Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 желтоқсандағы № 2047 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 2047 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың
иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі,
      қалыптасқан достық қатынастарды нығайтуда өздерінің мүдделілігін ескере отырып және бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына жүріп-тұруын жеңілдету мақсатында өздерінің екі жақты қатынастарын күшейтуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тарапы берген жарамды дипломаттық паспорттары бар, екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, транзитпен өту, болу және кету үшін келген күнінен бастап (Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Шенген аймағына алғашқы келген күні) 6 (алты) ай ішінде 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімге (бір немесе бірнеше рет) виза алу қажеттілігінен босатылады. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жұмыс істеуге рұқсат қажет ақылы қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.

2-бап

      (1) Осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан, жарамды дипломаттық паспорттары бар дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің мүшелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін олар келгенге дейін қабылдаушы Тараптың аккредиттеуі үшін виза алу қажеттілігінен босатпайды.
      (2) Аккредиттелгеннен кейін көрсетілген адамдар өздері тағайындалған кезең ішінде қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, бола алады және кете алады.
      (3) Осы Келісімдегі ештеңе 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында немесе 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында аталған құқықтар мен міндеттерге қарама-қайшы келмеуі тиіс.

3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған дипломаттық паспорттары бар адамдар халықаралық қатынас үшін ашық шекараны кесіп өтетін барлық пункттер арқылы екі Тарап мемлекеттерінің аумағына келе алады, кете алады.

4-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған адамдар осы Келісімнің 2-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

5-бап

      Осы Келісім әрбір Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдарының осы Келісімде аталған, Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған немесе ұлттық, жоғары ұлттық және халықаралық құқыққа сәйкес кіру және тұру шарттарын орындамаған жағдайда осы адамдардың келуінен немесе онда болуынан бас тарту құқығын сақтайды.

6-бап

      (1) Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өзіне сақтайды.
      (2) Екінші Тарап осы Келісімді тоқтата тұру туралы мұндай шешім күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабардар етіледі.
      (3) Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған, қабылдаушы мемлекеттің аумағында жүрген адамдардың құқықтарын қозғамайды.

7-бап

      (1) Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      (2) Жаңа дипломаттық паспорттар енгізілген немесе қолданыстағы паспорттар өзгертілген жағдайда, Тараптар осындай жаңартулар немесе өзгерістер күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы мұндай паспорттардың үлгілерімен алмасады. Тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ІСАО) стандарттары ұсынатын машина санайтын жол жүру құжаттарын пайдалануы тиіс.
      (3) Дипломаттық паспорттарға қатысты олардың ұлттық заңнамаларындағы өзгерістер туралы Тараптар көрсетілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.
      (4) Дипломаттық паспорт жоғалған, ұрланған немесе оны жарамсыз деп таныған жағдайда, Тараптар бірін-бірі бұл туралы кідіріссіз хабардар етеді.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен немесе ноталар алмасу жолымен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі кез келген келіспеушіліктер немесе даулар дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы екінші жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады. Осы хабарлама заңдық негізді ұсынуды талап етпейді.

      2009 жылғы «____» ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының               Германия Федеративтік
          Үкіметі үшін                           Республикасының
                                                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады