Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2011 жылғы 27 маусымда Париж қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 118 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
екі ел арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды нығайтуға өзінің бел байлағанын растай отырып,
осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық жүзеге асырылатын кейбір салаларға Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасында жасалған келісімдер қолданылатынын мойындай отырып,
атап айтқанда, 2006 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (Еуроатом) арасындағы Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі – «Қазақстан-Еуроатом келісімі» деп аталатын) шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасында орнаған қатынастарды ескере отырып,
1999 жылғы 19 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы Ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің желісі бойынша жүзеге асырылатын қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ескере отырып,
2002 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық арасындағы Басқарылатын ядролық синтез саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ескере отырып,
екі мемлекеттің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мен нығайту мүддесіне ұмтыла отырып,
Тараптардың, атап айтқанда, 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан (бұдан әрі «ЯҚТШ» деп аталатын), сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің 1540 және 1810-қарарларынан туындаған құқықтары мен міндеттерін ескере отырып,
өзінің ЯҚТШ-тың мақсаттары мен ережелерін ұстанатындығын және ЯҚТШ-тың халықаралық деңгейдегі ережелерінің орындалуын және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту ниетін растай отырып,
екі мемлекеттің Ядролық жеткізушілер тобына (бұдан әрі «ЯЖТ» деп аталатын) қатысуын ескере отырып,
Тараптардың әрқайсысы үшін энергетикалық ресурстарды сенімді жеткізу кепілділігінің маңыздылығын атап көрсете отырып,
1978 жылғы 20 және 27 шілдедегі Франция, Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастық (бұдан әрі «Еуроатом» деп аталатын) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (бұдан әрі «МАГАТЭ» деп аталатын) арасындағы Францияда кепілдіктерді қолдану туралы келісімді және 1998 жылғы 22 қыркүйектегі Франция, Еуроатом және МАГАТЭ арасындағы оған Қосымша хаттаманы ескере отырып,
1994 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы ЯҚТШ-пен байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімді және 2004 жылғы 6 ақпандағы оған Қосымша хаттаманы ескере отырып,
МАГАТЭ-нің кепілдіктері жүйесіне өз қолдауымызды, кепілдіктер жүйесін тұрақты жетілдіру және оның тиімділігін қолдау мақсатында бірге жұмыс істеу ниетімізді растай отырып,
сондай-ақ Тараптардың, 1994 жылғы 17 маусымдағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конвенцияда, 1980 жылғы 3 наурыздағы Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияда және оған енгізілген түзетулерде, 1997 жылғы 29 қыркүйектегі Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияда, 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария туралы жедел хабарлау туралы Конвенцияда, 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияда, 1960 жылғы 29 шілдедегі Атом энергиясы саласындағы азаматтық жауапкершілік туралы Париж конвенциясында және оған түзетулерде немесе 1997 жылғы 12 қыркүйектегі түзетулерімен 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясында көзделген қағидаттарды сақтау кезінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды сенімді дамыту үшін оларға байланысты барлық қажетті шараларды қабылдауға деген табандылығын ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
І бап
1. Тараптар атом энергиясын, қандай да ядролық жарылғыш құрылғы жасауды болдырмайтын, бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты, олардың ядролық саясатының негізінде жататын қағидаттарды сақтай отырып және осы Келісімнің ережелеріне, Қазақстан-Еуроатом келісімінің тиісті ережелеріне, сондай-ақ олардың мемлекеттері тараптары болып табылатын ядролық қаруды таратпау саласындағы тиісті халықаралық шарттардың, келісімдер мен міндеттемелердің ережелеріне сәйкес дамытады.
2. Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастықтың құзыретіне жататын салалар үшін Францияға қатысты бұл ынтымақтастық, Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қоғамдастықты құру туралы шарттың ережелеріне (бұдан әрі - «Еуроатом Шарты» деп аталатын), сондай-ақ осы Шарттан туындайтын заңды қағидаларға сәйкес даму үстінде.
3. Осы баптың 1-тармағында айтылған ынтымақтастық Қазақстан-Еуроатом Келісімінің 3-бабындағы ережелер үшін залалсыз мына салаларға қолданылуы мүмкін:
- уран кен орындарын іздестіру, барлау және пайдалану;
- атом станциялары үшін ядролық отын өндіру;
- энергияны шығару үшін атом энергиясын қолдану;
- атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында – зерттеу реакторларындағы жұмысқа бұл техникалық жағынан жүзеге асырылатын 235-уран изотопы бойынша 20%-ға және одан да жоғары байытылған уранды пайдалануды талап етпейтін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер;
- қазіргі уақытта жоғары байытылған уран пайдаланылатын реакторларда конверсияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төмен байытылған уранның базасында отын әзірлеу жөніндегі жұмыстар;
- атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мамандарды даярлау;
- атом энергиясын агрономияда, биологияда, медицинада, өнеркәсіпте, Жер туралы ғылыми зерттеулерде қолдану;
- пайдаланылған ядролық отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі;
- ядролық және физикалық ядролық қауіпсіздік;
- радиациялық қорғау, қоршаған ортаны қорғау, халықтың денсаулығын қорғау;
- радиациялық немесе ядролық аварияларға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел ден қою;
- атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамалық және нормативтік базаны әзірлеу;
- қоғамдық пікірмен жұмыс істеу;
- атом энергиясын Тараптардың екі жақты келісімі бойынша бейбіт мақсатта пайдаланудағы ынтымақтастығының басқа да салалары.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарындағы ережелерге сәйкес ынтымақтастық мына нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
- ғылыми-техникалық мамандардың тағылымдамадан өтуі және олармен алмасу;
- осы Келісімнің V бабында айқындалған шарттарға сәйкес ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу;
- ғылыми-техникалық конференциялар мен симпозиумдарды ұйымдастыру;
- ядролық емес арнайы материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтарды, қондырғыларды, технологияларды жеткізу және қызметтер көрсету;
- бірлескен кәсіпорындар құру;
- Тараптардың екі жақты келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары.
ІІ бап
Осы Келісімдегі барлық терминдер мен сөйлемдердің осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшада айқындалған мағынасы болады.
ІІІ бап
Осы келісімнің І бабында аталған ережелерді сақтаған кезде, ынтымақтастықты іске асыру шарттары әрбір нақты жағдайда:
- Тараптар немесе олар көрсеткен тиісті ұйымдар арасындағы, атап айтқанда, бағдарламалар мен ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік алмасу шарттары анықталатын жеке шарттарда;
- тиісті ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелер арасында өнеркәсіптік жобаларды іске асыру, сондай-ақ қызметтерді ұсыну, арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтарды, қондырғыларды немесе технологияларды жеткізу мақсатында жасалатын келісімшарттарда анықталады.
ІV бап
Тараптар, осы Келісімді, сондай-ақ осы Келісімнің ІІІ бабында аталған жеке шарттар мен келісімшарттарды тиісінше орындау үшін қажетті, олардың құзыретіне жататын әкімшілік, салық және кедендік шараларды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
V бап
Тараптар, осы Келісімнің шеңберінде беруші Тарап құпия деп санайтын техникалық деректер мен ақпараттың құпия сипатының сақталуына кепілдік береді және сақтайды. Тараптар бір бірімен алмасатын техникалық деректер мен ақпаратты, аталған техникалық деректерді немесе ақпаратты беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімін алмайынша, мемлекеттік немесе жеке үшінші тұлғаға бере алмайды.
Құпия ақпаратпен алмасу 2008 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің ережелері негізінде жүзеге асырылады.
VI бап
Тараптар Еуроатом Шарты мен Қазақстан-Еуроатом Келісімінің тиісті ережелерін сақтаған кезде, отынды мүмкіндігінше үздіксіз жеткізілуіне және отын циклы саласындағы қызметтерді ұсынуға жәрдемдеседі, бұл осы Келісімнің шеңберінде әзірленетін және жеткізілетін қондырғылардың жұмыс істеуі үшін қажет.
VII бап
Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында МАГАТЭ ұсынғаннан төмен емес деңгейде ядролық және физикалық ядролық қауіпсіздіктің қажетті және жеткілікті деңгейін қамтамасыз етеді және атап айтқанда, 1994 жылғы 17 маусымдағы Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияның ережелерін есепке алады.
VIII бап
Осы Келісім бойынша ынтымақтастық шеңберінде алынған зияткерлік меншікке құқықтар әрбір жеке жағдай бойынша, осы Келісімнің ІІІ бабында аталған жеке шарттар мен келісімшарттардың негізінде, сондай-ақ аталған Келісімге жататын бөлігінде, Қазақстан-Еуроатом Келісімінің тиісті ережелері сақталған кезде анықталады.
IX бап
1. Тараптар, осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты тиімді жүзеге асыру мақсатында қажетті мерзімде, өз мемлекеттерінің заңнамасында атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық жауапкершілік режимін көпшілік таныған халықаралық қағидаттарға сәйкес белгілеу үшін (атап айтқанда, пайдаланушы ұйымның сақтандыруымен немесе қажет болған кезде пайдаланушы ұйым мемлекеті толықтыратын қаржы кепілдіктерімен өтелетін объективті және ерекше жауапкершілік принциптеріне сәйкес) осы Келісім бойынша жүзеге асырылатын ынтымақтастыққа қатысты қондырғыларға қолданылатын тиісті шараларды қабылдайды.
2. Тараптар қажет болған жағдайда атом энергиясын пайдалану саласындағы, оның ішінде қондырғыларға тиесілі немесе осы Келісім бойынша ынтымақтастық жүргізіліп жатқан объектілердегі заттарға келтірілген залал үшін азаматтық жауапкершілікке жататын мәселелерді жеке келісім арқылы қарайды.
Х бап
Тараптар, осы Келісімнің ІІІ бабында аталған және осы Келісімнің шеңберінде жасалған жеке шарттар немесе келісімшарттар негізінде берілетін арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтарды, қондырғылар мен технологияларды, сондай-ақ жанама өнім түрінде өндірілген немесе шығарылған ядролық материалдарды тек бейбіт мақсатта пайдалануды және олар қандай да болмасын ядролық жарылғыш құрылғыларға байланысты немесе ондай құрылғаларға қатысы бар зерттеу және әзірлеу мақсатында пайдаланылмайтынын қамтамасыз етеді.
ХІ бап
Тараптар арасында ядролық материалдарды беру Қазақстан-Еуратом Келісімінің тиісті ережелері сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
Егер Француз Республикасынан Қазақстан Республикасына осындай беру жүзеге асырылса, аталған материалдар Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы 1994 жылғы 26 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдікті қолдану туралы Келісімнің және 2004 жылғы 6 ақпандағы оған қосымша хаттаманың ережелеріне жатады.
Егер Қазақстан Республикасынан Француз Республикасына мұндай беру жүзеге асырылса, материалдар Француз Республикасы, Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық және МАГАТЭ арасындағы Францияның Кепілдіктерді қолдану туралы 1978 жылғы 20 және 27 шілдедегі келісімнің және оған 1998 жылғы 22 қыркүйектегі қосымша хаттаманың ережелеріне жатқызылады.
Француз Республикасына қатысты, Еуратом Шартының VII тарауын орындау үшін аталған материалдар, Еуропалық комиссия тарапынан да қауіпсіздік бойынша бақылауға жатады.
ХІІ бап
Егер, осы Келісімнің ХІ бабында аталған МАГАТЭ кепілдіктері осы немесе басқа Тарап мемлекетінің аумағында қолданылмаса, Тараптар Қазақстан-Еуратом Келісімінің VII бабы 6-тармағының с) тармақшасының ережелерін қолданады. Осы Келісімнің шеңберінде тапсырылған немесе алынған ядролық материалдарды, сондай-ақ ядролық материалдардың, олардан қосалқы өнім түрінде өндірілген немесе шығарылған барлық келесі буынын қысқа мерзімде өзара келісілген кепілдік жүйесіне кіргізу үшін бір бірімен дереу байланысуға міндеттенеді, сонымен бірге осындай жүйенің тиімділігі және оның қамтылуы осындай ядролық материалдарға бұрын МАГАТЭ тарапынан қолданылған жүйеге балама болуға тиіс.
ХІІІ бап
Осы Келісімнің Х бабында жоғарыда аталған арнайы ядролық емес материалдар, ядролық материалдар, жабдықтар, қондырғылар мен технологиялар:
а) олар, осы Келісімнің ХV бабындағы ережелерге сәйкес Алушы-Тараптың заңды құзыреті шегінен тыс алғашқы немесе қайта тапсырылмайынша; немесе
b) Тараптар, осы Келісімнің ережелері аталған арнайы ядролық емес материалдарға, ядролық материалдарға, жабдықтарға, қондырғылар мен технологияларға бұдан былай қолданылмайды деп уағдаласқанға дейін; немесе
с) ядролық материалдарға қатысты, олар, осы Келісімнің ХІ бабында ескертілген кепілдіктер қолданылатын, оларды кез келген бір ядролық қызмет үшін пайдалануға рұқсат етілетін қандай да бір нысанға қайта өңдеу мақсатында шығарылуы бұдан әрі мүмкін еместігін МАГАТЭ кепілдіктері жүйесіне сәйкес белгіленбегенге дейін осы Келісім ережелерінің іс-әрекетіне жатады.
ХІV бап
1. Әрбір Тарап, осы Келісімнің Х бабында аталған арнайы ядролық емес материалдар, ядролық материалдар, жабдықтар, қондырғылар мен технологиялар олардың мемлекеттерінің заңды құзырына жататын тиісті түрдегі уәкілетті тұлғалардың иелігінде ғана болатынына міндетті.
2. Әрбір Тарап, осы Келісімде аталған ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтарды, қондырғылар мен технологияларды нақты қорғау бойынша барабар шараларын, өзі соның тарабы болып табылатын өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелерге, атап айтқанда, ядролық материалды нақты қорғау туралы Конвенцияның ережелеріне және оған жасалған түзетулерге сәйкес өз мемлекетінің аумағында немесе өз аумағынан, жауапкершілікті басқа Тараптың мемлекеті немесе үшінші мемлекет өзіне жауапкершілікті алған жерге дейінгі тыс жерде қолдануды қамтамасыз етеді.
3. Физикалық қорғаудың деңгейі, кем дегенде, ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі Конвенцияның 1-қосымшасында анықталған деңгейге сәйкес келуге тиіс. Әрбір Тарап, қажет болған жағдайда, ұлттық заңнаманың қолданыстағы талаптарына және атом энергиясын пайдалану саласындағы нормаларына сәйкес өз мемлекетінің аумағында өте қатаң физикалық қорғау өлшемдерін қолдану құқығын өзіне қалдырады.
4. Физикалық қорғау шараларын практикада қолдану үшін жауапкершілік Тараптардың әрқайсысына өз мемлекетінің заңды құзыры шегінде жүктеледі.
Тараптар көрсетілген шараларды жүзеге асыру кезінде INRCIRC 225/Rev.4 МАГАТЭ (1999 жылғы маусым) құжатының ұсынымдарын басшылыққа алады.
Егер екі Тарап қандай да бір өзгерістерді немесе ұсынымдарды өздерінің қабылдайтыны туралы жазбаша нысанда бірін бірі өзара хабардар еткен жағдайда ғана физикалық қорғауға қатысты МАГАТЭ ұсынымдарына кейінгі өзгерістер немесе осы саладағы басқа да ұсынымдар осы Келісімнің шеңберінде қолданылады.
ХV бап
1. Егер Тараптардың бірі осы Келісімнің Х бабында аталған арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықты, қондырғыларды немесе технологияларды өз мемлекетінің заңды құзыры шегінен тыс кері экспорттауға немесе осы Келісімінің Х бабында аталған, бастапқыда берілген жабдықтың немесе қондырғылардың негізінде әзірленген немесе осы Келісім бойынша берілген жабдықты, қондырғыларды немесе технологияларды пайдалана отырып алынған арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықты, қондырғыларды немесе технологияларды үшінші Тарапқа беруге ниет білдірсе, онда бұл Тарап оларды бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты осындай үшінші тараптың қандай да бір ядролық жарылғыш құрылғы жасауды болдырмайтын осы Келісімде көзделген кепілдіктерге ұқсас кепілдігін алдын ала алуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес қондырғыларды, жабдықты немесе технологияларды кері экспорттауды немесе беруді жүзеге асыруға ниеттенген Тарап:
а) Қосымшада айқындалғандай түрде осы Келісім шеңберінде жеткізілген жабдықты, қондырғыларды немесе технологияларды кері экспорттаудың әрбір жағдайы бойынша;
b) жабдық немесе қондырғылар көшірмесін, сондай-ақ олардың осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында аталған жабдықты, қондырғыларды немесе технологияларды пайдалана отырып әзірленген кез келген түрлендірілуін экспорттаудың әрбір жағдайы бойынша оларды берген Тараптың осындай кері экспорттауға немесе беруге жазбаша келісімін алдын ала алуға тиіс.
Ядролық материалдарды беру мен кері экспорттау Қазақстан-Еуратом келісімінің тиісті ережелерімен реттеледі.
3. Еуропалық Одақ шегінде тауарлар мен бұйымдарды беру және кері экспорттау 2009 жылғы 5 мамырдағы Еуроодақ Кеңесінің бүкіл Еуропалық Одақ үшін қосарлы мақсаттағы заттар саласындағы экспорттауды, беруді, сауда делдалдығын және транзитті бақылаудың бірыңғай режимін белгілейтін СЕ 428/2009 регламентациясының ережелері үшін нұқсан келтірмей, 1957 жылғы 25 наурыздағы Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық құру туралы шарттың ІХ Тарауының бірыңғай ядролық нарыққа жататын ережелернің аясына түседі.
ХVІ бап
Осы Келісімнің ережелерінің ешқайсысын оған қол қойылған күні бір немесе екінші Тарап мемлекетінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға және, атап айтқанда, француздық Тарапқа қолданылатындай, оның атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Одаққа және Еуропалық қоғамдастыққа тиесілілігіне қатысты басқа халықаралық шарттарға қатысуынан туындайтын құқықтары мен міндеттемелері қайшы келеді деп түсіндіруге болмайды.
Осы Келісімнің ережелерін қолдану мен Қазақстан–Еуроатом келісімі ережелерінің арасында қайшылық болған жағдайда, соңғысының тиісті ережелері осы Келісімнің ережелерінен үстем болады.
ХVІІ бап
Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін бір ай мерзімде осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастықтың барлық нысандарына мониторингті жүзеге асыруға уәкілетті бірлескен комитет құрады. Комитеттің өкілеттігін, құқықтарын, міндеттемелерін, құрылымын, құрамын және жұмыс тәртібін Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын сақтау шартымен Тараптар тағайындаған ұйымдар бірлесіп айқындайды.
ХVІІІ бап
Тараптардың кез келгенінің сұратуы бойынша Тараптар осы Келісімнің орындалуын немесе осыған қатысты мәселелерді қарау үшін келіссөздер мен консультациялар өткізеді.
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындаған кез келген даулар Тараптардың келіссөздері немесе консультациялары арқылы шешіледі.
ХІХ бап
Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің ХХ бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
ХХ бап
1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаларының соңғысы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім жиырма жыл мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы кез келген сәтте басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда, осы Келісім тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
Осы Келісім күшіне енген күннен бастап жиырма жыл өткен соң ол Тараптардың бірі алдыңғы абзацта жазылған тәртіпке сәйкес оның қолданысын тоқтатқанша, күшінде қала береді.
3. Осы Келісімнің қолданылуы осы баптың 2-тармағында жазылған тәртіпке сәйкес тоқтатылған жағдайда:
- осы Келісімнің тиісті ережелері осы Келісімнің ІІІ бабының негізінде қол қойылатын, күшінде қала беретін жеке шарттар мен келісімшарттарға қолданылуын жалғастырады;
- V, VIII, IX, X, XІ, XII, XIII, XIV және XV баптардың ережелері осы Келісімнің шеңберінде берілген, X бапта аталған арнайы ядролық емес материалдарға, ядролық материалдарға, жабдыққа, қондырғыларға және технологияларға, сондай-ақ жанама өнімдер ретінде өндірілген немесе алынған ядролық материалдарға қолданыла беретін болады.
_________ "____" __________ ___________ ___________ әрқайсысы қазақ, орыс және француз тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме дәл болып табылады және олардың бірдей күші бар.
Қазақстан Француз
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін