Тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жөнiндегi табиғи монополия субъектiсiнiң қызметi туралы жыл сайынғы есептi өткiзу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1246 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 216 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.04.2015 № 216 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).

      «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңы 7-бабының 7-3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жөнiндегi табиғи монополия субъектiсiнiң қызметi туралы жыл сайынғы есептi өткiзу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 31 қазандағы
№ 1246 қаулысымен  
бекітілген     

Тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жөнiндегi табиғи монополия субъектiсiнiң қызметi туралы жыл сайынғы есептi өткiзу қағидалары

1. Жалпы ережелер

     1. Осы Қағидалар «Табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрленген және тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жөнiндегi табиғи монополиялар субъектісінің қызметi туралы жыл сайынғы есептi өткiзу тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Осы Қағидалардың мақсаты тұтынушылар құқығын қорғау жүйесiн күшейту, тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға табиғи монополиялар субъектiлерi қызметiнiң ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Тұтынушыларға және өзге де мүдделi тұлғаларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жөнiндегi табиғи монополия субъектiсiнiң қызметi туралы жыл сайынғы есеп (бұдан әрi - жыл сайынғы есеп) тыңдау нысанында өткiзiледi.
      4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын анықтамалар мен терминдер табиғи монополиялар туралы заңнамада белгiленген мәндерде қолданылады.
      5. Жыл сайынғы есептердi өткiзу қағидаттары:
      1) жариялылық;
      2) табиғи монополия субъектiлері қызметінің ашықтығы;
      3) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмiн сақтау.
      6. Жыл сайынғы есеп бойынша алда болатын тыңдау туралы хабарландыруды Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң жергiлiктi бөлiмiне енгiзiлген табиғи монополия субъектiсi аптасына кемінде үш рет шығатын мерзiмдi баспасөз басылымында, ал Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң республикалық бөлiмiне енгiзiлген табиғи монополия субъектiсi аптасына кемінде үш рет шығатын және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын мерзiмдi баспасөз басылымында он бес жұмыс күнінен кешiктiрмей жариялайды және ол:
      1) табиғи монополия субъектiсiнiң атауы мен орналасқан жерiн;
      2) жыл сайынғы есептi өткiзу күнi мен орнын;
      3) реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) түрiн қамтуға тиiс.
      7. Табиғи монополия субъектiсi жыл сайынғы есептi өткiзгенге дейiн бiр ай бұрын уәкiлеттi органды хабардар етедi.
      8. Жыл сайынғы есеп бойынша алда болатын тыңдау туралы хабарландыру жариялағаннан кейін табиғи монополия субъектісі жыл сайынғы есепті өткізгенге дейін тұтынушылар және (немесе) өзге де мүдделі тұлғалардың жазбаша талабы бойынша осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген ақпаратты тиісті сұрату түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
      9. Табиғи монополиялар субъектісі табиғи монополия субъектiсiнің жыл сайынғы есебін тыңдауға қатысуға тілек білдіргендердің барлығының тыңдау өтетін орынға кіруін қамтамасыз етеді. Егер тыңдау рұқсаттамалық және басқа да арнайы режимі бар ғимараттарда өткізілген жағдайда, табиғи монополиялар субъектісі хабарландыруда тыңдаушылардың тізімін алдын ала қалыптастыру, оның мерзімі тыңдау өткізілгенге дейін 24 сағат бұрын аяқталатыны туралы көрсетуге міндетті. Егер есеп демалыс күнінен кейінгі жұмыс күнінде өткізілетін болса, онда есеп күннің екінші жартысында жүргізілуі керек, ал тыңдаушылар тізімін қалыптастыру жұмыс күнінің бірінші жартысында тыңдау өтетін күні сағат 12.00 дейін аяқталуы керек.

2. Жыл сайынғы есептi өткiзу тәртiбi

      10. Жыл сайынғы есептi тыңдауды табиғи монополия субъектiсi өзi белгiлеген үй-жайда өткiзедi. Табиғи монополия субъектiсi тыңдауды есептiден кейiнгi жылдың 1 мамырына дейiн өткiзедi.
      11. Жыл сайынғы есептi өткiзу үшiн табиғи монополия субъектiсi басшыларының iшiнен тыңдаудың Төрағасы тағайындалады. Тыңдаудың Төрағасы табиғи монополия субъектiсi қызметкерлерiнiң iшiнен хаттама жүргiзетiн хатшыны тағайындайды.
      12. Төраға тағайындалған уақытта тыңдауды ашуға, оның мақсатын және күн тәртiбiн жариялауға тиiс.
      13. Табиғи монополия субъектiсiнiң есебi мынадай:
      1) оның iшiнде уәкiлеттi орган бекiткен инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды атқару туралы;
      2) есептi кезеңдегi табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң негiзгi қаржы-экономикалық көрсеткiштерi туралы;
      3) есептi кезеңдегi ұсынылған реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi  (тауарлардың, жұмыстардың) көлемдерi туралы;
      4) реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушылармен жүргiзiлетін жұмыс туралы;
      5) есепті кезеңде уәкілетті орган бекіткен тарифтік сметаның әрбір бап бойынша орындалуы туралы;
      6) қызметтiң перспективасы (даму жоспарлары), оның iшiнде реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) тарифтерi туралы ақпаратты қамтуға тиiс.
      Өз сөзiнде табиғи монополия субъектiсi тұтынушыларға реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну сапасы жөнiнде егжей-тегжейлi түсiндiрме беруге тиiс.
      Тұтынушылар мен өзге де мүдделi тұлғалардың алдында есеп беретiн табиғи монополия субъектiсiнiң атынан бiрiншi басшы не бірінші басшының міндеті атқару жүктелген тұлға сөз сөйлеуге тиiс.
      14. Тыңдауға қатысушылар қаралып отырған мәселелер бойынша өздерiнiң көзқарастарын айта алады, сөз сөйлеушiлерге сұрақтар қоя алады, өздерiнiң сөздерiнде көмекшi материалдарды (плакаттарды, кестелердi және басқа да) пайдалана алады және хаттамаға жазбаша түрдегi сөзiн қоса бере алады.
      15. Тыңдауға қатысушылардың айтылған пiкiрлерi ұсынымдық сипатта болады.
      16. Тыңдауды өткiзу кезiнде тәртiп бұзған тұлғаға тыңдау Төрағасы ескерту жасайды.
      17. Тыңдаудың Төрағасы қорытынды шығарады және тыңдауды жабады.
      18. Тыңдауды өткiзу процесiнде хаттама жасалады. Хаттама осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген ақпаратты, сондай-ақ тыңдаудың басталатын және аяқталатын уақыты, сөз сөйлегендердiң аты-жөндерi туралы мәлiметтi және сөйлеген сөздерiнiң қысқаша мазмұнын қамтуға тиiс. Барлық хаттамалар нөмiрленедi және жеке папкаға тiгiледi.
      19. Тыңдау хаттамасының көшiрмесi тыңдау өткiзілгеннен кейiн үш күн iшiнде уәкiлеттi органға ұсынылады.
      20. Тыңдаудың хаттамасы тыңдау өткiзiлген күннен бастап үш жыл iшiнде тыңдауды өткiзген табиғи монополия субъектiсiнiң мұрағатында сақталуға тиiс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады