалаушылардың қатысуы;
7) ынтымақтастық салалары бойынша ақпарат және құжаттама алмасу;
8) спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу;
9) өзара келісім бойынша басқа да нысандар.
4-бап
Тараптар қару-жарақ пен әскери техниканың тиісті құрамдауыштарын қоса алғанда, мынадай салаларда оларды импорттауда және экспорттауда бір-біріне жәрдемдеседі:
- авиация;
- әскери-теңіз;
- кару-жарақпен қамтамасыз ету (атыс қаруы, ауыр қару-жарақ пен тиісті оқ-дәрілер).
Үшінші елдерге кері экспорттау тек екінші Тараптың алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
5-бап
1. Жіберуші тараптың өкілдері оның ұлттық заңнамасын бұзған жағдайда Қабылдаушы тарап мемлекеті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес заңды құзырын жүзеге асыруға құқылы.
2. Қабылдаушы тарап мемлекетінің аумағындағы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жіберуші Тарап өкілдері оның ұлттық заңнамасын бұзған жағдайда Жіберуші тарап мемлекеті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзінің заңды құзырын жүзеге асыруға құқылы
3. Егер Қабылдаушы тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы Жіберуші тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасындағыдан өзге жауапкершілік шараларын көздейтін болса, Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Жіберуші тарап өкілдерінің құқықтарын қамтамасыз ету үшін келісілген шаралар қабылдайды.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.04 № 742 Қаулысымен.
6-бап
Мыналар Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары болып табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Италия тарапынан - Италия Республикасы Қорғаныс министрлігі.
7-бап
1. Жыл сайын Тараптардың уәкілетті органдары келесі жылға арналған Әскери ынтымақтастық жоспарын әзірлейді, ол ағымдағы жылғы 15 қарашаға дейін келісіледі және қабылданады.
2. Әскери ынтымақтастық жоспары іс-шаралар атауларын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімдері мен орындарын, жауапты органдарды, қаржыландыру көздерін және іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты басқа да мәселелерді қамтитын болады.
8-бап
1. Егер осы Келісімде немесе әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп белгіленбеген немесе келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды дербес көтереді. Бұл ретте осы Келісім шеңберіндегі іс-шараларды іске асыру Тараптардың бюджеттік жоспарлауына және қаражатының болуына байланысты болады.
2. Қабылдаушы тарап өз мемлекетінің аумағында Жіберуші тарап делегациясының мүшелеріне өз мекемелерінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді және көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
3. Жіберуші тарап:
1) өз делегациясы мүшелерінің Қабылдаушы тараптың аумағындағы баратын жерге және кері жол жүруі;
2) Қабылдаушы тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін қажетті құжаттарды ресімдеу;
3) Қабылдаушы тарап мемлекетінің аумағында тұру және тамақтану үшін шығыстарды көтереді.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.04 № 742 Қаулысымен.
9-бап
Тараптар құпия ақпарат алмасуды құпия ақпаратты өзара қорғау туралы халықаралық шарт жасасқаннан кейін ғана жүзеге асыратын болады.
10-бап
Осы Келісімнің ережелері өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен шешетін болады.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады, дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптан жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданылуын тоқтатады.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда ол қолданылған кезеңде іске асырыла бастаған іс-шаралар толық орындалғанға дейін олар күшінде қалады.
200 ____ жылғы " " қаласында әрқайсысы
қазақ, италия, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Осыны растау үшін өз мемлекетінің Үкіметі тиісті түрде уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілдер осы Келісімге қол қойды.
Ескерту. Қорытынды ережелерге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.04 № 742 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Италия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін