Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы N 1404 Қаулысы.

      "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.10.2023 № 928 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 наурыздағы № 284 ҚПҮ қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 22 желтоқсандағы
N 1404 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.08.2013 № 857 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Терроризмге қарсы іс-қимыл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының:

      терроризм профилактикасы;

      террористік іс-әрекетті анықтау, оның жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу;

      шұғыл медициналық көмек көрсету, медициналық-психологиялық сүйемелдеу, авариялық-құтқару және өртке қарсы іс-шаралар өткізу, террористік әсер етуге ұшыраған объектілердің қалыпты жұмыс істеуін және экологиялық қауіпсіздігін қалпына келтіру, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарды және оның жолын кесуге қатысқан адамдарды әлеуметтік оңалту, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарға моральдық және материалдық зиянды өтеу жолымен терроризм зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметі.

      3. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіруді:

      терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының шеңберінде ұлттық қауіпсіздік органдары;

      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы жанынан құрылатын терроризмге қарсы комиссиялар шеңберінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдіктері жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.10.2023 № 928 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Қажет болған кезде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметке өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар тартылуы мүмкін.

      5. Жергілікті атқарушы органдар орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризмге қарсы комиссиялар арқылы тиісті аумақта терроризм зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіреді.

      Олардың шешімдерін іске асыру үшін тиісті комиссиялардың құрамына өкілдері кіретін органдардың құқықтық актілері шығарылуы мүмкін.

2. Терроризм профилактикасының тәртібі

      6. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары терроризм профилактикасы жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" және "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңдарына сәйкес өз құзыреті шегінде террористік қатердің деңгейі мен ауқымын азайту үшін басым маңызы бар саяси, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық-насихаттық, білім беру әдістері, сондай-ақ физикалық, техникалық қорғау және құқықтық алдын алу әдістері пайдаланылатын шаралар кешенін іске асыру арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.10.2023 № 928 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Терроризм профилактикасы деп мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын, терроризмнің пайда болуы мен таралуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою жөніндегі құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралар кешені түсіндіріледі.

      8. Құқықтық шараларға терроризмге қарсы заңнама талаптарын сақтамағаны және террористік қылмыс жасағаны үшін жазаны бұлтартпай орындамағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, заңсыз қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, есірткі заттар, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, радиоактивтік материалдардың, қауіпті биологиялық заттар мен химиялық реагенттердің айналымы, терроризмді қаржыландырғаны үшін жауаптылық тетігін, сондай-ақ көші-қон процесі мен ақпараттық-коммуникациялық жүйені пайдалану тәртібін реттеу, оның ішінде экстремистік және террористік бағыттағы интернет-ресурстарды жабуды жетілдіруге бағытталған әкімшілік, қылмыстық, ұйымдастырушылық және өзге де шаралар жатады.

      9. Экономикалық және әлеуметтік шараларға жеке өңірлердегі жағдайды әлеуметтік-экономикалық сауықтыру, өңірлердің даму деңгейін теңестіру, жұмыссыздықты жою, халықтың маргиналдануын қысқарту, мүліктік жіктелуді азайту, халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жатады.

      10. Ұйымдастырушылық шараларға:

      1) азаматтарға террористік қатер спектрі туралы жүйелі түрде хабардар ету, оларға дағдарыстық жағдайда іс-қимыл жасау және терроризм актісінің жағымсыз зардаптарын еңсеруге қатысу дағдыларын меңгерту;

      2) халықтың түрлі әлеуметтік, кәсіби және жас ерекшелігі бойынша топтарын террористік шабуыл дайындау мен оның тікелей орындаушыларын анықтау белгілерінің әдістеріне саралап оқыту;

      3) азаматтардың төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттерге дайындығын тұратын немесе жұмыс істейтін орны бойынша арнайы оқу-жаттығулар мен жаттықтырулар өткізу арқылы тұрақты түрде тексеру;

      4) азаматтарды құқық қорғау органдарымен және осы саладағы арнаулы мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтастық жасауға жұмылдыру мақсатында халыққа терроризмге қарсы күрес мәселелерін түсіндіру;

      5) террористік тұрғыдан осал объектілерді техникалық қорғану құралдарымен қамтамасыз ету бойынша мақсатты бағдарламалар мен іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;

      6) террористік іс-әрекетті анықтауды, оның жолын кесуді, террористік қылмыстарды ашуды және тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды техникалық жарақтандыруды жақсарту;

      11. Тәрбиелік шараларға:

      1) жастарды білім беру жүйесінің барлық деңгейінде патриоттық тәрбиелеу;

      2) азаматтардың жалпы білім деңгейін көтеру;

      3) азаматтарды мәдени және конфессионалдық көптүрлілік, еліміздегі халықтардың тарихи бірлігі, діни төзімсіздік тарихы, геноцид және терроризм мен экстремизмнен туындаған басқа да қылмыстарға қатысты сауаттандырудың тиімді жүйесін құру жөніндегі шаралар жатады.

      12. Үгіт-насихат шаралары терроризмге ақпараттық-насихаттық қарсы іс-қимыл шеңберінде жүзеге асырылады.

      Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл мынадай мақсатта жүзеге асырылады:

      терроризмнің қауіптілігін түсіндіру;

      террористер өз көзқарастары мен идеяларын насихаттауды солардың көмегімен жүзеге асыратын нысандарды, әдістерді және амалдарды әшкерелеу;

      қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыру;

      терроризм профилактикасында терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру;

      терроризмді қолдаудың әлеуметтік базасын қысқарту.

      Үгіт-насихат шараларына:

      1) халықтың құндылық мақсаттарына ықпал ететін ақпараттық-саяси іс-шараларды өткізу;

      2) терроризмге қарсы құндылықтарды насихаттау бойынша әлеуметтік жарнама жүйесін әзірлеу;

      3) ең алдымен шетелдердің Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси жағдайына кері әсерін тигізетін мемлекетке қарсы саяси және ақпараттық-насихат акцияларының алдын алуды жетілдіру;

      4) барлық мемлекеттік органдарға бірдей қоғамның экстремистік және террористік ұйымдарға жағымсыз әсерін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-насихаттық жұмысты жүргізу;

      5) терроризмге қарсы идеяны жариялауға бағытталған кинематографиялық және баспа өнімдерін, телерадиобағдарламалар мен интернет-ресурстарды құруға мемлекеттік және өңірлік тапсырыс беруді қалыптастыру жөніндегі шаралар жатады.

      13. Терроризм профилактикасы бойынша қызмет терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен, азаматтық қоғамның басқа да институттарымен және азаматтармен үйлескен жұмысты қамтамасыз етуді талап етеді.

      Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:

      өз құзыреті шеңберінде терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл бағытын ұйымдастырады және үйлестіреді;

      осы қызметке бұқаралық ақпарат құралдары, заңды тұлғалар, азаматтық қоғам институттары, діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуын ынталандырады;

      қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыруға қатысады.

3. Мемлекеттік органдардың террористік іс-әрекетті анықтау, оның жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібі

      14. Уәкілетті мемлекеттік органдар террористік іс-әрекетті анықтау, оның жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу жөніндегі қызметті құқыққа сыйымды, барлау, қарсы барлау, жедел-жауынгерлік, жедел-іздестіру, қоршау, іріктеу, әскери және арнайы іс-шаралар мен тергеу іс-қимылдарын пайдалану арқылы жүзеге асырады.

      15. Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының террористік iс-әрекеттi анықтауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткiзіледi.

      16. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, террористік iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органдарға хабарлайды.

      17. Терроризм актісінің жолын кесу, террористерді, жарылғыш заттарды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мақсатында терроризмге қарсы операция өткізіледі.

      18. Терроризм актілеріне уақтылы ден қою және жолын кесу үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) терроризмге қарсы операцияларды өткізуге қатыстырылатын мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын жедел басқаратын, тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылатын терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар жұмыс істейді.

      Құрлықтық қайраңда не теңізде жүзу құралдарында орналасқан теңіздегі экономикалық қызмет объектілеріне қатысты жасалған терроризм актілеріне дер кезінде ден қою және олардың жолын кесу үшін тұрақты жұмыс істейтін терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіздік жедел штаб құрылады.

      Республикалық деңгейде жоғарыда аталған жедел штабтардың қызметіне басшылықты жүзеге асыратын терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб жұмыс істейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.10.2023 № 928 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Террористік қылмыстарды ашу және тергеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм актісінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібі

      20. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм актісінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметі шұғыл медициналық көмек көрсету, медициналық-психологиялық сүйемелдеу, авариялық-құтқару және өртке қарсы іс-шаралар өткізу, террористік әсер етуге ұшыраған объектілердің қалыпты жұмыс істеуін және экологиялық қауіпсіздігін қалпына келтіру, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарды және оның жолын кесуге қатысқан адамдарды әлеуметтік оңалту, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарға моральдық және материалдық зиянды өтеу арқылы жүзеге асырылады.

      21. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм актісінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметі терроризм актісінен (актілерінен) болуы мүмкін зардаптарын болжауға байланысты алдын ала жоспарланады. Бұл қызмет мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс:

      1) адам өмірі мен денсаулығы (террористердің өмірі мен денсаулығынан басқа) басымдығының негізінде адам шығынына жол бермеу (барынша азайту);

      2) терроризм актісі (актілері) жасалғанда авариялық-құтқару жұмыстарын уақтылы өткізу, оның жолын кесуге қатысқан адамдарға, сондай-ақ терроризм актісі салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық, құқықтық және басқа да көмек көрсету, кейіннен әлеуметтік оңалту;

      3) терроризм актісінің (актілерінің) қоғамға немесе жеке әлеуметтік топтарға моральдық-психологиялық жағымсыз әсерін барынша азайту;

      4) терроризм актісі (актілері) нәтижесінде зақымдалған және бұзылған объектілерді қалпына келтіру;

      5) терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу.

      22. Терроризм актісінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою үшін мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы және мамандандырылған өртке қарсы бөлімдер, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел құтқару бөлімшелері, ерікті құтқару құралымдары, әуе, су немесе теміржол көліктерінің тиісті бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың жедел ден қою жасақтары қалалық (аудандық) коммуналдық қызметтердің авариялық-техникалық командаларымен бірлесіп тартылады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 23.10.2020 № 701 қаулысымен.

      23. Терроризм актісі (актілері) жасалған кезде халықты медициналық қамтамасыз етуді апат медицинасы қызметінің мекемелері мен құралымдары – жедел медициналық көмек көрсету бригадалары, мамандандырылған санитариялық-токсикологиялық және токсикологиялық-терапевтік бригадалар, денсаулық сақтау ұйымдары мен субъектілерінің токсикологиялық бөлімшелері ұйымдастырады және жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады