Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ паспорттарының (Laissez-Passer) иелерін визалық талаптардан босатуға қатысты келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 ақпандағы № 131 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2010 жылғы 17 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ паспорттарының (Laissez-Passer) иелерін визалық талаптардан босатуға қатысты келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ паспорттарының (Laissez-Passer) иелерін визалық талаптардан босатуға қатысты келісім
(2011 жылғы 1 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 46-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы достық қатынастарды нығайтуға деген ұмтылысты назарға ала отырып және Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының аумағына жасайтын сапарларына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) паспорттары (Laissez-Passer) 1946 жылғы 13 ақпандағы «Біріккен Ұлттардың артықшылықтары мeн иммунитеттері туралы» конвенциясына сәйкес БҰҰ лауазымды адамдарына беріледі. БҰҰ паспорты оны иеленушінің БҰҰ лауазымды адамы болып табылатынын куәландырады және ресми сапар үшін ғана, атап айтқанда, БҰҰ ақысын төлейтін немесе санкциялаған сапарларға беріледі.
      БҰҰ паспорты ұлттық паспортпен алмастырылмайды.

2-бап

      БҰҰ жарамды паспорттарының (Laissez-Passer) иелері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап 180 (бір жүз сексен) күндік кезең ішінде 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына визасыз келе алады, кете алады, бола алады және транзитпен жүре алады.

3-бап

      БҰҰ-ның жазбаша ресми сұранысы негізінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес БҰҰ-ның жарамды паспорттары (Laissez-Passer) иелерінің болу мерзімін 3 (үш) айға дейін ұзарта алады.

4-бап

      БҰҰ өкілдігінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілген БҰҰ паспорттарының (Laissez-Passer) иелері өздерімен бірге тұратын және БҰҰ-ның жарамды паспорттарын (Laissez-Passer) иеленетін отбасы мүшелері сияқты өздері тағайындалған немесе іссапар мерзіміне Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттеледі.

5-бап

      БҰҰ-ның жарамды паспорттарының (Laissez-Passer) иелері халықаралық қатынас үшін ашық Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өту пункттері арқылы келе алады немесе кете алады.

6-бап

      Егер олардың Қазақстан Республикасының аумағында болуы қолайсыз деп танылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі БҰҰ-ның жарамды паспорттары (Laissez-Passer) иелерінің болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өзіне сақтайды.

7-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде өзінің БҰҰ жарамды паспорттарының (Laissez-Passer) егжей-тегжейлі ақпаратын қоса алғанда, дипломатиялық арналар арқылы мұндай құжаттардың үлгілерін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне ұсынады.
      БҰҰ-ның жаңа паспорттары (Laissez-Passer) енгізілген немесе қолданыстағы БҰҰ паспорттары өзгертілген жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы олар қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей жоғарыда көрсетілген паспорттардың үлгілерін дипломатиялық apналap арқылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолдайды.

8-бап

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын ішінара немесе толық тоқтата тұру құқығын өзіне сақтайды.
      БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы өкілдігіне дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы мұндай шешім қабылданғанға дейін кем дегенде, 72 сағат бұрын хабарланады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының аумағында жүрген БҰҰ-ның жарамды паспорттары (Laissez-Passer) иелерінің құқықтық жағдайына әсер етпейді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекеленген хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілдігі дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің орындағаны туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптан соңғысының оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2010 жылғы 17 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, орыс  және ағылшын тілдерінде, бірдей күші бар екі түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімді түсіндіру барысында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының             Біріккен Ұлттар
            Үкіметі үшін                      Ұйымы үшін

      2010 жылғы 17 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ паспорттарының (Laissez-Passer) иелерін визалық талаптардан босатуға қатысты келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады