Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидасын бекіту туралы
Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.04.2022 № 238 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2005 жылғы 30 мамырдағы "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспеде орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 18.03.2021 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 29 қазандағы
№ 1133 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының
мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" (бұдан әрі - халықаралық шарттар) Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (және) немесе халықаралық ұйыммен (ұйымдармен) жасасқан халықаралық шарттарды тіркеу, есепке алу және сақтау тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының (бұдан әрі - орталық органдар) атынан жасалған халықаралық шарттар тіркеуге, есепке алуға және сақтауға жатады.
3. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімі - халықаралық шарттардың түпнұсқалары мен депозитарий ресми куәландырған көшірмелерін, олардың деректемелерін және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі айқындайтын олар туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі.
4. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жүргізуінде болады.
2. Халықаралық шарттарды тіркеу
5. Орталық орган Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан халықаралық шарт жасасқан күннен бастап екі апта мерзімде оның түпнұсқасын уәкілетті органға жолдайды.
6. Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жасалған халықаралық шарттың түпнұсқасын немесе оның ресми куәландырылған көшірмесін дипломатиялық арналар арқылы алған кезде уәкілетті орган тиісті халықаралық шартты тіркеуді дербес жүзеге асырады.
7. Халықаралық шарт орталық органның атынан жасалған жағдайда халықаралық шарт жасалған күннен бастап екі апта мерзімде орталық орган куәландырған тиісті халықаралық шарттың көшірмесі уәкілетті органға жолданады.
Депозитарийден (халықаралық ұйымнан немесе шет мемлекеттен) халықаралық шарттың ресми куәландырылған көшірмесін алған жағдайда орталық орган оны алған сәттен бастап екі апта мерзімде уәкілетті органға жібереді.
8. Халықаралық шарттың түпнұсқасына немесе депозитарий ресми куәландырған көшірмесіне орталық орган басшысының қолы қойылған осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша анықтама қоса беріледі.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.03.2021 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
9. Халықаралық шарттың түпнұсқасы немесе ресми куәландырылған көшірмесі, сондай-ақ оған қоса берілетін анықтама келіп түскен кезде уәкілетті орган он бес жұмыс күнінің ішінде халықаралық шарттың және оның жасалу тәртібінің "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2, 8 - 10-баптарына сәйкестігін анықтайды.
10. Заңның 2, 8 - 10-баптарына сәйкестігі анықталған жағдайда уәкілетті орган халықаралық шартты Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне енгізеді. Заңның белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін халықаралық шарт он бес жұмыс күнінің ішінде қайтарудың себептерін дәлелді негіздеумен және тіркеу үшін қажетті іс-әрекеттерді ұсына отырып орталық органға қайтарылады.
11. Халықаралық шарттарды тіркеу кезінде халықаралық шарттарды тіркеу журналында жазба жасалады.
Журнал байланады, нөмірленеді, жауапты адам қол қояды және уәкілетті органның мөрімен бекітіледі. Журнал беттерін нөмірлеу өн бойына болып табылады. Қарындашпен жазуға, түзетуге, өшіруге, түзетуге жол берілмейді.
12. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне енгізілгеннен кейін уәкілетті орган ресми куәландырған халықаралық шарттың көшірмесі көрсетілген халықаралық шарттың күшіне енуі бойынша мемлекетішілік рәсімдерді орындау үшін, ал оларды орындау қажет болмаған кезде - осы халықаралық шарттан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау және құқықтарын жүзеге асыру бойынша одан арғы шараларды қамтамасыз ету үшін орталық органға жолданады.
3. Халықаралық шарттарды есепке алу
13. Халықаралық шарттарды есепке алу оны өзекті күйде ұстау мақсатында Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді білдіреді.
14. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу көрсетілген Тізілімге енгізілген халықаралық шарттар өзгертілген, қолданылуы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған жағдайда жүзеге асырылады.
15. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді уәкілетті орган дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен өтініштің негізінде немесе орталық орган басшысының қолы қойылған орталық органның өтініші негізінде жүзеге асырады.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.03.2021 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
16. Көрсетілген Тізілімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде тиісті халықаралық шарттың жанына осы халықаралық шартты өзгертуге, қолданылуын тоқтатуға немесе тоқтата тұруға негіз болған тиісті нормативтік құқықтық актіге сілтемемен актінің күні мен нөмірін көрсетіп, жазба енгізіледі.
17. Орталық органның Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініші осы Ереженің 5 және 7-тармақтарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға жіберіледі.
18. Халықаралық шарттардың мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін мәліметтерді нақтылау қажет болған кезде орталық орган уәкілетті органға тиісті сауалдар жібереді. Алынған сауалдардың негізінде уәкілетті орган көп жақты халықаралық шарттардың дипозитарийі функциясын орындайтын шет мемлекеттердің мүдделі органдарынан, халықаралық ұйымдардан қажетті мәліметтерді сұратады.
19. Орталық орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда уәкілетті орган қарауына тиісті өкілеттіктер берілген орталық органды хабардар ету негізінде Халықаралық шарттардың мемлекеттік тізіліміне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
4. Халықаралық шарттарды сақтау
20. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген халықаралық шарттардың түпнұсқалары және көп жақты халықаралық шарттардың депозитарийлері ресми куәландырған көшірмелері Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мұрағатында сақталады.
21. Орталық органдардың атынан жасалған халықаралық шарттардың түпнұсқалары орталық органдардың мұрағаттарында сақталады.
Қазақстан Республикасы
халықаралық шарттарының
мемлекеттік тізілімін
жүргізу қағидасына
қосымша
Қазақстан Республикасының халықаралық шартына анықтама
Р/с № | Мәліметтер тізбесі | Әзірлеуші мемлекеттік органның ақпараты |
1. | Жасалған халықаралық шарттың атауы | |
2. | Халықаралық шарттың жасалу күні | |
3. | Халықаралық шарттың жасалу орны | |
4. | Қазақстан Республикасының халықаралық шартына қол қойған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және лауазымы | |
5. | Халықаралық шартқа шет мемлекет (халықаралық ұйым) атынан қол қойған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және лауазымы | |
6. | Қазақстан Республикасының халықаралық шарт мәтінін қабылдау, қол қою, сондай-ақ осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеттілік беру туралы нормативтік құқықтық акт деректемелері | |
7. | Халықаралық шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді орындауға жауапты Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органының атауы |
Мемлекеттік органның
бірінші басшысы ________/ ________________________
қолы қолдың толық жазылуы
____________
күні