"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 533 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 977 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.09.2013 № 977 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің ашылу, жұмыс істеу және жабылу қағидалары»;
      2), 3) және 4) тармақшалар алынып тасталсын;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және ұйымдастыру ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2012 жылғы 26 сәуірдегі
№ 533 қаулысына  
қосымша      

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1240 қаулысымен   
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу
пункттерiнiң ашылу, жұмыс істеу және жабылу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнiң ашылу, жұмыс істеу және жабылу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнiң (бұдан әрi – өткiзу пункттерi) ашылу, жұмыс істеу және жабылу тәртiбiн айқындайды.
      2. Өткiзу пункттерi Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен халықаралық қатынастарын қамтамасыз етуге арналған.
      3. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 қаңтардағы Заңына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы темір жол, автомобиль, теңіз, әуе және өзге де қатынастардың өту орындарындағы өткiзу пункттерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Өткiзу пунктi тиiстi технологиялық жабдығы бар ғимараттар, үй-жайлар және құрылыстар кешенiн қамтиды, бұларда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында бақылауды жүзеге асыратын кеден органдарының және басқа да органдардың бақылау-өткізу пункттерi құрылады.
      4. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өтуінің, ол арқылы көлiк құралдарын, жүктердi, тауарларды, жануарларды, өсiмдiк өнiмiн және өзге де мүлiктi (бұдан әрi - көлiк құралдары мен жүктер) өткізудің белгiленген тәртібiн сақтауды қамтамасыз ету үшiн өткiзу пункттерiнде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодекстерінде, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы, «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі, «Өсімдіктерді қорғау туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі, «Автомобиль көлiгi туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі заңдарында белгiленген тәртiппен шекаралық, кедендiк, санитариялық-карантиндiк, ветеринариялық-санитариялық, көлiктiк және мемлекеттік фитосанитариялық бақылау жүзеге асырылады.
      5. Өткiзу пункттерiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген бақылаудың басқа түрлерiн ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шекарадан өтетiн көлiк құралдарына, жүктерге және жолаушыларға қызмет көрсетумен байланысты емес шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыруына жол берiлмейдi.
      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткiзу пункттерi былайша сыныпталады:
      1) халықаралық қатынастар түрi бойынша: автомобиль (автожол), темiр жол, теңiз, өзен (көл), әуе, жаяу жүргiншi, аралас;
      2) халықаралық қатынастар сипаты бойынша: жүк, жолаушылар, жүк-жолаушылар;
      3) жұмыс істеу тәртiбi бойынша: тұрақты (тұрақты негізде жұмыс істейтін, маусымдық, тұрақты емес негізде жұмыс істейтін) және уақытша;
      4) мәртебесі бойынша: көпжақты (халықаралық) және екіжақты (мемлекетаралық);
      5) жұмыс режим бойынша: күндізгі, тәулік бойғы.
      7. Өткiзу пункттерi:
      1) азаматтығына (бодандығына) қарамастан жеке тұлғалардың және үшiншi елдердiң аумағында тiркелген көлiк құралдарының мемлекеттiк шекарадан өтуi үшiн көпжақты;
      2) шекарадан Қазақстан Республикасының және шекаралас мемлекеттiң азаматтары мен көлiк құралдарының ғана өтуi үшiн екiжақты болуы мүмкiн.
      8. Өткізу пункттерінің, олардың халықаралық қатынастағы түрі мен сипаты, жұмыс істеу тәртібі, жұмыс мәртебесі мен режимі бойынша сыныпталуы көрсетілген өткізу пункттерін ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері ресми баспасөзде жариялануға жатады және оларды «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердiң дипломатиялық (консулдық) өкiлдiктерiнің және мүдделi халықаралық ұйымдардың, Қазақстан Республикасының шетелдегi дипломатиялық және консулдық өкiлдiктерiнің назарына жеткiзедi.

2. Өткiзу пункттерiнің ашылу тәртiбi

      9. Өткiзу пунктiн орнатудың орындылығын айқындау үшiн мүдделi мемлекеттiк орган (бұдан әрi – бастамашы) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген белгіленген бақылау түрлерін жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау органдары) мынадай материалдарды:
      1) өткiзу пунктiн орнатудың орындылығын, жоспарланатын өткiзу қабiлетiн және ашылу мерзiмiн, құрылысқа (қайта жаңартуға) кететiн шығындардың есептемесiн, жабдықты, техникалық жарақтауды, көлiк, инженерлiк және әлеуметтiк-тұрмыстық инфрақұрылымды құру мен дамытуды, сондай-ақ қаржыландыру көздерiн көрсете отырып, оны орнату туралы қолдаухатты;
      2) жергiлiктi (облыстық) атқарушы органның өз аумағында өткiзу пунктiн орнатуға келiсiмiн (егер ол бастамашы болып табылмаған жағдайда) жiбередi.
      Мемлекеттiк бақылау органдары өздеріне ұсынылған материалдарды қарайды және олар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бастамашыға өз қорытындысын жiбередi.
      Бастамашы Кеден одағының сыртқы шекарасында автомобильдік өткізу пунктін орнату бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетіне, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автомобильдік өткізу пункті бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, ал темiр жол, әуе және теңiз (өзен) өткізу пункттерін орнату бойынша Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiне жоғарыда көрсетілген материалдар мен мемлекеттiк бақылау органдарының қорытындыларын жiбередi.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi өткізу пунктін орнату мәселесін шектес мемлекетпен келiседi, одан кейiн Кеден одағының сыртқы шекарасында автомобильдік өткізу пункті бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автомобильдік өткізу пунктін орнату бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ал Мемлекеттік шекара арқылы темiр жол, әуе және теңiз (өзен) өткiзу пунктiн орнату бойынша Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi тиiстi келiсiм жобасын дайындайды.
      10. Шекаралас мемлекетпен Келісімге қол қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Кеден одағының сыртқы шекараларында автомобильдік өткізу пунктін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автомобильдік өткізу пунктін, ал Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi темiр жол, әуе және теңiз (өзен) өткізу пунктін орнату туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкiметiне мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген, халықаралық қатынас түрі мен сипаты, жұмыс істеу тәртібі, мәртебесі және жұмыс режимі бойынша олардың сыныпталуын көрсете отырып, өткізу пунктін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының жобасын ұсынады.
      11. Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пунктiн орнату туралы  Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдаған шешім объектiлердi жобалауға, салуға (қайта жаңартуға), жайластыруға және өткiзу пунктiн техникалық жарақтандыруға қаржыландыруды ашу, көлiк, инженерлiк және әлеуметтiк-тұрмыстық инфрақұрылым құру және дамыту үшiн, сондай-ақ онда бақылау органдарының бөлімшелерін құру үшiн негiздеме болып табылады.

3. Өткiзу пункттерiнiң жұмыс істеу тәртібi

      12. Кеден одағының сыртқы шекарасында автомобильдік өткiзу пунктiн орнату туралы Үкiметтің шешiмi қабылдағаннан кейiн Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автомобильдік өткізу пунктін орнату бойынша – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ал темiр жол, әуе және теңiз (өзен) өткізу пункттерін орнату бойынша – Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi өткiзу пунктiн жобалау, салу (қайта құру), жабдықтау және техникалық жарақтандыру жөнiнде тапсырыс берушiнiң функциясын атқарады.
      13. Тапсырыс берушi мүдделi мемлекеттiк органдар ұсыныстарының негiзiнде «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өткiзу пунктiн жобалауды және салуды, сондай-ақ өткiзу пунктiн салу (қайта құру) аяқталғаннан кейін аяқталған объектiнi қабылдауды қамтамасыз етедi.
      14. Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiн жабдықтау және ұстау теңгерiмiнде осы өткiзу пунктi болатын мемлекеттiк органға жүктеледi.
      15. Өткiзу пунктiнiң жалпы жұмыс тәртiбi (жұмыстың басталу және аяқталу уақыты, технологиялық үзiлiстерi, кестелерi, Мемлекеттiк шекара арқылы жүретiн көлiк құралдары мен жүктердiң қозғалыс кестелерi) халықаралық келiсiммен немесе көлiк ұйымдары әкiмшiлiгiмен (әуежайдың, теңiз немесе өзен порттарының, шекаралық темiр жол вокзалының, станциялардың және өзге де көлiк кәсiпорындарының бастықтарымен) келiсiм бойынша бақылау органдары басшыларының бiрлескен шешiмiмен бекiтiледi.
      Өткiзу пунктiнiң жалпы жұмыс тәртiбi шекаралас мемлекеттердiң шекара өкiлдерiмен келiсiледi.
      16. «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес бажсыз сауда дүкендерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде қызмет көрсету саласының объектiлерiн орналастыруға рұқсат етілмейді.
      17. Нақты өткiзу пункттерiнiң жергiлiктi жағдайларын ескере отырып, бақылау органдары басшыларының бiрлескен шешiмдерiмен және көлiк ұйымдары әкiмшiлiктерiнiң келісімі бойынша өткiзу пунктiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы жеке тұлғаларды, көлiк құралдары мен жүктердi өткiзудiң бiрлескен технологиялық схемалары қолданысқа енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының адамдар, көлiк құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өтетiн кезде оларды өткiзу пункттерiнде бақылауды жүргiзген кезде өзара іс-қимыл тәртiбi мемлекеттік бақылаушы органдардың бірлескен актісімен айқындалады.
      18. Бақылау органдары мен көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi өткiзу пункттерiнде өздерiнiң қызметiн мынадай негiзгi бағыттар бойынша үйлестiредi:
      1) өткiзу пунктiнде қалыптасқан жағдайды бiрлесiп талдау, жолаушы және жүк ағындарының өзгеруі бойынша үрдiстердi, жеке тұлғалардың Мемлекеттiк шекарадан өту және шекара арқылы көлiк құралдары мен жүктердi өткiзу ережелерiн ықтимал бұзушылықтарды болжау;
      2) өткiзу пунктiнiң жұмысын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және iске асыру;
      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өтудiң бiрлескен технологиялық схемалары мен өзара iс-қимыл жоспарларын әзiрлеу және бекiту.

4. Өткiзу пунктiнің жабылу тәртібі

      19. Өткiзу пунктi уақытша немесе толық жабылуы мүмкiн.
      20. Өткiзу пунктiн уақытша жабу мынадай:
      1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша төтенше жағдайлар, дүлей апаттар, техногендiк сипаттағы ахуалдар, адамдардың карантиндік және аса қауіпті инфекциялық ауруларының және/немесе Халықаралық эпизоотикалық бюро тізіміне енгізілген жануарлар ауруларының, карантиндік зиянкестердің, өсімдік ауруларының немесе арамшөптердің таралу қаупі жағдайында және көлiк қатынасын жүзеге асыруға немесе бақылау органдарының жұмыс iстеуiне мүмкiндiк бермейтiн басқа да жағдайларда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайларда;
      2) өткізу пунктін салу (қайта жаңарту) көрсетілген өткізу пунктінде мемлекеттік бақылауды жүргізуге кедергі келтірген жағдайда жүргізіледі.
      Қажеттi жағдайларда (Мемлекеттiк шекараны бұзушыларды iздеген, өткiзу пунктi ауданындағы криминогендiк ахуал шиеленiскен жағдайларда, санитариялық-эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда және ел аумағына жұқпалы және паразиттiк аурулардың әкелінуін болдырмау мақсатында) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасымен, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттiк санитариялық дәрiгерiмен келiсiм бойынша Шекара қызметi директорының шешiмiмен Қазақстан Республикасының шекара өкiлдерi шекаралас тараптың өкiлдерiн хабардар ете отырып, нақты өткiзу пунктiнiң жұмысына уақытша шектеулер енгiзiлуi мүмкiн.
      21. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртiппен өткiзу пунктiн уақытша жабу туралы шешiмдi қабылдау немесе бұзу туралы Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерге, ал қажет болған жағдайда – басқа да мүдделi мемлекеттерге дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.
      22. Уақытша жабылатын өткiзу пунктiнiң жұмысы қайта басталғанға дейiн бақылау органдарының құрылымдық бөлiмшелерi таратылуға жатпайды және өздері бағынатын тиiстi басшылардың шешiмi бойынша қызметті жүзеге асырады.
      23. Мынадай:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы көлiк қатынасын тоқтату туралы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшiне енуi;
      2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиiстi халықаралық шартқа өзгерiстер енгiзу не өткiзу пунктiнiң одан әрi жұмыс iстеуiнiң орынсыздығы немесе мүмкiн болмайтындығы туралы Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарының, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының одан шығуы;
      3) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиiстi халықаралық шарттан қатысушы мемлекеттiң шығуы негізінде өткiзу пунктi толығымен жабылуы мүмкін.
      24. Өткiзу пунктiн толық жабу кезiнде жабудың бастамашысы өткiзу пунктiн жабу туралы барлық мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiлген қорытынды дайындайды және оны Үкiметтiң қарауына енгiзедi.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткізу пунктін жабу туралы шешімі өткізу пунктінің қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады