"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімді және 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің мәтінін түзету туралы хаттаманы бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қарашадағы N 1735 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімді және 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің мәтінін түзету туралы хаттаманы бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімді және 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің мәтінін түзету туралы хаттаманы бекіту туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 15-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісім және 2008 жылы 17 желтоқсанда қол қойылған 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің мәтінін түзету туралы хаттама бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің 3-бабынан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н. Назарбаев

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - Ұйым) мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
      құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер үшін кадрлар даярлау саласын қыр көрсетулер мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ олардың арасында одақтастық қарым-қатынастарды дамыту саласында Тараптардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің аса маңызды факторларының бірі деп есептей отырып,
      Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлаудың ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің көп жақты күштері алдында тұрған талаптарға жауап беретін деңгейге жетуін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын төменде келтірілген терминдер мыналарды білдіреді:
      "оқу орындары" - Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жоғары, орта және қосымша кәсіптік, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру мекемелері;
      "кадрлар даярлау" - жоғары және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау, қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ жоғары оку орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша ғалым және ғалым-педагог кадрларды даярлау;
      "құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер" - Ұйымға мүше мемлекеттердің негізгі (арнайы) функциялары заңдылықты, мемлекеттік (ұлттық) қауіпсіздікті, құқық тәртібін, қылмысқа, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымы мен басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күресті қамтамасыз ету, сондай-ақ барлау, қарсы барлау қызметін және өзге арнайы функцияларды жүзеге асыру болып табылатын арнайы уәкілетті органдары;
      "жіберуші Тарап" - құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің қызметкерлерін даярлау үшін басқа Тараптардың оқу орындарына жіберетін Тарап;
      "қабылдаушы Тарап" - басқа Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерін даярлау үшін оларды өзінің оқу орындарында қабылдайтын Тарап;
      "беруші Тарап" - басқа Тарапқа оқу-әдістемелік құралдарды, оқу әдебиеті мен оқу-материалдық база элементтерін беретін Тарап.

2-бап

      Тараптар құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер, сондай-ақ олардың құрылымына кіретін әскерлер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери құралымдары үшін келісілген мамандықтар мен оқу бағдарламалары бойынша кадрлар даярлаудағы ынтымақтастық мақсатын көздейді.

3-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес Тараптардың ұлттық заңнамасы мен олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар сақталған жағдайда өздерінің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Осы Келісімге сәйкес олар үшін кадрлар даярланатын құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің тізбесін Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өзінің орындағаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге береді.
      Құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде депозитарийге жазбаша хабарлайды.

4-бап

      Кадрлар даярлау құпиялылық режимін, таратылуы шектеулі қызметтік ақпарат пен қабылдаушы Тараптың құпия ақпаратының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шектеулер ескеріле отырып, Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдарымен және арнайы қызметтерімен жасалатын келісім-шарттардың, сондай-ақ 2004 жылғы 18 шілдедегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің негізінде:
      а) оқу орындарының арнайы факультеттерінде (курстарында, топтарында) бөлек;
      б) қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерімен бірге жүзеге асырылады.
      Кадрларды бірге және бөлек даярлауды ұйымдастыруды қабылдаушы Тарап айқындайды.
      Кадрлар даярлау және оқу процесін әдіснамалық қамтамасыз ету орыс тілінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Кадрлар даярлау:
      - жіберуші Тараптың қаражаты есебінен ақылы негізде;
      - қабылдаушы Тарап белгілеген квоталар бойынша жеңілдікті немесе өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
      Жеңілдікті негізде даярлау кезінде қабылдаушы Тарап оқытуға арналған шығыстарды, жіберуші Тарап тұруға және тамақтануға ақы төлеуді қоса алғанда, жүріп тұру шығыстарын көтереді.
      Өтеусіз негізде даярлау кезінде тұруға және тамақтануға ақы төлеуді қоса алғанда, оқытуға және жүріп тұруға жұмсалатын шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді.
      Кадрлар даярлауды қаржылық және басқа қамтамасыз ету түрлері келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.

6-бап

      Жіберуші Тарап оқытуға өтінімдерді қабылдаушы Тарапқа оқыту басталатын жылдың 15 қаңтарына дейін ұсынады.
      Қабылдаушы Тарап оқыту басталатын жылдың 15 мамырына дейін жіберуші Тарапты оқу орындарын, мамандықтарды, оқу бағдарламалары мен әрбір мамандық, оқу бағдарламасы бойынша берілетін орындардың санын көрсете отырып, құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер қызметкерлерінің, оның ішінде жеңілдікті және өтеусіз даярлық квоталары бойынша оқуға қабылданатындарының саны туралы хабардар етеді.
      Қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері оқуға кандидаттарды іріктеу жөніндегі ұсынымдарды (талаптарды) белгілейді.

7-бап

      Оқуға кандидаттарды іріктеуді және оларды медициналық куәландыруды қабылдаушы Тараптың оқу орындарына қабылдау шарттары мен ұсынымдарын ескере отырып, жіберуші Тарап жүргізеді.
      Оқуға кандидаттар қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап өкілдерінің қатысуымен жіберуші Тараптың аумағында қабылданатын қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша оқу орындарына қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерімен бірге қабылданады. Бұл ретте қабылдаушы Тарап өкілдерін іссапарға жіберуге байланысты барлық шығыстар жіберуші Тараптың есебіне жатқызылады.
      Қабылдаушы Тараптың оқытуға қоятын талаптарына жауап бермейтін кандидаттар Тараптардың келісімі бойынша қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері органдарының қызметкерлерімен бірге арнайы факультеттерге (бөлімшелерге, топтарға) оқуға жіберілуі мүмкін.
      Арнайы факультеттерде (бөлімшелерде, топтарда) оқу тәртібі келісім-шарттарда айқындалады.
      Қабылдаушы Тарап өткізетін медициналық тексеру мен тестілеу нәтижелері бойынша нақты мамандық, оқу бағдарламасы бойынша оқуға жарамсыз деп танылған кандидаттар Тараптардың келісімі бойынша басқа оқу орындарына, басқа мамандықтарға жіберілуі немесе жіберуші Тараптың қарамағына қызметке жіберілуі мүмкін.
      Қажет болған жағдайда Тараптардың келісімі бойынша жіберуші Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлері үшін орыс тілін және жалпы білім беру пәндерін қосымша зерделеу үшін дайындық курстары ұйымдастырылуы мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін оқуға түскен құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің қызметкерлеріне бұрын жасалған келісім-шарттардың талаптарында Тараптардың оқу орындарында оқуды жалғастыру және аяқтау құқығы беріледі.

9-бап

      Тараптар қабылдаушы Тараптың оқу орындарын бітіргені, сондай-ақ ғылыми дәрежелер мен атақтар берілгені туралы құжаттардың баламалылығын өзара негізде мойындайды.

10-бап

      Тараптар құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің кадрларын даярлау жөніндегі ұлттық оқу орындарын дамытуда өзара көмек көрсетеді.
      Осы мақсаттарда оқу-әдістемелік құралдарды, оқу әдебиетін және оқу-материалдық база элементтерін (макеттерді, стендтерді, тренажерларды және т.б.) беру беруші Тараптың ішкі тарифтері бойынша не қалдық құны бойынша ақылы негізде жүзеге асырылады.
      Беру тәртібі беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      Оқыту мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптар қажет болған жағдайда ғылыми, оқу, ақпараттық, анықтамалық және өзге де материалдарды бірлесе дайындауды және шығаруды жүзеге асырады.

11-бап

      Бір Тараптың мамандарын екінші Тараптың оқу орындарында сабақ беру үшін жіберу келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.

12-бап

      Құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің кадрларын даярлаудың осы Келісімде көзделмеген ерекшеліктеріне байланысты мәселелер келісім-шарттарда айтылады.

13-бап

      Тараптардың осы Келісім бойынша міндеттемелері олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктер болып табылады.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.

17-бап

      Әрбір Тарап шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей осы Келісім қолданылған уақытқа туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнен шыға алады.

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 5 қыркүйекте орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Ұйымның Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін          Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін         Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін        Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімге Өзбекстан Республикасының ескертуі

      Өзбекстан Республикасы құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер, сондай-ақ олардың құрылымдарына кіретін әскерлер мен әскери құралымдар үшін кадрлар даярлауды екі жақты негізде жүзеге асырады.

      Өзбекстан Республикасының
      Президенті                                          И. Каримов

2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің мәтінін түзету туралы
ХАТТАМА

      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы,
      Ұйым шеңберінде жасалатын халықаралық шарттарға қатысты депозитарий ретінде әрекет ете отырып,
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жарғысының 18-бабының негізінде,
      Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 79-бабына сәйкес,
      2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) мәтінінде түзетілуге тиіс техникалық қателердің анықталғанын назарға ала отырып,
      көрсетілген Келісімге қол қойған Ұйымға мүше мемлекеттердің келісімімен,
      Келісімнің мәтініне мынадай түзетулер енгізу туралы осы Хаттаманы жасады:
      орыс тіліндегі мәтіндегі 2-баптың бірінші абзацындағы "так же" деген сөздер "также" деген сөзбен ауыстырылсын;
      орыс тіліндегі мәтіндегі үшінші баптың үшінші абзацында "течении" деген сөз "течение" деген сөзбен ауыстырылсын.
      Көрсетілген түзетулер Келісімнің түпнұсқа данасының мәтініне енгізілді және оны өзім уәжделедім.
      Түзетілген мәтін қатесі бар ab initio мәтінін ауыстырады.
      2008 жылғы 17 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол 2008 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар дайындау туралы келісімге қатысушы әр мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.

      ҰҚШҰ Бас хатшысы                                   Н. Бордюжа

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады