Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы
Астанада 2009 жылғы 21 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінде болу тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінде болу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімді, 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімді, 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартын басшылыққа ала отырып,
«Байқоңыр» кешенінде болу тәртібін жетілдірудің қажеттігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мәні Қазақстан Республикасының азаматтары және Ресей Федерациясының азаматтары - ғарыш айлағы персоналының, Байқоңыр қаласы тұрғындарының, лауазымды адамдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, делегациялардың, туристердің, қалаға жеке шаруаларымен келген адамдардың, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың «Байқоңыр» кешенінде болу тәртібін белгілеу болып табылады.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын «Байқоңыр» кешені», «Байқоңыр қаласы», «Байқоңыр қаласының тұрғындары», «Байқоңыр қаласының әкімшілігі», «ғарыш айлағының персоналы» деген ұғымдар 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартында және 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімде белгіленген мағынаға ие.
Осы Келісімде пайдаланылатын басқа ұғымдар мынадай мағыналарға ие:
«Ресей Тарапының уәкілетті органдарының қарамағындағы объектілер» - Ресей Федерациясы жалға алған «Байқоңыр» кешенінің объектілері;
«Қазақстан Тарапының қарамағындағы объектілер» - «Байқоңыр» кешенінің аумағында орналасқан және Ресей Федерациясы жалға алмаған объектілер;
«лауазымды адамдар» - мемлекеттік билік органы өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік билік органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекеттік мекемелерінде ұйымдастырушылық-өкімдік, әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар;
«делегация» - ресми іс-шараларға, кездесулерге, келіссөздерге және т.б. қатысу мақсатында «Байқоңыр» кешеніне Тараптардың уәкілетті органдарының келісуімен баратын мемлекеттік билік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдерінен тұратын адамдар тобы;
«шетел азаматтары» - Қазақстан Республикасының азаматтары немесе Ресей Федерациясының азаматтары болып табылмайтын адамдар;
«азаматтығы жоқ тұлғалар» - Қазақстан Республикасының азаматтары немесе Ресей Федерациясының азаматтары болып табылмайтын, үшінші мемлекеттің азаматтығы бар-жоғына дәлелдемелері жоқ жеке тұлғалар;
«бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері» - тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары үшін хабарламалар мен материалдарды редакциялаумен, жасаумен, жинаумен немесе дайындаумен айналысатын, редакциямен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастармен байланысты не редакцияның тапсырмасы бойынша осындай қызметпен айналысатын және Қазақстан Республикасында немесе Ресей Федерациясында аккредитациясы бар адамдар;
«туристер» - Тараптардың уәкілетті органдарымен келісілген мерзім шеңберінде және белгіленген бағыт бойынша таныстық және танымдық мақсатта «Байқоңыр» кешеніне ұйымдасып баратын адамдар;
«қалаға жеке шаруаларымен келетін адамдар» - Байқоңыр қаласына қала тұрғындарының шақыруы бойынша немесе ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларын өткізу, қызметтер көрсету, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенінің қызметіне байланысты емес басқа мақсаттарда келген адамдар.
3-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар мыналар болып табылады:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі;
Ресей Тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі және Байқоңыр қаласының әкімшілігі.
4-бап
Ғарыш айлағының персоналын, Байқоңыр қаласының тұрғындарын, лауазымды адамдарды, делегацияларды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, туристерді, қалаға жеке шаруаларымен келетін адамдарды - Қазақстан Республикасының азаматтары мен Ресей Федерациясының азаматтарын «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді тиісті объектілер қарамағына жататын Тараптардың тиісті уәкілетті органдары қабылдайды.
5-бап
Шетел азаматтарын, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларды, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және туристерді Ресей Тарапы уәкілетті органдарының қарамағындағы «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді Қазақстан Тарапының уәкілетті органына хабарлай отырып, Ресей Тарапының тиісті уәкілетті органдары қабылдайды.
Шетел азаматтарын, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларды, оның ішінде туристерді, Қазақстан Тарапының қарамағындағы «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді Ресей Тарапының уәкілетті органдарына хабарлай отырып, ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын шетел азаматтарын, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларды Федералдық ғарыш агенттігімен келісім бойынша Қазақстан Тарапының уәкілетті органы қабылдайды.
6-бап
Мүдделі ұйымдар мен кәсіпорындар Федералдық ғарыш агенттігінің қарамағындағы «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне рұқсат алуға арналған өтінімдерді Ресей Федералдық ғарыш агенттігіне береді.
Мүдделі ұйымдар мен кәсіпорындар Қазақстан Тарапының қарамағындағы «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне рұқсат алуға арналған өтінімдерді Қазақстан Тарапының уәкілетті органына береді.
Қаланың ұйымдарында жұмыс істейтін, қызметтік және жеке шаруаларымен келген, қызметтер көрсету үшін қалаға келетін адамдарға Байқоңыр қаласының аумағына рұқсат алуға арналған өтінімдерді Байқоңыр қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мүдделі адамдары және ұйымдары Байқоңыр қаласының әкімшілігіне береді.
Келетін адамдар (тегі, аты, әкесінің аты, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, жұмыс орны, лауазымы), болу мерзімі мен мақсаттары, баратын объектілердің тізбесі туралы мәліметтер, автокөлік және әкелінетін фото-, бейне- және басқа аппаратура туралы деректер бар өтінімдер мынадай мерзімде ұсынылады:
Қазақстан Республикасы азаматтарының және Ресей Федерациясы азаматтарының кіруін қамтамасыз ету үшін - келетін күніне дейін кемінде 10 күн бұрын, бұл ретте өтінімдердің қаралу мерзімі 5 күннен артық болмайды;
шетел азаматтарының, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалардың кіруін қамтамасыз ету үшін - келетін күніне дейін кемінде 55 күн бұрын, бұл ретте өтінімдердің қаралу мерзімі 45 күннен артық болмайды.
7-бап
Қазақстан Республикасы азаматтарының және Ресей Федерациясы азаматтарының «Байқоңыр» кешеніне кіруіне рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы ақпаратты тиісті уәкілетті органдар өтініш берушілерге «Байқоңыр» кешенінде болу жоспарланып отырған күнге дейін кемінде 5 күн бұрын, ал шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар үшін кемінде 10 күн бұрын жеткізеді. Бұл ретте өтінім берушіге «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне рұқсат беруден бас тарту себептері туралы хабарланбайды.
«Байқоңыр» кешенінің объектілеріне рұқсатнамалар ресімдеуді және беруді осы Келісімінің ережелерінде белгіленген тәртіппен Тараптардың тиісті уәкілетті органдары қабылдаған «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімдер негізінде Ресей Тарапы уәкілетті органдарының рұқсатнама беру бюросы жүзеге асырады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін талқылау және қолдану кезінде Тараптар арасында туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Тараптардың уәкілетті органдары олар бойынша келісілген шешім қабылдамаған даулы мәселелер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені жөніндегі кіші комиссиясының қарауына шығарылады.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіле алады.
10-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді және «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
Осы Келісім бірінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарап алған күнінен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалады.
2009 жылғы 21 мамырда Астана қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін талқылауда келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін