Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "300", "297", "298" деген цифрлар тиісінше "351", "347", "348" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жөніндегі істерді қарау кезінде сот тәжірибесінде туындаған мәселелерге байланысты және осы санаттағы істер бойынша заңнаманы дұрыс әрі біркелкі қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).1. Соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 345, 345-1, 346 (үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөліктер), 348, 349-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық, егер жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу адамның денсаулығына абайсызда орташа немесе ауыр зиян келтіру түріндегі салдарларға не бір немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайда ғана басталатынына назар аударсын.
ҚК-нің 346-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қандай да бір салдарлардың басталуы талап етілмейді.
ҚК-нің 346-бабының екінші бөлігі бойынша жауаптылық абайсызда бөгде көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіру, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіру түріндегі салдарлар болған кезде басталады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1-1. Адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болу фактісі ҚК-нің 345-1-бабында көзделген іс-әрекеттердің міндетті белгісі болып табылады.
Іс-әрекетті ҚК-нің 346-бабының тиісті бөлігі бойынша саралау үшін екі мән-жайдың: 1) адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болуы; 2) адамның осы іс-әрекетті жасағанға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылу фактісінің болуы анықталуға тиіс. Көрсетілген мән-жайлардың ең болмағанда біреуінің болуы іс-әрекетті ҚК-нің 346-бабы бойынша саралауды жоққа шығарады.
Ескерту. Нормативтік қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақытта 16 жасқа толған, механикалық көлік құралын жүргізген және жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға жол берген адам ҚК-нің 345, 346, 347, 348, 349, 351-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып танылатыны түсіндірілсін. Бұл адамда жүргізуші куәлігінің, сол сияқты білімінің және оны пайдалану дағдысының болуы немесе болмауы қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).3. Көлік құралын механикалық құралдарға жатқызу кезінде ҚК-нің 345-бабының және "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Жол жүрісі туралы" Заң) 1-бабының 38) тармақшасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі – Жол жүрісі қағидалары) 1-бөлімі 2-тармағының 45) тармақшасының диспозициясын негізге алған жөн, оған сәйкес қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы, оның ішінде автомобильдер, троллейбустар, трамвайлар (мопедтер мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда), тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар олар жол жүрісіне қатысқан кезде механикалық көлік құралдары болып танылады.
"Жол жүрісі туралы" Заңның 1-бабының 38) және 41) тармақшаларына және Жол жүрісі қағидаларының 1-бөлімі 2-тармағының 46) тармақшасына сәйкес, цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы – мопед механикалық көлік құралдарына жатпайды. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі.
Жолаушы, жаяу жүргінші немесе жол жүрісінің басқа қатысушысы, сондай-ақ механикалық көлік құралдарына жатпайтын көлік құралдарын басқаратын адам, егер ол жол берген жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтар абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге немесе бір не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырса, ҚК-нің 351-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылықта болады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).4. Жол қозғалысымен байланысы жоқ жұмыстарды орындау кезінде (мысалы, тиеу-түсіру жұмыстары, көлік құралдарын жөндеу және май құю, құрылыс, жол, ауыл шаруашылығы және басқа да көліктік емес жұмыстар өндірісі) көлік құралдарын жүргізетін адамдардың ҚК-нің 345, 346-баптарында көрсетілген зардаптардың орын алуына әкелген әрекеттері істің нақты мән-жайларына қарай ҚК-нің белгілі бір жұмыстарды жүргізу ережелерін, қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін не жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көздейтін тиісті баптары бойынша саралауға жатады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).5. Әскери қызметші деген мәртебесі бар адамның абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген не оның өліміне әкеліп соқтырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери, арнайы немесе көлік құралын жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзуы ҚК-нің 463, 466-баптарының тиісті бөлігі бойынша саралауға жатады.
Әскери қызметші өзге де көлік құралдарын жүргізу немесе оларды пайдалану кезінде Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін ҚК-нің 345, 346-баптарының тиісті бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. ҚК-нің 345, 345-1, 348, 349, 351-баптарының диспозицияларының бланкеттік сипатын ескере отырып, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда, айыптау актісінде (қылмыстық теріс қылық туралы хаттамада, бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда), сот үкімінде (қаулысында) кінәлі адамның жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерінің бұзылған тармағына сілтеме жасай отырып, ережені бұзған әрекеттерінің мазмұны ашылып көрсетілуі тиіс.
Орын алған қоғамдық қауіпті зардаптармен себептік байланысы жоқ жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу (мысалы, жүргізушіде жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші куәлігінің болмауы) аталған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын құрай алмайды және айыптаудан алынып тасталуға тиіс.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.7. Қоғамдық қауіпті зардап көлік құралдарын жүргізген бірнеше адамдар қатысқан жол-көлік оқиғасының салдарынан болса, онда олардың әрқайсысының жол қозғалысының нақты қандай ережелерін бұзғандығын, сонымен қатар әрқайсысының әрекеттері мен қоғамдық қауіпті зардаптардың арасындағы себептік байланысты анықтау қажет.
Осы мақсатта қайсысының әрекеті басқа жүргізушілерге қозғалыс үшін кедергі жасағанын немесе қауіп төндіргенін, соңғылары басқа көлік құралымен немесе оның жолындағы өзге де кедергімен соқтығысуды немесе оны басып кетуді болдырмаудың техникалық мүмкіндіктерінің болғандығын анықтау, сондай-ақ жүргізушінің көлік құралының қозғалысын тұрақты бақылау мүмкiндiгін қамтамасыз ететін жылдамдықты таңдауын міндеттейтін Жол қозғалысы ережелерінің 10-бөлімнің 1-тармағын сақтағандығына да назар аудару керек.
Егер жол-көлік оқиғасы кезінде туындаған зиянды зардап бірнеше адамдардың бірлескен әрекетінің салдарынан болып табылса, бірақ олардың ішінде ҚК-нің 345, 346-баптарында көрсетілген көлік құралдарын жүргізушілер ғана емес, басқалары да (мысалы, жаяу адамдар, велосипедшілер және т.б.) болса, онда көлік құралын жүргізген адамдарға ҚК-нің 345, 346-баптары қолданылады, ал басқа адамдардың заңсыз әрекеттері ҚК-нің 351-бабы бойынша саралауға жатады.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).8. Автотехникалық сараптаманы тағайындағанда сарапшылардың шешуіне құқықтық сипаттағы сұрақтар қойылмайтындығын назарға алу керек.
Автотехникалық сараптама тек арнайы техникалық мәселелерді шешеді. Оның сараптамалық зерттеу объектісі ретінде көлік құралын жүргізушінің және жол қозғалысына басқа да қатысушылардың нақты көрінген әрекеттерімен байланысты мән-жайлар да болуы мүмкін.
Сот үкім шығара отырып, сарапшыға ұсынылған, есеп айырысу жүргізілген бастапқы деректердің қайсысы нанымды деп танылғанын көрсетуге және сараптамалық қорытындыға баға беруге міндетті. Бұл ретте сарапшының қорытындысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 25-бабының екінші бөлігінің талаптарына байланысты басқа дәлелдердің алдында басымдыққа ие емес, іс бойынша зерттелген басқа да дәлелдермен талдауға, салыстыруға және жинақталып бағалауға жатады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).9. Бір адамның әр уақытта жасаған ҚК-нің 345, 346-баптарының әртүрлі бөліктерінде көзделген бірнеше әрекеті көрсетілген баптың тиісті бөлігі бойынша дербес саралануға жатады.
Егер көлік құралын жүргізген адам жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу кезінде бір мезгілде абайсызда бір немесе бірнеше адамның денсаулығына зиян келтірсе, сондай-ақ бір немесе бірнеше адамның өліміне әкелсе, онда әрекет тұтастай тиісінше аса ауыр зардаптың туындауын көздейтін ҚК-нің 345, 346-баптарының тиісті бөлігі бойынша саралануға жатады. Бұл ретте, осы әрекетпен келтірілген онша ауыр емес зардаптар айыптау актісін жасау кезінде және үкімде көрсетілуі тиіс.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).10. Егер адам кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру не бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру мақсатында көлік құралын қасақана пайдаланса, аталған әрекеттерді ҚК-нің 345, 346, 348, 351-баптары бойынша қосымша сараламай, ҚК-нің Ерекше бөлімінің жеке адамға қарсы не меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы баптары бойынша саралау керек.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. ҚК-нің 345, 346, 351-баптарында көзделген зардаптар туындаған кезде Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған және жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кеткен кінәлі жүргізушінің әрекеті ҚК-нің 345, 346, 351 және 347-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралауға жатады.
ҚК-нің 347-бабының ескертуіне сәйкес жәбірленушіге көмек көрсетуге байланысты жол-көлік оқиғасы болған жерден кеткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Адам жол-көлік оқиғасы болған жерде өз күшімен жәбірленушіге көмек көрсете алмайтын кезде полиция органдарына болған оқиға туралы хабарлау мақсатында жол-көлік оқиғасы болған жерден кеткенде де ҚК-нің 347-бабы бойынша жауапкершілік көтере алмайды.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).12. Егер автокөлік құралын ұрлаған не айдап әкеткен адам оны жүргізу кезінде ҚК-нің 345, 346-баптарында көрсетілген зардаптарға әкеп соқтырған жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға жол берсе, онда оның әрекеті тиісінше ҚК-нің 188 немесе 200-баптарында көрсетілген жағдайларда жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ істің нақты мән-жайларына байланысты – ҚК-нің 345, 346, 347-баптары бойынша саралануға жатады.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).13. ҚК-нің 348-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік, егер көлік құралдарын сапасыз жөндеу, сол сияқты көлік құралдарын көрінеу техникалық ақауларымен пайдалануға шығару осы бапта көзделген, кінәлі адам алдын ала зардабы орын алуы мүмкін екендігін білген, бірақ оны жоюға болады деп ұшқары ойлаған, не алдын алуға тиіс болса да, алдын ала білмеген зардаптармен себептік байланыста болған жағдайда ғана туындайды.
Зақымдалған көлік құралдарының және жабдықтардың пайдалануға жарамдылығын қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген технологиялық ережелер мен сапа нормативтерінен ауытқу арқылы орындау сапасыз жөндеуді білдіреді.
Көлік құралдарын техникалық ақауларымен пайдалануға шығару деп уәкілетті тұлғаның техникалық ақауы бар, жол қозғалысына немесе көлік құралын пайдалануға қауіп төндіретін (мысалы, тежегіш жүйесінің, рульмен басқарудың, дөңгелектерді бекіткіштің, бақылау аспаптарының, автоматиканың және тағы басқалардың ақаулары) көлік құралын нысанасы бойынша пайдалануға рұқсат беруін түсіну керек.
Көлік құралын жөндеуге және оларды техникалық жарамды күйінде пайдалануға шығаруға байланысты мәселелер арнайы білімді талап ететіндігін ескере отырып, істі дұрыс шешу үшін сараптамалар, соның ішінде автотехникалық сараптамаларды жүргізу қажет.
14. ҚК-нің 348-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық субъектілері ретінде ұйымдық-құқықтық және меншік нысандарына қарамастан, автомобиль және қалалық электр көлігімен жолаушыларды және жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік ұйымдарының қызметкерлерімен қатар, қолданыстағы нұсқаулықтармен, ережелермен немесе тиісті өкімдермен, не олардың айналысатын қызметтік жағдайына байланысты көлік құралдарының жөнделуі, техникалық жай-күйі мен пайдаланылуы үшін жауапкершілік жүктелген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге, не өлімге әкеп соқтырған сапасыз жөндеу жүргізген басқа да ұйымдардың қызметкерлері танылуы мүмкін.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15. Лауазымды адамның, көлік құралы меншік иесінің немесе иеленушісінің көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамды көлік құралын басқаруға жіберуі ҚК-нің 346-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Лауазымды адамның, көлік құралы меншік иесінің немесе иеленушісінің көлік құралдарын басқаруға құқығы немесе тиісті санаттағы көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруына жол беру бойынша әрекеттері, егер бұл іс-әрекет абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге не бір немесе бірнеше адамның өліміне әкеп соқса, ҚК-нің 349-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға жатады.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.16. Сот ҚК-нің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, ҚК-нің 348-бабының бірінші бөлігінде, 349-бабының бірінші бөлігінде, 351-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін, егер жасалған әрекеттің қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесін және кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, олардың белгілі бір лауазымды иелену немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығын сақтау мүмкін емес деп таныса, белгілі бір лауазымды иелену немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындауға құқылы.
Егер рақымшылық жасау актісі тек негізгі жазадан босатуды көздесе және қосымша жазаны қолдануды жоймаса, онда сот адамды ҚК-нің 345, 346-баптарында, 348-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 349-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тану кезінде кінәлі адамды негізгі жазадан босатып және оған белгілі бір лауазымды иелену немесе белгілі бір қызметпен айналысу түрінде қосымша жаза тағайындап, айыптау үкімін шығарады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).16-1. Көліктік қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жол көлік оқиғасы объектісі болып табылатын автокөлік құралы қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруына немесе құралына жатқызылуы тиіс емес екенін және осы негіз бойынша мемлекет кірісіне тәркіленуге жатпайтынын соттардың ескергені жөн.
Ескерту. Нормативтік қаулысымен 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. ҚК-нің 46-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес, ҚК-нің 345, 345-1-баптарында көзделген абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдарға мерзіміне қарамастан, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуді тағайындайды.
Соттар жазаны тағайындаған кезде ҚК-нің 346-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші, алтыншы бөліктерінде көзделген әрекеттер кінәнің екі нысанымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға жататындығын және ҚК-нің 22-бабының талаптарына сәйкес тұтастай алғанда қасақана жасалған деп танылатындығын ескергендері жөн.
Осыған байланысты, абайсызда адамның денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келтірген не қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде бір немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жағдайда (көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқаруы немесе мұндай адамға көлік құралын басқаруды беру немесе басқаруға жіберу) кінәлі адамға екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу тағайындалуға тиіс.
Сот біреулері қасақана, ал екіншілерін абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сотталғандарға, егер қасақана қылмыстық құқық бұзушылық үшін бас бостандығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалған жағдайда ғана бас бостандығынан айыруды қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуді тағайындауға құқылы.
Осы ретте, егер қасақана қылмыс үшін бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған жағдайда, сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыруды қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуді тағайындауға құқылы.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17-1. ҚК-нің 6-бабы үшінші бөлігінің талаптарына орай ҚК-нің 345-1-бабының төртінші бөлігі және 346-бабының тиісті бөліктері негізінде көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза 2020 жылғы 10 қаңтардан кейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін ғана тағайындалады. Көрсетілген уақытқа дейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза осы баптардың бұрынғы редакциядағы санкцияларында көрсетілген мерзімге тағайындалады.
Көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза сотталушының үкім шығару кезінде осындай құқығы болғанына немесе болмағанына қарамастан тағайындалады.
Ескерту. Нормативтік қаулысымен 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.18. Жол жүрісі қағидаларын және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қараған кезде, соттар материалдық және іс жүргізу заңдарының талаптарын, сондай-ақ "Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысында берілген түсіндірулерді сақтай отырып, азаматтық талап арыздардың дұрыс шешілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 931-бабының 1-тармағына сәйкес жоғары қауіптілік көздерінен келген зиянды өтеу міндеті жүктелетін көлік құралдарының иелері осы санаттағы істер бойынша азаматтық жауапкерлер ретінде тартылуы тиіс.
Бұл ретте соттар жол-көлік оқиғасының нәтижесінде өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілгенде жәбірленушінің көлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыруға байланысты сақтандыру өтеміне құқығы бар екенін ескеруі тиіс. Сондықтан АК-нің 924-бабына сәйкес жәбірленушінің сақтандыру өтемі мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырмашылықты өндіру туралы сотталушыға қойған талаптары шешілуі мүмкін.
Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген зиян сақтандыру жағдайы болып табылмаса не иесінің азаматтық жауапкершілігі міндетті сақтандыруға жатпайтын механикалық емес көлік құралын жүргізушінің кінәсінен (мысалы, мал көлігі құралы немесе велосипедпен басып кету салдарынан) келтірілсе, оны кінәлі адам азаматтық заңнамада көзделген жалпы ережелер бойынша өтейді.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).19. Моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарды қарау кезінде, соттар АК-нің 951, 952-баптарының ережелерін және "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтңк қаулысында берілген түсіндірулерді басшылыққа алуы керек. Соттар моральдық зиянды өтеу мөлшерін айқындау кезінде белгіленген өтемақы мөлшері талапкердің мәлімдеген талаптарын орынды қанағаттандыратындығы туралы қорытындыға келуге мүмкіндік беруі үшін әділдік пен жеткіліктілік қағидаттарын негізге алған жөн.
Жәбірленуші жол қозғалысына қатысушы ретінде айрықша абайсыздық танытқан кезде (мас күйде болуы, жол қозғалысы ережелерін бұзуы және т.б.), зиянды өтеу мөлшері азайтылуға немесе оны өндіруден бас тартылуға әкеп соқтыруы мүмкін.
Сақтандыру оқиғаларының туындауына байланысты моральдық зиянды үшінші тұлғаларға өтеп беру сақтандыру ұйымдарына жүктелмейді. Сақтандыру оқиғасы туындаған кезде моральдық зиянды өтеу автокөлік құралының иесіне немесе тасымалдаушыға жүктелуге тиіс.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20. Жәбірленушімен татуласуға байланысты істерді қысқарту туралы өтініш болғанда, соттар ҚК-нің 68-бабының талаптарын қатаң сақтауы және "Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысында берілген түсіндірулерді басшылыққа алуы тиіс.
Егер адамның әрекеттері ҚК-нің 345-бабының бірінші, екінші бөліктерінде және 346-бабының бірінші, екінші, үшінші бөліктерінде және 347-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын құрайтын болса, онда ҚК-нің 68-бабын қолдану туралы мәселе әрбір әрекетке қатысты жеке шешіледі.
Бұл ретте соттар ҚК-нің 68-бабының ережелері абайсызда бір немесе бірнеше адамның өліміне әкеп соққан ҚК-нің 345, 346, 348, 349, 351-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарға қолданылмайтындығын ескергендері жөн.
Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).21. ҚК-нің 345, 346, 348, 349, 351-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға айыпталған адамға қатысты қылмыстық іс қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарында көзделген негіздермен тоқтатылғаннан кейін, адам "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 62-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, оның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған жағдайларда ғана қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Материалдық және моральдық залалды өндіру мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешілуі мүмкін.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | Б. Бекназаров |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Ж. Бәйішев |