"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 наурыздағы N 158 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісімді бекіту туралы

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы № 54 Заңының 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. 2008 жылғы 10 қазанда Бішкек қаласында қол қойылған Тәуелсіз
Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және
шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
      өзара өңірлік және шекара маңы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ұмтыла отырып,
      мұндай ынтымақтастықты дамыту олардың халықтарының мүдделеріне жауап беретінін сезіне отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығына жауапты министрліктерінің (ведомстволарының) басшыларынан тұратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесті (бұдан әрі - Кеңес) құрады.

2-бап

      Кеңес осы Келісімге қоса берілген және оның ажырамас бөлігі болып табылатын Кеңес туралы ереже негізінде өз қызметін жүзеге асырады.

3-бап

      Осы Келісім депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандары туралы үшінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кештеу орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.

4-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

5-бап

      Осы Келісім оның ережелерін қабылдайтын және өзіне осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді қабылдауға дайын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

6-бап

      Әрбір Тарап депозитарийге Келісімнен шыққанға дейін кемінде 6 ай бұрын мұндай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      __________ қаласында _____ жылғы ____ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасы үшін        Молдова Республикасы үшін

      Армения Республикасы үшін           Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін          Тәжікстан Республикасы үшін

      Грузия Республикасы үшін            Түркіменстан үшін

      Қазақстан Республикасы үшін         Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін            Украина үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық
және шекара маңы ынтымақтастығы 
жөніндегі кеңесі туралы келісімге
қосымша             

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ І. Жалпы ережелер

      1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңірлер мен шекара маңы аумақтарын орнықты экономикалық дамыту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің достығы мен тату көршілігін нығайту мәселелерін шешудегі көп жақты өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында құрылады. Кеңес өз қызметін ТМД Экономикалық кеңесімен, Достастықтың жарғылық және басқа да органдарының жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілетті өкілдері кеңесімен, ТМД-ның Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссиямен және ТМД-ның Атқарушы комитетімен, сондай-ақ Достастықтың басқа да органдарымен тығыз өзара іс-әрекетте жүзеге асырады.
      1.2. Кеңестің негізгі міндеттер мемлекеттік билік пен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жергілікті өзін өзі басқару органдарының өзара ынтымақтастығы тетіктерін жетілдіру мен дамыту болып табылады.
      1.3. Кеңес өз қызметінде халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, ТМД-ның негіз қалаушы құжаттарын, ТМД Үкіметтерінің басшылары Кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы тұжырымдамасын, Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығына қатысты мәселелер жөніндегі ТМД мемлекеттерінің Басшылары кеңесінің және Үкіметтерінің Басшылары кеңесінің шешімдерін басшылыққа алады.

II. Кеңестің функциялары

      Кеңес мынадай функцияларды орындайды:
      2.1. Басым бағыттарды айқындау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік басқару, жергілікті өзін өзі басқару органдарының, заңды тұлғаларының, қоғамдық ұйымдарының ұсыныстарын есепке ала отырып, Келісімге қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының тұжырымдамалық және іс жүзіндегі мәселелерін қарау.
      2.2. Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының негізгі бағыттары бойынша бірлескен әрекеттерді үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
      2.3. ТМД мемлекеттерінің Басшылары кеңесінің, Үкіметтерінің Басшылары кеңесінің және ТМД салалық ынтымақтастығы органдарының мәжілістерінде қарауға өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды дайындау.
      2.4. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі өзара қатынастарды нормативтік-құқықтық реттеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

III. Кеңестің құқығы

      Кеңестің өз функцияларын орындау үшін мыналарға:
      3.1. Белгіленген тәртіпте Ынтымақтастықтың жоғары органдарының қарауына Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі шешімдердің орындалуы туралы ақпаратты енгізу.
      3.2. Белгіленген тәртіпте Келісімге қатысушы мемлекеттерден және ТМД салалық ынтымақтастық органдарынан оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұрату.
      3.3. Қажет кезінде Кеңес алдында тұрған міндеттерді орындау үшін тұрақты немесе уақытша жұмыс топтарын құру құқығы бар.

ІV. Кеңесті қалыптастыру тәртібі

      4.1. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығына жауапты министрліктердің (ведомстволардың) басшылары немесе Келісімге қатысушы мемлекеттердің өкілетті өкілдері (әрбір мемлекеттен бір-бірден) Кеңестің мүшелері болып табылады. Кеңес мүшесі жұмысқа қатыспаған жағдайда оның өкілеттігі Кеңес хатшылығына бұл туралы алдын ала хабар жіберіле (хабарлана) отырып, министрлік (ведомство) басшысының орынбасарына беріледі.
      4.2. Кеңесте төрағалық ету бір жылдан аспайтын мерзімге орыс әліпбиі тәртібімен ауыстыру қағидаты негізінде Келісімге әрбір қатысушы мемлекеттің өкілі тұлғасында кезектестіріліп жүзеге асырылады.
      Кеңестің бұрынғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағасы болып табылады.
      Кеңес Төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.

V. Жұмысты ұйымдастыру

      5.1. Кеңес мәжілісі жылына кемінде бір рет өткізіледі. Қажеттілігіне қарай кезектен тыс мәжіліс шақыртылуы мүмкін. Егер оларда Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса мәжіліс заңды болып танылады. Кеңестің кезектен тыс мәжілісіне өзінің бастамасы бойынша немесе Кеңестің кемінде үш мүшесінің бастамасы бойынша Төраға шақырады.
      5.2. Мәжілісті өткізу орны Кеңес мүшелерінің алдын ала уағдаластығы бойынша айқындалады.
      5.3. Кеңес мәжілісіне мәжіліс дауысы құқығымен ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдары мен Атқарушы комитетінің басшылары қатысуы мүмкін.
      5.4. Кеңес шешімі бойынша оның мәжілістеріне бақылаушылар ретінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заң шығару билігі органдарының, әкімшілік-аумақтық бірлік билігінің және жергілікті өзін өзі басқару органдарының, сауда-өнеркәсіп палаталарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жүзеге асыратын халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
      5.5. Кеңестің шешімі, егер Кеңес өзгеше айқындамаса мәжіліске қатысушы оның мүшелерінің қарапайым басым дауысымен қабылданады. Кеңестің кез келген мүшесі шешім қабылдау үшін кедергі болып қаралуы тиіс емес қандай да бір мәселеге өзінің мүдделі емес екендігін мәлімдей алады. Шешіммен келіспеген Кеңес мүшелері мәжіліс хаттамасына енгізілетін айрықша пікір білдіре алады.
      5.6. Кеңестің шешімі Кеңестің төрағасы қол қоятын және Кеңестің мүшелеріне, ал қажет болған кезде ТМД органдарына жіберілетін хаттамамен ресімделеді. Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатта болады.
      5.7. Кеңес өз жұмысының регламентін бекітеді.
      5.8. Кезекті мәжіліске арналған материалдар оны өткізетін күнге дейін 30 күннен кешіктірмей Кеңес мүшелеріне жіберіледі.
      5.9. Кеңес Хатшылығының функциясын ТМД Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлімшесі орындайды.

VI. Қорытынды ережелер

      6.1. Кеңестің мәжілісін өткізу жөніндегі шығыстарды аумағында Кеңес мәжілісі өткізілетін Келісімге қатысушы мемлекет көтереді. Кеңес мүшелерінің іссапары бойынша шығыстарды жіберуші мемлекет көтереді.
      6.2. Кеңестің жұмыс істеу тілі орыс тілі болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады