Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2306 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.07.03 № 699 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
      2. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Бақытбекұлы Есекеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2306 қаулысымен    
мақұлданған      

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының
Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы
ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі,
      өз мемлекеттерінде ақпараттық технологиялар саласын экономикалық және әлеуметтік дамытудың игілігі үшін ақпараттық технологиялар саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге ұмтыла отырып,
      өзара тиімді жағдайларға негізделген ақпараттық технологиялар саласындағы, сондай-ақ екі Тарап арасындағы достық қатынас нысанындағы ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынасты дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
      ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға, технологиялар мен қызметтер нарығын дамытуға жәрдемдесуге ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес Тараптар ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтасады.

2-бап

      Тараптар ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      а) мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ұйымдастыруды жетілдіру үшін ақпараттық технологияларды пайдалану;
      б) электрондық үкімет, электрондық сауданы құру саласында, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану саласында тәжірибе алмасу;
      в) ақпараттық қоғамның перспективалы инфрақұрылымын құру және дамыту;
      г) қашықтықтан медициналық консультациялар өткізуді қоса алғанда, денсаулық сақтауда ақпараттық технологияларды пайдалану;
      д) қабылданған халықаралық нормалар мен ережелерге сәйкес ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және стандарттау, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ілгерілету;
      е) білім беру мекемелерін ақпараттандыру және қашықтықтан оқыту;
      ж) өзара тиімді жағдайларда ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен екі жақты жобаларды іске асыру үшін бірлескен кәсіпорындар мен ғылыми зерттеу орталықтарын құру мүмкіндігін талдау;
      з) екі елдің ақпараттық технологиялар саласына инвестициялар тарту;
      и) ақпараттық технологияларды дамытудың ұлттық бағдарламаларын және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу саласында, сондай-ақ, технопарктерді құру саласында тәжірибе алмасу;
      к) біріздендірілген әлеуметтік картаның негізінде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметті ұсынуды және оны есепке алуды қолдаудың біріктірілген жүйесін (БАЖ) әзірлеу және енгізу саласында тәжірибе алмасу;
      л) бірлескен семинарлар, конференциялар мен форумдар өткізу, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласында ұйымдастырылған іс-шаралардың шеңберінде көрмелік стендтермен қатысу мақсатында ынтымақтастық салаларын айқындау;
      м) ынтымақтастықты ілгерілету және қызметтің барлық спектрі бойынша тәжірибе алмасуды жүргізу мақсатында Тараптардың консультациялары мен сараптамаларын ұйымдастыру.
      Айрықша өзара мүддені білдіретін қызметтің түрлері осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылады, бірақ жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

3-бап

      Тараптар ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін ұйымдардың арасындағы іскерлік қатынастарды кеңейтуге, оның ішінде өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған Тараптардың міндеттемелеріне нұқсан келтірмеген жағдайда өндірістік тәжірибе және ғылыми-техникалық ақпарат алмасуға ықпал етеді.

4-бап

      Осы Келісімнің орындалуы бойынша Тараптар арасындағы ресми хат жазысу орыс тілінде жүргізіледі.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-бапқа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.07.03 № 699 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты органдар:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарабынан - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі;
      Молдова Республикасы Үкіметінің тарабынан - Молдова Республикасы Ақпараттық даму министрлігі болып табылады.

6-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының шешімдерінен туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Бірлескен қызметті іске асыру барысында құрылатын зияткерлік меншікке құқықтарды бөлу мәселелері осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастықтың жеке бағыттарын іске асыру үшін жасалатын шарттарға, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес әрбір жеке жағдай үшін реттеледі.
      Осы Келісім шеңберінде немесе осы Келісімге тәуелсіз бірлескен қызмет басталғанға дейін Тараптардың әрқайсысы құрған зияткерлік меншік құқықтары өздеріне тиесілі болады.

9-бап

      Тараптардың бір де біреуі екінші Тарап жазбаша нысанда рұқсат берген жағдайларды және көлемді қоспағанда, осы Келісімді қолдану кезеңінде ғана емес, оның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін де осы Келісімді іске асыру шеңберіндегі бірлескен қызметті жүзеге асыру барысында екінші Тарапқа берілетін ақпараттың құпиялылығын сақтау талабын белгіленген Тараптарға қатысты ешқандай да ақпаратты үшінші тарапқа жарияламайды және таратпайды.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындаған Тараптар арасындағы кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар және/немесе келіссөздер жолымен шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім Тараптардың тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығын растайтын соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы тиісті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, егер Тараптар керісінше уағдаласпаса, оны қолданылу кезеңінде басталған бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды қозғамайды.
      200___ жылғы _____ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, молдаван  және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада қол қойылды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

   Қазақстан Республикасының             Молдова Республикасының
        Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады