Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы
Венада 1986 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі Конвенция
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
ядролық қызметтің бірқатар мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқанын сезіне отырып,
ядролық қызметті жүзеге асырған кезде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ядролық аварияларды болдырмауға және егер ол орын алса, кез келген осындай авариялардың зардаптарын мейлінше азайтуға бағытталған жан-жақты шаралардың қабылданып келгенін және қабылданатынын атап көрсете отырып,
ядролық энергияны қауіпсіз дамыту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тілек білдіре отырып,
трансшекаралық радиациялық зардаптарды барынша азайту мақсатында ядролық авария туралы тиісті ақпаратты мемлекеттердің неғұрлым жедел беруінің ықтимал қажеттігіне көз жеткізе отырып,
осы салада ақпарат алмасу туралы екі жақты және көп жақты уағдаластықтардың пайдалылығын атап көрсете отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Қолдану аясы
1. Осы Конвенция төмендегі 2-тармақта көрсетілген қатысушы мемлекеттердің немесе тұлғалардың немесе солардың заңды құзырындағы немесе бақылауындағы заңды субъектілердің қондырғыларына немесе қызметіне байланысты радиоактивтік заттар шығарып тасталатын немесе шығарып тасталуы мүмкін және ол халықаралық трансшекаралық шығарындыға алып келетін немесе алып келуі мүмкін, радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан басқа мемлекет үшін маңызы бар кез келген авария жағдайында қолданылады.
2. 1-тармақта көрсетілген қондырғылар мен қызметтер мыналар болып табылады:
а) орналасқан жеріне қарамастан кез келген ядролық реактор;
b) ядролық отын циклының кез келген қондырғысы;
с) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі кез келген қондырғы;
d)ядролық отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды тасымалдау мен сақтау;
е) ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік, медициналық мақсаттар үшін және осы салаларда ғылыми зерттеу жүргізу үшін радиоизотоптарды дайындау, пайдалану, сақтау, жою және тасымалдау; және
f) ғарыштық объектілерде энергия алу үшін радиоизотоптарды пайдалану.
2-бап. Құлақтандыру және ақпарат
1-бапта көрсетілген авария жағдайында (бұдан әрі «ядролық авария» деп аталатын), ол туралы сол бапта айтылатын қатысушы мемлекет:
а) тікелей немесе Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арқылы (бұдан әрі «Агенттік» деп аталатын) физикалық әсер етуге тартылған немесе тартылуы мүмкін мемлекеттерді, сондай-ақ Агенттікті ядролық авария, оның сипаты, уақыты, қашан болғаны және қажет болған кезде оның дәл орыны туралы дереу құлақтандырады;
b) олар туралы (а) тармақшасында айтылған мемлекеттерге, тікелей немесе Агенттік арқылы, сондай-ақ Агенттікке, 5-бапта көрсетілгендей, осы мемлекеттерде радиацияның зардаптарын мейлінше азайтуға қатысты қолда бар осындай ақпаратты кейінге қалдырмай береді.
3-бап. Басқа ядролық авариялар
Қатысушы мемлекеттер радиацияның зардаптарын мейлінше азайту мақсатында, ядролық авария жағдайында құлақтандыруды 1-бапта көрсетілгеннен өзгеше жүзеге асыруы мүмкін.
4-бап. Агенттіктің функциялары
Агенттік:
а) 1-бапта көрсетілгендей, физикалық әсер етуге тартылған қатысушы мемлекеттерге, мүше мемлекеттерге, сондай-ақ басқа да мемлекеттерге және тиісті халықаралық үкіметаралық ұйымдарға (бұдан әрі «халықаралық ұйымдар» деп аталады) 2-баптың (а) тармақшасына сәйкес алынған құлақтандыру туралы дереу хабарлайды.
b) 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес алынған ақпаратты кез келген қатысушы мемлекетке, мүше мемлекетке немесе тиісті халықаралық ұйымға сұратуы бойынша кейінге қалдырмай береді.
5-бап. Берілетін ақпарат
1. 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес берілген ақпарат құлақтандырушы қатысушы мемлекет сол сәтте ие мынадай деректерді:
а) уақыты, дәл орыны, қай кезде тиімді болатыны және ядролық аварияның сипатын;
b) тиісті қондырғы немесе қызмет түрін;
с) радиоактивтік заттардың трансшекаралық шығарындысына қатысты ядролық аварияның болжамды немесе белгіленген себебі мен алдын ала білінетін дамуын;
d) іс жүзінде қаншалықты мүмкін және орынды болатындығын қоса алғанда, радиоактивтік шығарындының жалпы сипатын, физикалық және химиялық ықтимал нысанын, сондай-ақ радиоактивтік шығарындының санын, құрамын, тиімділік биіктігін;
е) радиоактивтік заттардың трансшекаралық шығарындысын болжау үшін қажет қолда бар және болжауға болатын метеорологиялық және гидрологиялық жағдайлар туралы мәліметті;
f) радиоактивтік заттардың трансшекаралық шығарындысына қатысты қоршаған орта мониторингінің нәтижелерін;
h) қабылданған немесе жоспарланған алаңнан тыс қорғау шараларын;
g) радиоактивтік шығарынды кезіндегі болжауға болатын мінез-құлықты қамтиды.
2. Мұндай ақпарат қажетті аралық уақыт арқылы алдын ала болжауға болатын немесе шын мәнінде тоқтатылуын қоса алғанда, авариялық жағдайдың дамуы туралы одан әрі тиісті ақпаратпен толықтырылады.
3. 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес алынған ақпарат, осындай ақпарат құлақтандырушы қатысушы мемлекетке берілетін жағдайларды қоспағанда, шектеусіз пайдаланылуы мүмкін.
6-бап. Консультациялар
2-баптың (b) тармақшасына сәйкес ақпарат беретін қатысушы мемлекет, іс жүзінде қаншалықты жүзеге асырылатынына қарай, бұдан әрі ақпаратқа немесе консультацияларға қатысты сұрау салуға кейінге қалдырмай жауап береді, ол сұратылатын мемлекетте радиация зардаптарын мейлінше азайту мақсатында әсер етуге тартылған қатысушы мемлекеттен сұратылады.
7-бап. Құзыретті органдар мен байланыс пункттері
1. Әрбір қатысушы мемлекет Агенттікті және тікелей немесе Агенттік арқылы басқа қатысушы мемлекеттерді 2-бапта көрсетілген құлақтандыру мен ақпаратты жіберуге және алуға жауапты құзыретті органдар мен байланыс пункттері туралы хабардар етеді. Осындай байланыс пункттеріне және Агенттіктегі орталық пунктке қол жетімділік тұрақты негізде болуға тиіс.
2. Әрбір қатысушы мемлекет 1-тармақта көрсетілген ақпаратта болуы мүмкін кез келген өзгерістер туралы Агенттікке кейінге қалдырмайды.
3. Агенттік осындай ұлттық органдардың және байланыс пункттерінің, сондай-ақ тиісті халықаралық ұйымдардың жаңартылған тізімін жүргізеді және оны қатысушы мемлекеттер мен мүше мемлекеттерге және тиісті халықаралық ұйымдарға береді.
8-бап. Қатысушы мемлекеттерге көмек
Агенттік өзінің Жарғысына сәйкес және өзі ядролық қызметті жүзеге асырмайтын және белсенді бағдарламаны жүзеге асыратын мемлекетпен шектесетін, бірақ қатысушы болып табылмайтын қатысушы мемлекеттің сұрауы бойынша осы Конвенцияның мақсаттарына кол жеткізу үшін радиациялық бақылаудың тиісті жүйесін құрудың мүмкіндігі мен дұрыс-бұрыстығына зерттеу жүргізеді.
9-бап. Екі жақты және көп жақты уағдаластықтар
Өзара тиімді мүдделерін жүзеге асыру мақсатында қатысушы мемлекеттер ол орынды деп табылған жағдайларда осы Конвенцияның нысанасына қатысты екі жақты немесе көп жақты уағдаластықтар жасасу туралы мәселені қарай алады.
10-бап. Басқа халықаралық келісімдермен байланыс
Осы Конвенция осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты қазіргі халықаралық келісімдер бойынша немесе осы Конвенцияның нысанасы мен мақсатына сәйкес жасалған болашақ халықаралық келісімдер бойынша қатысушы мемлекеттердің өзара құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап. Дауларды реттеу
1. Қатысушы мемлекеттердің арасында немесе қатысушы мемлекет пен Агенттік арасында осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда тараптар дауды келіссөздер жолымен реттеу мақсатында немесе дауларды реттеудің өздерінің қабылдауына болатын кез келген басқа бейбіт тәсілдерімен өзара консультациялар жүргізеді.
2. Егер қатысушы мемлекеттер арасындағы осындай сипаттағы дау 1-тармаққа сәйкес консультациялар жүргізу туралы өтініш келіп түскен сәттен бастап бір жыл ішінде реттелмейтіндей болса, онда осындай дауға қатысушы кез келген тараптың өтініші бойынша ол төрелікке беріледі немесе шешім қабылдау үшін Халықаралық Сотқа жіберіледі. Дау төрелікке берілген жағдайда, егер өтініш келіп түскен сәттен бастап алты ай ішінде дауласушы тараптар төрелік істі қарауды ұйымдастыруға қатысты келісімге келе алмаса, тараптардың бірі Халықаралық Соттың Төрағасынан немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан бір немесе одан да көп төреші тағайындауды сұрай алады. Дауға қатысушы тараптардың қарама-қайшы өтініші жағдайында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жүгіну басымдыққа ие болады.
3. Осы Конвенцияға мемлекет қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде ол өзін 2-тармақта көзделген дауларды реттеудің бір не екі рәсімдерімен байланысты емес деп есептейтінін мәлімдей алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай мәлімдеме күшінде болатын қатысушы мемлекетке қатысты 2-тармақта көзделген дауды реттеудің қандай да бір рәсіміне байланысты болып табылмайды. Осы Конвенцияны 11-баптың 2-тармағына қатысты ескертпе жасай отырып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы ратификациялады.
4. 3-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет, ол туралы депозитарийге хабарлама жасау жолымен мәлімдемені кез келген уақытта алып тастай алады.
12-бап. Күшіне ену
1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибияның қол қоюы үшін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Венадағы Орталық мекемелерінде және Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктағы Орталық мекемелерінде тиісінше 1986 жылғы 26 қыркүйектен және 1986 жылғы 6 қазаннан бастап ол күшіне енгенге дейін немесе қай мерзімнің неғұрлым ұзақ болуына қарай, он екі ай ішінде ашық болады.
2. Мемлекет, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибия қол қою жолымен немесе ратификациялаудың, қабылдаудың немесе мақұлдаудың талаптарына қол қойғаннан кейін ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен осы Конвенцияға өздерінің міндеттіліктерін білдіре алады. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға өткізіледі.
3. Осы Конвенция үш мемлекет өздері үшін осы Конвенцияның міндеттілігіне келісімін білдіргеннен соң отыз күннен кейін күшіне енеді.
4. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оған өзінің міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін, осы Конвенция ол мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң күшіне енеді.
5. а) Осы Конвенция осы бапта көрсетілгендей, егеменді мемлекеттерден тұратын және осы Конвенция қамтитын мәселелер бойынша халықаралық келісімдер жасасу мен қолдану, келіссөздер жүргізу саласында құзыретке ие халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграция ұйымдарының қосылуы үшін ашық.
b) Өздерінің құзыретіне кіретін мәселелерде мұндай ұйымдар өздерінің атынан құқықтарды жүзеге асырады және осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге беретін міндеттемелерді орындайды.
с) Өзінің қосылу туралы құжатын сақтауға өткізген кезде мұндай ұйым депозитарийге осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты өз құзыретінің шегі көрсетілген мәлімдеме жібереді.
d) Мұндай ұйым мүше мемлекеттердің дауысына қосымша қандай да бір дауысқа ие бола алмайды.
13-бап. Уақытша қолдану
Мемлекет қол қоюы бойынша немесе осы Конвенция өзі үшін күшіне енгенге дейін осы Конвенцияны уақытша негізде қолданатын боламын деп жариялай алады.
14-бап. Түзетулер
1. Қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер енгізе алады. Ұсынылған түзету депозитарийге жіберіледі, ол оны барлық басқа қатысушы мемлекеттерге дереу жібереді.
2. Егер қатысушы мемлекеттердің көпшілігі депозитарийден ұсынылған түзетулерді қарау үшін конференция шақыруды талап етсе, онда депозитарий барлық қатысушы мемлекеттерді осындай конференцияға шақырады, ол шақыру жіберілгеннен кейін отыз күн өткен соң шақырылады. Конференцияда барлық қатысушы мемлекеттердің үштен екі көпшілік даусымен қабылданған кез келген түзету барлық қатысушы мемлекеттер Вена мен Нью-Йоркте қол қою үшін ашық хаттама түрінде ресімделеді.
3. Хаттама өздері үшін оның міндеттілігіне үш мемлекет келісім білдіргеннен кейін отыз күннен соң күшіне енеді. Хаттама күшіне енгеннен кейін оның міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң осы мемлекет үшін хаттама күшіне енеді.
15-бап. Күшін жою
1. Қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады.
2. Күшін жою депозитарий хабарламаны алған күннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.
16-бап. Депозитарий
1. Агенттіктің Бас директоры осы Конвенцияның депозитарийі болып табылады.
2. Агенттіктің Бас директоры қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге мыналарды:
а) осы Конвенцияға әрбір қол қою немесе түзету туралы кез келген хаттама туралы;
b) осы Конвенцияға немесе түзету туралы кез келген хаттамаға қатысты ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға әрбір беру туралы;
с) 11-бапқа сәйкес кез келген мәлімдеме немесе ондай мәлімдемені алып тастау туралы;
d) 13-бапқа сәйкес осы Конвенцияны уақытша негізде қолдану туралы кез келген мәлімдеме туралы;
е) осы Конвенцияның күшіне енуі және оған кез келген түзетулер туралы; және
f) 13-бапқа сәйкес жарияланған кез келген күшін жою туралы дереу хабарлайды.
17-бап. Түпнұсқалық мәтіндер және куәландырылған
көшірмелер
Осы Конвенцияның түпнұсқамен бірдей болып табылатын ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз түпнұсқа мәтіндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директорына сақтауға өткізіледі, ол куәландырылған көшірмені қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге жібереді.
Тиісті дәрежеде уәкілдік ететін төменде қол қоюшылар осыны растап, 12-баптың 1-тармағында көрсетілгендей, қол қою үшін ашық осы Конвенцияға қол қойды.
Бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы қыркүйек айының жиырма алтысы күні Венадағы арнаулы сессияда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас конференциясы қабылдады.