Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 839 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1063 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1063 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 525 бұйрығын қараңыз.


      «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 8-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2012 жылғы 26 наурыздағы
№ 839 қаулысымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану)
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бірлесіп орындаушы – орындаушымен шарт (келісімшарт) бойынша жобаны іске асыру үшін тауарлар жеткізуді (жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді) жүзеге асыратын тұлға;
      2) жобаның бастамашысы – ғарыш қызметі саласындағы жобаға (бұдан әрі – жоба) бастамашы болуға шешім қабылдайтын жеке немесе заңды тұлға (Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, өзге де мемлекеттік мекемелер, Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік және халықаралық ұйымдар);
      3) орындаушы – ғарыш қызметі саласындағы жобаны әзірлеуді және іске асыруды басқаруға, оның ішінде ғарыш объектілері мен жерүсті ғарыш инфрақұрылымының объектілерін құру және пайдалану жөніндегі қажетті құжаттаманы әзірлеуге жауапты тұлға;
      4) тапсырыс беруші – оның мүддесінде ғарыш жүйесі немесе оның құрамдас бөліктері егер олар нақты ғарыш жүйесінен бөлек жасалатын болса, құрылатын және ғарыш жүйесін құруға техникалық тапсырманы бекіткен ұйым (мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме, мемлекеттік кәсіпорын, Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға, сондай-ақ шетелдік және халықаралық ұйымдар);
      5) тұтынушы (түпкі пайдаланушы) – тапсырыс беруші немесе ғарыш жүйелерінің нысаналы міндеттерінің орындалу нәтижелерін өз мүдделерінде пайдаланатын (өнімді (қызметтерді) қабылдаушы) кез келген ұйым немесе жеке тұлға.
      3. Ғарыш жүйелерін және олардың құрамдас бөліктерін құруға және пайдалануға (қолдануға) қатысатын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына, экологиятехникалық реттеуөлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға және Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Әскери және қосарлы мақсаттағы ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) үдерісін ұйымдастыру мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау үдерісін және қару-жарақты, әскери техниканы, тауарлар мен қосарлы қолдану (мақсаттағы) технологияларын пайдалануды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.
      5. Ғарыш жүйелерін, сондай-ақ жүйелердің жекелеген құрамдас бөліктерін, егер олар нақты ғарыш жүйесінен жеке құрылса (жаңғыртылса), құру және пайдалану (қолдану) тапсырыс берушінің техникалық тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасы ұйымдарының шетелдік ұйымдардың қатысуымен ғарыш жүйелерін құру, пайдалану (қолдану) жөніндегі қызметі осы Қағидаларға сәйкес және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қатысуынан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелері ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
      7. Ғарыш жүйелерін құру жөніндегі қызметті қаржыландыру республикалық бюджеттен және (немесе) басқа да көздерден жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) тәртібі

      8. Ғарыш жүйелерін құру «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 15-бабына сәйкес жүзеге асырылады және мыналарды:
      1) ғылыми әзірлемелерді (жоба алды зерттеулер, техникалық тапсырманы әзірлеу);
      2) жобалауды (ғарыш жүйесінің миссиясын талдау, жобаның орындалуын айқындау, нобайлық жобалау, егжей-тегжейлі жобалау);
      3) жасауды (жиынтықтауыштар мен аспаптарды жасау және сынау, жүйенің құрамдас бөліктерін құрастыру және дербес сынау);
      4) құрылысты (ғарыш жүйелерінің жерүсті кешендері үшін ғимараттар мен құрылыстар);
      5) монтаждауды (ғарыш жүйелерінің жерүсті кешендерінің технологиялық жабдығы);
      6) ғарыш жүйелерін сынауды (ғарыш аппараттарын ұшыру, ұшу ғарыштық және сынақ сынауларын өткізу);
      7) ғарыш жүйесін пайдалануға қабылдауды қамтиды.
      9. Ғылыми әзірлемелер Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы заңнамасына, сондай-ақ «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Ғарыш жүйесінің миссиясын талдауды жобаның бастамашысы, орындаушы мен түпкі пайдаланушылардың өкілдері жүзеге асырады және ол мыналарды:
      1) қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерге, сондай-ақ сенімділікті, қауіпсіздікті, пайдалану шектеулерін қамтамасыз ету шарттарына негізделе отырып, жобаны әзірлеу барысында іске асырылатын міндеттер қоюды;
      2) тұтастай ғарыш жүйесіне және оның құрамдас бөліктеріне алдын ала техникалық ерекшеліктерді әзірлеуді;
      3) бас жоспарларды, жұмыстардың орындалу кестелерін жасауды, негізгі бірлесіп орындаушыларды айқындауды;
      4) жобаның қаржылық тартымдылығын жақсарту жөніндегі маркетингтік зерттеулерді;
      5) тәуекелді алдын ала бағалауды қамтиды.
      11. Жобаның орындалуын айқындауды орындаушы мен бірлесіп орындаушылар жүзеге асырады және мыналарды:
      1) жобаның менеджмент жоспарын, жүйелі жобалау жоспарын және сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды қоса алғанда, өнімнің (ғарыш жүйесі мен оның құрамдас бөліктерінің) сапа кепілдігі жоспарын әзірлеуді;
      2) ғарыш жүйесінің жүйелік және пайдалану тұжырымдамалары мен құрылымын әзірлеуді, олардың талаптарға сәйкестігін тексеруді, айқынсыздық пен тәуекел деңгейлерін айқындауды;
      3) іске асыруға, құнына, жоспар-кестелерге, ұйымдастыруға, өндіруге, пайдалануға, қызмет көрсету мен пайдаланудан шығаруға жататын шектеулерді анықтау жолымен техникалық және ұйымдық тұжырымдамаларды орындау мүмкіндігін бағалауды;
      4) проблемалық мәселелерді талдауды және оларды шешу жолдарын айқындауды;
      5) жобаның техникалық және ұйымдық орындалуын бағалау үшін сыни элементтерді айқындауды;
      6) тәуекелді бағалауды;
      7) заңнамада белгіленген тәртіппен техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеуді қамтиды.
      Үдерісті орындау нәтижелері жобаның бастамашысына және түпкі пайдаланушылардың өкілдеріне шешім қабылдау үшін жіберілуі тиіс.
      12. Нобайлық жобалауды орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды:
      1) жобаның күнтізбелік жоспарын әзірлеуді;
      2) қажетті жабдықты және оның жеткізушілерін талдауды және таңдауды;
      3) сенімділік пен қауіпсіздік сипаттамаларын бағалауды;
      4) ғарыш жүйесін, оның құрамдас бөліктерін верификациялау бағдарламасын, сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағдарламаларын әзірлеуді;
      5) сыртқы интерфейстерді сәйкестендіруді;
      6) орбиталық және жерүсті техникалық құралдарының және сатып алынатын бұйымдардың ерекшеліктерін әзірлеуді;
      7) сатып алынатын бұйымдарға келісімшарт жобаларын әзірлеуді;
      8) тәуекелдерді бағалауды қамтиды.
      13. Егжей-тегжейлі жұмыс жобалауды орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды:
      1) сыни элементтерді өндіруді, сынауды және алдын ала саралауды;
      2) инженерлік моделдер жасауды және сынауды;
      3) ішкі және сыртқы интерфейстерге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеуді;
      4) тәуекелдерді нақтыланған (қайта) бағалауды;
      5) ғарыш жүйесінің және оның құрамдас бөліктерінің соңғы сындарлы бейнесін әзірлеуді;
      6) ғарыш жүйесін және оның құрамдас бөліктерін құрастыруды, ықпалдастыруды және сынау жоспарларын қоса алғанда, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы әзірлеуді;
      7) пайдаланушының нұсқаулығын әзірлеуді қамтиды.
      14. Әзірлеуді орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды:
      1) ғарыш жүйесінің орбиталық (ғарыштық) және жерүсті техникалық құралдары мен тиісті жерүсті қосалқы аппаратурасын әрі бағдарламалық қамтамасыз етуді жасауды, құрастыруды және сынауды;
      2) ғарыштық және жерүсті сегменттерінің арасындағы өзара әрекеттестікке дербес және кешенді сынауды;
      3) саралау сынауды және олармен байланысты верификациялау жөніндегі қызметті қамтиды.
      15. Құрылыс Қазақстан Республикасының сәулет, қала және құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттамаларға және заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      16. Монтаждау конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады
      17. Пайдалану, техникалық қызмет көрсету және кешенді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды ғарыш саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітуі жолымен пайдалануға беруді қоса алғанда, ғарыш жүйелерін сынауды орындаушы жүзеге асырады және ұшу сынауларына дайындықтан және ұшу сынауларынан, іске қосу алдындағы дайындықтан, іске қосудан, ұшудың ғарыштық және сынақтық сынау өткізуден, орбитадағы бастапқы пайдалану мен орбитадағы верификациялаудан (валидациядан) тұрады.
      18. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін пайдалануға беру, пайдалану (қолдану) осы Қағидаларға және уәкілетті орган бекіткен тәртіпке, сондай-ақ ғарыш жүйесі мен құрамдас бөліктеріне арналған конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      19. Ғарыш жүйесінің ерекшелігін және ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша тәуекелдер деңгейін бағалауды ескере отырып:
      1) ғарыш жүйесін құру үдерістерін біріктіруге;
      2) үдерістерді параллельді-дәйекті орындауға рұқсат етіледі.
      Ғарыш жүйесін құру үдерістерін біріктірген жағдайда орындаушы заңнамалық және нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес осы үдерістерде көзделген қажетті құжаттаманы тексеру, келісу және бекіту жөніндегі жұмыстарды орындайды.
      20. Ғарыш жүйесін құру үдерістерінің әрқайсысы жобаны қарау кезеңдерін (түйінді нүктелер) қамтуы тиіс, олардың нәтижелері үдерістің орындалуын жалғастыру немесе келесі үдеріске өту дайындығы мен мүмкіндігін айқындайды.
      Келесі үдеріс жұмыстарының басталуы туралы шешімді орындаушы қабылдайды.
      21.Ғарыш жүйелерін және құрамдас бөліктерін пайдалану:
      1. тәжірибелік пайдалануды;
      2.штаттық пайдалануды;
      3. штаттан тыс пайдалануды қамтиды.
      22. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін тәжірибелік, штаттық және штаттан тыс пайдалану кезінде орындаушының, пайдаланушы ұйымның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      23. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ, ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйесін пайдалану (қолдану) үдерісі конструкторлық-технологиялық құжаттамаға, пайдалану құжаттарына және пайдалану, техникалық қызмет көрсету және кешенді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларға сәйкес миссияның мақсаттарына қол жеткізу, жерүсті сегментін пайдалану және жерүсті сегментін қолдау жөніндегі жұмыстар үшін барлық орбиталық операцияларды орындауды қамтиды.
      24. Жобаны құру жөніндегі ұсынысты қалыптастыру мен уәкілетті органға салалық сараптамаға енгізуді заңнамада белгіленген тәртіппен жобаның бастамашысы жүзеге асырады.
      25. Салалық сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес орындаушы бірлесіп орындаушымен шарттық (келісімшарттық) негізде жобаны іске асыру жұмыстарына кіріседі.
      26. Орындаушы мен бірлесіп орындаушылар арасындағы шарт (келісімшарт) мынадай міндетті ережелерді:
      1) ғарыш жүйесі мен құрамдас бөліктеріне қойылатын техникалық ерекшелігін;
      2) жұмыстардың мазмұның, оның ішінде жабдық пен құжаттаманы жеткізу, ғарыш жүйесін жобалау, ықпалдастыру, верификациялау мен сынау, өнім сапасының кепілдігін қамтамасыз ету, технологияларды беру, ғарыш аппаратын ұшыру (егер ол жобада көзделсе), сақтандыру, пайдалануға беру жөніндегі жұмыстардың тізбесін, мерзімі мен олардың орындаушыларын, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес жұмыс нәтижелерін қабылдау тәртібін;
      3) ғарыш жүйелері мен құрамдас бөліктерін құру және пайдалану жөнінде мамандар даярлау жоспарын;
      4) ғарыш жүйесін құрудың жоспар-кестесін;
      5) өнім (ғарыш жүйесінің және (немесе) оның құрамдас бөліктерінің) сапасы кепілдігінің жоспарын қамтуы тиіс.
      Қажет болған жағдайда, тараптар шартқа (келісімшартқа) қосымша ережелерді қоса алады.
      27. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылған жағдайда ғарыш жүйесін құруға арналған шартта (келісімшартта) мынадай талаптарды қамтуы тиіс:
      1) ғарыш аппаратын жобалау, құрастыру және сынау (егер бұл жобада көзделсе) ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросында және Қазақстан Республикасының ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде жүргізілуі тиіс;
      2) шартта (келісімшартта) құрылуы көзделген ғарыш жүйесін жобалау және жасау технологияларын беру.
      28. Республикалық бюджет есебінен құрылатын ғарыш жүйесі қызметтерінің тұтынушылары болып табылатын мемлекеттік органдар осы ғарыш жүйесіне қойылатын талаптарды қалыптастыруға қатысады.
      29. Жоба бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және технологиялық жұмыстар нәтижелеріне меншік құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды пайдалану жөніндегі тиісті шарттарда (келісімшарттарда) ескеріледі.
      30. Жоба шеңберінде құрылатын ғарыш жүйелеріне кіретін барлық ғарыш объектілері, сондай-ақ осы ғарыш объектілері мен олармен жасалатын мәмілелерге құқықтар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады.
      31. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жобаның орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      32. Жоба нәтижелерін қабылдау уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      33. Ғарыш жүйесінің сапасын (кепілдігін) қамтамасыз ету үшін жоба мынадай құрамдас құрылымдарға бөлінеді:
      1) функционалдық тармақ – ғарыш жүйесінің функцияларға бөліну нәтижесінде шығатын құрылымы;
      2) ерекшелік тармағы – орбиталық (ғарыштық) және жерүсті техникалық құралдары үшін барлық техникалық талаптардың иерархиялық өзара байланысын айқындайтын құрылым;
      3) бұйым тармағы (бөлу схемасы) – функционалдық тармақта дәйекті деңгейлерге белгіленген функцияларды орындау үшін біріктірілген бағдарламалық және техникалық құралдарды бөлу нәтижесінде шығатын құрылым;
      4) еңбек шығындарының құрылымы – құнын, жоспар-кестені және техникалық мазмұнды басқару үшін еңбек шығындарын сипаттайтын құрылым:
      5) жұмыс пакеті – жоспарлау, мониторингілеу және бақылау үшін өлшенуге және басқаруға тиіс жұмыстарды бөлу құрылымының элементі;
      6) ұйымдастыру құрылымы – интерфейстер мен келісімшарт бойынша жауапкершілікті қоса алғанда, жобаны ұйымдастыруды сипаттайтын құрылым.
      34. Ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген жобаның барлық үрдістерінде әзірленген және бекітілген бағдарламалардың кешені мен ұйымдастыру-техникалық іс-шаралары болып табылады.
      35. Ғарыш жүйесін қауіпсіз пайдалану деп белгілі бір жағдайларда және белгіленген уақыт ішінде берілген функцияларды орындау кезінде пайдаланушы персоналға, тұрғындарға, ғарыш жүйесіне, түйіндес объектілерге, қоршаған ортаға және жер төңірегіндегі кеңістікке өндірістік қызметтің қауіпті және зиянды факторларының әсерін болғызбайтын немесе шекті мөлшерден асырмайтын пайдалану жүйесінің сақтап қалу қасиеті түсініледі.
      36. Ғарыш жүйелерін және ғарыш инфрақұрылымы объектілерін қауіпсіз пайдалану үшін Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі, өнеркәсіп қауіпсіздігі, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар, денсаулық қорғау саласындағы заңнамасының, экологиялық, еңбек заңнамасының талаптарын, белгіленген тәртіппен енгізілген пайдалану құжаттамасының талаптарын, кәсіптері бойынша қызметкерлерге арналған және жұмыстардың жекелеген түрлеріне арналған нұсқаулықтарды, тиісті органдар бекітетін тиісті нормативтік құжаттарды (ұлттық стандарттарды, еңбек қауіпсіздігі стандарттары жүйесінің мемлекетаралық стандарттары) басшылыққа алу қажет.
      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
      37. Ғарыш жүйелері мен олардың құрамдас бөліктерін қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін ғарыш жүйелері мен тұтастай ғарыш инфрақұрылымының объектілерін де және ғарыш жүйесін пайдаланудың жекелеген позициялық аудандары мен жұмыс учаскелерін (орындарын) де қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі құрылады.
      38. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі деп техникалық құралдардың, әдістердің, нормативтік құқықтық, нормативтік-техникалық, конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасының, ұйымдық-техникалық, әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-гигиеналық іс-шаралардың, ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге жауапты органдар мен лауазымды тұлғалардың ретке келтірілген жиынтығы түсініледі.
      39.Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесінің негізгі мақсаты ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде қауіпті жағдайларды болдырмау немесе олардан келетін зардапты барынша азайту болып табылады.
      40. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі қызметінің негізгі бағыттары:
      1) пайдаланушы бөлімшелердің жұмыс істеуінің регламенттелген жағдайларын жасау үшін ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде жүргізілетін барлық жұмыс түрлерін нормативтік құқықтық, нормативтік-техникалық, пайдалану және өзге де қажетті құжаттамамен қамтамасыз ету;
      2) осы қызмет түрін қауіпсіздік жөніндегі білікті мамандармен, құралдармен және қолдау әдістерімен қамтамасыз ету;
      3) ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жоспарлау мен ұйымдастыру, басқарудың барлық деңгейіндегі қызметті үйлестіру;
      4) ғарыш жүйелерін ұйымдастыру мен тікелей пайдалануға қатысатын барлық жеке тұлғалардың белгіленген нормаларды, қағидаларды және қауіпсіздік шараларын сөзсіз және дәл орындауларына қол жеткізу;
      5) ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде ықтимал қауіпті оқиғалардың алдын алатын іс-шараларды жоспарлау мен іске асыру және дер кезінде болдырмау;
      6) қауіпті оқиғалар салдарын жою кезінде олардан келетін зардапты барынша азайтуға қол жеткізу мақсатында қолда бар ресурстарды тиімді қолдану;
      7) тұрғындар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін қауіп туындаған кезде уәкілетті органды, мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен азаматтарды уақтылы хабардар ету;
      8) қауіпті оқиғалардың себептерін жан-жақты және егжей-тегжейлі зерттеу, зерттеу нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау және оқиғалардың қайталануын болдырмау мақсатында тиісті ұйымдық-техникалық және өзге де шараларды жүргізу;
      9) ғарыш жүйелерін құруға және пайдалануға қатысатын ұйымдардың ғарыш жүйелерінің қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету мәселелері бойынша зерттеу жүргізу болып табылады.
      41. Қауіпті және зиянды факторлардың пайдаланылушы персоналға, техникалық құралдарға, ұштастырылған және басқа да объектілерге, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға әсер ету табиғатына қарай қауіптің мынадай түрлері болуы мүмкін:
      1) электр қаупі;
      2) жарылыс қаупі;
      3) өрт қаупі:
      4) радиациялық қауіп;
      5) ӨЖЖ-сәулелену көздерінен төнетін қауіп;
      6) биологиялық қауіп;
      7) химиялық және ластау заттарының әсер ету қаупі;
      8) механикалық әсер ету қаупі;
      9) климат, жылу және жарық әсерінен болатын қауіп;
      10) табиғи және жасанды ғарыш объектілерінен («ғарыш қоқысынан») болатын қауіп;
      11) пайдаланушы персоналдың қате әрекеттерінен және ғарыш жүйелері қызметінің өздігінен бұзылуынан болатын қауіп;
      12) дүлей апаты (жер сілкіну, дауыл, нөсер) қаупі.
      42. Осы Қағидалардың 41-тармағанда санамаланған қауіп түрлерінің әрқайсысы бойынша тиісті қауіпсіздік шаралары, сондай-ақ осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген ғарыш жүйелерін құру және пайдалану үдерістерінде әзірленетін және бекітілетін сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламалардың іс-шаралары жоспарлануы және орындалуы тиіс.
      43. Қауіпті және зиянды факторлардың әсер ету объектісіне және осы әсер ету зардаптарының ауырлығына қарай ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесінде әртүрлі қауіпті жағдайлар: оқиға, жазатайым оқиға, сыну, авария және апат туындайды.
      44. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды, ұйымдастыруды, өкілеттік пен жауапкершілікті, жүзеге асыруды, орындау мониторингі мен бақылауды ғарыш жүйелерін пайдалану ұйымдарының барлық лауазымды тұлғалары мен басшылары нормативтік құқықтық актілердің талаптарына, нормативтік-техникалық, конструкторлық-технологиялық және пайдалану талаптары мен функционалдық міндеттерге сәйкес жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады