Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 маусымдағы № 558 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 маусымдағы № 367 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 15.06.2017 № 367 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес құрамда Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-Миниcтрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысымен
бекітілген

Техникалық реттеу және метрология мәселелері
жөніндегі комиссия туралы
ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының, өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) техникалық реттеу және метрология жүйелерін жетілдіру;

      2) техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын анықтау;

      3) техникалық реттеу және метрология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарау жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      4. Комиссияның функциялары:

      1) мемлекеттік органдардың, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын талдауды жүзеге асыру, техникалық реттеу және метрология жүйелерін жетілдіру мәселелері жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      2) әзірлеуге ұсынылатын техникалық регламенттердің тұжырымдамаларын алдын ала қарау қорытындылары бойынша техникалық регламенттерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;

      3) салалардағы техникалық реттеу және метрология жүйелерін дамыту жөнінде ұсыныстар дайындау болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия өз құзыретінің шегінде:

      1) мемлекеттік органдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;

      2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер алу үшін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандарын қажеттілігіне қарай тартуға;

      3) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін Комиссияның отырыстарында тыңдауға;

      4) техникалық реттеу және метрология саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге құқылы.

4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және шешімдердің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызметке және Комиссия әзірлеген шешімдерге дербес жауап береді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      7. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

       8. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       9. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссия отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.

      Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       10. Дауыс беру парақтарымен қоса, Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      11. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      12. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір рет қана өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды болып саналады.

      13. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      14. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.

      15. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссияның қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысына
1-қосымша

Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі,төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, хатшы

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Техникалық реттеу жүйесіне көшуді жүзеге асыру үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысы.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 тамыздағы № 790 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 174 қаулысы.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2244 қаулысы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады