Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын
құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы
18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Ақпараттық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 33, 322-құжат; 2005 ж., № 30, 383-құжат; 2008 ж., № 38, 404-құжат; 2009 ж. № 40, 388-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы»;
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және елде бәсекеге қабілетті жаңа салаларды құру мен Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетiн неғұрлым барынша толық пайдалану мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. 2028 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - AЭA) құрылсын.»;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы «__» ______
№ __ Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2003 жылғы 18 тамыздағы
№ 1166 Жарлығымен
бекітілген
«Инновациялық технологиялар паркi»
арнайы экономикалық аймағы туралы
ереже 1. Жалпы ережелер
1. «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - АЭА) қоса берiліп отырған жоспарға сәйкес Алматы қаласының Медеу ауданы Алатау кентiнiң және Алматы облысының iргелес жатқан жерлерiнің аумағында орналасқан.
АЭА аумағы 163,02 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлiгi болып табылады.
2. АЭА мынадай мақсаттарда құрылады:
1) мынадай салаларды технологиялық дамыту:
ақпараттық технологиялар;
телекоммуникация және байланыс саласындағы технологиялар;
электроника және аспап жасау;
энергияның жаңартылған көздері, ресурсты үнемдеу және табиғатты тиімді пайдалану;
әр түрлі қолданыстағы материалдарды жасау және қолдану саласындағы технологиялар;
мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу салаларындағы технологиялар;
2) Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру;
3) тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвестициялар тарту.
3. АЭА аумағындағы қызметтің негiзгi түрлерi:
1) бизнес жоспарларды, жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеудi, құрылыс-монтаж жұмыстарын, АЭА аумағын көркейту жөнiндегi жұмыстарды қамтитын қазiргi заманғы АЭА инфрақұрылымын қалыптастыру;
2) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жоғары білікті мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
3) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған бағдарламалық қамтамасыз етуді, дерекқорларды және аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және өндіру, сондай-ақ дата-орталықтар қызметтері, онлайн-қызметтер;
4) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жаңа технологияларды құру, енгізу және жылжыту;
5) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда маркетингтік зерттеулер;
6) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жобаларды құру мен енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау;
7) мәтіндерді өңдеуге арналған машиналарды, көшіру-көбейту жабдығын, мекен-жай машиналарын, калькуляторларды, кассалық аппараттарды, таңбалау машиналарын, билет-касса машиналарын шығару, басқа да офистік машиналар мен жабдықтарды, электрондық есептеу машиналарын және ақпарат өңдеуге арналған өзге де жабдықтарды шығару;
8) электр және радио элементтерін, таратушы аппаратура, дыбыс пен бейне қабылдауға, жазуға және бейнелеуге арналған аппаратуралар шығару;
9) тұрмыстық электр құралдарын шығару;
10) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда бакалавр, магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша кадрларды даярлау;
11) индустриялық инновациялық қызметті қолдау бойынша мемлекеттік органдар бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салалардағы жобаларды бизнес-инкубациялау болып табылады.
4. Ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру талабы қызметтің мынадай түрлері:
1) бағдарламалық қамтамасыз ету, дерекқорларды және ақпараттық технологиялардың аппараттық құралдарын жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және өндіру, сондай-ақ дата-орталықтардың қызметтері, онлайн-қызметтер;
2) ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау мен енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін міндетті талап болмайды.
5. АЭА қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
АЭА аумағында акцизделетiн өнiм өндiрумен байланысты қызметке тыйым салынған.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заннамасындағыдан өзге қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2. АЭА-ны басқару
6. АЭА-ны басқару «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
7. АЭА басқармасының құрылымы мыналардан:
1) Қазақстан Республикасының Президенті төрағалық ететін Қамқоршылық кеңестен;
2) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі төрағалық ететін Басқарушы комитеттен;
3) Басқарушы компаниядан тұрады.
3. АЭА-ның аумағында салық салу
8. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледi.
4. Кедендік реттеу
9. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркiн кеден аймағының кедендiк режимi қолданылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағының бөлiгi болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрi бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады.
10. АЭА-ның аумағында кедендiк ресiмдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
11. АЭА-ны құру мақсатына қол жеткiзу үшiн қажеттi тауарлардың тiзбесi:
1) АЭА-ның аумағында жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс салу және объектiлердi пайдалануға беру үшiн қажеттi машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
2) тауарларды жеткiлiктi өңдеу өлшемдерiне сәйкес қайта өңдеуге арналған (акцизделуге жататын тауарларды қоспағанда) тауарлар;
3) осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген қызметтiң негiзгi түрлерiне сәйкес өндiрiстi қамтамасыз етуге қажеттi машиналар мен механизмдер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автокөлiктер, материалдар, тауарлар мен жартылай дайын өнiмдер;
4) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда ғылыми-зерттеу мен тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзуге және жасауға қажеттi тауарлар мен материалдар.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген тауарлардың номенклатурасын сыртқы экономикалық қызметтiң тауарлар номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;
2) тауарларды қайта өңдеу;
3) осы Ережеге сәйкес негізгі қызмет түрлеріне сай АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды пайдалану және қолдану;
4) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау;
5) құрылыс және өнеркәсіп өндірісі технологиясының талаптарын орындау жөнінде операцияларды жасауға рұқсат етіледі.
5. Шетел азаматтарының АЭА аумағында болу тәртiбi
12. АЭА аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен белгiленген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлiк құралдарының кiру, шығу, транзитi және болу тәртiбi қолданылады.
6. Қорытынды ережелер
13. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен өзгертiлуi мүмкiн.
14. АЭА-ны тарату «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі.
15. АЭА-ның осы Ережемен реттелмеген қызметi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2003 жылғы 18 тамыздағы
№ 1166 Жарлығымен бекітілген
«Ақпараттық технологиялар паркі»
арнайы экономикалық аймағы
туралы ережеге қосымша