Ескерту. Күші жойылды - ҚР Yкiметiнiң 27.01.2016 № 31 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 726 бұйрығын қараңыз.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында медициналық қызметтің сапасын бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 18 қыркүйектегі № 874 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 35, 377-құжат);
2) «Дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қыркүйектегі № 890 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 35, 381-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2296 қаулысымен
бекітілген
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленген және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және оларды жоюға бағытталған.
3. Медициналық қызметтер көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы салаларындағы мемлекеттік бақылауды бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
5. Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау
6. Медициналық қызмет корсету саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының медициналық қызмет көрсету саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызмет корсету саласындағы Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасының Үкімет} қаулыларының сақталуын бақылауға бағытталған.
7. Жеке және заңды тұлғалар көрсететін медициналық қызметтердің:
1) медициналық қызметтің көлемі мен сапасы;
2) дәрілік заттарды тағайындау ұтымдылығы, сондай-ақ медициналық техниканы тиімді пайдалану;
3) еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын, әскери-дәрігерлік, сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптаманы жүргізудің сапасы мен негізділігі;
4) медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейі;
5) медициналық қызметтің біліктілік талаптары мен лицензиялау ережелерін сақтау;
6) дәрілік заттарды қоспағанда, алдын алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық сауықтырудың құралдары мен әдістерін қолдану сапасы;
7) жарнамаланатын медициналық қызметтің көрсетілетін медициналық қызметтің көлемі мен сапасына сәйкестігі талаптарына сәйкестігі медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері болып табылады.
8. Медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде медициналық қызметтің сапасына сыртқы бақылауды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген тәртіппен уәкілетті орган және (немесе) аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар жүзеге асырады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы мемлекеттік бақылау
9. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бір бөлігі болып табылады және халықтың денсаулығын сақтау, мекендеу ортасын қорғау мақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының сақталуын бақылаумен жүзеге асырады.
4. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен
медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік
бақылау
10. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы субъектілердің Қазақстан Республикасында дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысын регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, стандарттардың, ережелер мен нормалардың сақталуын бақылауға бағытталған.
11. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сапасын қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін, қауіпсіздігін және олардың:
1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіруге, дайындауға (медициналық техниканы қоспағанда), көтерме және бөлшек саудада өткізуге;
2) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға (алуға), сақтауға, әкелуге және әкетуге, бөлуге, пайдалануға және жоюға;
3) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жарнамасына;
4) денсаулық сақтау саласындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекусорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға;
5) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дәрілік заттарды ұтымды тағайындауға, сондай-ақ медициналық техниканы тиімді пайдалануға;
6) фармацевтикалық қызметтің біліктілік талаптары мен лицензиялау ережелерін сақтауға тиімділігін қамтамасыз ететін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері болып табылады.